"Бiлiм" мемлекеттiк бағдарламасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылғы 30 қыркүйек N 448. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Бiлiм саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды жақсарту және азаматтардың бiлiм алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН: 
      1. Қоса берiлiп отырған "Бiлiм" мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Мемлекеттiк бағдарлама) бекiтiлсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкiмдерi Мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.     

      Қазақстан Республикасының
      Президенті 

Қазақстан Республикасы Президентінің        
2000 жылғы 30 қыркүйектегі N 448          
Жарлығымен                       
Бекітілген                        

               "Білім" мемлекеттік бағдарламасы

                      1. ПАСПОРТ

      "Бiлiм" мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000-2002 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасын iске асыру жөнiндегі Іс-шаралар жоспарының  P000367_ 4.3.1.9-тармағына сәйкес әзiрлендi және білім беру жүйесiн дамытудың 2005 жылға дейiнгi кезеңге арналған негiзгi бағыттарын айқындайды. 
      Бағдарлама мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың, жалпы орта бiлiмнiң, бастауыш және орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң басты аспектiлерiн қамтиды, елдегi бiлiм беру саласының нақты жай-күйiн бағамдайды, перспективаларын белгiлейдi, бiлiм беру жүйесiн одан әрi дамытудың басымдықтарын айқындайды және бiлiм берудің әрбiр деңгейi үшiн қойылған мақсаттарға қол жеткiзу жөнiндегi нақты iс-шаралардан тұрады. 
      Бағдарламада ауыл мектебi оқушыларына бiлiм беру деңгейiн арттыру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ететiн қазiргi ауыл мектебiнiң моделiн жетiлдiрудiң және жоғары кәсiптiк бiлiм алу үшiн олардың түлектерiнiң бастапқы мүмкiндiктерiн теңдестiрудiң қажеттiлiгiне елеулi көңiл бөлiнедi, сондай-ақ балаларды мектепалды даярлауды қамтамасыз ету, мектеп жасына дейiнгi балалар үшiн жаңа бiлiм беру бағдарламаларын дамыту бөлiгiнде "Білiм туралы"  Z990389_ Қазақстан Республикасы Заңының ережелерi ескерiледi. 
      Бағдарлама оқытудың жаңа технологияларын әзiрлеу мен енгiзуде инновациялық өзгерiстердi жүзеге асыру, қоғамның әрбiр мүшесiнiң қызмет саласын жедел өзгерту үшiн кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды қамтитын үздiксiз бiлiм беру жүйесiн дамытуды көздейдi. Бағдарлама жаңа оқу жоспарларын, жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн енгiзу, балалар мен жастарға экономикалық, экологиялық, құқықтық, азаматтық бiлiм беру жөнiндегi қазiргi заманғы оқу бағдарламаларын енгiзу арқылы бiлiм берудiң мазмұнын жаңартуға жәрдемiн тигiзуге арналған. 
      Бағдарламаны қаржыландыру тиiстi жылға мемлекеттiк бюджетте бiлiм беру жүйесiн қаржыландыру көзделген қаражаттың шегiнде, сондай-ақ Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасына енгiзiлген заемдар қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 2001-2005 жылдарға арналған Бағдарламаны iске асыруға арналған бюджет қаражатындағы ең төменгi есептік қажеттілік 380000 миллион теңгені құрайды. Оның жыл сайынғы көлемі тиісті жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нақтыланатын болады. Халықаралық ұйымдардың техникалық және гранттық көмегін, ұйымдар мен тұрғындардың демеушілік көмегін тарту көзделеді. 
 

                                  2. КIРIСПЕ 
 

        Республиканың бiлiм беру саласындағы қазiргi заманғы үрдiстер мен оның түрлi деңгейлерiнің алдында тұрған мiндеттер бiлiм берудiң жалпы жүйесiндегi оның рөлiн, функциялары мен орнын ой елегiнен қайта өткiзудiң, оны одан әрi дамытуда жаңа көзқарасты тұжырымдаудың қажеттiгiн тудырады. 
      Бiлiм берудің тиiмдiлiгi жоғары жүйесi ел экономикасы мен Қазақстан қоғамының тұрлаулы iлгерiлеуiн қамтамасыз етудiң негiзгi факторларының бiрi болып табылады. Мемлекетiміздiң бiлiм беру жүйесiнде жүргiзiлетiн реформаларының мақсаты - оның нарықтық экономика жағдайында ғаламдық ауқымға ие болуын ескере отырып, сапалы өзгерiстерiн қамтамасыз ету. Бiлiм берудi реформалау осы саладағы жинақталған оң әлеуеттi сақтаудың негiзiнде осы процестi тереңдету мен дамыту үшiн жаңа құқықтық, ғылыми-әдiстемелiк, қаржы-материалдық жағдайларын жасауды және тиiсiнше кадрмен қамтамасыз етудi талап етедi. 
      Қоғамдағы серпiндi әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер жағдайында бiлiм беруге сапалы реформа жүргiзу бiлiм беру саласында қалыптасқан нақты жағдайды, өскелең үрдiстер мен iс жүзiндегi қатынастарды, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттiң болашақтағы дамуының мүмкiн жолдарын ескеретiн егжей-тегжейлi жасалған стратегия болғанда ғана мүмкiн болады. Мұндай стратегия жылдам өзгеретiн нақты жағдайларға тұрақты бейiмделетiн икемдi тактикалық iс-қимыл бағдарламасын әзiрлеу үшiн негiз болуға тиiс. 
      Бағдарламаны әзiрлеу бiлiм беру саласында қалыптасқан ұйымдық-экономикалық, мазмұндық-әдiстемелiк, құқықтық және әлеуметтiк-психологиялық қатынастарға өзгерiстер енгiзудiң қажеттiгiнен туындады. Ол бiлiм беру саласында қолданылып жүрген мемлекеттiк және ведомстволық бағдарламалармен және оның жаңа нормативтiк-заңдық қамтамасыз етумен қатар бiлiм беру саласында мемлекеттiк саясатты iске асырудың ұйымдық негiзiн құрайды. 
 

                 3. БIЛIМ БЕРУДІҢ ҚАЗIРГI ЗАМАНҒЫ
                    ЖАЙ-КҮЙIН ТАЛДАУ 
 

        Заңнамаларға сәйкес бiлiм беру бағдарламаларының сабақтастығы мен үздiксiздiгiнiң принциптерiне негiзделген бiлiм беру жүйесiнiң ұлттық үлгiсi бiлiм берудiң 4 деңгейiн қамтиды: 
      1) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту; 
      2) орта (жалпы орта, бастауыш және орта кәсiптiк) бiлiм беру; 
      3) жоғары кәсіптiк; 
      4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм. 
      Бiлiм беру бағдарламалары мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептерде, кәсiптiк мектептерде, кәсiптiк лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. 
      Бiлiм беру ұйымдарының саны 1990 жылға дейiн тұрақты түрде өсiп отырды. Алайда 1991 жылдан бастап бiлiм беру ұйымдарының желiсi қысқара бастады, бұл, әсiресе, балалар бақшаларына қатысты болды.

        (диаграмманы қағаздағы нұсқадан қараңыз) 
 

        Осы кезеңде жалпы орта, бастауыш және орта кәсіптік білім беру мекемелері бойынша желіні елеусіз қысқарту жүрді, ал жоғары оқу орындары бойынша, керiсiнше, олардың санының өсуi байқалды. Бұл өсу мемлекеттiк емес жоғары оқу орындары санының артуы есебiнен болды. Бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беруде жеке лицейлер мен колледждер санының өсуi желiнiң жаппай құлдырауына жол бермедi. 
      Республикада мектепке дейiнгi ұйымдардың басым көпшiлiгiнiң жабылуына байланысты олардың контингентi 1,0 млн. балаға азайды, сөйтiп қазiргi уақытта бес-алты жастағы 400 мың баланың 70 мыңы (17,5%) ғана балалар бақшаларында толыққанды мектепалды даярлаумен қамтылды. Бұл балалардың мектепке даярлығының сапасына әсерiн тигiзбей қоймайды. 1997-1998 оқу жылында мектепке мектепалды даярлаудан өтпей келген бiрiншi сыныптықтардың тек 20,4%-i ғана бiрiншi тоқсанның бағдарламасын игерудiң тиiстi деңгейiн көрсеттi, ал сонымен қатар мектепалды даярлаудан өткен бiрiншi сыныптықтардың арасында осы бағдарламаны игерудiң жоғары деңгейi байқалады (91,3%). 
      Осы кезеңде желiнiң елеусiз қысқарғанына қарамастан, жасөспiрiмдер мен жастарды бастауыш және орта деңгейдегi кәсiптiк оқытумен қамтудың деңгейi төмендедi, мұны мына диаграммадан көруге болады: 
 

                 (диаграмманы қағаздағы нұсқадан қараңыз) 
 

        1999/2000 оқу жылында бiлiм берудің жоғарғы сатысындағы жалпы бiлiм беретiн күндiзгi мектеп (10-11/12/сыныптар) оқушыларының жасы бойынша бiлiм берудiң осы деңгейiне сәйкес келетiн халықтың жалпы санының үлесi 79,1%-тi құрайды. 9 жылдық мектептi бiтiргенi туралы куәлiк алған түлектердiң жалпы санының 6,8%-і кәсiптiк мектептерде, лицейлер мен колледждерде оқуын жалғастырды. Халықтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайының нашарлауы балалар мен жасөспiрiмдердiң көпшiлiгi үшiн, әсiресе табысы аз және көп балалы отбасыларының балалары үшiн кәсiптiк оқуға қол жеткiзудiң проблемаға айналуына алып келдi. 
      Бiлiм беру саласының негiзгi проблемасы жеткілiксiз бюджеттiк қаржыландыру болып табылады. Бұл бiлiм беруге арналған мемлекеттiк шығыстардың жалпы iшкi өнiмге қатысты пайызбен берiлуiн көрсететiн төмендегi диаграммада көрнектi түрде ұсынылған: 
 

                 (диаграмманы қағаздағы нұсқадан қараңыз) 
 

        Бiлiм беру деңгейлерi бойынша мемлекеттiк бюджеттiң шығындарын бөлудiң құрылымы да елеулi түрде өзгердi: 
 

                 (диаграмманы қағаздағы нұсқадан қараңыз) 
 

        Тұтас алғанда бiлiм беру ұйымдарының қаржы қаражатына деген қажеттiгi бюджеттiк көздерден төрттiң бiрiндей ғана қамтамасыз етiледi. Осының салдарынан: 
      білімге халықтың, әсiресе мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту, бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм жүйелерiнде қолжетiмдiлiгi төмендедi; 
      жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, табысы аз және көп балалы отбасылар балаларының бiлiм беру жүйесiмен қамтылмауы, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету тетігінiң болмауы жасөспiрiмдер мен жастардың осы санатында қылмыстың өсуiне жағдай туғызды; 
      даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар үшiн білім беру қызметiнiң қолжетiмділігi төмендедi; 
      ұсынылатын бiлiм беру қызметтерінің сапасы төмендедi; 
      педагог кадрлардың білiктілігiн арттыру және қайта даярлау жүйесiнiң әлеуетi төмендедi, аудандық оқу-әдiстемелiк қызметтерi, жоғары оқу орындарының жанындағы бiлiктiлiктi арттыру институттары мен факультеттерi негiзсiз таратылды; 
      бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нашарлады, білiм беру индустриясы болмады; 
      оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк материалдардың тапшылығы өсе түстi; 
      қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы, сондай-ақ толық және шағын жинақталған мектептердiң түлектерiнiң арасындағы бiлiм деңгейiндегi алшақтық ұлғайды; 
      оқыту мен тәрбиелеу жүйелерiнің бiрлiгiнiң бұзылуы орын алды. 
      Жоғары кәсіптiк бiлiм беру жүйесiнде жоғары оқу орындарының ғылымның академиялық секторымен, өндiрiспен және тәжiрибелiк базамен өзара iс-қимылында алшақтық ұлғайып келедi, бұл оқу процесi мен болашақ мамандарды практикалық даярлау сапасының төмендеуiне алып келедi. 
      Жоғары бiлiмдi кадрларды даярлауда, атап айтқанда, онсыз қоғамның ғылыми-техникалық дамуы мүмкiн болмайтын ғылыми-жаратылыстану және техникалық бағыттардағы "шығынды мамандықтардан арылу" жүрiп жатыр. Мамандардың басым бөлiгi бiлiм алуды көп деңгейлi жоғары бiлiмнiң бiрiншi сатысынан кейiн тоқтатады, бұл республикада жоғары бiлiмнiң жалпы деңгейiн айтарлықтай төмендетедi. 
      Кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде еңбек дағдыларын оқытуға және оларды жетiлдiруге қажеттi назар аударылмайды. Бұл проблеманы толық қарастырған зерттеулер жоқ, олардың негiзiнде бiлiм беру процесiнiң икемдiлiгiн, жаңаруы мен өнiмдiлiгiн, еңбек рыногында өзгерiп отыратын талаптарды ескеретiн қажеттi шеберлiк пен дағдыларды берудi қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау керек едi. 
      Республикадағы әлеуметтiк-экономикалық ахуал жасөспiрiмдер мен жастарды жұмыспен қамту проблемасын шиеленiстiрдi. Жұмыссыздық, амалсыздан масыл болу халықтың осы санатының әлеуметтiк және еңбек тұрғысынан құлдырауына алып келедi. Сөйтiп, осының нәтижесiнде жасөспiрiмдер мен жастардың арасында қылмыс, маскүнемдiк, нашақорлық, жезөкшелiк және басқа да келеңсiз көрiнiстер белең алды. 

            4. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

       Бағдарламаның негiзгi мақсаты - сапалы бiлiмге кеңiнен қол жеткiзудi қамтамасыз ететiн бiлiм беру жүйесiнiң ұлттық үлгiсiн тиiмдi дамыту үшiн жағдай жасау.      

      Негiзгi мiндеттерi: 

      азаматтардың бiлiмнің барлық деңгейлерi мен сатыларына қол жеткiзуге арналған конституциялық құқықтарын қанағаттандыру үшiн жағдайлар жасау;
     бiлiм беру жүйесiн басқаруды жетiлдiру;
     бiлiмнiң және бiлiм беру бағдарламаларының сапасын арттыру, бiлiм беру қызметтерiн таңдауды ұсыну;
     тәрбие жұмысын жетiлдiру, оқу мен тәрбие процестерiнiң бiрлiгiн қамтамасыз ету;
     педагогтiң әлеуметтiк мәртебесiн көтеру;
     Қазақстанның бiлiм беру жүйесiнiң әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне 
интеграциялануы үшiн жағдай жасау.
     Бағдарлама бiлiм берудiң әрбiр деңгейi үшiн елдiң тиiмдi жұмыс iстейтiн бiлiм беру жүйесiн құру жөнiндегі нақты мақсаттары мен мiндеттерiн айқындайды. 

          Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту 

      Мақсаты - балалардың мектепке дейiнгi бiлiм беру бағдарламаларымен қамтылуын дәйектi түрде ұлғайту жолымен олардың бiлiм алудағы тең бастапқы мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету.      

     Негiзгi мiндеттерi:      

     балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытуда оқу-әдiстемелiк және кадрмен қамтамасыз ету;
     жұмыс iстеп тұрған мектепке дейiнгi ұйымдарды сақтау және әсiресе даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар үшiн жаңа түрлерi мен үлгілерiн дамыту;
     мектепке дейiнгi ұйымдар мен жалпы бiлiм беретiн мектептердiң базасында балаларды мектеп алды даярлаумен қамтамасыз ету;
     ата-аналар мен жұртшылықты мектепке дейiнгi бiлiм беру процесiне тарту. 

                       Жалпы орта бiлiм      

     Мақсаты - азаматтардың мiндеттi жалпы орта бiлiм алуға және оның сапасын жақсартуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз ету.      

     Негiзгi мiндеттерi:      

     мектеп жасындағы барлық балаларды оқумен қамту;
     жалпы орта бiлiмнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын iске асыру;
      мектептерде оқытудың жетiлдiрiлген мазмұны мен әдiстерiн жетiлдiру, оқушылардың бiлiмi мен педагогтердiң қызметiн бағалаудың объективтi өлшемдерi мен тәсiлдерiн енгiзу жолымен бiлiм берудiң сапасын арттыру; 
      оқушылар мен педагогтердiң денсаулығын сақтау жөнiндегi шараларды қамтамасыз ету. 
      Жалпы орта бiлiмнiң деңгейiнде ауылдық жердегi бiлiм берудi ұйымдастыру жөнiндегi мақсат пен мiндеттер жеке айқындалады. 
      Мақсаты - оқыту мен тәрбиелеу, мектеп оқушыларын оқыту сапасын арттыру, ауылдық және шағын жинақталған мектептердiң қызметтерiн жетілдiру үшiн жағдай жасау.  

      Мiндеттерi: 

      ауылдық және шағын жинақталған мектептердiң тиiмдi моделiн әзiрлеу және кезең-кезеңiмен енгiзу; 
      шағын жинақталған мектептерге арналған педагог кадрларды даярлау және қайта даярлау. Ауылдық жерде педагог кадрлардың тұрақтануын қамтамасыз ету; 
      әдiстемелiк әдебиеттi дайындау, шағын жинақталған мектептердiң оқу-тәрбие процесiне арнаулы әдiстемелер мен технологияларды енгiзу; 
      ауылдық мектептердiң материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуiн жақсарту жөнiндегi iс-шаралар кешенiн әзiрлеу; 
      оқытудың инновациялық әдiстерiн және арнаулы ұйымдастыру нысандарын енгiзу жолымен ауылдық мектептердегi оқытудың деңгейiн көтеру, оқушылардың шығармашылығын және дарындылығын ынталандыру; 
      шағын жинақталған мектептердiң оқу процесiнде дистанциялық оқыту (алыстан бiлiм беру) әдiстерiн әзiрлеу мен меңгеру; 
      ауылдық және шағын жинақталған мектептердi басқарудың тиiмділiгiн арттыру. 
 

        Бастауыш және орта кәсiптiк білiм 
 

        Мақсаты - еңбек рыногында бастауыш және орта кәсiптiк білiм ұйымдарын бiтiрушілердiң бәсекелестiк қабілетiн қамтамасыз ету, сондай-ақ ересек тұрғындарды кәсiптiк даярлау мен қайта даярлауды қамтамасыз ету. 
 

        Негiзгi міндеттерi: 
 

        бастауыш және орта кәсiптiк білiм берудің мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын әзiрлеу мен енгiзу оларды еңбек рыногындағы жағдайды және экономикадағы құрылымдық өзгерiстердi ескере отырып жаңарту; 
      жасөспiрiмдер мен жастар, сондай-ақ ересек тұрғындар үшiн бастауыш және орта кәсіптiк білiмнiң қолжетiмдi болуын арттыру үшiн жағдайлар жасау; 
      бастауыш және орта кәсiптiк білiмнiң мемлекеттiк емес секторын, орта кәсiптiк білiмi бар жұмысшылар мен мамандарды даярлау мен қайта даярлауды қолдау; 
      бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм жүйесiнде әлеуметтiк әрiптестiктi ұйымдастыру мен дамыту; 
      бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарында кадрларды даярлау мен қайта даярлау мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. 
 

        Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру 
 

        Мақсаты - орта мектептердi, бастауыш және орта кәсіптiк бiлiм беретiн ұйымдардың түлектерiн кәсiптiк даярлау үшiн жеке адамның білiм алу тұрғысындағы қажеттiктерiн және ел экономикасы мен әлеуметтiк саланың әлемдiк деңгейдегi жоғары білiктi мамандарға мұқтаждығын қамтамасыз ету үшiн жоғары оқу орнының түлектерiн қайта даярлау үшiн жағдайлар жасау. 
 

        Негiзгi мiндеттерi: 
 

        жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын енгiзу және одан әрi дамыту мамандықтардың мемлекеттiк жiктегiшiн жетілдiру; 
      бiлiм беру бағдарламаларын жетiлдiру жолымен мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету; 
      студенттердi даярлауда, оқытушылардың бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауда халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бiрлескен ғылыми-зерттеулер жүргiзу; 
      профессорлар-оқытушылар құрамының бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлаудың тиiмдi жүйесiн құру мен дамыту; 
      оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын енгiзу, дистанциялық бiлiм берудi дамыту; 
      жоғары кәсiптiк бiлiм алу үшiн жастарға мемлекеттiк бiлiм гранттары мен мемлекеттiк бiлiм беру кредиттерiн берудiң тетiгiн жетiлдiру. Ауылдық жерге, шалғай және құлдыраған аудандарға жұмысқа жiберiлетiн мамандар үшiн жеңiлдiктер көзделетiн мемлекеттiк бiлiм беру кредиттерi мен студенттiк кредиттердi өтеудің жаңа тетiгiн әзiрлеу мен енгiзу;  

     академиялық және салалық ғылымның жоғары бiлiммен кезең-кезеңiмен интеграциялануы.      

     Тәрбиелеу жүйесiн жетiлдіру      

     Мақсаты - қазақстандық елжандылық, азаматтық, iзгiлiк және 
жалпыадамзаттық құндылықтар идеяларының негiзiнде тәрбиеленушiнiң жеке тұлға ретiндегi сапа қасиетiн қалыптастыру.      

     Мiндеттерi:      
 

        бiлiм беру ұйымдарындағы оқушылардың ұлттық мәдени ерекшелiктерiн ескере отырып, тәрбиелеудiң тиiмдi жүйесiн әзiрлеу мен енгiзу; 
      балалар мен жастардың бұқаралық қоғамдық ұйымдарын дамытуды қолдау; 
      қосымша бiлiм беретiн мектептен тыс ұйымдардың желiсiн сақтау және одан әрi дамыту; 
      қосымша бiлiм беретiн педагогтердi, сынып жетекшiлерiн, бiлiм беру ұйымдарындағы академиялық топтардың кураторларын және тәрбие проблемалары бойынша бiлiм басқармалары органдарының қызметкерлерiн қайта даярлау; 
      балалардың, жасөспiрiмдер мен жастардың құқық бұзуының, қылмыс iстеуi мен бақылаусыз қалуының алдын алу жөнiндегi шаралар кешенiн iске асыру.
     Аталған мақсаттарға қол жеткiзу мен негiзгi мiндеттердi шешу барабар ресурстық қамтамасыз етудi, атап айтқанда:
     тиiстi нормативтiк-құқықтық базаны қалыптастыруды;
     бiлiм беру жүйесiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi мен дамуының 
қаржы-экономикалық тетiктерiн жетiлдiрудi;
     бiлiм беру ұйымдары желiсiн тиiмдi дамытуды;
     бiлiм беру жүйесiнiң кадрларын даярлау мен қайта даярлау жүйесiн дамытуды және олардың бiлiктiлiгiн жоспарлы түрде арттыруды;
     оқыту мен тәрбиелеу процестерiн оқу-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз етудi жақсартуды;
     оқытудың жаңа технологияларын енгiзудi;
     бiлiм беру жүйесiн, ақпараттандыруды қоса алғанда, 
материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жақсартуды талап етедi. 

     5. БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ IСКЕ АСЫРУ ТЕТІГІ 

    5.1. БIЛIМ БЕРУ ЖYЙЕСIН ДАМЫТУДЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ 

     Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту саласында      
 

        Ғасырдан астам тарихы бар және әлемдiк қоғамдастықта балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың негiзгi нысаны ретiнде сыннан өткен балалар бақшасы бұл күндерi де үздiксiз бiлiм берудің бiрiншi сатысының және балалардың ерте бастап әлеуметтенуiнiң тиiмдi моделi болып қалып отыр. 
      Мектеп жасына дейiнгi балалардың мектепке дейiнгi сапалы бiлiм беру бағдарламаларына қолжетiмдiлiгiн арттыру нысандарының бiрi мектепалды институты болады, ол балаларды балалар бақшасында, жалпы бiлiм беретiн мектепте және отбасында мектепалды даярлауды барлық жерде ұйымдастыруды қамтамасыз етедi. Мектепалды - бұл мектепке дейiнгi ересек жастағы, негiзiнен бұрын балалар бақшаларына бармаған балалар үшiн оқу-тәрбиелiк процестi мақсатты бағытта ұйымдастыру институты. Мектепалды даярлаудың функциялары мыналар: 
      балалардың тән саулығы мен психикалық саулығын сақтау әрi нығайту; 
      балалардың интеллектуал және жеке тұлға ретiндегi дамуын қамтамасыз ету, олардың эмоционалдық саламаттығы жөнiнде қамқорлық; 
      балалардың дамуындағы кемiстiктердi түзету; 
      баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшiн отбасымен өзара iс-қимыл жасау. 
      Отбасына үлкен жауапкершiлiк жүктеледi. Ол баланы мектепалды даярлауды - дербес, мектепке дейiнгi ұйыммен немесе мектеппен бiрлесiп ұйымдастыруды таңдауға хақылы. Отбасы мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартында көзделген бiлiмдi, дағдылар мен қарым-қатынастарды баланың меңгеруiн, сондай-ақ күш-жiгерi мен психологиялық жағынан мектеп бағдарламасын игеруiн қамтамасыз етуге мiндеттi. 
      Мектеп жасына дейiнгi тәрбие мен оқытуды ресурстық қамтамасыз ету - мектепке дейiнгi бiлiмнiң жалпы бiлiм беретiн бағдарламалары мен бастауыш мектептер бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз етуге тиiс. Балаларды мектепалды даярлауды енгiзудiң қажеттiгiн ескере отырып, оқу құралдары, балалар кiтаптары әзiрленуге әрi жасалуға және мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуда педагог қызметкерлердi даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жүйесi жетiлдiрiлуге тиiс. 
      Жалпы орта бiлiм беру саласында оның мазмұнын бiлiм берудi демократияландыру және iзгiлiктi ету бағытында айтарлықтай жаңарту қажет. Оқушылардың сапалы білiм, бiлiк пен дағды алуының жоғары негiздерiне қол жеткiзген жөн. Мазмұнды жаңарту бiлiм берудiң жетiлдiрiлген мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын әзiрлеумен және енгiзумен қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      Жалпы орта бiлiм беру жүйесiн оқу-әдiстемелiк қамтамасыз ету оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн жетiлдiрудi талап етедi. Оқу процесiне алуан көп нұсқалы оқулықтарды енгiзу - оқу-әдiстемелiк қамтамасыз етудiң сапасын жақсарту, бiлiмнің кең нұсқалылығына қол жеткiзу жолдарының бiрi. 
      Мазмұны, тiлi, жағдайы мен оқыту нысандары бойынша әралуан ауыл мектебi өзiне ерекше қарауды талап етедi. Деңгейлiк әрi бейiндiк саралауды және оқытуды дербестендiрудi, соның iшiнде сыныптардың шағын толымдылығы жағдайында жүзеге асырудың қажеттiлiгi оқу процесiн принциптi түрде өзгеше ұйымдастыруды және педагог қызметкерлердiң даярлық деңгейiн айтарлықтай жақсартуды талап етедi. Шағын жинақталған мектептердегi оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды басқару мен оның ерекшелiгi бұл саладағы қатынастарды реттеушi нормативтiк құжаттар жасауды талап етедi. 
      Педагог мамандықтары бойынша жоғары және орта кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарының түлектерiн даярлаудың сапасына үздiксiз мониторинг жүргiзу қажет. Мектептегi бiлiмнiң сапасын қамтамасыз етуде осы деңгейдегi ұйымдардың рейтингтiк жүйесiн енгiзген дұрыс. 
      Жалпы орта бiлiм жүйесiнде оқушылар мен бiлiм беру қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғаудың рөлi зор. Оқушылар мен педагогтердiң денсаулығы, олардың әлеуметтiк саулығы бiлiм сапасын қамтамасыз етудiң басты факторы болып табылады. Оқушылар мен педагогтердiң тұрақты түрде тегiн медициналық тексерiлуiн, сондай-ақ оқушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру қажет. Табысы аз отбасыларының балалары тегiн тамақтануға тиiс. 
      Педагог қызметкерлер мен бiлiм беру ұйымдары басшыларының еңбекақысының төмендiгi бiлiм беру жүйесiн кадрмен тиiсiнше қамтамасыз етуге қол жеткiзуге мүмкiндiк бермейдi. Мұғалiм мамандығы беделдi болудан қалды. Мұғалiмнiң әлеуметтiк рөлi мен беделiн көтеру үшiн оның еңбекақысын өсiру қажет - бiлiм беру қызметкерлерiнiң еңбекақы деңгейiн 2005 жылға қарай орташа республикалық деңгейден төмен емес деңгейге дейiн жеткiзу керек. 
      Еңбекақыны көтерумен және бiлiм беру ұйымдарының штат санының нормативтерiн жетілдiрумен қатар педагог еңбегiн ынталандырудың, мысалы, көтермелеу гранттарын беру секiлдi, басқа да мүмкiндiктерiн пайдалану керек. 
      Бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру саласында басты назар еңбек рыногында талап етiлетiн мамандықтар бойынша жұмысшылар мен орта буын мамандарын даярлауға ғана емес, жастардың өзiн-өзi жұмыспен қамтуға жақсы даярлауға, мүмкiндiк беретiн кәсiптiк бiлiмдi, бiлiк пен дағды алуы үшiн жағдайды қамтамасыз етуге аударылуға тиiс. 
      Кәсiптiк мектептердің, лицейлердiң, колледждер мен меншiктiң барлық нысанындағы кәсiпорындардың iскерлiк, мүдделi әріптестiк шеңберiнде теориялық бiлiм мен жұмыс iстеп тұрған кәсіпорындардың базасында кәсiптiк практика шеңберiнде алынатын практикалық дағдының бiрлiгiн қамтамасыз ету қажет. Әрiптестiк кәсiпорындарды сапалы еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесiндегi тараптардың өзара тиiмдi ынтымақтастығын бiлдiредi. 
      Шағын және орта бизнес саласында талап етiлетiн жоғары разрядты, сыныптар мен санаттардағы бiлiктi жұмысшылар мен мамандарды даярлауды енгiзу керек. 
      Жоғары кәсiптiк бiлiм беру саласында жоғары кәсiптiк бiлiм мамандықтарының мемлекеттiк жiктегiшi (тiзбесi) мен жоғары бiлiмнiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттары жетiлдiрудi талап етедi. 
      Бұл салада студенттердiң қазiргi заманғы технологиялары бар кәсiпорындардың базасында өндiрiстiк практикадан өтуi және лабораториялық әрi практикалық сабақтарын, оқу ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру мәселесiн түбегейлi шешу талап етiледi. 
      Жоғары кәсiптiк бiлiмнiң сапасын бағалау жоғары оқу орындарының рейтингтер жүйесiн енгiзу жолымен жүзеге асырылуға тиiс. Белгiлi бiр өлшемдер бойынша түрлi деңгейдегi оқу орындарының рейтинггерiн жүйелi түрде жасау жоғары бiлiм беру жүйесiнде бәсекелес ортаны құрады. Оқу орындары сапаны басқарудың iшкi жүйесiн құрып, оны қоғамның, жеке тұлға мен еңбек рыногының сұраныстарына жауап беру үшiн ұдайы жетілдiрiп отырады. Рейтингтер жасаудың технологиясы оқу орындарының қызметiн әдiлетсiз бағалауға жол бермеуге тиiс. 
      Мемлекеттiк аттестациялау әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ену процестерiн ескере отырып жетiлдiрiлуге тиiс. Кәсiптiк бiлiм беру саласында Пан-Еуропалық тiркеу жүйесi (ЕQUАL), Халықаралық стандарттар ұйымының ISО 9000-9001 сапа стандарттары, Менеджменттi дамытудың Орталық Азия қоры (САМАN) және басқалар секiлдi білiм беруде сапаны қамтамасыз ету жүйелерiнің жетiстiктерi пайдаланылуы мүмкiн. 
      Кәсiптiк бiлiмнiң қолжетiмдiлiк деңгейiн арттыруға мемлекеттiк білім гранттары мен кредиттерiн беру тетiгiн одан әрi жетілдiру, сондай-ақ олардың санын өсiру жолымен қол жеткiзiлуге тиiс. Техникалық, педагогтiк және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары бiлiмдi мамандар даярлауға мемлекеттiк тапсырыстың ұлғайтылуын көздеу қажет. 
      Экономикалық өзгерiстердi кадрлық тиiстi қолдаумен қамтамасыз етуге қабiлетті кәсiптiк мектептердiң, лицейлердiң, колледждердiң және жоғары оқу орындарының түлектерiн еңбек рыногына қарай қозғаудың жүйесiн құру қажет. Бұған кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде маркетингтiк және еңбекке орналастыру қызметтерiн дамыту жолымен қол жетедi. 
      Жоғары оқу орнынан кейiнгі бiлiм беру саласында, бұл жүйеде ұйымдастырудың, қаржыландырудың және басқарудың тиiмділігiне байланысты, елеулi проблемалар қордалана бастағандықтан, жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң жаңа тұжырымдамасын әзiрлеу керек. Бiлiм мен ғылымның интеграциялануы кәсiптiк бiлiм берудiң жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру саласында неғұрлым тиiмдi болуы мүмкiн. 
      Оқыту мен тәрбие процестерiнiң бiрлiгiне қосымша бiлiм беру жүйесiн кеңейту, жастар мен балалардың қоғамдық бiрлестiктерiн көтермелеу және балалардың, жасөспiрiмдер мен жастардың бос уақыты мен демалысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету жолымен қол жетедi. 
      Тиiмдi нормативтiк-құқықтық базаны қалыптастырудың негiзгi бағыты "Бiлiм туралы" Қазақстан Рсспубликасының Заңын iске асыру болады. 
      Нормативтiк-құқықтық базаның кемшiндiгi және заңнама нормаларын ұдайы орындамау Қазақстанда адамды тұрлаулы дамытуды қамтамасыз ету бағытындағы бiлiм беру жүйесiнiң дамуын тежейтiн негiзгi проблемалардың қатарында қалып отыр. 
      Осыған байланысты бiлiм беру саласындағы қатынастарды реттейтiн нормативтiк-құқықтық базаны жетiлдiру, сөйтiп бiлiм беру саласында заң нормаларының орындалуын, бiлiм беру субъектiлерiнің құқықтарын қорғауды, мемлекеттiк кепiлдiктердiң сақталуын бақылаудың пәрмендi тетiгiн құру қажет. 
      Бiлiм беру ұйымдарын аттестациялауға көшуге байланысты ұйымдардың желiсiне және олардың контингентiне қарай басқару кадрлары санының нормативтерiн жетiлдiру керек. 
      Басқарудың тиiмдiлiгi көп жағдайда күллi білім беру жүйесiнiң ақпараттық қамтамасыз етiлуiне, басқару орындарының шешiмдерiнiң уақытылы және сапалы қабылдануына әрi мониторингтiң ұйымдастырылуына байланысты. Осыған байланысты бiлiм берудi басқаруды жетiлдiру мiндетi әрi бiлiм беру статистикасының жүйесiн, әрi бiлiм беру жүйесiнің мониторингiн жетiлдiрудi қамтиды. Білім берудi ақпараттандыру процесi сонымен қатар ғылыми-педагогикалық ақпараттың автоматтандырылған деректер банкiн, ақпараттық-әдiстемелiк материалдарды, сондай-ақ коммуникациялық желiлердi пайдаланудың негiзiнде бiлiм беру жүйесiн басқарудың тетiктерiн жетiлдiруге бастамашылық етедi. 
      Бiлiм беру жүйесiн дамытуда, әлеуметтiк проблемаларды шешуде мемлекет пен жұртшылықтың әрiптестiгiнiң ролi орасан зор және осыған байланысты білiм беру жүйесiн басқарудың мемлекеттiк-қоғамдық сипатын қалыптастыру мәселесi көкейкестi болады. 
      Күллi деңгейдегi бiлiм беру басқармалары органдары мен бiлiм беру ұйымдарының құзыреттерiнiң арасына бiлiм туралы заңдарға және басқа да құқықтық актiлерге сәйкес нақты шек қою талап етiледi. Жоғары оқу орындарының дербестiгiн одан әрi кеңейту үшiн қажеттi жағдайлар қамтамасыз етiлуге, бiлiм беру мекемелерiнiң басшыларына үлкен дербестiк берiлуге тиiс. Оқу орындарын басқаруда орталыққа тәуелдiлiгiнiң одан әрi жойылуы және академиялық бостандықтарды кеңейту талап етiледi. Өзiн-өзi басқарудың пәрмендi органы оқу орындарының кеңесi болуға тиiс. 
      "Сапа" және "баға беру" - "басқарудың жаңа құралының" ажырамас құрамдас бөлiктерi - орталыққа тәуелсiздiктiң жойылу құралы ретiнде емес, орталыққа тәуелсiздiгi жойылған жүйенiң түрлi деңгейлерiнiң арасында шешiмдер қабылдаудың тепе-теңдiгiн қолдау құралы ретiнде қаралуға тиiс. 
      Жоғарыда сипатталған күллi бағыттар қазiргi заманғы менеджменттің басқа мәселелерiмен қатар "Бiлiм берудi басқару" оқу бағдарламасында көрiнiсiн табуын және білім беру жүйесiнiң басқару кадрларын қайта даярлау мен білiктiлiгiн арттыру бағдарламасының ажырамас бөлiгi болуға тиiс. 
      Бiлiм берудi реформалау бұл салаға принциптi түрде жаңа қаржыландыру схемасын енгiзудi көздейдi және бiлiм беру жүйесiн дамытудың қаржы-экономикалық тетiктерiн қолдау мен жетiлдiруге бағытталған бiрқатар қаржы-экономикалық мiндеттердi шешудi талап етедi. Мiндеттердi шешу бұл ретте мынадай принциптерге сүйенуге тиiс: 
      білiм беру ұйымдарының шаруашылық және қаржылық дербестiгi; 
      ресурстық қамтамасыз етудi қалыптастыруға нормативтiк тұрғыдан келу. Бiлiм беру саласындағы штат нормативтерiн, негiзгi экономикалық нормалар мен нормативтердi қайта қарау талап етіледi; 
      қаржыландыруға көп деңгейлi (республикалық және аймақтық деңгейдегi) және кеп арналы тұғыдан келу; 
      Бiлiм беру ұйымдарының желiсiн тұрақтандыру және дамыту. Бiлiмнің қолжетiмділiгi мен сапасының маңызды кепiлi бiлiм беру ұйымдарының желiсiн жеткiлiктi дамыту болып табылады. 
      Атқарушы билiктiң жергiлiктi органдарының басты мiндетi - халыққа, соның iшiнде мектеп жасына дейiнгi балаларға білiм беру мен тәрбиесiне қатысты қамқорлық жасау болып табылады. Осыған байланысты мектепке дейiнгi ұйымдар желiсiн сақтау және ұлғайту - олардың тiкелей мiндетi. 
      Жалпы орта бiлiм беру саласында білiм беру ұйымдарының желiсiн 2000-2005 жылдар iшiнде белгiленген нормативке жеткiзудi қамтамасыз ету қажет. Бiлiм берудiң арнаулы түзету ұйымдары саны оларға деген өскелең қажеттiктi қамтамасыз етпейтiндiгiн ескере отырып, мектеп жасына дейiнгi және жалпы орта бiлiм беретiн түзету ұйымдарының желiсiн дамыту жөнiнде қосымша шаралар талап етiледi. 
      Бастауыш және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында оқуға кеңiнен қолжетiмділік мiндеттерін шешу үшін мыналар қажет: 
      1) бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарының қолда бар желiсiн сақтау және оларды одан әрi дамыту жөнiнде шаралар қолдану; 
      2) республикалық бюджет қаражаты есебiнен, сондай-ақ аймақаралық негiзде, жалпы республикалық маңызы бар мамандықтар бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын орта кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарында мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыруды қамтамасыз ету. 
      Бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары республикалық та, жергiлiктi бағыныстылықта да бола алады және жұмысшылар мен мамандар даярлауды мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде бюджеттiк қаржыландыру есебiнен - ақылы түрде, сондай-ақ ұйымдар мен кәсiпорындардың қаржылары есебiнен де жүзеге асырады. 
      Бiлiм беру жүйесiнiң кадрларын қайта даярлауға және бiлiктiлiгін арттыруға деген қажеттiк соңғы жылдары орта бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыруға, оқулықтардың жаңа буынын және жаңа әдiстемелiк арсеналын енгiзуге байланысты сан мәрте өстi. Қазiргi уақытта қайта даярлау және бiлiктiлiктi арттыру бағдарламалары негiзiнен аталған мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыратын педагог қызметкерлердiң қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, бұл кадрларды қайта даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiнде тепе-теңдiктiң бұзылуын туындатады, сондықтан бұл жүйе жетiлдiрудi талап етедi. 
      Педагог қызметкерлердi қайта даярлау және білiктiлiгiн арттыру бағдарламалары жүйелi, көкейкестi сұраныстарды ескеруге және кезең-кезеңiмен қайта қаралуға тиiс. Педагог қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды бiлiктiлiктi арттыру институттарымен қатар жергiлiктi атқарушы органдар қалыптастыратын мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде аймақтық университеттердiң базасында жүзеге асырылуға тиiс. 
      Бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыруды қоса алғанда оқытудың жаңа технологияларын енгiзу мен материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жақсарту мiндеттерi бiр-бiрiмен өзара байланысты және бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру, дистанциялық оқытуды енгiзу және тағы басқалар арқылы оқу процесiне қазiргi заманғы технологиялар мен оқытудың техникалық құралдарын енгiзудi көздейдi. 
      Мемлекет басшысының қойған мiндетiне сәйкес орта мектептердi компьютерлiк техникамен жарақтандыру Қазақстан тәуелсiздiгiнiң онжылдығына қарай аяқталады. Осы бағдарламаны iске асыру және бiлiм беру жүйесiнiң сабақтастық принциптерi кәсiптiк бiлiм беру жүйесiн де ақпараттандыруға көшiрудi көздейдi. 
      Бiлiм беру саласындағы ақпараттық инфрақұрылым Қазақстандағы қолда бар телекоммуникациялық желiлердiң негiзiнде оларға бiлiм беру ақпараты банктерiн қалыптастыру мен қосу жағдайында құрылуы мүмкiн. Мұндай банктердi енгiзу бiлiм беру мекемелерiне желiмен жұмыс iстеуге және оқыту құралдары ретiнде телекоммуникацияларды пайдалануда елеулi көмек көрсетедi. Бұл қызметтi жұмыс iстеп тұрған аймақтық ақпараттық орталықтар мен университеттер жүзеге асыратын болады, ал олар жоқ жерлерде арнайы орталықтар құрылады. 
 

         5.2. "БIЛIМ" МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМАСЫН IСКЕ
                  АСЫРУДЫҢ ТЕТIГI 
 

        "Бiлiм" мемлекеттiк бағдарламасын iске асыруды жүйелi бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан Үйлестiру кеңесi құрылатын болады. 
      Мемлекеттiк бағдарламаны iске асыру процесiн жедел басқаруды Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi қамтамасыз етедi. 
      Бағдарламаның iс-шаралары мемлекет қаражаты есебiнен, сондай-ақ пилоттық жобаларды ұйымдастыру жолымен оларды қаржыландыруға донорлық ұйымдарды тарта отырып iске асатын болады. 

        6. ҚАЖЕТТI РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ
                        КӨЗДЕРI

       Мемлекеттiк бағдарлама қаржыландыру мемлекеттiк бюджетте бiлiм беру жүйесiне көзделген қаражаттың шегiнде, сондай-ақ Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасына енгiзiлген заемдар қаражаты есебiнен жүзеге асатын болады. Техникалық және халықаралық ұйымдардың гранттық көмегi, ұйымдар мен тұрғындардың демеушілiк көмегiн тарту көзделедi.
     2001-2005 жылдарға арналған бағдарламаны iске асыруға арналған бюджет қаражатындағы ең төменгi есептiк қажеттiлiк 380 млрд. теңгенi құрайды.     

              2001-2005 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН "БІЛІМ" МЕМЛЕКЕТТIК
                    БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЛЕМI
                    (2000 жылғы көрсеткiштер бойынша)

-----------------------------------------------------------------
        !2001 жыл!2002 жыл!2003 жыл!2004 жыл!2005 жыл! Барлығы,
        !        !        !        !        !        ! млрд. 
        !        !        !        !        !        ! теңге
--------------------------------------------------------------------
Республикалық   
бюджет     14,9     11,3     12,6     13,9     14,5     67,2
Жергілікті 61,1     64,7     63,4     62,1     61,5    312,8
бюджет
Барлығы    76,0     76,0     76,0     76,0     76,0      380
--------------------------------------------------------------------
      Оның жыл сайынғы көлемi тиiстi жылға арналған "Мемлекеттiк бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нақтыланатын болады. 
 

              7. БАҒДАРЛАМАНЫ IСКЕ АСЫРУДАН КYТIЛЕТIН НӘТИЖЕ 
 

        "Бiлiм" мемлекеттiк бағдарламасының iске асуымен бiлім беру жүйесiнiң әлеуетi мен ресурстары сақталатын болады, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуы үшiн бұдан әрi ұтымды әрi барынша тиiмдiлiкпен пайдаланылатын болады. 
      Осы бағдарламаның уақытылы iске асуы халықтың неғұрлым қалың жiктерi үшiн бiлiм беру бағдарламаларының қолжетiмдiлiгi мен сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге тиiс. 
      Бағдарламаны iске асыру қорытындысында: 
      балаларды мектепалды даярлаудың түрлi нысандарын ұйымдастыру жөнiнде шаралар қолдану нәтижесiнде барлық балалардың мектепке даярлығын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалатын болады; 
      бiлiм беру ұйымдарының желiсiн тұрақтандыру және кеңейту жөнiнде шаралар қолданудың нәтижесiнде жалпы орта бiлiм алу үшiн жағдайларды жақсарту қамтамасыз етiлетiн болады, ол жасөспiрiмдер мен жастар үшiн білiм беру ұйымдарының желiсiн кеңейту есебiнен бiлiмнің барлық деңгейлерi мен сатыларына қолжетiмдiлiктiң артуына мүмкiндiк бередi; 
 

                 (диаграмманы қағаздағы нұсқадан қараңыз) 
 

        ауылдық және шағын жинақталған мектептердiң желiсiн дамыту, сондай-ақ ауылдық жерде бiлiм беру қызметiнiң сапасын арттыруды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданудың нәтижесiнде қалалық және ауылдық мектептерде оқушылардың бiлiм деңгейлерi теңестiрілетiн болады; 
      жалпы орта білiм беру ұйымдарын ресурстық қамтамасыз етудi жақсарту жөнiнде шаралар қолдану нәтижесiнде мектеп жасындағы балаларды оқумен барынша қамтуға және жалпы бiлiм беретiн, кәсіптiк мектептердiң, лицейлер мен колледждердiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттарын орындауға қол жеткiзілетiн болады; 
      кәсіптiк даярлау саласындағы күллi субъектілердiң өзара iс-қимылының, экономиканың барлық саласы үшiн білiктi жұмысшылар мен мамандарға қажеттiктi айқындаудың тетiгiн белгілеудiң, нарықтық қатынастардың принциптерiн енгiзудiң нәтижесiнде кәсіптiк мектептердi, лицейлер мен колледждер түлектерi арасында жұмыссыздық деңгейi төмендейдi; 
      сапаны қамтамасыз ету жүйесiн енгiзудiң нәтижесiнде білiм беру ұйымдарындағы кәсiптiк даярлықтың деңгейi әлемде танылған стандарттармен сәйкес келетiн болады; 
      арнаулы түзету ұйымдарының тәрбиеленушілерi үшiн оқулықтар жасап, кешендi түрде енгiзу жөнiнде шаралар қолданудың нәтижесiнде олардағы оқу-тәрбие жұмысының сапасы жақсарады; 
      білiм беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту жөнiнде шаралар қолданудың нәтижесiнде ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардың негiзiнде жеке адамның қалыптасуы мен дамуы және кәсiптiк тұрғыдан қалыптасуы үшiн жағдай жасалатын болады, жасөспiрiмдер мен жастар жасайтын құқық бұзушылықтың саны, олардың қылмысының деңгейi және өздерiн девианттық ұстауы төмендейдi;
     басқару жүйесiн iшкi қайта құрылымдау мен ресурстарды iшкi қайта бөлудiң және ресурстық қамтамасыз етуге ашықтық сипат берудің нәтижесiнде білiм беру жүйесi жұмысының тиiмділiгi артады.      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады