Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын бекіту және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 1030 Жарлығына
ТҮСІНІКТЕМЕ
Мемлекет басшысының 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 1030 Жарлығымен Инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілді.
Бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған.
Бағдарламаның негізгі міндеттері:
"шұғыла" қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру;
индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту;
бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту (реконструкциялау және салу);
азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру;
білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту болып табылады.
Ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, Бағдарламада өңдеу өнеркәсібі салаларының жекелеген секторларын, АӨК, экспорттаушыларды қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау және геологиялық барлауды жандандыру бойынша шаралар көзделген.
Бағдарламаны іске асыру 2020 жылға дейін мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
2014 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімін 15,7% қамтамасыз ету;
395,5 мың жұмыс орнын ашуға, оның ішінде:
тұрақты – 86,9 мың адам;
уақытша – 308,6 мың адам;
Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингіндегі "базалық инфрақұрылымның сапасы" көрсеткішін 57-орынға дейін көтеру.
Тұтастай алғанда, Бағдарлама қысқа мерзімді де, сондай-ақ ұзақ мерзімді де перспективада экономиканың өсуіне жағдай жасап, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Стратегиялық әзірлемелер
және талдау орталығы