Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiн құру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 наурыздағы N 1050 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасында құқықтық статистика және арнайы есепке алу жүйесiн одан әрi жетiлдiру мақсатында қаулы етемін:

      1. Мемлекеттiк мекеме - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi (бұдан әрi - Комитет), оған таратылатын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының функциялары және мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiгi берiле отырып, құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Комитет туралы ереже бекiтiлсiн.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 13.10.2017 № 563 Жарлығымен.

      3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiн одан әрi оңтайландыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 29 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1999 ж., N 1, 2-құжат; 2001 ж., N 4-5, 43-құжат; 2002 ж., N 26, 272-құжат; N 45, 445-құжат) мынадай толықтыру мен өзгерiс енгiзiлсiн:

      жоғарыда аталған Жарлыққа 2-қосымшада:

      мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу

      жөнiндегi комитет 107

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу

      жөнiндегi комитеттiң аумақтық органдары 534";

      "Қазақстан Республикасы Прокуратурасының

      қарауындағы мемлекеттiк мекемелер

      Құқықтық статистика және ақпарат орталығы 641"

      деген жолдар алынып тасталсын.

      4. Қазақстан Республикасының Yкiметi:

      1) өз актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;

      2) Комитет қызметiн қаржыландыруды республикалық бюджет қаражатының есебiнен қамтамасыз етсiн;

      3) Осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қолдансын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2003 жылғы 28 наурыздағы
№ 1050 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi туралы ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.05.2023 № 227 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi (бұдан әрi – Комитет) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құзыретi шегiнде мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу жөнiндегi мемлекеттiк органның функциялары мен өкiлеттiктерін жүзеге асыратын ведомство болып табылады.

      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, заңдарға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттiк мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның қазақ және басқа тілдерде өз атауы бар мөрлерi және мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түceді.

      5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Мәскеу көшесі, 34.

      9. Комитеттiң толық атауы – "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi" мемлекеттiк мекемесi.

      10. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттiң қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитеттiң өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Комитеттің кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуiне тыйым салынады.

      Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары мен міндеттіліктері

      13. Міндеттері:

      1) мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды бiртұтас статистикалық қағидаттар мен стандарттардың негiзiнде елдегi заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы тиiмдi және жеткiлiктi түрде ақпараттық жағынан қамтамасыз ету;

      2) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистикалық жүйенi жетiлдiру және дамыту.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнен мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу мәселелер бойынша құқықтық статистикалық ақпаратты, ведомстволық есептілікті, бастапқы есепке алу құжаттары мен нысандарын, сондай-ақ статистикалық ақпаратты жасау және арнайы есепке алуды жүргiзу үшiн басқа да ақпаратты өтеусіз алу;

      құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінен бастапқы есепке алу және есептілік актілерінің толық және анық болуын, оларды Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мерзімдерде ұсынуды талап ету;

      құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнің мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыруға және арнайы есепке алуды жүргізуге байланысты емес қызметіне араласпастан, олар беретiн құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына және жеткiлiктілігiне қадағалауды жүзеге асыру;

      мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықтың сақталуына тексеру, заңдылықтың жай-күйіне талдау, күшіне енген актілерге бағалау жүргізу;

      Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленетін, сондай-ақ Бас Прокурор белгілейтін тәртіппен прокуратура актілерін енгізу;

      ақпараттық-талдау қызметінің нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған тәсілдермен құқықтық статистикалық ақпаратқа қолжетімділікті беру;

      статистикалық жинақтарды шығаруды ұйымдастыру және құқықтық статистикалық ақпаратты практикалық және ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін өзгеше түрде пайдалану;

      Комитетте тіркелуге жататын тексерулерді, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарын тағайындау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайларда, оларды тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тарту;

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

      2) міндеттіліктері:

      мемлекеттiк құқықтық cтaтистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласында ақпаратты жинауды, өңдеудi, жинақтауды, жиынтықтауды және жаңартып отыруды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмдерде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiн құқықтық статистикалық ақпаратпен, арнайы есепке алу мәлiметтерiмен өтеусiз негiзде қамтамасыз ету;

      мемлекеттiк органдарды құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету;

      жеке және заңды тұлғаларға олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджетке түсетiн қаражаттары есебiнен, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмдерде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi жүзеге асыру;

      алынған, мемлекеттiк құпияларды, дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ету;

      ақпараттық жүйелерді құқыққа сыйымсыз қол сұғудан, құқықтық статистика және арнайы есепке алу объектілерi туралы деректердi бүлiнуден немесе жойылудан қорғауды қамтамасыз ету;

      мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу кезiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтау;

      жүргiзiлетiн құқықтық статистикалық байқаулардың бағдарламасын мемлекеттiк статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсу және бекiту;

      қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өздерінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді ұсыну;

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындау.

      15. Функциялары:

      1) мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру;

      2) жедел, ведомстволық есепке алуды және жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын органдармен құпия негiзде ынтымақтасатын адамдарды есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргiзу;

      3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеу және есепке алу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіру;

      4) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерiнiң тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына, жеткiлiктiлiгiне қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жиынтықтау және сақтау әдiстемесiн айқындау;

      5) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында ақпараттық-талдау қызметін жүзеге асыру;

      6) құқықтық статистикалық ақпаратқа мониторинг пен салыстырып тексеруді жүргізу;

      7) мемлекеттік органдарға (Қазақстан Республикасының Президентіне және оның Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және оның депутаттарына, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына келіп түсетін жолданымдарды қоспағанда) келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, хабарларын, сұрау салуларын, үн қосуларын және ұсыныстарын талдау;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылау, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеуді және есепке алуды үйлестіру;

      9) тексерілетін субъектілердің, оның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын заңсыз тексерулерден, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылаудың, сондай-ақ қадағалаудың басқа да нысандарынан оларды Комитетте тіркеуді жүзеге асыру барысында қорғау;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ қадағалау нысандарын тіркеуді және (немесе) есепке алынуын жүргізуді жүзеге асыру;

      11) реттеуші мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу тәртібін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      12) құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, хабарларын, сұрау салуларын, үн қосуларын, ұсыныстарын қабылдау, тіркеу, қарау сатысында олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;

      13) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын құзыреті шегінде қарау;

      14) жолданымдарды қарау бойынша операциялық бағалауды жүргізу;

      15) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді көрсету;

      16) құқықтық статистикалық байқауларды жүргізу;

      17) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі ақпараттық жүйелер, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі операторының:

      ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

      пайдалануды, қолдап отыруды, дамытуды, мониторингті жүзеге асыру;

      іркіліссіз және тиісінше жұмыс істеуді, сондай-ақ қорғауды қамтамасыз ету;

      электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      анықталған кемшіліктерге жедел ден қоюды және оларды жою бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз ету жөніндегі функцияларын жүзеге асыру;

      18) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі ақпараттық жүйелердің, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің жұмыс істеуіне, оған әкімшілік етуге, пайдалануға жауапты лауазымды адамдарды айқындау;

      19) мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистикалық жүйенің географиялық ақпараттық карталарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      20) тоқтатылған қылмыстық істерді қабылдауды, беруді, сақтауды, жоюды және олармен танысуды жүзеге асыру;

      21) кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар туралы мәліметтерді жариялау;

      22) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қағидаттар мен стандарттарды, әдiстемені әзiрлеу;

      23) құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алудың барлық субъектiлерi үшiн мiндеттi болатын нормативтiк құқықтық актiлерді әзiрлеу;

      24) Комитеттің архивтік жұмыс бөлімшелерінің тоқтатылған қылмыстық істерді қабылдауы, беруі, сақтауы, жоюы және олармен танысуы жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу;

      25) мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыратын тексерулерді тағайындау, олардың нәтижелері туралы актіні (хабарламаларды) қоспағанда, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген мемлекеттік бақылау актілерінің, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру нәтижелері туралы актілердің және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың нысандарын әзірлеу;

      26) құқықтық статистика есептерінің нысандарын және оларды қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу;

      27) жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларын әзірлеу;

      28) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу;

      29) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      30) Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      31) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеу, оларды тіркеуден және күшін жоюдан бас тарту қағидаларын, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің мерзімдерін тоқтата тұру, қайта бастау, ұзарту, қатысушылардың құрамын өзгерту және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну туралы хабарламаларды тіркеу қағидаларын әзірлеу;

      32) мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      33) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алынатын мәліметтерді қалыптастыру, оларға қол жеткізу, пайдалану, сақтау, қорғау және жою қағидаларын әзірлеу;

      34) Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының жасырын тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру қызметін жүргізуге, сондай-ақ өздеріне жүктелген өзге де міндеттерді шешуге қажетті ақпаратты Бас Прокурордың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің және Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдары бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алу қағидалары мен негіздерін әзірлеу;

      35) өзге де органдардың өздеріне жүктелген міндеттерді шешуге қажетті ақпаратты Бас Прокурордың және өзге де органдардың бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен алу қағидаларын және негіздерін әзірлеу;

      36) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланатын интернет-ресурстар мен ақпараттық жүйелердің тізбесін әзірлеу;

      37) прокуратура органдары жүзеге асыратын міндеттерді орындауға қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін әзірлеу;

      38) құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуі жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу;

      39) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      40) Комитеттің міндеттерін іске асыру шеңберінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау;

      41) Комитеттің аумақтық және оларға теңестірілген органдарының (бұдан әрі – аумақтық органдар) жұмысын бақылау, оларға есепке алу, статистикалық, ақпараттық, талдау, қадағалау қызметін жүзеге асыруда практикалық және әдістемелік көмек көрсету;

      42) өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функциялар.

3-тарау. Комитет басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Комитетке басшылықты төраға жүзеге асырады, ол Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Комитет төрағасын Бас Прокурордың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      18. Комитет төрағасының орынбасарлары, оның ішінде бірінші орынбасары болады, оларды Бас Прокурор Комитет төрағасының ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оларға басшылық етеді, оның аумақтық органдарының қызметін бақылауды жүзеге асырады;

      2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен оның аумақтық органдарының өкілеттіктерін айқындайды;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің прокурорлары мен өзге де жұмыскерлерін, аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің, оның аумақтық органдарының прокурорлары мен өзге де жұмыскерлерін көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету, тәртіптік жазаларды қолдану және алып тастау мәселелерін шешеді;

      5) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;

      6) Бас Прокурорға Комитеттiң қызметi туралы ақпарат береді;

      7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен оның аумақтық органдары туралы ережені бекітеді;

      8) бекітілген құрылым мен сан шегінде штат кестесін бекітеді;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктің (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бектіліп берілген, қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Комитеттің қарамағындағы аумақтық және оларға теңестірілген органдардың тізбесі

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Абай облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің әскери департаменті" мемлекеттік мекемесі;

      "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің көліктегі департаменті" мемлекеттік мекемесі.


  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2003 жылғы 28 наурыздағы
N 1050 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң
құрылымы

      Ескерту. Құрылым алып тасталды - ҚР Президентінің 13.10.2017 № 563 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады