"Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығына ТҮСІНДІРМЕ

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің ТҮСІНДІРМЕСІ

"Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия "Қазақстан-2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты стратегияда айқындалған мақсаттар мен міндеттерді және бесінші шақырылымдағы Парламенттің 2014 жылғы 2 қыркүйектегі төртінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыруға әзірленген.

      Стратегия мемлекеттің алдағы жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын көрсетеді және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, оның деңгейін қысқартуға ықпал ететін кешенді шараларды қамтиды.

      Стратегияда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ахуалына талдау жасалады, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар сипатталады, оларды жою жөніндегі тәсілдер мен басым шаралар, Стратегияны іске асыру тетіктері көрсетіледі.

      Стратегияны іске асыру нәтижесі халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, мемлекет институттарына қоғамның сенімін, азаматтардың құқықтық сауаты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті деңгейін көтеру, сондай-ақ еліміздің халықаралық рейтінгін жақсарту болуы тиіс.

      Стратегияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылының түйінді бағыттары:

      1) мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

      2) қоғамдық бақылау институтын енгізу;

      3) квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

      4) сот және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

      Осы бағыттар шеңберінде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қоғамдық бақылау туралы", "Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы" жаңа заңдар әзірленіп, қабылданатын болады, олар "сыбайлас жемқорлық" ұғымын қайта қарауға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың аражігін нақты ажыратуға, азаматтық бақылау жүйесін құруға және оны мемлекеттің тыныс-тіршілігіне енгізуге, азаматтардың жария ақпаратқа еркін қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Мемлекеттік қызметшілерге кірістерін ғана емес, сондай-ақ шығыстарын да декларациялау міндеті жүктелетін болады.

      Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жаңғырту, мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік және жекеше секторлардың халыққа қызмет көрсетуде барынша ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

      Сот төрелігін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында сот төрелігіне еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының кадр саясатына конкурстық іріктеудің тетіктерін және меритократия қағидаттарын енгізу бойынша кешенді шаралар көзделген.

      Бұл ретте аталған органдар қызметінің басымдықтары, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен олардың алдын алуға ауысатын болады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру үшін оқу орындарында, мемлекеттік органдарда және халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды оқыту курстарын өткізу және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдаған шараларын жария етуге бұқаралық ақпарат құралдарын тарту жолымен жүзеге асыру ұсынылады.

      Халықаралық ынтымақтастықты дамыту – халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықты күшейту жолымен, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар өткізу, беделді халықаралық ұйымдарға қатысу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда халықаралық тәжірибенің үздік үлгілерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      Бұл ретте халықаралық ұсыныстар мен стандарттарды енгізу мемлекеттің оған деген дайындығын, қолданыстағы ұлттық құқықтың ерекшеліктері мен қолданыстағы қалыптасқан практикасын және қазіргі бар құқықтық институттардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

      Стратегияда көзделген іс-шараларды іске асыру міндетті мониторингтеуге жатады, ол екі түрде – іс-шараларды тікелей орындаушы жүргізетін ішкі және арнайы құрылған мониторингтеу тобы жүзеге асыратын сыртқы болады, мұнда тиісті мемлекеттік органдардың, қоғамдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

      Стратегияның орындалуы туралы есеп халық назарына жеткізілетін болады.

      Стратегияның ережелерін кезең-кезеңімен іске асыру да Стратегияның қолданыс кезеңінде Президент Әкімшілігінің келісімімен Үкімет бекітетін Іс-шаралар жоспарында қамтамасыз етіледі.

      Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің

Құқық қорғау жүйесі бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады