Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеу ережесiн бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі N 1074 Жарлығы.

      Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша ", сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау" деген сөздер алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы 45-бабының 1-тармағына және 61-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 21-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi бiр ай мерзiмде өз шешiмдерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасы
  Президентiнiң
  2003 жылғы 29 сәуiрдегi
  N 1074 Жарлығымен
  БЕКIТIЛГЕН

Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеу ережелерi

      Ескерту. Ереженің тақырыбындағы ", сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау" деген сөздер алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялауға", ", сондай-ақ заң жобасын қарауды шұғыл деп жариялауға", "немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялауға", "немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялау", "немесе оны қаралуын шұғыл деп жариялау", "немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялаудың", "немесе шұғыл деп жариялау" деген сөздер алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

      Осы Ереже Мемлекет басшысының заң жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге конституциялық құқығын iске асыру тәртiбi мен мерзiмдерiн белгiлейдi.

      1. Заң жобасын қарауды басым деп белгiлеуге шешiм қабылдаған кезде Мемлекет басшысы немесе оның тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкімшілiгi тиiстi мемлекеттiк органның назарына осы заң жобасын қарауды басым деп белгiлеу жоспарланатынын жеткiзедi.

      2. Әдетте, басым ретпен қарауды Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлген немесе енгiзiлуге дайын заң жобаларына қатысты белгiлейдi.

      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы жолдауымен басым деп белгiленген және Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына әлi енгiзiлмеген заң жобалары тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiлуге және оларды Қазақстан Республикасының Yкiметi бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне қарауға ұсынуға тиiс.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшілігiмен келiсiлгеннен кейiн мұндай заң жобаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi он күн мерзiмде Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзедi.

      4. Алып тасталды - ҚР Президентінің 28.10.2019 № 195 Жарлығымен.
      5. Алып тасталды - ҚР Президентінің 28.10.2019 № 195 Жарлығымен.

      6. Қазақстан Республикасының Үкiметi өзi әзiрлеген заң жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Президентiне заң жобасын қарауды басым деп белгiлеу туралы ұсыныс енгiзуге хақылы.

      7. Осы Ереженің 6-тармағында аталған ұсынысқа тиiстi заң жобасы және:

      1) Парламенттiң заң жобасын қарауды басым деп белгiлеу қажеттiлiгiне негiздеме;

      2) заң жобасының нақты мақсаттары және ол шешетiн мiндеттер қамтылуға тиiс түсiндiрме жазба қоса беріледi.

      8. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi он күн мерзiмде заң жобасын басым деп белгiлеу туралы ұсынысты қарайды және Мемлекет басшысына заң жобасын қарауды басым деп белгiлеудiң орындылығы туралы қорытындыны ұсынады.

      9. Мемлекет басшысының шешiмi бойынша қаралуын басым деп белгiлеу жоспарланып отырған заң жобаларын дайындау мен келiсудiң өзгеше тәртiбi, мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады