Ел экономикасының мұнай-газ секторындағы мемлекеттің мүдделерін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2002 жылғы 20 ақпан N 811.


      Республикалық баспасөзде

      жариялануға тиіс


      Ел экономикасының мұнай-газ секторындағы Қазақстан Республикасының мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау деңгейін арттыру мақсатында қаулы етемін: Z100291 қараңыз

      1. "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясы" және "Мұнай және газ тасымалдау" ұлттық компаниясы" жабық акционерлік қоғамдарын біріктіру жолымен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - ЖАҚ) құрылсын.

      2. ЖАҚ-тың қызметінің негізгі мәні:

      мұнай-газ саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      республиканың мұнай-газ ресурстарын тиімді және ұтымды игеруді қамтамасыз ету;

      мұнай және газ ресурстарын пайдалану, молайту және одан әрі ұлғайту стратегиясын әзірлеуге қатысу;

      келісімшарттарға міндетті үлестік қатысу арқылы мұнай-газ операцияларын жүзеге асыратын мердігерлермен келісімшарттарда заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекет мүдделерін білдіру;

      Қазақстан Республикасының аумағындағы мұнай-газ операцияларына конкурстар ұйымдастыруға қатысу;

      көмірсутегілерін барлау, игеру, өндіру, өңдеу, сату, тасымалдау мәселелері, мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ өнеркәсібі инфрақұрылымын жобалау, салу, пайдалану жөніндегі корпоративтік басқару және мониторингі;

      Қазақстан Республикасының мұнай-газ операцияларын жүзеге асыру жөніндегі ішкі және халықаралық жобаларына заңнамада белгіленген тәртіппен қатысу деп белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      акциялары және жарғылық капиталдарына қатысу үлестері қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамдардың меншігіндегі және/немесе басқаруындағы ұйымдардың активтерін шоғырландыру және жүзеге асыратын міндеттері мен функцияларын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдасын; үш ай мерзімде осы Жарлықтан туындайтын барлық қажетті шараларды қабылдасын.

      4. "Қазақстан Республикасының жекелеген мемлекеттік органдарын қайта ұйымдастыру, тарату және құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 желтоқсандағы N 507 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      3-баптың 3) тармағы алып тасталсын.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады