Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің мәртебесі мен өкілеттігі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 12 наурыздағы N 824 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі N 1148 Жарлығымен

Президент пен Үкімет актілерінің 
жинағында және Республикалық   
баспасөзде жариялануға тиіс   

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі (бұдан әрі - Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

      2. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей басшылығымен жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі болып табылады.

      4. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі қызметінің құқықтық негізін Конституция, заңдар, осы Жарлық және Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де актілері құрайды.

      5. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) Сыртқы істер министрлігінің жұмысын ұйымдастыру және басшылық жасау;
      2) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздерін әзірлеуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті ұсыныстар табыс ету;
      3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыруды қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық және инвестициялық саясатын үйлестіру және оны іске асыруды қамтамасыз ету;
      5) Қазақстан Республикасының атынан мемлекетаралық келіссөздер жүргізу;
      6) Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының халықаралық қызметін үйлестіру;
      7) Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу;
      8) Қазақстан Республикасында қызметін қоса атқаруға тіркелген шет елдердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау;
      9) Мемлекет басшысы жанындағы мынадай консультативтік кеңесші органдарының қызметін үйлестіру: Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Қазақстан халықтары Ассамблеясының Кеңесі, Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын тапсыру жөніндегі комиссия, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия, Қазақстан Республикасы Президентінің мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушілік қызметі үшін Құрмет дипломын тапсыру жөніндегі комиссия;
      10) Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындау.

      6. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында:
      өкімдер шығаруға;
      Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелеріне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар беруге;
      Парламент пен оның палаталарының отырыстарына қатысуға;
      Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға хақылы. Қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды табыс ету жөніндегі Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің нұсқамалары мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар үшін міндетті және егер Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі өзге мерзім белгілемесе кідіріссіз орындалуға тиіс;
      Қазақстан Республикасы Президентінің актілері жобаларын әзірлеу, Мемлекет басшысы қойған өзге де міндеттерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға хақылы.

      7. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдау және өзге де тұрғыдан қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
      Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының лауазымдық жалақысы мен оны сауықтыру жәрдемақысын есептеуге арналған коэффициентке негізделіп айқындалады және республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін қамтуға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады деп белгіленсін.

     8. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қолдансын.

     9. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады