"Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 152 Жарлығына түсінік беру

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 152 Жарлығына түсініктеме

      Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті.

      Жалпыұлттық жоспар азаматтық қоғамды дамыту, ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы қатаңдату, əкімшілік юстицияны енгізу, шағын жəне орта бизнесті қолдау, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару, тауарлар мен қызметтердің құнын төмендету, бəсекелестікті дамыту, əлеуметтік саясатты оңалту, білім беру сапасын арттыру, қазақстандықтардың өз зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беру жəне т.б. бірқатар салалар бойынша нақты іс-шараларды қамтиды.

      Сондай-ақ Жолдауда жарияланған бастамаларды қаржыландыруға бағытталған шаралар қарастырылған, оның ішінде Ішкі істер министрлігін реформалауға, педагогтар мен мəдениет жəне өнер қызметкерлерінің жалақысын өсіруге, бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға жəне т.б.

      Жолдаудың барлық бағыттарының іске асырылуын нормативтік қамтамасыз ету үшін Əкімшілік рəсімдік-процессуалдық кодекс, 17 заң, Президенттің 4 Жарлығы мен Үкіметтің 16 қаулысы əзірленіп, қабылданатын болады.

      Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып Үкімет жаңа мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін болады (индустриялық-инновациялық дамыту, "Бизнестің жол картасы-2025", "Еңбек" нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту, білім жəне ғылымды дамыту, "Нұрлы жер" жəне т.б.).

      Іс-шаралардың басым бөлігін ағымдағы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда.

      Мемлекет басшысының барлық бастамаларының мүлтіксіз жəне уақтылы орындалуын Президент Əкімшілігі қадағалайтын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады