Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.10 N 821 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2679 U952679_ Заң күші бар Жарлығының 16-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:
1. 1999 жылғы 4 қарашада Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы шарт бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президенті (ресми алынған мәтін емес) Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы ШАРТ (ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2001 ж., N 4, 31-құжат) (1999 жылғы 5 мамырда күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж., Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 92 бет) Бұдан әрі "Жоғары Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы,
1996 жылғы 17 қаңтарда Минск қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы шартты басшылыққа ала отырып,
тең құқықты және өзара пайдалы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту, екі мемлекеттің экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану және өз халықтарының әл-ауқатын арттыру қажеттігін негізге ала отырып,
экономикалық реформалардың жүзеге асырылуына және тауарлардың, қызмет көрсетулердің, капиталдардың және жұмыс күшінің еркін ауыспалылығына кезең-кезеңмен көшу үшін жағдайлар жасауға зор маңыз бере отырып,
екіжақты және көпжақты уағдаластықтардың негізіндегі, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылдарды ескере отырып,
төмендегілер жөнінде келісті:
Жоғары Уағдаласушы Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастықтың Мемлекетаралық бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) іске асырады.
Жоғары Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерін бұлжытпай сақтау негізінде, оның ішінде меншік нысанына және бағыныстылығына қарамастан, өздерінің құқықтық қабілеттеріне сәйкес тиісті шарттар жасасатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасында өзара іс-қимыл жасау жолымен экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Жоғары Уағдаласушы Тараптар өздерінің араларындағы өзара пайдалы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін негізге ала отырып, Жоғары Уағдаласушы Тараптардың заңдарына сәйкес экономиканың басым салаларындағы құрылымдық өзгерістерді үйлестіру, экономикалық реформаларды жүргізу, ортақ әлеуметтік проблемаларды шешу, сыртқы экономикалық қызмет аясындағы нормативтік-құқықтық базаны жақындастыру, салық саясаты, монополияға қарсы реттеу, жекелеген жобалар мен бағдарламаларды қалыптастыру, кооперацияны дамытуға жәрдемдесу, бірлескен өндірістік құрылымдар құру, инвестициялық қызметті жүзеге асыру саласындағы өзара іс-қимылдар үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Жоғары Уағдаласушы Тараптардың Үкіметтері Бағдарламаның орындалуын үйлестіреді, оның іске асырылуын кезең-кезеңмен бақылауды жүзеге асырады және қажет жағдайда оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Жоғары Уағдаласушы Тараптар Бағдарламаның орындалу барысын жылына бірден кем емес ретпен Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі үкіметаралық қазақстан-белорус комиссиясының мәжілістерінде қарайды.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар консультациялар мен келіссөздер жолымен реттелуге жатады.
Осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Шарттың ережелерін орындау Жоғары Уағдаласушы Тараптардың өзге халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
Осы Шарт Жоғары Уағдаласушы Тараптардың Шарттың күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағанын растайтын соңғы рет жазбаша хабарлаған күннен бастап күшіне енеді және 2008 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады.
Жоғары Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы басқа Жоғары Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлау жолымен осы Шарттың қолданылуын тоқтата алады. Бұл жағдайда осындай хабарлама алынған күннен бастап 6 (алты) айдан кейін осы Шарт өзінің қолданылуын тоқтатады. Осы Шарттың қолданылуын тоқтату Бағдарламаға сәйкес іске асырылатын жобалардың жүзеге асырылуын қозғамайды. Астана қаласында 1999 жылғы 4 қарашада әрқайсысы орыс, белорус және қазақ тілдеріндегі екі түпнұсқалық данада жасалды. Осы Келісім ережелерін түсіндіруде қайшылықтар туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.