Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 10 қазандағы N 200 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      "Президент пен Үкімет актілерінің
жинағында" толық мәтіні және  
республикалық баспасөзде    
мазмұны жариялануға тиіс    

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес, азаматтарға патриоттық тәрбие берудiң бiртұтас жүйесiн құру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтілсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр ай мерзiмде Бағдарламаны icкe асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.

      3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.

      4. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi жарты жылда бiр рет, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшілігiне және Қазақстан Республикасының Yкiметiне Бағдарламаны iске асыру барысы туралы ақпарат ұсынсын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Yкiметiне жүктелсiн.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2006 жылғы 10 қазандағы
N 200 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие
берудің 2006-2008 жылдарға арналған
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Астана, 2006 жыл Мазмұны

1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және оны іске асыру тетігі
6. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер

1. Бағдарламаның паспорты

Атауы             Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық
                 тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған
                 мемлекеттiк бағдарламасы
Әзiрлеу үшiн       "Бiлiм туралы" 1999 жылғы 7 маусымдағы,
негiздеме        "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар
                 саясаты туралы" 2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан
                 Республикасының заңдары ;
                   Қазақстан Республикасы Президентiнің
                 2002 жылғы 26 сәуiрдегi N 856 Жарлығымен
                 бекiтiлген Қазақстан халықтары Ассамблеясының орта
                 мерзiмдi кезеңге арналған стратегиясы

Негiзгi            Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым
әзiрлеушi        министрлiгi

Бағдарламаның     Патриоттық тәрбие жүйесін нысаналы дамыту арқылы
мақсаты        азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз
                елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, Отанның
                мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борышы мен
                конституциялық міндеттерін орындауға дайындығын
                тәрбиелеу

Бағдарламаның     Азаматтардың мақсатты топтарының бойында
мiндеттерi      байыпты азаматтық ынтымақтастық пен қатыстылық,
                этносаралық және жеке адамдар арасындағы өзара
                түсiнiстiк сезiмiн қалыптастыруға ықпал ететiн
                ұйымдастырушылық алғышарттары мен шаралар
                жүйесiн құру;
                  қазақстандық патриотизмдi, төзiмдiлiктi, адам
                құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудi тәрбиелеу
                жөнiнде iс-шаралар кешенiн еткiзу кезiнде тұтастай
                алғанда мемлекет пен қоғамның, жеке алғанда
                мемлекет пен оның азаматтарының өзара iс-қимылын
                қамтамасыз ету;
                  өркениеттi азаматтық және тұлғааралық
                қатынастардың қалыптасуына жағдайлар мен әлеуметтiк
                алғышарттар жасау;
                  мiнез-құлықтың жағымды үлгiлерiн қалыптастыру
                және жастар арасында бүгiнгi заман қаhарманының
                бейнесiн танымал ету арқылы патриотизмдi тәрбиелеу
                жөнiндегi жұмысқа жәрдемдесу

Iске асыру     2006-2008 жылдар
мерзiмi

Қаржыландыру      Республикалық, жергiлiктi бюджеттердiң
көздерi            қаражаты, бюджеттен тыс қаражат.
                   Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен:
                   2006 жылы 27 948 мың теңге,
                   2007 жылы 54 641 мың теңге,
                   2008 жылы 53 999 мың теңге бөлу жоспарланып отыр.
                   Жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен:
                   2007 жылы 224 093,0 мың теңге,
                   2008 жылы 236 521,0 мың теңге бөлу
                 жоспарланып отыр.
                   Барлығы: 2006 жылы - 27 948 мың теңге, 2007
                 жылы - 278 734 мың теңге, 2008 жылы - 290 520 мың
                 теңге.
                   Жалпы сома - 597 202 мың теңгенi құрайды.
                   Бағдарламаны қаржыландыру көлемi тиiстi
                 қаржы жылына арналған республикалық және
                 жергiлiктi бюджеттердi бекiту кезiнде нақтыланатын
                 болады

Күтiлетiн          Бағдарламаны iске асыру барысында мынадай
нәтижелер        нәтижелерге қол жеткiзiлетiн болады:
                   қазақстандықтардың Қазақстан
                 Республикасымен азаматтық сәйкестiк деңгейi артады;
                   азаматтардың патриоттық қозғалыстарға
                 қатысуға деген ұмтылушылығы артады;
                   азаматтардың патриоттық санасын арттыру жөнiндегi
                 мемлекеттiк саясатты iске асыруды
                 ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету күшейтiлетiн
                 болады;
                   елдiң мемлекеттік нышандарын, мемлекеттiк
                 және әскери қызметтi танымал етуге, патриоттық
                 тәрбие жүйесiн одан әрi дамытуға бағытталған
                 шаралар жандандырылатын болады;
                   2006 жылы Азаматтарға патриоттық тәрбие беру
                 жөнiндегi кеңес құрылатын болады;
                   азаматтарға патриоттық тәрбие беру мәселелерi
                 бойынша ақпараттық-әдiстемелiк жинақтар,
                 ұсынымдар, ақпараттық-талдамалы материалдар
                 әзiрленетiн және шығарылатын болады;
                   экскурсиялық және өлкетану жұмысы бағдарламалары
                 әзiрленетiн, ерекше көзге түскен оқушылардың және
                 студенттердiң Астана қаласына сапары
                 ұйымдастырылатын болады;
                   36 республикалық iс-шара (семинарлар,
                 форумдар, конференциялар, "дөңгелек үстелдер"
                 отырыстары, әлеуметтанушылық зерттеулер,
                 әлеуметтанушылық мониторинг, акциялар, слеттер,
                 конкурстар, турне), соның iшiнде: 2006 жылы - 10,
                 2007 жылы - 13, 2008 жылы - 13 iс-шара өткiзiлетiн
                 болады;
                   құқық қорғау органдары өкiлдерiнiң,
                 соғыс ардагерлерiнiң, спортшылардың және
                 басқалардың қатысуымен жастардың тақырыптық
                 кездесулерi ұйымдастырылатын болады;
                   бiлiм беру ұйымдарының желiсiмен қамтылған
                 3,5 млн. бала мен жасөспiрiм балалар,
                 жасөспiрiмдер, жастар ұйымдарының қызметiне
                 тартылатын болады;
                   оқу процесiне жастардың бойында
                 патриоттық сезiмдi тәрбиелеуге бағытталған
                 жаңа әдiстемелер мен материалдар кiрiктiрiлетiн
                 болады;
                   жастардың республикалық зияткерлiк сыйлығы және
                 арнайы өңiрлiк сыйлықтар тағайындалатын болады

2. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын (бұдан әрi - Бағдарлама) әзiрлеудiң өзектiлiгi қоғамның рухани әлеуетiн арттыру қажеттiлiгiне негiзделген.
      Бағдарлама оң, жасампаз дүниетанымға ие, мұнысы азаматтың жауапкершiлiк сезiмiнен, саналы таңдау жасау және Отан, қоғам, өз отбасы игiлiгiне, жеке басына бағытталған дербес шешiм қабылдай алу қабiлетiнен көрiнетiн азаматты тәрбиелеудi, берiк адамгершiлiк негiзге ие, солай бола тұра өзгермелi жағдайларға бейiмделуге қабiлеттi және жаңа идеяларға зерек, үнемi жетiлiп отыратын тұлғаны қалыптастыруды көздейдi.
      Осыған байланысты әлеуметтiк және этностық топтар арасында жұмысты үйлестiру мақсатында орталық және жергiлiктi билiк органдары мен қоғамдық ұйымдардың күш-жiгерiн бiрiктiру қажет, бұл бiртұтас мемлекеттiк саясат және осы саясатқа сәйкес азаматтарға патриоттық тәрбие берудiң мемлекеттiк жүйесi болған жағдайда ғана мүмкiн болады. Өз кезегiнде бұл азаматтарға патриоттық тәрбие беру жүйесiн құруды және оны дамытудың жолдарын айқындауды талап етедi.
      Осы Бағдарлама "Бiлiм туралы" 1999 жылғы 7 маусымдағы және "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы" 2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының заңдарын орындау үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 26 сәуiрдегi N 856 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан халықтары Ассамблеясының орта мерзiмдi кезеңге арналған стратегиясына сәйкес әзiрлендi.
      Бағдарламаны әзiрлеу қағидасының негiзiнде Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев айтқан: "Қазақстан - бiздiң ортақ үйiмiз" идеясы жатыр. Бағдарламаны iске асыру қоғамның одан әрi бiрiгуiне, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, азаматтық жарастықтың нығаюына ықпал етедi.

3. Проблеманың қазiргi жай-күйiн талдау

      Ел өмiрiндегi бiрқатар проблемаларды шешу көп жағдайда азаматтық қоғамның даму деңгейiне, жоғары патриоттық сананың қалыптасуына, өз елiне деген мақтаныш сезiмге, Отанының мүдделерiн қорғау жөнiндегi азаматтық борышты орындауға дайындығын тәрбиелеуге байланысты.
      Патриоттық тәрбие жүйесi бiлiм беру мекемелерiнiң барлық типтерi мен түрлеріндегi оқыту мен тәрбиелеу процесiнде әлеуметтiк маңызды құндылықтарды, азаматтылық пен патриотизмдi қалыптастыру мен дамытуды; еңбек ұжымдарында, әскерде, қоғамдық ұйымдарда бұқаралық саяси-тәрбие жұмысын жүргiзудi; бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтарға патриоттық тәрбие беру тақырыптарын талдауға, зерделеуге және көрсетуге бағытталған қызметін жүзеге асыруды көздейдi.
      Осы орайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандарын зерделеуге ерекше мән берiледi. Республика рәмiзiнiң саяси және рухани мәнiн пайымдау үшiн жастардың азаматтық мiндеттерi туралы дүниетанымы кеңейтiледi және тереңдей түседi. Азаматтық өзiндiк сана-сезiмге тәрбиелеу мақсатында халықтың көптеген мақсатты топтарында ұлттық рәмiздiң мәнiн қабылдау мен түсiну, ар-намыс, ождан, борыш, елiмiздiң болашағы үшiн жауапкершiлiк сияқты жалпы адамгершiлiк нормалар қалыптастыру жөнiнде пiкiрсайыстар өткiзiледi.
      Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға - Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезiмдi, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген елдерде мемлекеттiк нышандар мемлекеттiң оң бейнесiн жасаудың негiзi ретiнде пайдаланылады, ұлттық мақтаныштың белгiсi болып табылады, патриоттық сезiм мен ерiк-жiгердi танытудың нысанасы ретiнде пайдаланады. Мұндай елдердiң қатарына Америка Құрама Штаттарын жатқызуға болады. Бiз үшiн олардың тәжiрибесi мемлекеттік нышандарды насихаттау мен халықты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан қызығушылық тудырады. Американдықтардың денi елдiң әнұранын бiледi және салтанатты iс-шараларда айтады. Америка туының барлық мекемелер мен көптеген жеке меншiк үйлерде болуы олар үшiн өмiрлiк норма болып табылады. Ұлттық нышандары бар бұйымдар халық арасында аса қызығушылықпен қолданылады. Бұл олардың баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында (бұдан әрi - БАҚ), кiтаптарда, көркем фильмдерде тым белсендi насихатталуымен түсiндiрiледi. Мемлекеттiк нышандардың көмегiмен азаматтар бойына елiне деген мақтаныш пен патриоттық сезiм дәйектi де табанды тәрбиеленедi.
      Бiздiң елiмiзде жастарға патриоттық тәрбие беру қазiргi уақытта 2005-2007 жылдарға арналған жастар саясаты бағдарламасының шеңберiнде жүзеге асырылады. Әлеуметтiк маңызды жобаларды қолдау мақсатында жастар ұйымдарының патриоттық тәрбие саласындағы бiрқатар бастамаларын iске асыруға қаражат бөлiнедi.
      Әскери-патриоттық тәрбие жастардың бойында патриоттық сезiм мен азаматтықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әскери-патриоттық тәрбие жөнiндегi жұмыстың пәрмендiлiгiн арттыру үшiн әскери бөлiмдер жеке құрамының Ұлы Отан соғысы ардагерлерiмен және жергiлiктi соғыстар ардагерлерiмен кездесулерi өткiзiлiп тұрады; азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру кезеңiнде қорғаныстық-бұқаралық жұмыс айлықтары, әскери бөлiмдер мен жоғары әскери училищелерде "Ашық есiк күндерi", орта мектептерде "Ерлiк сабақтары" жарияланады. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жастар бастамалары орталықтары белсендiлерiмен Бүкiләскерлiк кеңес, сондай-ақ "Патриот" республикалық акциясы шеңберiнде "Жас ұлан" республикалық жауынгерлiк әндер фестивалi өткiзiлiп тұрады.
      Әскери-патриоттық клубтардың республикалық слеттерiн, "Ұлан", "Алау" әскери-спорттық ойындарын, "Патриот", "Мен - Қазақстан азаматымын", "Бұл біздің ту" республикалық патриоттық акцияларын өткiзу дәстүрге айналған.
      Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде қызметiнiң негiзгi мақсаты жеке тұлғаны өзiн-өзi айқындауына және қалыптасуына жәрдем көрсету болып табылатын балалардың және жастардың қоғамдық қозғалыстары мен ұйымдары, шығармашылық одақтары айрықша рөл атқарады.
      Балалар мен оқушы жастар арасындағы патриоттық тәрбие жүйесi оқу мен тәрбие процесiнде балалардың және жастардың қоғамдық қозғалыстары мен ұйымдарын, шығармашылық одақтарын құруды көздейдi. Балалар бiрлестiктерiнiң саны жылдан жылға көбейiп келедi. Мысалы, 2003 жылы олардың саны 184, 2004 жылы - 202, 2005 жылы - 319 болды. Қазiргi кезде республикада 320-дан астам балалар мен жастар ұйымдары жұмыс iстейдi. Олардың iшiнде бiршама iрiлерi және белгiлілерi "Жұлдыз" (Ақмола облысы), "Болашақ", "Ұлан", "Айналайын" (Қарағанды облысы), "Шұғыла" (Ақтөбе облысы), "Мұрагер" (Қостанай облысы), "Достар" (Жамбыл облысы), Жайық жастары" (Батыс Қазақстан облысы), "Жасыл республика" (Оңтүстiк Қазақстан облысы) және басқалар болып табылады.
      Соңғы жылдары жергiлiктi атқарушы органдардың балалар мен жастардың аула клубтарын ашу жөнiндегi қызметi жандана бастады. 2003 жылы - 491, 2004 жылы - 542 клуб жұмыс iстесе, ағымдағы жылы олардың саны 548-дi құрайды. Мұндай клубтар балалар мен оқушы жастардың, әсiресе девиантты мiнез-құлықты жасөспiрiмдердiң бос уақыттарын ұйымдастырудың маңызды әлеуметтiк-педагогикалық негiзi бола алады. Клубтардың дамуына соғыс және еңбек ардагерлерi, жергiлiктi соғыстар ардагерлерi, iшкi iстер органдарының өкiлдерi, тәжiрибелi педагогтар елеулi ықпал ететiндiгiн айта кету керек.
      Iс жүзiнде барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларында қызметі мақсаты жастарды қоғамдық өмiрге белсендi қатысуға тарту, олардың саяси сауаттылығын арттыру, азаматтылықты дамыту мен қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болып табылатын патриоттық тәрбиелеу мектептерi, ұйымдары, клубтары жұмыс iстейдi.
      Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2006 жылдың басындағы деректерi бойынша республикада 586 мектептен тыс ұйым бар, оның 218-i ауылдық ұйым. 2002 жылмен салыстырғанда олардың саны 31 бiрлiкке азайды, алайда олардың қызметiне тартылған балалардың саны 60495-ке көбейді. Балалар мен жастар шығармашылығының мектептен тыс ұйымдары 151 бірлікті құрайды. 55 жас туристер, техниктер, натуралистер станциясы бар (2003 жылы - 35), 383 балалар мектебi (музыкалық, көркемсурет, спорт мектептері және өнер мектептерi), жыл бойына жұмыс iстейтiн 6 лагерь, 548 аула клубы (2003 жылы - 491) бар. Алайда, балалардың мектептен тыс ұйымдарымен қамтылуы 12 %-тi ғана құрайды. Сондықтан балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың спорттық, әскери-патриоттық, техникалық, компьютерлiк оқыту клубтары, көркемөнер секциялары, кiтапханалары және басқа да мектептен тыс ұйымдар желiлерiн кеңейту қажет.
      Азаматтарға, соның iшiнде балалар мен жастарға патриоттық тәрбие беру жұмысы одан әрi жетiлдiрудi және дамытуды талап етедi.
      Көпшiлiк адамдардың санасында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру тек әскери борышын орындау деп ұғынылуы патриоттық тәрбие түсiнiгiнiң мазмұн аясын тарылта түседi.
      Бүгiнгi күнi балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесi патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен берiлгендiк сезiмiн қалыптастыру, азаматтық борыш пен негiзгi конституциялық мiндеттердi орындауға деген дайындық талаптарына толығымен сай келе бермейдi. Атқарылып отырған жұмыс елiмiздiң азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнiнде стратегиялық мiндеттердi толықтай кешендi шешудi қамтамасыз ете алмайды.
         Солай бола тұра, ғасыр тоғысында Қазақстанда болған түбегейлi әлеуметтiк-экономикалық және саяси жаңарулар өз кезегiнде қоғамдық сана мен қоғамның рухани өмiрiне үлкен өзгерiстер алып келдi. Әлеуметтанушылық сұрау салулар дәлелдеп отырғандай, күнделiктi өмiрдегi байқаулар патриотизм мәселелерiнде түрлi әлеуметтiк топтар мен қауымдардың ұстанымдары көп қырлығымен және кең түрлiгiмен сипатталатындығын көрсетедi.
      Жеке тұлғаның әлеуметтенудегі негiзгi бағыттың бiрi жеке адамның Отанмен сәйкестiгi болып табылады. Бұл ретте "Отан" ұғымы адамның туған жерiмен, жақындарымен және туыстарымен ғана шектелмейдi, сонымен қатар эмоциялық-психологиялық сезiмдер (махаббат, патриотизм, шынайы берілгендiк, ұлттық мақтаныш сезiмдерi және басқалар) қырынан да ұғынылады.
      Қазақстанда 2003 және 2005 жылдар аралығы кезеңiнде жүргiзiлген қоғамдық-саяси ахуал мониторингiнiң нәтижелерi сұрау салуға қатысқандардың басым көпшiлiгi (92,2 %) өз азаматтығын Қазақстан Республикасымен байланыстыратындығын көрсеттi. Патриоттық сезiмге негiзделген Қазақстан Республикасымен азаматтық сәйкестiк белсендi азаматтық ұстанымның, ел өмiрiне қатысудың iргетасы болып табылады.
      Қазақстан Республикасы этникалық әртектiлiкпен ерекшеленедi, мұнда 120-дан астам ұлттар пен ұлыстар өкiлдерi өмiр сүреді. Елдiң көп ұлттылық сипаты дiни конфессиялардың көп болуына және олардың қоғам өмiрiндегi рөлiнiң арта түсуiне себепшi болатынын жүргiзiлген әлеуметтанушылық сұрау салудың нәтижелері растайды: азаматтардың 35,0 %-i дiнге сенетiндер, 29,0 %-i бiршама сенетіндер болып табылады, 14,0 %-i өздерiн дiндi ұстанбайтындарға қосады. Одан басқа, дiн мемлекет iсiне "араласуға", билiк органдарының шешiмдерiне ықпал етуге тиiс емес деген пiкiрмен 33,3 %-i келiседi. Азаматтардың 18,4 %-i, керiсiнше, дiннiң мемлекет iстерiне ықпал етуi туралы пiкiрдi қолдайды әрi бұл әбден мүмкiн, тiптi қажет деп есептейдi.
      Қазiргi уақытта Қазақстанда қызметi ең алдымен жастарды өз қатарына тартуға бағытталған дәстүрлi емес дiни бiрлестiктер мен экстремистiк ұйымдар қызметiнiң жандануына қарсы күрестi ұйымдастыру мәселелерi мемлекет үшiн, сөзсiз, өзектi болып отыр.
     Соңғы онжылдықта шетелдік насихатқа, сондай-ақ жекелеген азаматтар мүдделілігіне бола елде таратылып отырған діни жоралғылармен байланысты түрлі экстремистік пікірлер байқалуда.
      Жастардың кришнаиттер, Иегова куәгерлері секілді Қазақстан үшін дәстүрлі емес бірлестіктерге, сондай-ақ экстремистік ұйымдарға, мысалы, "Хизб-ут-Тахрир" діни-саяси бірлестігіне және басқаларға деген қызығушылығы осы бірлестіктер мен ұйымдардың белсенді жақтаушылардың жас адамдардың санасына психологиялық ықпал етуімен байланысты. Сондықтан діни саладағы пайда болатын өзекті проблемаларды реттеудің нақты тетігін әзірлеу қажет.
      Халықтың саяси сауаттылығы мен жоғары саяси мәдениеті ішкі саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық келісімнің қайнары болып табылады. Қазіргі заманға қоғамға тән сипат саяси мінез-құлықтың түрлі модельдерінің көпқырлылығы, соның ішінде елдің саяси өміріне қатысу мүмкіндігі болып отыр. Бұл ретте елдің тағдырына, келешекке деген мүдделікті азаматтардың саяси қызметке қатысуының маңызды факторы ретінде атауға болады.
      Әлеуметтанушылық сұрау салудың деректері (2005 жыл, желтоқсан) саяси қызметке тұрақты қызығушылық танытқандар сұрау салынған азаматтардың тек 35,5 %-і екенін көрсетеді. 50,6 %-і саясатқа ара-тұра ден қойса, сұрау салынғандардың 12,5 %-і саясатқа қызығушылық танытпайды, респонденттердің 1,4 %-і осы сұраққа нақты жауап бере алмады.
      Патриоттық тәрбиенің негіздері отбасында қаланады. Отбасы рухани-адамгершілік тәрбиенің негіздері қалыптасатын айрықша әлеуметтік институт болып табылады. Жүргізілген әлеуметтанушылық сұрау салу (2004 жыл, желтоқсан) дәстүрлі қалыптасқан құндылықтарға -  өз отбасының игілігіне (55,9 %), жұмысқа (35,9 %), жеке қауіпсіздігіне (34,8 %) басымдық бере көрсетті.
      Оның үстіне, мұғалімдер мен тәрбиешілердің барлығы бірдей тәрбие процесін жетілдіруге, отбасы және басқа да әлеуметтік институттармен қарым-қатынасты қажетті деңгейде айқындауға көңіл аудара бермейді.
      Елдің азаматын тәрбиелеудегі тежемелі факторлардың қатарында патриотизм мен демократиялық нанымдарды нысаналы қалыптастыру үшін жаңа қазіргі заманға технологияларды пайдалануға қабілетті, біліктілігі жоғары мамандардың жеткіліксіздігін, азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі әлеуметтік технологияларды әзірлеуде жеткілікті тәжірибесі бар гуманитарлық бейіндегі ғылыми-зерттеу ұйымдарының аздығын атаған жөн.
      Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелеріндегі қазіргі проблемаларды шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа тұрғы қажет.
      Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады.
      Осыған орай, білім алушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, елдің мемлекеттік нышандарын танымал етуді қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысқа бiлiм беру мекемелерi мен ұйымдарын белсендi түрде тарту қажет.
      Бiлiм беру ұйымдарында қазiргi заманғы қазақстандық қоғамдық және мәдени шындықтарға негiзделген және қазақстандықтардың дiлiмен байланысты дүниетаным мәдениетi мен төзiмдiлiгi жөнiндегi сапалы, мазмұны жағынан тиiмдi ақпараттық-дидактикалық материалдардың жеткiлiксiздiгiн, балалар мен жастарға арналған, олардың санасында патриоттық сезiмдi, өз Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятуға, өз Отанына пайда келтiру ұмтылысын тудыруға ықпал ететiн кiтаптардың аздығын атап өткен жөн. Балалар мен жастарға арналған кiтаптар негiзiнен батыстық мұраттар мен құндылықтарды насихаттауға бағдарланған немесе таза технократиялық түсiнiктi қалыптастырады.
      Қазақстандық азаматтылықты қалыптастыру процесiнде мемлекеттiк билiк және мемлекеттiк басқару органдарында, бiлiм беру мекемелерiнде, түрлi ұйымдар мен кәсiпорындарда мемлекеттiк тiлдi қолдану дәрежесi ерекше мәнге ие. Осыған орай "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" 1997 жылғы 11 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес мiндеттердi шешу қажет. Қазақ тiлiнiң рөлiн ұғыну мемлекеттiгiмiздiң бүкiл ғимараты тұрғызылатын iргетас болып табылады.
      Бағдарламаны тиiмдi iске асыру үшiн қазақстандық қоғамның барлық сегменттерiн: бизнестi, отандық үкiметтiк емес ұйымдарды, қоғамдық қозғалыстарды, ардагерлер бiрлестiктерiн тарту қажет.
      Оған қоса, жастардың әртүрлi өзiн-өзi басқару нысандарын: жастар мәслихаттарын және басқа да сайланып қойылатын органдарын қалыптастыруға жәрдемдесу қажет. Қазiргi уақытта жастар ұйымдарының мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу дәрежесi жоғары емес. Жастардың басқарушы шешiмдер қабылдауға қатысуы үшiн мүмкiндiктер тудыру, қоғамдық-саяси, әлеуметтiк маңызы бар жастар бастамаларын көтермелеу қажет.
      Қазiргi уақытта азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысқа адамдарға ықпал ете алатын ең қуатты құралдың бiрi - БАҚ қызметi әлсiз пайдаланылып отыр. Бұл жағдай аталған бағдарламаға БАҚ-ты белсендi және ерiктi тарту үшiн тиiстi пысықтауларды талап етедi.
      Бағдарламаны сәттi iске асыруға қазақстандық қоғамда қалыптасқан:
      қазақстандықтардың төзiмдi дiлi;
      қазақстандықтар дiлiнiң басым белгiсi ретiндегi рухани ашықтық;
      егемендiк алғаннан кейiн Қазақстанда сәттi жүргiзiлген түбегейлi экономикалық реформалар бұған тарихи дәлел болған, тың жаңалықтарға қатысы жағынан батылдық;
      ұлтаралық келiсiм мен татулық, саяси тұрақтылық;
      халықтың көпшiлiгi үшiн болашаққа деген жақсы ниет пен сенiм беретiн, кедейшiлiктi жеңудiң кепiлдiктi шарты ретiнде елдiң тұрақты және серпiндi экономикалық өрлеуi ықпал ететiн болады.

4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Бағдарламаның негiзгi мақсаты патриоттық тәрбие жүйесiн нысаналы дамыту арқылы азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз елi үшiн мақтаныш сезiмiн қалыптастыру, Отанның мүдделерiн қорғау жөнiндегi азаматтық борышы мен конституциялық мiндеттерiн орындауға дайындығын тәрбиелеу болып табылады.
      Бағдарламаның негiзгi мiндеттерi:
      азаматтардың мақсатты топтарының бойында байыпты азаматтық ынтымақтастық пен қатыстылық, этносаралық және жеке адамдар арасындағы өзара түсiнiстiк сезiмiн қалыптастыруға ықпал ететiн ұйымдастырушылық алғышарттары мен шаралар жүйесiн құру;
      қазақстандық патриотизмдi, төзiмдiлiктi, адам құқықтары мен бостандықтарын сыйлауды тәрбиелеу жөнiнде iс-шаралар кешенiн өткiзу кезiнде тұтастай алғанда мемлекет пен қоғамның, жеке алғанда мемлекет пен азаматтардың өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
      өркениеттi азаматтық және жеке адамдар арасындағы қатынастардың қалыптасуына жағдайлар мен әлеуметтiк алғышарттар жасау;
      мiнез-құлықтың жағымды үлгiлерiн қалыптастыру және жастар арасында бiздiң заман қаhарманының бейнесiн танымал ету арқылы патриотизмдi тәрбиелеу жөнiндегi жұмысқа жәрдемдесу болып табылады.

5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары және оны iске асыру
тетiгi

      Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi қызметтi орталықтандырылған үйлестiру үшiн Азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi республикалық кеңес құру көзделiп отыр. Аталған Кеңес республикалық және өңiрлiк деңгейдегi мүдделi мемлекеттiк органдардың, қоғамдық институттардың, үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлеттi өкiлдерiнен құрылады.
      Бағдарламаны өңiрлiк деңгейде iске асыруға қатысты бөлiгiнде тиiстi iс-шаралар жоспарларын әзiрлеу процесiнде халықтың демографиялық, этникалық құрамын, қала және ауыл халқының әлеуметтiк-психологиялық ерекшелiктерiн ескеру маңызды.
      Орталық және жергілiктi атқарушы органдардың, мәдениет, бiлiм беру ұйымдарының, әскери бөлiмдердiң және "үшiншi сектордың" жұмыстарын үйлестiру үшiн арнайы семинар-кеңестер өткiзу қажет болады.
      Қойылған мақсатқа қол жеткiзу және патриоттық тәрбие саласындағы мемлекеттiк саясатты табысты iске асыру үшiн баспа түрiндегi де және телевизиялық та БАҚ-пен ынтымақтастықты жандандырудың маңызы ерекше.
      Осы Бағдарламаның iске асырылу барысын және мемлекеттiк органдардың бұл бағыттағы қызметiн ақпараттық-насихаттық айқын қамтамасыз ету, БАҚ-та нысаналы түрде көрсетiп отыру қажет болады.
      Бағдарламаны табысты iске асыру үшiн азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысты насихаттау мен көрсету мәселелерiнде республикалық және өңiрлiк БАҚ-тар ынтымақтастығының тетiктерiн жасау.
      Сондай-ақ патриоттық бағыттағы қоғамдық ұйымдарының қызметiн үйлестiру мақсатында қазiргi республикалық қоғамдық Ата-аналар кеңесiнiң жұмысы күшейтiлетiн болады, бұл өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру iсiнде ата-аналар жұртшылығы қызметiнiң оңтайлы тетiктерiн әзiрлеуге септiгiн тигiзедi.
      Бұған қоса, азаматтарға патриоттық тәрбие беру саласындағы мемлекеттiк саясатты тиiмдi iске асыру үшiн осы маңызды жұмысқа дайын және риясыз қатысуға қабiлеттi ерiктiлердi көптеп тарту қажет. Ерiктiлер қозғалысының даму дәрежесiне қарай қандай да бiр қоғам мүшелерiнiң азаматтық белсендiлiгiнiң деңгейi туралы айтуға болады. Ерiктiлiк қызметi халықтың барлық жiктерiн қамтуға, қоғамның түрлi әлеуметтiк топтарын жақындастыруға және олардың бiртұтастығын нығайтуға мүмкiндiк бередi.
      Бағдарламаны iске асыру процесiнде азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысты жандандыру мақсатында ерiктiлер қозғалысының мәселелерi бойынша қолданыстағы нормативтiк құқықтық базаға талдау мен түзетулер жүргiзiлетiн болады.
      Бағдарламаны iске асыру негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      1. Ұлттық бiртұтастық
      Азаматтардың мақсатты топтарының бойында байыпты азаматтық ынтымақтастық пен қатыстылық, этносаралық және жеке адамдар арасындағы өзара түсiнiстiк сезiмiн қалыптастыруға ықпал ететiн ұйымдастырушылық алғышарттары мен шаралар жүйесiн құру мыналар арқылы мүмкiн болады:
      1) мемлекеттiк нышандарды насихаттау және қолдану саласындағы мемлекеттiк саясатты белсендi iске асыру.
      Мемлекеттiк рәмiз ұлттың мәдени эмблемалар кешенi болып табылады. Мемлекеттiк рәмiздi дұрыс пайдалану азаматтық сана-сезiмдi және қауымдық сезiмiн қалыптастыруға ықпал етедi.
      Мемлекеттiк рәмiздi насихаттау түрлi деңгейлерде халықтың ауқымды жiктерiн тарту арқылы өткiзiлетiн әртүрлi конференциялар, семинарлар, акциялар шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.
      Бұған қоса, түрлi әлеуметтiк топтардың елдiң мемлекеттiк нышандарын қабылдау дәрежесiн анықтауға бағытталған әлеуметтанушылық зерттеу нысанында жүзеге асырылатын осы жұмысты ғылыми қамтамасыз ету қажет болады.
      Түрлi конкурстар және басқа да бұқаралық акциялар өткiзу арқылы мемлекеттiк рәмiздiң маңызы мәселелерiнде жастардың хабардарлығын арттыруға айрықша назар аударылады.
      Осы тақырыптағы теледидар және радио бағдарламаларды жасау және көрсету арқылы жүзеге асыру жоспарланып отырған мемлекеттiк нышандар насихатын жүргiзуге БАҚ-ты тарту қажет болады;
      2) мемлекеттiк мерекелердi жалпы халықтық мереке ретiнде өткiзу қағидатын енгiзу.
      Өткiзiлетiн салтанаттарға адамдарды барынша тарту қажет. Бұл ретте өткiзiлiп жатқан әрбiр мерекенi азаматтардың "шын жүректен", бiрлiк, тұтастық, рухани көтерiңкiлiк сезiмiмен қабылдауы үшiн оны ұйымдастырушылық-әдiстемелiк қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау маңызды.
      Мемлекеттiк мерекелердi өткiзу нысандарын түрлендiру мемлекеттiк мерекелердi барынша iзгiлендiретiндей сценарийлер әзiрлеудi қарастырады.
      Аталған жұмыстың нәтижесi мемлекеттiк басқару органдары мен қоғамның түрлi жiктерiнiң жақындасуы, билiк органдары мен халық арасындағы өзара түсiнiстiктiң тереңдеуi болмақ;
      3) бiлiм беру жүйесiнiң оқу бағдарламаларының деңгейiн көтеру.
      Бiлiм алушылардың рухани-адамгершiлiк әлеуетiн көтеру және олардың бойында азаматтық сананы тәрбиелеу мақсатында қолданыстағы оқу-әдiстемелiк материалдарды тиiстi сараптамадан өткiзу қажет болады.
      Талдау қорытындылары бойынша оқу бағдарламаларына қажеттi өзгертулер енгiзу, оларды ұлттық бiртұтастық пен келiсiм, қазақ халқының, қазақстандық этникалық топтардың мәдениетiн тану мен дәстүрлерiн зерделеу идеяларына арналған материалдармен толықтыру жоспарланып отыр.
      Бұл ретте демократиялық қоғам дәстүрлерiн ұстана отырып, осы жұмысқа халықтың барлық жiктерiн тарту көзделедi. Оған қоса, өңiрлiк электрондық БАҚ-пен ынтымақтаса жұмыс iстеу қарастырылады. Бұл үшiн мемлекеттiк ақпараттық саясат жүргiзуге мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде телерадио хабарларын тарату арқылы арнайы ақпараттық материалдар жасау және көрсету жөнiнде шаралар қабылданады.
      Мәдени ынтымақтастық, еуразиялық идеяларын дамытуды, этносаралық, дiни шыдамдылықты және өзара түсiнiстiктi тәрбиелеудi ғылыми-практикалық конференциялар, дәрiстер, пiкiрталастар, "дөңгелек үстелдер" отырыстары шеңберiнде жүзеге асыру көзделiп отыр.
      Жас ұрпақты төзiмдiлiк рухында тәрбиелеуге, Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн әлемдiк және дәстүрлi дiндердi тұтушы дiни бiрлестiктердiң лидерлерiмен, ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшiлерiмен ынтымақтастық орнатуға ерекше мән берiлетiн болады.
      Бағдарлама мағынасында азаматтық келiсiм мәселелерi бойынша қоғамдық пiкiрдiң тұрақты әлеуметтанушылық мониторингi көзделген.
      Халықтың ауқымды жiктерi мен түрлi топтарын қазақ тiлiн өз еркiмен үйренуге тарту қоғамды бiрiктiрушi орталық фактор болып табылады. Мемлекеттiк тiлдi үйрену мерзiмi, оны меңгеру кезеңi Қазақстанның барлық этностары үшiн мәдени, психологиялық жақындасу мектебi болуы тиiс. Осы Бағдарлама Қазақстан халқының, әсiресе жастардың қазақ тiлiн үйренуге қатысуын қоғамды саяси тұрақтандырушы элемент ретiнде қарастырады. Осы мақсатта тұрақты негiзде қазақ тiлiн бiлуге арналған өңiрлiк конкурстар өткiзiлетiн, қазақ тiлiнiң халықаралық жазғы сессиясы ұйымдастырылатын болады;
      4) Қазақстан халықтары Ассамблеясымен (бұдан әрi - Ассамблея) өзара iс-қимыл жасау.
      Қалыптасқан қоғамдық институт - Ассамблеямен ынтымақтастық осы Бағдарламаны iске асырудың маңызды құралдарының бiрiне айналады.
      Қазақ халқының және Қазақстанда өкiлдерi тұратын барлық басқа да халықтардың мәдени мұрасын, өткен тарихын, дәстүрлерiн, әдет-ғұрыптарын, жораларын толыққанды жаңғырту және зерделеу үшiн Ассамблея үлкен әлеуетке ие.
      Осы Бағдарламаны жүзеге асыруға қатыса отырып, Ассамблея жоғары адамгершiлiк мәдениеттi, жасампаз, жоғары өнiмдi еңбекке бағытталған азаматты тәрбиелеуге елеулi үлес қосады;
      5) қазақстандықтардың рухани ұқсастығын айқындау.
      Ұлттың тұтастығы ұлттық дiлдiң бiрлiгiмен анықталады.
      Елдiң түрлi этностарының мәдениетi мен дiлiнiң ерекшелiктерiн танып-бiлу және кейiннен Қазақстан халықтарының өзара түсiнiстiгiн тереңдетуге бағытталған арнайы iс-шараларды өткiзу мақсатында қазақстандықтардың рухани ұқсастығы тақырыбында әлеуметтанушылық
зерттеулер, конференциялар, семинарлар өткiзу, көп этносты, көп мәдениеттi қоғамда ұлттық және мәдени ұқсастықты қалыптастырудағы халықаралық тәжiрибенi зерделеу жоспарланып отыр.
      Зерттеулердiң қорытындылары және семинарлар мен конференциялардың ұсынымдары кейiннен Бағдарламаның жаңа мiндеттерiне, Бағдарламаны өңiрлерде iске асыру жөнiндегi ұсынымдарға айналуға тиiс.

      2. Азамат және мемлекет: өзара жауапкершiлiк
      Қазақстандық патриотизмдi, төзiмдiлiктi, адам құқықтары мен бостандықтарын сыйлауды тәрбиелеу жөнiнде iс-шаралар кешенiн өткiзу кезiнде тұтастай алғанда мемлекет пен қоғамның, жеке алғанда мемлекет пен азаматтардың өзара iс-қимылын қамтамасыз ету әлеуметтiк әрiптестiктi дамытуға бағытталатын болады.

      2.1. Жұртшылықтың мемлекетке қарай қадамдары
      а) балалар және жастар ұжымдары. Балалар мен жастарды қоғамның негiзгi институты ретiнде мемлекеттiң мәнiн түсiнуге тәрбиелеу.
      Бiлiм беру ұйымдары өздерiнiң мемлекеттiң жанды бөлiгi болып табылатынын түсiне отырып, мемлекет өмiрiнiң түрлi жақтарын, атап айтқанда, дамудың демократиялық бағыттарын, әлеуметтiк проблемаларды шешуге және қоғамда саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкiндiк беретiн экономикалық табыстар мен жетiстiктердi көрсететiн жаңартылған ақпараттық материалдарды тұрақты түрде пайдалануы тиіс.
      Сабақтар мен сыныптан тыс сабақтар бағдарламаларына жас адамдардың нақты қоршаған ортаны (ауыл, қала) Отан ретiнде қабылдауына, оған деген сүйiспеншiлiк пен оның алдындағы борышты тануына ықпал ететiн материалдар енгiзiлетiн болады, өйткенi онда барлық әлеуметтiк институттармен бiрге мемлекет бейнеленедi. Мектептерде тақырыптық конкурстар және олимпиадалар, арнайы сабақтар мен сыныптан тыс iс-шаралар өткiзiлетiн болады.
      Жастардың құқықтық тәрбиесiн жақсарту, құқық бұзушылықтардың әрекеттi түрде алдын алу үшiн бiлiм беру ұйымдарының құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастығын орнату көзделiп отыр.
      Қазақстан Республикасы азаматының мәртебесiн түсiндiру жөнiндегi жұмыс азаматтық өзiндiк сана-сезiмдi дамыту мәселелерiнде патриоттық тәрбиенiң құрамдас элементi ретiнде, әсiресе, жастар арасында маңызды орын алады.
      Алғашқы құжаттарды (толық емес орта бiлiмi туралы куәлiк, жеке куәлiк, орта бiлiмi туралы аттестат және т.б.) алудың салтанатты рәсiмiн ұйымдастыру жас адамдардың санасында республика азаматы мәртебесiнiң маңызын нығайтатын және арттыратын, өзiнiң мемлекет өмiрiне қатыстылығын ұғынуына, өзiн Отанының "бөлiгi" ретiнде сезiнуiне септiгiн тигiзетiн болады.
      Студенттiк қоғамдастық студенттердiң тақырыптық слеттерiн, конференциялар, конкурстар өткiзу, студенттiк үгiт-насихат топтарының турнелерiн ұйымдастыру арқылы патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысқа тартылатын болады.
      Бағдарламаның медиа-жоспарына сәйкес мемлекеттiң рөлi, билiк органдарының жұмысы туралы материалдар әзiрленiп, БАҚ-да көрсетiледi.
      Орталық және өңiрлiк баспа БАҚ-тарында патриоттық тәрбие бepу жөнiндегi айдарлар құрылады, осы тақырып бойынша балалар мен жасөспiрiмдерге арналған кiтаптар жазылады және басылып шығарылады;
      ә) "қоғам - мемлекет" тиiмдi байланысын қалыптастыру.
      Күш-жiгер әрбiр адамның өмiрi мен мемлекет қызметiнiң шынайы ажырамас байланысын көрсетуге бағытталатын болады. Мектептiк және студенттiк өзiн-өзi басқаруды одан әрi дамыту, мектептiк және студенттiк сайлау жүйесiн құру өскелең ұрпаққа қоғам мен мемлекеттiң өзара тәуелдiлiгiн түсiнiп, қабылдауға, мемлекет өмiрiндегi азаматтың рөлiн сезiнуге мүмкiндiк бередi.
      Бұған қоса, азаматтарды, оның iшiнде жастарды мемлекеттiк құрылымдардың қызметiмен таныстыру үшiн мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдарға (орталық және жергiлiктi билiк органдарына, ауруханаларға, әлеуметтiк қызметтерге, ұлттық компанияларға және басқаларға), сондай-ақ әскери бөлiмшелерге экскурсиялар ұйымдастыру, "ашық есiк күндерiн" өткiзу, әкiмдермен кездесулердi тұрақтылыққа айналдыру қажет.

      2.2. Мемлекеттiң жұртшылыққа қарай қадамдары орталық және жергiлiктi атқарушы органдар жанындағы қазiргi консультативтiк-кеңесшi органдардың (жастар iстерi жөнiндегi кеңестер, YEҰ-мен өзара iс-қимыл жөнiндегi кеңестер, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиялар және т.б) бiлiм мекемелерiмен, YEҰ-мен ынтымақтастықты дамыту арқылы мүмкiн болады.
      Консультативтiк-кеңесшi органдар азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеу саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргiзуге арналған өкiлеттiктер мен қажеттi ресурстарға ие. Аталған органдар ынтымақтастығының патриоттық бағдарлануы осы Бағдарламаның  қағидаларын ескере келгенде оның нәтижелiлiгiн елеулi күшейтетiн болады. Аталған консультативтiк-кеңесшi органдардың қатысуымен өткiзiлетiн патриоттық бағыттағы iс-шаралар нақтылығы олардың қызметiнiң ерекшелiктерiне сәйкес нақтыланатын болады.
      Ескерту. 2.2-бөлімшеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.05.15 N 593 Жарлығымен.

      2.3. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi
      Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiнiң артуы елдiң одан әрi дамуының мiндеттi шарты болып табылады. Кәсiпкерлердiң әлеуметтiк бағдарламаларды қолдауы мемлекеттiк органдардың, үкiметтiк емес ұйымдар мен бизнестiң арасындағы серiктестiкке ықпал ететiндiктен, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудiң маңызды факторы болмақ.
      Кез келген коммерциялық құрылым қызметiнiң негiзiн құндылықтар мен этикалық қағидаттар жүйесi құрауға тиiс. Бизнестiң азаматтардың патриоттық сана-сезiмiн қалыптастырудың жалпы мемлекеттiк жүйесiне қатысуы бұған неғұрлым тиiмдi ықпал ете алады.
      Бизнес-қоғамдастықты Бағдарламаны iске асыруға тарту оның халықтың жас шамасы әртүрлi санаттарына бағдарланған патриоттық акциялар, бұқаралық iс-шаралар өткiзуге қатысуы арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл тұтастай алғанда меценаттық тәжiрибесiнiң дамуына ықпал ететiн болады.

      3. Отбасылық, қоғамдық қатынастар: адам, отбасы, бiлiм беру жүйесi, еңбек ұжымы, әскер, тұтастай алғанда қоғам
      Өркениеттi азаматтық және жеке адамдар арасындағы қатынастардың қалыптасуына жағдайлар мен әлеуметтік алғышарттар жасау:
      а) отбасы институтын нығайту жөнiндегi шаралар жүйесiн әзiрлеу.
      Бағдарлама рухани-адамгершiлiк тәрбие негiздерi қалыптасатын маңызды әлеуметтiк институт ретiнде отбасына бағдарланады. Қазiргi уақытта болып жатқан өмiр салтының өзгеруiне байланысты отбасылық құндылықтар елеулi түрленуге ұшырағанын ескере отырып, қазақстандық отбасы институтын нығайту, сауықтыру жөнiнде бiрқатар шаралар қабылдау қажет. Отбасының өмiр салтында өтiп жатқан өзгерiстердi, оның дәстүрлi бастауларына айтарлықтай ықпал ететiн факторларды егжей-тегжейлі зерделеу қажет болады. Әр түрлi жастағы азаматтардың бойында оң отбасылық көзқарастарды қалыптастыру үшiн ықпал етудiң нысандары мен әдiстерiн қолданудың жағымды тәжiрибесiн пайдалану, педагогтарды, БАҚ-ты өскелең ұрпақты қазақстандық этностардың отбасылық құндылықтары негiзiнде тәрбиелеуге бағыттау қажет. Қазақстандық отбасының қалыптасуы мен нығаюына жәрдемдесетiн, ересек өмiрде жағымды қатынастарды дамыту үшiн жастардың қажеттi дағдылар алуына жағдайлар жасау керек.
      Негiзiнен дәстүрлi қазақстандық отбасы құндылықтарының негiзiнде жұмыс iстейтiн психологиялық отбасылық кеңес беру және бейiмдеу орталықтарын нығайту қажет. Осы мақсатта педагогтар мен ата-аналар үшiн отбасылық тәрбие жөнiндегi тренингтер ұйымдастыру көзделген;
      ә) студенттердiң жеке адамдар арасындағы және қоғамдық қатынастарды ұтымды ұғынуы.
      Әрбiр азамат сөзсiз тартылатын қоғамдық-саяси қатынастарды түсiнуге Қазақстанда дамып келе жатқан жеке адамдар арасындағы және қоғамдық қатынастар мәдениетi мәселелерi бойынша студенттiк конференциялар, семинарлар ұйымдастыру курстық, ғылыми жұмыстар жазу ықпал ететiн болады;
      б) жасөспiрiмдер мен жастардың ой-өрiсiн кеңейтуге жәрдемдесу.
      Қоғамдық сана соңғы жылдары негiзiнен жаппай батыстық мәдениеттiң нашар үлгiлерiнiң таптаурындарымен қалыптасып келедi. Жасөспiрiмдер мен жастардың өз ой-өрiсiн кеңейтуi, жеке тұлға ретiнде дамуы үшiн мүмкiндiктерi аз.
      Бағдарламаны iске асыру шеңберiнде аула, аудандық клубтардың желiлерiн кеңейту, шығармашылық, техникалық, компьютерлiк, спорттық клубтар мен кiтапханалар желiлерiн қалыптастыру жөнiнде шаралар қабылдау қажет. Клубтар мен кiтапханалар жасөспiрiмдер мен жастарды тек рухани ғана дамытып қоймай, сондай-ақ өскелең ұрпаққа өнеге және үлгі бола алатын дүниетанымы жағымды жасөспiрiмдер мен жастар лидерлерiнiң пайда болуына ықпал етедi.
      Патриоттық тәрбие беру, Қазақстан елордасының жағымды беделiн нығайту және насихаттау мақсатында мектептiк конкурстар мен олимпиада жеңiмпаздары үшiн Астана қаласында экскурсиялар ұйымдастыру көзделедi.
      Патриотизмнiң қалыптасуына сонымен қатар тарихи орындарға туристiк бағыттар ұйымдастыру да ықпал етедi. Бұл үшiн оқушылардың жас ерекшелiктерiн ескере отырып, кешендi экскурсиялық бағдарламалар әзiрлеу көзделiп отыр;
      в) қоғамдық пiкiрдiң маңыздылығын арттыру жөнiндегi жұмысты жандандыру.
      Азаматтардың патриоттық сезiмiн дамытуға ықпал ететiн қоғамдық пiкiрдi қалыптастыру үшiн нысаналы насихаттық iс-шаралар өткiзу қажет болады. Осы мақсатта қоғамдық пiкiр институттарын құруға жәрдемдесудi ұйымдастыру көзделiп, соның iшiнде, заманауи дүниетаным мен беделге ие зиялылар өкiлдерiн, кәсiби идеологтарды тарту арқылы әртүрлi үндесу алаңдарының санын ұлғайту жоспарланып отыр.
      Yндесу алаңдарының жұмысын олардың БАҚ-қа қол жеткiзуiн қамтамасыз ете отырып, әрбiр облыс орталығында, iрi қалаларда жандандырған орынды;
      г) әскери-патриоттық тәрбие.
      Әскери-патриоттық тәрбие - азаматтардың, әсiресе жоғарғы сынып оқушыларының, студенттердiң, әскерге шақырылғанға дейiнгi және әскердегi жастардың бойында жоғары патриоттық сезiмдi, өз Отанына деген берiлгендiк сезiмдерiн тәрбиелеудi қалыптастыру жөнiндегi маңызды бағыттардың бiрi.
      Қазiргi жағдайда әскери-патриоттық тәрбиеге әдiстемелiк, ақпараттық, ұйымдастырушылық қолдау көрсету, Қарулы Күштер, жұртшылық, бiлiм беру ұйымдары арасындағы өзара байланыстарды жастарды патриоттық тәрбиелеу iсiнде үйлестiрудi күшейту, әскердiң, әскери қызметтiң жағымды мәртебесiн насихаттау мақсатында одан әрi нығайту қажет. Жастарды әскер қызметiне дайындайтын тәжiрибесi бар қазiргi клубтардың жұмысын күшейту, бұл жұмысқа Ұлы Отан соғысы және жергiлiктi соғыстар ардагерлерiн, еңбек ардагерлерiн тарту қажет болады.

      4. Қоғамдық танылуға қол жеткiзген қазiргi заманғы қазақстандық-патриоттың келбетi
      Мiнез-құлықтың жағымды моделiн қалыптастыру арқылы патриотизмдi тәрбиелеу жөнiндегi жұмысқа, сондай-ақ мыналар арқылы жәрдемдесу:
      а) бiздiң заманның қаhармандарын iздеу мен оларды қолдау.
      Осы Бағдарламаның шеңберiнде ел азаматтарының табысты тыныс-тiршiлiгiнiң әртүрлi нысандары мен түрлерiн танымал ету көзделедi. Осы мақсатта БАҚ-пен белсендi ынтымақтасу көзделедi, оның шеңберiнде әлеуметтiк белсендi, патриоттық рухтағы және кәсiби қызмет пен өмiрде елеулi жетiстiктерге қол жеткiзген отандастарымызды iздеу мен оларды насихаттау жөнiнде жұмыс жүргiзiлетiн болады.
      Осы Бағдарламада бастамашылық жасалып отырған әдеби, киноматографиялық, арт-конкурстар да қазақстандық-патриоттың жағымды бейнесiн жасауға бағытталатын болады.
      Бұған қоса, бұл жұмысқа патриоттық әдебиет шығаруды жүзеге асыратын және отандық жазушыларды қоғамдық маңызға ие жаңа шығармалар туындатуға ынталандыратын кiтап баспалары белсендi тартылатын болады;
      ә) кәсiби қызметiнде айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiзген тұлғаларды тану.
      Осы мiндеттi шешу үшiн аталған тұлғаларды әр түрлi номинациядағы өңiрлiк және жастар сыйлықтармен көтермелеу көзделедi. Осы номинациялардың жеңiмпаздары кейiннен телебағдарламалардың, фильмдердiң, очерктер мен кiтаптардың кейiпкерлерi бола алады.
      Жастардың рухани әлеуетiн дамыту үшiн Қазақстанның зияткерлiк дамуына қосқан үлесi үшiн жоғары оқу орындарына берiлетiн "Жас талап" зияткерлiк сыйлығы тағайындалатын болады.

6. Қажеттi ресурстар мен қаржыландыру көздерi

      Бағдарламаны iске асыру үшiн республикалық, жергiлiктi бюджеттерден қаражат бөлу бюджеттен тыс қаражаттар пайдалану жоспарланып отыр.
      Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен:
      2006 жылы 27 948 мың теңге,
      2007 жылы 54 641 мың теңге,
      2008 жылы 53 999 мың теңге бөлу жоспарланып отыр.
      Жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен:
      2007 жылы 224 093,0 мың теңге,
      2008 жылы 236 521,0 мың теңге бөлу жоспарланып отыр.
      Барлығы: 2006 жылы - 27 948 мың теңге, 2007 жылы - 278 734 мың теңге, 2008 жылы - 290 520 мың теңге.
      Жалпы сомасы - 597 202 мың теңгенi құрайды.
      Бағдарламаны қаржыландыру көлемі тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi бекiту кезiнде нақтыланатын болады.

7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер

      Бағдарламаны iске асыру барысында мынадай нәтижелерге қол жеткiзiлетiн болады:
      қазақстандықтардың Қазақстан Республикасымен азаматтық сәйкестiк деңгейi артады;
      азаматтардың патриоттық қозғалыстарға қатысуға деген ұмтылушылығы артады;
      азаматтардың патриоттық санасын арттыру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асыруды ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету күшейтiлетiн болады;
      елдiң мемлекеттiк нышандарын, мемлекеттік және әскери қызметтi танымал етуге, патриоттық тәрбие жүйесiн одан әрi дамытуға бағытталған шаралар жандандырылатын болады;
      2006 жылы Азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi кеңес құрылатын болады;
      азаматтарға патриоттық тәрбие беру мәселелерi бойынша ақпараттық-әдiстемелiк жинақтар, ұсынымдар, ақпараттық-талдамалы материалдар әзiрленетiн және шығарылатын болады;
      экскурсиялық және өлкетану жұмысы бағдарламалары әзiрленетiн, ерекше көзге түскен оқушылардың және студенттердiң Астанаға сапары ұйымдастырылатын болады;
      36 республикалық iс-шара (семинарлар, форумдар, конференциялар, "дөңгелек үстелдер" отырыстары, әлеуметтанушылық зерттеулер, әлеуметтанушылық мониторинг, акциялар, слеттер, конкурстар, турне), соның iшiнде: 2006 жылы - 10, 2007 жылы - 13, 2008 жылы - 13 іс-шара өткiзiлетiн болады;
      құқық қорғау органдары өкiлдерiнiң, соғыс ардагерлерiнiң, спортшылардың және басқалардың қатысуымен жастардың тақырыптық кездесулерi ұйымдастырылатын болады;
      бiлім беру ұйымдарының желiсiмен қамтылған 3,5 млн. бала және жасөспiрiм балалар, жасөспiрiмдер, жастар ұйымдарының қызметiне тартылатын болады;
      оқу процесіне жастардың бойында патриоттық сезiмдi тәрбиелеуге бағытталған жаңа әдiстемелер мен материалдар кiрiктiрiлетiн болады;
      жастардың республикалық зияткерлiк сыйлығы және арнайы өңiрлiк сыйлықтар тағайындалатын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады