Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 13 маусымдағы N 1107 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 65-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі оны Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган етіп өзгерту жолымен қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы функциялар мен өкілеттіктер беріле отырып, Үкіметі құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі құрылсын.
      3. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне инновациялық даму және тиісті бағдарламаны іске асыру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер жүктелсін.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетін құруды қамтамасыз етсін;
      2) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру жөніндегі комитетін таратсын;
      3) Қазақстан Республикасының қайта ұйымдастырылған және таратылған мемлекеттік органдарының штат құрылымын қайта бөлуді қамтамасыз етсін;
      4) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де қажетті шаралар қолдансын.
      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 6 Жарлығының 1-тармағына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
      мынадай мазмұндағы абзац алынып тасталсын:
      "Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі";
      мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі".
      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады