Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 27 тамыз N 675

"Актілер жинағында" және 
республикалық баспасөзде 
жариялануға тиіс     

      Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығын атап өту үшін қаулы етемін: B901700 , Z914400

      1. "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалі тағайындалсын.

      2. Қоса беріліп отырған:
      1) "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалі туралы ереже ;
      2) "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мерекелік медальдарды жасап шығару үшін қажетті қаражат бөлетін болсын.

      4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің 2001 жылғы 
27 тамыздағы N 675    
Жарлығымен       
бекітілген       

"Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл"
мерекелік медалі туралы
ЕРЕЖЕ

      1. "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалімен (бұдан былай - мерекелік медаль) Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюына және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары наградталады.
      2. Мерекелік медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктер, өзге де орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді.
      3. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және тапсыруы бойынша мерекелік медальді:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы ;
      2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы осыған уәкілеттік берген басқа да лауазымды тұлғалар тапсыра алады.
      4. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда және жария жүргізіледі. Ол наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.
      5. Мерекелік медальдің тапсырылғаны туралы белгіленген нысандағы хаттама толтырылады. Ол награда тапсырған адамның қойған қолымен, тапсыру жүргізген органның мөрімен бекітіліп, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.
      6. "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалі сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда солардан кейін орналасады.
      7. Әрбір наградталған адамға мерекелік медаль тапсырумен бір мезгілде тиісті куәлік беріледі.
      8. Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдардың тапсырылу барысы туралы есептілікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

Қазақстан Республикасы  
Президентінің 2001 жылғы 
27 тамыздағы N 675    
Жарлығымен        
бекітілген        

"Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл"
мерекелік медалінің
СИПАТТАМАСЫ

      "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалі диаметрі 34 мм шеңбер нысанды. Медальдің бет жағының ортасында 1 саны мен жан-жаққа тараған сәулелері бар күннен тұратын айшықты 10 цифрының аясында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі ескерткішінің бас үзігі бейнеленген.
      Медальдің жоғарғы бөлігінде "Қазақстан" жазуы орналасқан.
      Медальдің сыртқы бетінің жоғарғы жағына - "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" жазуы, ал төменгі бөлігінде "10 лет независимости Республики Казахстан" жазуы орналасқан. Сөйлемдер ұлттық ою элементімен бөлінген.
      Медаль томпактан жасалады.
      "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалі құлақша мен шығыршық арқылы бесбұрышты нысандағы, үш сары және екі қызыл алмасып келетін жолақтары бар Қазақстан Республикасының жалауы түстес қатқыл лентамен қапталған тағанмен жалғанады. Тағанның жоғарғы бөлігінде - бесбұрышты металл қондырма, төменгі бөлігінде өрнекті тұтқасы бар. Тағанның биіктігі - 50 мм, ені 34 мм.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады