Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 тамыздағы N 379 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 маусымдағы № 927 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 14.06.2022 № 927 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (бұдан әрі - Мемлекеттік хатшы) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

      2. Мемлекеттік хатшы өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп береді және бақылауында болады.

      3. Мемлекеттік хатшы қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, осы Жарлық пен Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

      4. Мемлекеттік хатшы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды;

      2) Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

      Қазақстан Республикасының Парламентімен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда;

      халықаралық қарым-қатынастарда оның атынан өкілдік етеді;

      3) мыналардың:

      әлеуметтік-гуманитарлық сала мәселелері бойынша: білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларының;

      Мемлекет басшысының жанындағы мына консультативтік-кеңесші органдардың: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның; Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметтерін үйлестіреді;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді, қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдамалық құрылымдардың жұмысын үйлестіреді;

      5) "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 25.01.2022 № 787 Жарлығымен.

      5. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Мемлекеттік хатшы:

      1) өкімдер шығаруға;

      2) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;

      3) Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Үкіметінің, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

      4) өз құзыретіне жататын мәселер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

      5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу, сондай-ақ Мемлекет басшысы алға қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.10.2019 № 187 Жарлығымен.

      6. Мемлекеттік хатшының қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және өзгедей қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттігі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі N 1148 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 28, 263-құжат; 2004 ж., N 12, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады