Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 14 қарашадағы N 216 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 13 сәуірдегі № 47 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.04.13  № 47Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы       
Президенті мен Үкіметі актілерінің 
жинағында және республикалық    
баспасөзде жариялануға тиіс    

      Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын іске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2007-2024
жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы (бұдан әрі -
Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      үш ай мерзімде Тұжырымдаманың 2007-2009 жылдарға арналған және одан әрі кезең-кезеңімен іске асырылуы жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітсін;
      жыл сайын 10 наурызға қарай Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Тұжырымдаманы іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсынсын.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз қызметінде Тұжырымдаманың қағидаларын басшылыққа алсын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 
        Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2006 жылғы 14 қарашадағы 
N 216 Жарлығымен     
МАҚҰЛДАНҒАН       

  Қазақстан Республикасының
2007-2024 жылдарға арналған
орнықты дамуға көшу
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Астана, 2006 жыл

МАЗМҰНЫ

1.  Жалпы ережелер
    1.1 Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуінің өзектілігі мен алғышарттары
    1.2 Орнықты дамуға көшу өлшемдеріне талдау және болжам жасау
    1.3 Орнықты дамуға көшу кезеңдері
2.  Орнықты дамуға көшудің негізгі қағидаттары, басымдықтары, мақсаты мен міндеттері
    2.1 Негізгі қағидаттары мен басымдықтары
    2.2 Мақсаты
    2.3 Міндеттері
3.  Орнықты дамуға көшу бағыттары мен тетіктері
    3.1 Даму тетіктерінің ықпалдасуы
    3.2 Орнықты дамудың саяси негізі
    3.3 Қоғамның орнықты дамуы
    3.4 Орнықты экономикалық прогресс
    3.5 Экологиялық орнықтылық
    3.6 Өңірлердің орнықты дамуы
    3.7 Институционалдық қамтамасыз ету
4.  Күтілетін нәтижелер
    Тұжырымдамада пайдаланылатын негізгі ұғымдар

  1. Жалпы ережелер

      Елдің орнықты дамуы дегеніміз қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын және келер ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне қатер төндірмейтін даму болып табылады.
      Қазақстан Республикасы үшін орнықты дамуға көшу аса қажеттілік болып табылады. Табиғи ресурстарды пайдалану есебінен экономиканың өсуі тек белгілі бір кезеңде ғана болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда өсім мен даму неғұрлым озық тетіктерді талап етеді.
      Орнықты даму Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму  стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет. Орнықты даму қағидаты Президенттің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру  стратегиясының негізінде де тұжырымдалған.
      Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшуінің осы тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) ел өмірінің барлық салаларында орнықтылыққа қол жеткізу қағидаттарының көрінісін, мақсаттарын, міндеттері мен негізгі тетіктерін айқындайды. Ол үшін дамудың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және саяси факторлары ықпалдасуы және Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған біртұтас процесс ретінде қарастырылуы қажет.

  1.1. Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуінің
өзектілігі мен алғышарттары

      Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастыққа толыққанды қатысушы ретінде XXI ғасырға арналған күн тәртібінде (Рио-де-Жанейро, 1992 жыл) және Мыңжылдық саммиті (Нью-Йорк, 2000 жыл) мен Орнықты даму жөніндегі әлемдік саммит (2002 жыл, Йоханнесбург) декларацияларында қойылған міндеттерді орындау жөнінде міндеттемелер қабылдады.
      Қазақстан Республикасы орнықты дамуға қол жеткізу бағытында бірқатар шаралар қабылдады.
      Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі комиссиясының, "Еуропа үшін қоршаған орта" және "Азия үшін қоршаған орта мен орнықты даму" процестерінің, орнықты даму үшін Дүниежүзілік кәсіпкерлер кеңесі өңірлік еуразиялық желісінің мүшесі және белсенді қатысушысы болып табылады.
      Қазақстанның 2030 жылға дейінгі  Даму стратегиясы , Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспары, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық  даму стратегиясы , Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға дейінгі экологиялық қауіпсіздігі  тұжырымдамасы , Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму  стратегиясы қабылданды, Қазақстан Республикасының орнықты даму жөніндегі кеңесі және "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ құрылды.
      Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Еуропа мен Азия арасында саяси, мәдени және экономикалық көпір бола отырып, Қазақстан құрлықта ландшафтар мен экологиялық жүйелердің дамуында осы тектес байланыстырушы қызмет атқарады. Қазақстан аумағының көлемі, климат жағдайларының әр түрлілігі, өңірдің су теңгерімінің ерекшеліктері Еуразияның күллі аумағындағы экологиялық жағдайды оның Қазақстандағы тұрақтылығына айтарлықтай тәуелді етеді.
      Қазақстандағы саяси ахуал бүкіл әлемге тұрақтылықтың, конфессияаралық келісімнің, еліміздің барлық азаматтарының мүддесінде демократия мен қоғамдық институттарды дамытудың бірегей үлгісін танытып отыр. Қазақстанның орнықты саяси дамуы әлемдік қоғамдастық үшін теңгерімді бастамалардың көзі ретінде еліміздің қалыптасуында маңызды рөл атқара алады және атқаруға тиіс.
      Осы орайда Қазақстан өзінің дамуында еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін біршама кедергілерге кезігуде.
      Қазақстан Республикасының қазіргі уақытқа дейінгі экономикалық өсуіне негізінен әлемдік нарықтағы шикізат бағасының өсуі мен табиғи ресурстардың елеулі бөлігін тұтыну есебінен қол жетіп отыр. Табиғи капиталдың барынша ысырап болуы мен құлдырауы орын алуда. Ішкі жалпы өнімнің өсуі қоршаған ортаға қалдықтардың көп шығарылуымен болуда. Қазіргі бағалау бойынша, ел аумағының 75%-ға жуығы экологиялық тұрақсыздықтың жоғары тәуекеліне ұшыраған. Шөлейттену проблемасы өткір қойылып отыр. "Тарихи ластанулар", қалдықтарды жинаушылар, тұрақты және жылжымалы көздерден бөлінетін улы заттар қалдықтарының өсуі табиғи ортаның жай-күйі мен халықтың денсаулығына қатер төндіреді.
      Ел экономикасының тұрақтылығына төнетін ықтимал қатерлер шикізат секторына елеулі тәуелділік, жекелеген салалардың Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге дайындық деңгейінің төмендігі, сыртқы қарыздың өсуі, "көлеңке экономика" проблемалары болып табылады.
      Қазақстан өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік жағдайларында айтарлықтай алшақтық бар. Демографиялық жағдай мен халықтың денсаулығының жай-күйінде проблемалар бар, әзірге оның құқықтық, экономикалық, экологиялық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігі орын алуда.
      Бұл кедергілерді еңсеру Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшу жолындағы басты кезеңдік міндеті болуға тиіс.

  1.2. Орнықты дамуға көшу өлшемдеріне талдау және болжам
жасау

      Қазақстан Республикасының көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемаларының негізінде елдің ресурстарды өндірумен салыстырғанда оларды тепе-тең тұтынбау жағдайындағы тарихи қалыптасқан теңгерімсіздік жатыр. Егер елдің негізгі экономикалық көрсеткіштерін энергетикалық пайдалы құндылық - гигаватпен (ГВт) өлшенетін қуатты өлшеу негізінде жалпы өлшем бірлігіне негіздесе, онда қазіргі ысырапты бағалау мүмкін болады.
      Сонымен, 2005 жылы 29,4 ГВт мөлшерінде өндірілген жиынтық өнімді алу үшін елімізде тұтастай алғанда 94,85 ГВт мөлшерінде ресурстар тұтынылды. Бұл - жыл бойы еліміздің 65,45 ГВт қуатының резерві ысырап болды немесе жеткіліксіз пайдаланылды деген сөз. Бұл Қазақстан Республикасында ресурстарды пайдалану тиімділігі көрсеткіші (РПТ) салыстырмалы түрде төмен екендігін көрсетеді, ол қазіргі кезде 31 пайызға тең (1-сурет). Бұл орташа әлемдік деңгейден артық, ол 24 пайызға тең, бірақ әлемнің технологиялық жағынан неғұрлым дамыған елдерінен: Жапониядан - 36%, АҚШ-тан - 34%, Германиядан - 33 % кем. (Бұрынғы КСРО-да РПТ көрсеткіші 36%-ға жетті, ол әлемдік аренада бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз етті).

       1-сурет. Қазақстан Республикасының ресурстарын пайдалану тиімділігі (РПТ) көрсеткіштері есебінің кестесі, 2005 жыл

Суретті қағаз мәтіннен қараңыз

      Қазақстан Республикасы орнықты дамудың негізгі өлшемі болып табылатын өмір сүру сапасы деңгейі бойынша да әлемнің неғұрлым дамыған елдерінен артта қалып келеді.
      Қазіргі әлемде өмір сүру сапасы негізгі құрамдас бөліктермен: өмір сүрудің ұзақтығымен, әл-ауқатының деңгейімен және қоршаған ортаның жай-күйімен айқындалады.
      Қоғам, табиғат және адам халықаралық университетінің (Дубна, Ресей) өмір сүру сапасы индексі бойынша рейтинг көшбасшысы Норвегияның коэффициенті - 3,83, Ресей - 1,57, Қытай - 0,34-ке тең болғанда, Қазақстан 1,17 коэффициентпен 78-орында тұр.
      Қазақстанда халықтың денсаулық жағдайы мен адамдардың өмір сүруінің ұзақтығы басқа елдердің көрсеткіштерімен салыстырғанда елеулі түрде артта қалып отыр. Осылайша, халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 2005 жылы 65,9 жасты құраса, ал Жапонияда бұл көрсеткіш 80 жасқа жақындайды.
      Мемлекеттің әлеуметтік және институционалдық мүмкіндіктері мен халықаралық белсенділігін, халық денсаулығының экологиялық аспектілерін, экологиялық күйзелістерді, экожүйенің жай-күйінің көрсеткіштерін қоса алғанда, 76 параметр есебіне негізделген Йель экологиялық заңнама және саясат жөніндегі орталық (Йель университеті, АҚШ) пен Жер туралы ғылымдар халықаралық ақпараттық желісінің колумбиялық орталығының (Колумбия университеті, АҚШ) экологиялық орнықтылық индексі бойынша Қазақстан Республикасы 63,8 индексімен 70-орында тұр, ал көшбасшы елдер Жаңа Зеландия, Швеция және Финляндияда бұл көрсеткіш 87-88 баллға жеткен.
      Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, табиғи капиталдың тозуы мен жойылуын ескеретін шынайы жинақтау индексі (ШЖИ) Қазақстан Республикасы үшін -25,5-ті құрайды, ал Ресей Федерациясы үшін -4,4, Норвегия +14,8, АҚШ +4,4.
      Қазақстан адам әлеуетінің даму индексі (АӘДИ) бойынша елдер рейтингінде 80-орынға ие. Алдағы салауатты өмірдің орташа ұзақтығы мен жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің шамасы ретіндегі бұл индекстің осындай құрамдас бөліктері бойынша әлемнің негізгі елдері арасындағы Қазақстан Республикасының жағдайы 2-суретте бейнеленген.
      Алдағы салауатты өмірдің орташа ұзақтығы мен экологиялық тұрақтылық индексінің арақатынасы бойынша Қазақстан Республикасының жағдайы 3-суретте бейнеленген.
      Сонымен, 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы өмір сүру сапасы деңгейі бойынша әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті және дамыған елдердің қатарында орнығу үшін ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру, өмір сүру жасын ұзарту, экологиялық орнықтылық индексінің өсуін қамтамасыз ету қажет.

       2-сурет. Алдағы салауатты өмірдің (жыл) орташа ұзақтығы мен халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің көлемі бойынша Қазақстанның әлемнің негізгі елдері арасындағы жағдайы (сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша, мың АҚШ доллары).

Суретті қағаз мәтіннен қараңыз

       3-сурет. Алдағы салауатты өмірдің орташа ұзақтығы мен экологиялық орнықтылық индексінің арақатынасы бойынша Қазақстанның жағдайы

Суретті қағаз мәтіннен қараңыз

       Жүргізілген есептеулер әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан тұрақты орын алу үшін Қазақстан 2013 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде мынадай параметрлерге сәйкес келуге тиіс екенін көрсетеді:
      РПТ - кемінде 43 %,
      ресурстарды пайдалану жиынтығы - кемінде 246,86 ГВт,
      өндірілген жылдық жиынтық өнім - кемінде 113,1 ГВт.
      Болжамға сәйкес, осы кезеңде дәл осындай өлшемдерге әлемдегі неғұрлым бәсекеге қабілетті елу ел сәйкес келетін болады.
      53%-ға тең РПТ кезінде»орнықты даму» траекториясына шығу және жаңартуға келмейтін табиғат байлықтары есебінен емес, неғұрлым тиімді, "озыңқы" технологиялар есебінен экономиканың өсуі қамтамасыз етіледі. (4-сурет).

       4-сурет. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі дамуының болжанған үлгісі

Суретті қағаз мәтіннен қараңыз

      Қазақстан Республикасы халқының саны орнықты дамудың маңызды өлшемі болып табылады. Халықтың тығыздығының төмен болуы (шекара айтарлықтай созылған жағдайда) әрдайым мемлекеттің дамуындағы тұрақсыздық факторы болып табылады. Ел аумағының елеулі бөлігі шаруашылыққа игеру үшін қиын және халықты Қазақстанның барлық өңірлеріне бірдей орналастыру міндетін қою мүмкін еместігіне қарамастан, халық санын белгілі бір деңгейде ұстап тұру қажет, сонымен бірге экономикалық мүмкіндіктерді өрістету (ең алдымен, еңбек нарығы проблемасын шеше отырып), қазақстандықтардың - көршілес әлем ұлттарының арасында генетикалық және мәдени әлеуетін сақтау, өңірлер арасындағы атап айтқанда, инфрақұрылымның әлсіздігі мен демографиялық теңсіздікке байланысты жағымсыз саралануды еңсеру қажет.
      Халық санының неғұрлым оңтайлы мақсатты деңгейі 2024 жылға қарай 18 миллион тұрғынға қол жеткізу болып табылады. Ол үшін табиғи өсім көрсеткішін 1000 адамға шаққанда 12,68-ге (қазіргі кездегі 8,0-ге қарағанда), өмір сүрудің орташа ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу, туу көрсеткішін 1000 адамға шаққанда өмірге келетін кемінде 22 адам деңгейінде ұстап тұру талап етіледі. Ерлердің және әйелдердің өмір сүруінің орташа ұзақтығындағы алшақтық қазіргі 11 жылдан 7,5 жылға азаюға тиіс.
      Экономикалық өсім процесінде экологиялық талаптарды арттыру, қоршаған ортаға антропогендік қысымды азайту қажет. Ол үшін 2024 жылға қарай экологиялық орнықтылық индексін ең кем дегенде, қазіргі ең жақсы көрсеткіш - 88 баллға дейін жеткізу қажет.
      Сол арқылы өмір сүру сапасының көрсеткіштерін ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жақындатып, айтарлықтай жақсарту қамтамасыз етілетін болады.

  1.3. Орнықты дамуға көшу кезеңдері

      Қазақстан Республикасы үшін орнықты дамуға көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ол үшін орнықты дамудың әр кезеңіне арналған белгіленген өлшемдер анықталады (1-кесте).
      Дайындық кезеңі (2007-2009 жылдар) - орнықты даму қағидаттарын қоғамдық және саяси қызметтің барлық салаларына енгізу, экономиканы әртараптандыру, технологиялық алға озуды жүзеге асыру үшін жағдай жасау.
      Бірінші кезең (2010-2012 жылдар) - Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету.
      Екінші кезең (2013-2018 жылдар) - өмір сүру сапасы деңгейі бойынша әлемдік дамудағы көшбасшылар арасындағы еліміздің жағдайын нығайту, табиғи ресурстарды орынсыз пайдалану салдарынан болатын шығындарды айтарлықтай қысқарту, елдің экологиялық орнықтылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету.
      Үшінші кезең (2019-2024 жылдар) - орнықты дамудың қабылданған халықаралық өлшемдеріне қол жеткізу.

            1-кесте. Қазақстан Республикасының орнықты
         дамуға көшуін белгіленген өлшемдерде бағалау
                        (2005-2024 жж.)

№N рс

Интегралды
өлшеуіштер

2005 ж.

2009 ж.

2012 ж.

2018 ж.

2024 ж.

1.

Халық саны,
млн.адам

15,05

15,66

16,13

17,13

18,18

2.

Өмір сүрудің
орташа
ұзақтығы, жыл

65,91

67,87

68,89

70,99

73,14

3.

Өмір сүрудің
орташа
нормаланған
ұзақтығы

0,66

0,68

0,69

0,70

0,73

4.

Әйел адамның
орташа өмір
сүру
ұзақтығының ер
адамның орташа
өмір сүру
ұзақтығынан
асуы, жыл

11,47

10,00

9,3

8,5

7,5

5.

Қуатты
тұтыну
(былтырғы
жылы), ГВт

94,85

130,45

154,86

264,86

468,38

6.

Қуатты
өндіру
(ағымдағы
жылы), ГВт

29,40

43,05

57,30

113,10

248,24

7.

Қуаттың
ысырабы, ГВт

65,45

87,40

97,56

151,77

220,14

8.

Ресурстарды
пайдалану
тиімділігі, РПТ

0,31

0,33

0,37

0,43

0,53

9.

Қоршаған
табиғи ортаның
сапасы

0,91

0,95

0,99

0,93

0,95

10.

Өмір деңгейі,
КВт/адам

1,95

2,75

3,55

6,6

13,65

11.

Өмір сапасы,
КВт*сағат

1,17

1,78

2,43

4,35

9,49

12.

Экологиялық
орнықтылық
индексі, балл

63

68

73

75

88

  2. Орнықты дамуға көшудің негізгі қағидаттары, басымдықтары,
мақсаты мен міндеттері

  2.1. Негізгі қағидаттары мен басымдықтары

      Қазақстан Республикасында орнықты дамуға көшудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
      бүкіл қоғамды орнықты дамуға қол жеткізу процесіне тарту;
      орнықты даму үшін саяси негіз жасау;
      ведомствоаралық ықпалдасу, мемлекетті басқаруға деген жүйелі көзқарас, дамудың негізгі көрсеткіштерін болжамдау, жоспарлау және реттеу тиімділігін арттыру;
      ел экономикасына жоғары технологияларды белсенді енгізу нәтижесіндегі экономикалық прогресс, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
      ғылым мен білім берудің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету;
      салауатты қоғам үлгісін енгізу негізінде халықтың денсаулық жағдайын, демографиялық жағдайды жақсарту;
      қоғамның аса маңызды ноосфералық қызметі ретінде қоршаған ортаны қорғау қызметін жетілдіру;
      трансөңірлік экожүйелік көзқарас негізіндегі аумақтық даму.
      Орнықты дамуға көшудің басымдықтары мыналар:
      өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілерін енгізу;
      жаңа және экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану;
      орнықты көлік жүйелерін дамыту;
      энергетикалық тиімділік және энергия жинақтау;
      орнықты дамудың өңірлік проблемалары;
      халықтың әлеуметтік қауіпсіздігінің деңгейін арттыру;
      экологиялық және гендерлік аспектілерді ескере отырып, кедейшілікке қарсы күрес;
      орнықты даму үшін ғылым мен білім беруді одан әрі дамыту;
      тарихи және мәдени мұраны сақтау;
      халықтың денсаулығына төнетін экологиялық қауіп-қатердің алдын алу және азайту;
      шөлейттенуге қарсы күрес;
      биологиялық әралуандықты сақтау;
      эмиссияларды, оның ішінде қызған газдар мен озон қабатын бұзатын заттарды азайту;
      сапалы ауыз суға қолжетімділік;
      трансшекаралық экологиялық проблемаларды шешу;
      радиациялық және биохимиялық қауіпсіздік;
      қалдықтарды кәдеге асыру.

  2.2. Мақсаты

      Тұжырымдаманың мақсаты өмір сүру сапасын арттырудың және елдің ұзақ мерзімді келешекте бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізі ретінде Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму аспектілерінің теңгеріміне қол жеткізу болып табылады.

  2.3. Міндеттері

      Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін орнықты даму саласында мынадай міндеттерді іске асыру қажет.

       1. РПТ көрсеткішін 2012 жылға қарай 37%-ға, 2018 жылға қарай 43%-ға және 2024 жылға қарай 53%-ға дейін арттыру
      Бірінші міндетті іске асыру:
      экономиканы әртараптандыруға, жоғары технологиялық және шикізаттық емес салалардың, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз технологиялардың экономикалық өсімдегі үлесін ұлғайтуға;
      елді дамытудың негізгі макроэкономикалық өлшемдерін реттеудегі мемлекеттің рөлін күшейтуге;
      ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыра, ғылыми және білім беру ұйымдары нысандарының алуан түрлерін кеңейте, зияткер қауымның беделін арттыра, инновацияларды мемлекеттік қолдай отырып, оның ішінде экономика салаларын кластерлік дамыту, материалдық-техникалық базаны түбегейлі жаңарту және ғылым-білім беру саласын ресурстық қамтамасыз етуді жақсарту, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесінің тиімділігін арттыру және осының негізінде отандық тауар өндірушілердің бәсекелес тұғырларға қол жеткізуі, елдің экспорттық әлеуетін дамыту аясында ғылым мен білім беруді басымдықпен дамыту есебінен технологиялық озуды қамтамасыз етуге;
      табиғи ресурстарды өндіру мен экспорттау және өзге де салалар арасындағы теңгерімді сақтауға;
      өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілерін енгізуге;
      көліктің орнықты жүйелерін дамытуға;
      елдің тиімді инфрақұрылымын құруға негізделетін болады.

        2. 1000 адамға шаққанда өмірге келетін 18-22 баладан төмен болмайтын деңгейде ұстаған жағдайда халық өмірінің орташа ұзақтығын 2012 жылға қарай 68 жасқа, 2018 жылға қарай 70 жасқа, 2024 жылға қарай 73 жасқа дейін ұлғайту
      Орнықты дамудың екінші міндетін іске асыру:
      әлеуметтік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін енгізуге;
      халықты қолайлы физиологиялық өлшемдерге сәйкес келетін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге;
      халықтың денсаулығына төнетін экологиялық қауіп-қатердің алдын алу мен оны азайтуға;
      кедейшілікпен күреске, Джини индексінің оңтайлы деңгейіне қол жеткізуге;
      жолдағы, тұрмыстағы және өндірістегі жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға;
      кенеулі тамақтану стандарттарын ынталандыруға, нутриционалдық тапшылықты жоюға (кальций, йод, селен және өзге де бағалы микроэлементтер);
      отбасын нығайтуға, бала тууға деген экономикалық ынталандыру жасауға, әйелді босандыру, ана мен баланы қорғау жүйесін түбегейлі жақсартуға негізделетін болады.

       3. Экологиялық орнықтылық индексін 2012 жылға қарай 10 %-ға, 2018 жылға қарай 15 %-ға, 2024 жылға қарай 25 %-ға дейін өсіру
      Үшінші міндетті іске асыру:
      Қазақстан өңірлерінің орнықты даму бағдарламаларын іске асырудың экожүйелік трансөңірлік қағидатын енгізуге;
      үздік қолжетімді технологияларға көшу мерзімдері мен тетіктерін айқындай отырып, барлық ірі өнеркәсіптік және энергетикалық объектілер үшін орнықты дамудың нысаналы өлшемдерін белгілеуге;
      шөлейттенуге қарсы күреске;
      экологиялық жүйелерді, ландшафттар мен биологиялық әралуандықты сақтауға;
      қоршаған ортаны қорғаудың, оның ішінде неғұрлым таза өндіріс стратегиясын жылжыту мақсатында неғұрлым тиімді экономикалық тетігін енгізуге;
      балама энергетика нысандарын дамытуға;
      қазақстандық өнеркәсіптің экологиялық өлшемдерін жақсартуға қаражат тарту үшін халықаралық келісімдердің негізгі қағидалары мен тетіктерін қолдануға ("жасыл инвестициялар");
      ел аумағын "тарихи ластанулардан" тазартуға, қалдықтар менеджментінің жүйесін ынталандыруға негізделетін болады.

       4. Ішкі және сыртқы саясаттың табыспен іске асырылуын қамтамасыз ету
      Төртінші міндетті іске асыру:
      орнықты даму идеясының төңірегіне саяси күштерді топтастыруға;
      тарихи біртұтас Қазақстан халқының, оның ішінде болашақ ұрпақтың мүдделерін білдіретін ел ішінде қоғамдық қозғалыстарды құруға қолдау жасауға;
      елде халықаралық орнықты даму аймағын құру мүмкіндіктеріне;
      Қазақстанның халықаралық ұйымдарға белсенді және нақты қатысуын, Қазақстан Республикасының қамқорлығымен бірқатар ірі халықаралық форумдар өткізуді қамтамасыз етуге;
      жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін дамытуға негізделетін болады.

  3.Орнықты дамуға көшудің бағыттары мен тетіктері

  3.1. Даму тетіктерінің ықпалдасуы

      Қазақстан Республикасындағы орнықты дамуға көшу саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін ресурстардың, тетіктер мен даму құралдарының ықпалдасуы қамтамасыз етілуге тиіс.
      Осы Тұжырымдамада белгіленген дамудың мақсатты өлшемдері тұтастай алғанда елдің, жекелеп алғанда, салалардың, өңірлер мен экономиканың жекелеген субъектілерінің дамуын индикативті жоспарлауға негіз ретінде қызмет етуге тиіс.
      Елдің орнықты дамуға көшуінің, оның ішінде өңірлер мен салалар тұрғысында қысқа, орта және ұзақ мерзімді жоспарлары әзірленуге тиіс.
      Бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру орнықты даму басымдықтарын, РПТ-ның нысаналы көрсеткіштерін, алдағы өмірдің орташа ұзақтығын, экологиялық орнықтылық индексін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.
      Орнықты даму тетіктерінің ықпалдасуын қамтамасыз ету үшін орнықты даму индикаторлары жүйесін, оның ішінде интегралды, ұйымдық, экономикалық, энергетикалық, әлеуметтік, экологиялық, өңірлік жүйесін әзірлеу және қабылдау қажет.

  3.2. Орнықты дамудың саяси негізі

       Ішкі саясат. Қазақстан Республикасындағы ішкі саяси ахуалдың орнықты дамуы барша Қазақстан халқының мүддесінде демократияландыру процесін тереңдетуге, саяси жүйені нығайтуға негізделеді. Бұл орайда мемлекеттік даму және демократиялық рәсімдерді қолдану барысында қазақстандықтардың қазіргі ұрпағымен қоса, болашақ ұрпақтарының мүдделері де ескерілуге тиіс.
      Қазақстан Республикасының ішкі саясатындағы орнықты дамуы:
      демократиялық рәсімдерді жетілдіру, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде шешімдер қабылдауда көпшілік пен азшылық пікірін ескеру тетігі ретінде халық билігінің рөлін дәйекті кеңейту;
      Қазақстан халықтары Ассамблеясының елдің саяси өміріндегі рөлін арттыру;
      қазақстандық қоғамның мәдени дәстүрлерін, бірінші кезекте - үлкенге құрметті, өскелең ұрпақ туралы қамқорлығын сақтау;
      саяси оппозицияда болу мәдениетін қалыптастыру, кадрлар мен бағдарламалардың бәсекелестігі үшін негіз ретінде сындарлы оппозицияны нығайту, барлық қоғамдық жіктер мен топтардың мүдделерін білдіру;
      мемлекеттің бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту жолымен қамтамасыз етіледі.
       Сыртқы саясат . Қазақстан Республикасының әлемде тұрақтылық пен орнықты даму өңірі ретінде айрықша мәртебеге ие болуы үшін бірегей мүмкіндіктері бар. Қазақстан Республикасының үлгісінде және жағдайында конфессияаралық, ұлтаралық, әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени орнықтылық тепе-теңдік қағидаттары іске асырылатын»болашақтың мемлекеті»моделін жасауға болады.
      Бұған мынадай:
      орнықты және теңгерімді сыртқы саясатты жүргізу;
      елде орнықты дамудың халықаралық аймағын құру жөніндегі Қазақстан Республикасының стратегиялық бағдарламасын жария ету;
      Астана қаласында штаб-пәтері бар халықаралық экологиялық ұйым құру;
      орнықты даму мәселелері жөніндегі өз ұстанымын білдіру және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуін қамтамасыз ету;
      Қазақстанның халықаралық ұйымдарға, ықпалдастық бірлестіктеріне және халықаралық форумдарға белсенді қатысуы арқылы қол жеткізілуге тиіс.

  3.3. Қоғамның орнықты дамуы

       Демографиялық ахуал. Қазақстандық қоғамның одан әрі дамуы бала туудың тепе-тең өсуі мен жас мөлшері құрылымында еңбекке қабілетті халықтың үлесін сақтау жағдайында өмір сүрудің орташа ұзақтығының артуымен сипатталатын орнықты демографиялық ахуалды қалыптастыруға негізделуге тиіс.
      Бұл міндеттерге:
      тұрмыстық, өндірістік және жол жарақаты, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар, тыныс алу органдарының аурулары себептерінен болатын халықтың жалпы өлім-жітімін азайту;
      халықтың ұрпақты болу денсаулығын қорғау жөніндегі шараларды жетілдіру жолымен сәби мен ана өлімін азайту;
      арнайы геронтологиялық бағдарламалар қабылдау жолымен егде жастағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту;
      білім беру мен еңбекпен қамтуды, тұрғын үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік төлемдер жүйесін қоса алғанда, демографиялық өсудің мақсаттарына барабар әлеуметтік саясат арқылы бала тууды ынталандыру;
      АҚТҚ/ЖҚТБ-ның таралуын болдырмау (өсу қарқынын төмендету) жөніндегі шараларды іске асыру;
      ел өңірлері бөлінісінде басқару шешімдерінің нәтижелерін талдаумен және дайындаумен демографиялық ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізуді ұйымдастыру есебінен қол жеткізілетін болады.
       Ұлтты сауықтыру. Орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қазақстандық ұлт салауатты өмірді қалыптастыру жөніндегі міндеттерді түбегейлі шешуді қажет етеді. Ол мынадай:
      темекі шегуді шектеу, жалпы сауда залдарында темекі өнімдерін сатуға тыйым салу, қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салу және бұқаралық ақпарат құралдарында темекі өнімдерін жарнамалау мен темекіге қарсы науқандар,»әсер ету топтарында»- дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, білім беру қызметкерлері арасында темекі шегуден бас тартуды ынталандыру;
      алкогольді, әсіресе, күшті ішімдіктерді қолдануды шектеу, күшті спиртті ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салу, спиртті ішімдіктердің сапасын бақылауды қатайту;
      есірткіге бой ұрмауды насихаттау және есірткіге қарсы қоғамдық иммунитетті қалыптастыруды қоса алғанда, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті жандандыру;
      тамақтану стандарттарын жақсарту, халықтың жан басына шаққандағы табиғи шырындар мен сүт өнімдерін тұтынуын ұлғайту, дұрыс тамақтануды насихаттау, ішкі нарықтағы тамақ өнімдерінің сапасын бақылауды күшейту;
      қозғалыс белсенділігін арттыру, оның ішінде тегін спорт және тренажер залдарының, балалардың спорт секцияларының желісін кеңейту, әлеуметтік жарнама арқылы қозғалыс белсенділігін және салауатты өмір салтын ынталандыру;
      "Менің Отаным - Қазақстан" жобасын іске асыру, сондай-ақ гидтер және экскурсия жүргізуші ретінде экологиялық туризмнің белсенді түрлерін ұйымдастыру кезінде жастарды кеңінен тартуды қамтамасыз ету;
      салауатты өмір салтының қағидаттарын енгізу және спорт пен экологиялық туризмнің белсенді түрлерін қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың жаңа идеологиясы ретінде ел азаматтарының қабылдауын қалыптастыру жөніндегі жұмысқа жүйелі көзқарасты қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды көздейді.
       Денсаулық сақтау. Қазақстандық қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, оның ішінде:
      денсаулық сақтауды дамытудың оңтайлы экономикалық үлгісін таңдау;
      әлемнің үздік мамандарын тарту арқылы жоғары медициналық технологиялар орталығын құру;
      мемлекеттің және мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуы арқылы медициналық нарықты дамыту;
      денсаулық сақтауды жан басына қаржыландыруды үнемі арттыру, денсаулық сақтаудың экономикалық жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ерікті медициналық сақтандыруды қолдау;
      халықаралық деңгейдегі санаторий-курорттық және оңалту мекемелер желісін құруды қоса алғанда, Қазақстан табиғатының сауықтыру ресурстарын белсенді пайдалану;
      ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелді босандыру жүйесін түбегейлі жақсарту, ұрпақ әкелетін жастағы ерлер мен әйелдер денсаулығын нығайту қажет.
       Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында орнықты дамуды қамтамасыз ету мынадай:
      өнеркәсіп орындарда халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен еңбекті қорғауды енгізу;
      жұмыс берушілердің де, сондай-ақ жұмысшылардың да қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін тарату мен жауапкершілігін арттыру;
      тәуекелді бағалау мен оларды басқару жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
      қауіпсіздік нормаларының сақталуы үшін мемлекеттік бақылауды күшейту;
      өндіріс нысандарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздіктің тәуелсіз аудитін жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
       Кедейшілікке қарсы күрес және әлеуметтік жіктелуді болдырмау. Қазақстандық қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар аясында өзара байланысты шаралар кешенін, әсіресе, ауылдық жерлерде қабылдау жолымен кедейшілікті жою жөніндегі бұдан кейін де шараларды қолға алу қажет. Бұл нәтижелерге:
      елдің барлық өңірлерінің экономикасының өсуі;
      ауыл шаруашылығын, оның ішінде неғұрлым тиімді қазіргі заманғы аграрлық технологияларды қолдана отырып дамыту;
      әлеуметтік жәрдемақы алған кезде бюрократтық рәсімдерді оңайлатуды қоса алғанда, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, еңбекпен қамту саясатын жетілдіру;
      кедейшілік проблемасын шешуге ел өңірлеріндегі бизнес-қоғамдастықтарды тарту жолымен қол жеткізілетін болады.
       Азаматтық қоғамды дамыту. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды одан әрі қалыптастыру жөніндегі шаралар:
      жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту;
      патриоттық бағдардағы саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың қызметі арқылы халықтың азаматтық санасын тәрбиелеу;
      жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жүйесін дамыту;
      орнықты дамуды қамтамасыз ету процесінде жұртшылықтың рөлін күшейту;
      халықтың ақпаратқа қол жеткізуін кеңейту, "электрондық үкіметті" дамыту жолымен қабылдануға тиіс.
       Мәдениет және ақпарат. Мәдениеттің және ақпараттық саясаттың қазақстандық қоғамда орнықты дамуы:
      республикалық та, жергілікті де, әсіресе ауылдық деңгейде, мәдениет ұйымдарын басымдықпен құру және қолдау;
      Қазақстанның жалпыұлттық және бүкіләлемдік маңызға ие палеонтологиялық, археологиялық және сәулет ескерткіштерін сақтау жөнінде шараларды қабылдау;
      қазақстандық мәдениет пен өнердің озық жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттау;
      отандық мәдениеттің жалпы маңызға ие бағыттарын, ең алдымен, кино өнері, халықтық және симфониялық музыка, драма театры, опера және балет, айтыс, бейнелеу өнерін қолдау;
      бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысында отансүйгіштік бағыт пен кәсіби мәдениетті арттыру;
      ақпараттың қоғамдық еркіндік қағидаттары негізінде жұмыс істейтін Интернет желісінің қазақстандық сегментін құру жолымен қамтамасыз етілетін болады.
       Білім және ғылым. Қазақстан Республикасындағы білім беру мен ғылым жүйесі орнықты дамудың мақсаттары мен қағидаттарына сай болады. Орнықты даму мақсатында білім беру мен ғылымды жетілдіру:
      адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру және жеке адам мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басымдықтарын ескере отырып, көп деңгейлі білім берудің ұлттық жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз ету;
      елімізде халықаралық деңгейдегі бірқатар таңдаулы оқу мекемелерін және студенттер қалашықтарын (кампустар) құру;
      ғылыми-әдістемелік деңгейде білім беруді жаңғырту, оқу, ғылыми және өндірістік процестердің өзара байланысын қамтамасыз ететін мүлдем жаңа құрылымдар құру;
      оқушылардың жобалау, шешімдер қабылдау және шығармашылық жұмысты орындау, инновацияның жоғары деңгейін қолдау сияқты жаңа қабілеттері мен дағдыларын дамыту мақсатында орта мектепте технологиялық даярлықты енгізу;
      елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындау;
      оқушылардың түрлі санаттарының толыққанды білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, жоғары сынып оқушыларын олардың жеке қабілеттері мен білім алуды жалғастыруға қатысты ынта-ниеттеріне, еңбек нарығында өзін көрсете білуіне және өз орнын табуына сәйкес оқыту үшін жағдай жасау;
      оқушыларды әлеуметтендірудің кең мүмкіндіктерін жасау, мектеп түлектерін кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгеруге тиімді даярлау;
      республикалық та, өңірлік деңгейде де жоғары ғылыми білікті мамандарға деген болжамды қажеттілікті айқындай отырып, республиканың кадр әлеуетіне тұрақты мониторинг жүргізу;
      тез арада нәтижесін беретін ғылыми бағыттарды ғана емес, тұтас алғанда қоғамның орнықты дамуының аса маңызды элементі болып табылатын ғылыми жұртшылықты қолдау арқылы өзіміздің де, сондай-ақ шетелдің дәстүрлерін де бағдарға алатын отандық ғылымды реформалау;
      ғылым мен өндірістің байланысын іске асырудың маңызды шарты ретіндегі ұлттық инновациялық жүйені (ҰИЖ) қалыптастыру;
      отандық ғылыми жетістіктерді практикаға енгізуді ынталандыру;
      мақсатты өндірістік схемалар жергілікті жағдайларға бейімделген технологияларға, қоршаған ортаны оңалту технологияларына, сондай-ақ дәстүрлі білімдерге сүйенетін технологияларға негізделуі үшін перспективалы технологиялық әзірлемелер саласында зерттеулер мен ізденістерді орындау үшін технологиялық институттар құру және оларды қаржымен қамтамасыз ету;
      зияткерлік меншікті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, патенттерді пайдалану, ғылыми зерттеулер нәтижелерін пайдалану кезінде шетелдік және отандық инвесторлармен, жеке кәсіпорындармен құқықтық қатынастар орнату арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

  3.4. Орнықты экономикалық прогресс

       Ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру. Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету:
      шикізат секторының үлесін біртіндеп азайта отырып, экономиканы құрылымдық қайта құру;
      ғылымды және инновацияларды ынталандыру негізінде шетелдік өзіне ұқсастардан асып түсетін»технологиялық озуды»дамыту;
      қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу;
      біріккен экономикалық және экологиялық ұлттық есептерді жүргізу жолымен табиғатты ұқыпсыз пайдаланудан болатын ұлттық байлықтың ысырабын есепке алу;
      жер, су, орман, минералдар және өзге де ресурстарды пайдаланудың экологиялық әдістерін қоса алғанда, табиғат пайдалануға деген осы заманғы ғылыми негізделген көзқарасты енгізу;
      энергетикалық шығындарды еңсеру саласындағы арнайы мемлекеттік бағдарламаларды, біртұтас саясатты іске асыру барысында отандық экономиканың энергиялық тиімділігін арттыру;
      ел экономикасын технологиялық қайта жарақтандыру, осы заманғы технологияларды пайдалануды ынталандыру және ескірген технологиялар мен жабдықтарды әкелуге тыйым салу;
      ұлттық экономика құрылымындағы табиғи ресурстарды пайдаланатын кәсіпорындар үлесін қысқарту, ғылымды қажет ететін, табиғатты сақтайтын жоғары технологиялық өндірістерді дамыту;
      алынған пайдалы қазбаларды және өндірілген биологиялық ресурстарды міндетті пайдаланудың өлшемдерін белгілеу;
      қалдықтарды орналастыру полигондарында жинақталған бағалы материалдарды қалпына келтіру және пайдалану;
      ауыл шаруашылығы жерлерін жайластыру және табиғи ландшафттарға бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізу жүйелерін енгізу, экологиялық таза ауыл шаруашылығы технологияларын дамыту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі табиғи топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру;
      табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың қандай да түрін болдырмау және жолын кесу, қаскерлікке және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес;
      шаруашылық қызметтің барлық салаларына ресурс үнемдейтін және қалдықсыз технологияларды енгізуді ынталандыру;
      қалпына келтірілетін көздерді және қайталама шикізатты пайдалануды қоса алғанда, экологиялық тиімді энергия өндіруді қолдау;
      ресурстарды ұтымсыз пайдалануға, оның ішінде энергия ресурстарын ауада жағуға тыйым салу;
      энергия мен шикізатты тасымалдау кезінде, оның ішінде энергия өндіруді экологиялық негізделген орталықтан алу есебінен ысырабын азайту, ұсақ тұтынушыларды энергиямен қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру;
      көліктің, көліктік коммуникация мен отынның экологиялық қауіпсіз түрлерін, оның ішінде көміртекті емес түрлерін жаңғырту және дамыту;
      ірі қалаларда негізгі қозғалыс түрі - экологиялық қауіпсіз қоғамдық көлікке көшу;
      экологиялық қауіпсіз технологияларды дамыту, тұрмыстық-коммуналдық кешенді қайта жаңарту;
      барынша ұзақ пайдалануға есептелген тауар өндірісін қолдау жолымен жүзеге асырылады.
       Орнықты технологияларды енгізу. Республиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін техникалық әлеует құру өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, энергетикада, сумен жабдықтауда, қала шаруашылығын басқаруда және көлікте орнықты, экологиялық таза және экономикалық жағынан тиімді технологияларды енгізумен тікелей байланысты.
      Мұндай технологиялар қоршаған орта үшін рентабельді және қауіпсіз өндірістік схемаларды, қажетті коммуникативтік және ақпараттық құралдарды, сондай-ақ басқару мен есеп берудің жаңа тетіктерін (экологиялық маркетинг және менеджмент, сақтандыру, табиғат қорғау қызметін есепке алу, ұтымды табиғат пайдалану жүйесі және басқалар) үйлестіретін кешенді жүйелер болып табылады.
      Қазақстан индустриясын дамытудың перспективалық міндеті стратегиялық бағыттарда - кешенділікте, қалдықты аз шығаруда, ресурстық және энергиялық тиімділікте, сондай-ақ экологияны бұзу себептерін жоюға басым мән бере отырып, өндірістік жүйені барынша тұйықтауда өнеркәсіптік технология түрлерін қайта жаңарту болып табылады. Орнықты технологиялық модель әдеттегі өндірістік схемадан: жаппай өндірумен, жоғары жылдамдығымен, экономикалық тиімділігімен, орталықтан бақылаумен және стандартталуымен, адам факторына бағдарлануымен, қоршаған ортаға ізгілік қарым-қатынасымен, қалдықтарды қайталама кәдеге жаратумен және пайдалану жеңілдігімен ерекшеленеді.
      Өндірістік салада орнықты даму міндеттеріне қол жеткізу үшін:
      өздерінің көрсеткіштері бойынша отандық та, шетелдік те ұқсас түрлерінен асып түсетін»озыңқы» технологиялардың басымдығын қамтамасыз ету;
      жаңадан енгізілетін және импорттан әкелінетін технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі мен экологиялық қауіпсіздігіне сараптама жүргізу;
      өндірісті экологиялық қайта құрылымдау және экологиялық жаңғырту аясында алдын алу сипатындағы маңызды шаралар болып табылатын технологияларды басқарудың жаңа модельдерін енгізу;
      шаруашылық қызмет практикасына: ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесін, қаржылық реттеу тетіктерін, қоғамдық қолдау шараларын, дамыған инновациялық құрылымдарды, инфрақұрылымды жаңғырту мен өзгерту жағдайларын қоса алғанда, орнықты технологияларды енгізу мақсатында шешімдер қабылдау және жаңа инфрақұрылымды қалыптастыру үшін құралдар әзірлеу қажет.
       Жаңартылатын ресурстарды және балама энергия көздерін тиімді және ұтымды пайдалану. Қазақстан Республикасында жаңартылатын ресурстарды және балама энергия көздерін тиімді және ұтымды пайдалану жөнінде:
      жер, су, орман, балық, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы ресурстары мен жаңартылатын энергияларды пайдаланудың неғұрлым қазіргі заманғы технологияларын енгізу;
      гидроэнергетикалық ресурстарды, күн және жел энергетикасы нысандарын және басқа жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздерін ұтымды пайдалануды ынталандыру;
      энергияны, ресурстарды сақтау мен жаңартылған энергия көздерін қолданудағы халықаралық тәжірибені тарату бойынша орталықтар құру сияқты шаралар қабылдау қажет.

  3.5. Экологиялық орнықтылық

       Табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру. Қазақстан Республикасында табиғи жүйелердің өздігінен реттелу қабілетін және антропогендік қызмет салдарының орнын толтыруды қолдау үшін жеткілікті, ландшафттық және биологиялық әралуандықты сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ғылыми негізді шаралар жүзеге асырылатын болады.
      Табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру жөніндегі шаралар:
      қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін оңтайландыру;
      табиғатты пайдалануды басқаруда экожүйелік көзқарасты пайдалану;
      мемлекеттік, өндірістік және қоғамдық бақылау жүйесін, сондай-ақ экологиялық аудитті жетілдіру;
      қоршаған ортаға мониторинг жүргізу жүйесін дамыту;
      жер және су ресурстары тозуының, ластануының, әуе алабының ластануының алдын алу;
      Жердің озон қабаты мен климатқа антропогендік әсерді азайту;
      биологиялық әралуандықты сақтау және орнықты пайдалану;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданын ел аумағының кемінде 10%-ына дейін кеңейту;
      табиғи жүйенің тұтастығын сақтау және қалпына келтіру, оның ішінде гидротехникалық құрылыстарды, автомобиль және темір жолдарды, газ және мұнай құбырларын, электр тарату және басқа да желілік құрылыстарды салу кезіндегі шаруашылық қызмет процесінде оларды бөліп-жаруды болдырмау;
      антропогендік іс-әрекеттен бұзылған аумақтарды қайта құнарландыру;
      өндірістік объектілердің жұмыс істеу циклі аяқталысымен табиғи ландшафтарды толық қалпына келтіруді міндетті түрде талап етуді қолдану;
      экологиялық апат аймақтарын, зымыран-ғарыш және әскери-сынақ кешендерін оңалту;
      Каспий теңізі қайраңы мен оған іргелес жатқан аумақтардың ластануының алдын алу;
      өндіріс және тұтыну қалдықтарын қайта өңдеу мен кәдеге жарату көлемін біртіндеп ұлғайту;
      халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолымен іске асырылады.
       Халықтың денсаулығына қоршаған ортаның тигізетін қолайсыз әсерін азайту. Қоршаған орта факторларының қолайсыз әсерінен халықтың денсаулығын қорғау орнықты даму саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды элементтерінің бірі болып табылады.
      Қолайсыз экологиялық факторлардан халықтың денсаулығын қорғауға:
      экологиялық тәуекелді бағалау және оны азайту жөнінде бағдарламалар жасау;
      елді мекендердің аумағында қоршаған ортаның сапа нормативтерін сөзсіз қамтамасыз ету;
      өнеркәсіп объектілерін қоныстанатын аймақтан тысқары жерлерге шығару арқылы қала құрылысы шешімдеріне жаңа әдістерді енгізу;
      су құбырына және шөлмектерге құйылған ауыз су сапасына қойылатын талаптарды қатайту;
      тұрғын үй ортасының, әсіресе радиоактивті параметрлер бойынша жағдайын бақылау;
      экологиялық себептерден болған ауруларды емдеу үшін клиникалық орталықтар құру;
      қоршаған ортаның жағымсыз факторларының әсерінен халықтың денсаулығына әсер еткен дәлелденген зардапты өтеу тәртібін енгізу есебінен қол жеткізіледі.
       Төтенше экологиялық жағдайлардың және экологиялық лаңкестіктің алдын алу. Қазақстан Республикасында төтенше экологиялық жағдайлардың және экологиялық лаңкестіктің алдын алу мен олардың әлеуетті салдарларын жою жөніндегі қызмет:
      қоршаған орта үшін жағымсыз салдарға әкеліп соғатын төтенше жағдайларды болжау;
      жағымсыз экологиялық салдарлары бар төтенше жағдайлар кезінде халыққа жүріп-тұру ережелерін, қорғаныс іс-қимылы мен әдістерін оқыту;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жоспарына міндетті экологиялық бөлімдерді қосу;
      шаруашылық қызметінің ерекше режимі бар аймақтарды, экологиялық апат және дағдарыс аймақтарын белгілеуді заңнамалық регламенттеу;
      қоршаған ортаға жағымсыз салдары бар арандатушылық пен техногенді авариялардың алдын алу;
      табиғи ортаның тозуына әкелетін химиялық заттарды әдейі қолданудың алдын алу;
      табиғи және аграрлық экожүйелерді құртатын қасақана өрттердің, өнеркәсіптік қаскерліктің, өсімдік шикізаттарын заңсыз шабу мен дайындаудың алдын алу, сондай-ақ табиғи нысандар мен жүйелерді бұзуға әкелетін тірі организмдер түрін лаңкестік мақсатта әкелу мен таратудың алдын алу жолымен жүзеге асырылады.
      Генетикалық өзгерген организмдердің пайдаланылуына және таралуына бақылау жасау, сондай-ақ карантиндік және бөтен текті зиянды организмдердің әкелінуін немесе өз бетімен енуін болдырмау. Қазақстан Республикасында генетикалық өзгерген организмдердің пайдаланылуына бақылау жасауды ұйымдастыру, сондай-ақ карантиндік және бөтен текті зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болдырмауына бақылау жасау жөніндегі шаралардың қабылдануы мынадай жолмен жүзеге асырылатын болады:
      өсімдіктер карантині жөніндегі қызметтің тиімді жұмысын халықаралық стандарттарға сәйкес қамтамасыз ету;
      карантиндік және бөтен текті зиянды организмдердің ел аумағына енуін болдырмау, олардың таралу ошақтарын анықтау, тұйықтау және жою жөніндегі іс-шаралар жүйесін әзірлеу және іске асыру;
      ел ішінде жерсіндіру жұмыстарының жүргізілуін бақылау;
      генетикалық өзгерген организмдерді және олардың көмегімен алынған өнімдерді бақылаусыз әкелудің алдын алу жөніндегі іс-шаралардың жүйесін әзірлеу және іске асыру.
       Қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық құралдары. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық құралдары:
      қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды республикалық және жергілікті бюджеттердің, табиғатты пайдаланушылардың қаражаты есебінен, халықаралық заемдар, гранттар және өзге де көздерден мамандандырылған қорлар құру мүмкіндігімен қаржыландыру;
      қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану жөніндегі жобалардың конкурсын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен мүмкіндігінше одан әрі қаржыландыра отырып ұйымдастыру;
      табиғатты пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және ықтимал экологиялық залалға өтемақы төлеуге жауапты болатындығын немесе жүзеге асырылатын қызметтен бас тартуға тиіс екендігін білдіретін»"ластаушы төлейді"» қағидатын іске асыру;
      келешекте экологиялық стандарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті бір мезгілде күшейте отырып, қоршаған ортаға берілетін эмиссия үшін ақы төлеуден бас тартумен қоршаған ортаға шығатын эмиссия үшін және Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар төлеудің ынталандырушы сипатын арттыру;
      қоршаған ортаға келетін залалды экологиялық сақтандыру, сондай-ақ таратылу сатысында өз қаражатынан қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру үшін кәсіпорындар жанынан қорлар ұйымдастыру;
      экономикалық көрсеткіштерге табиғи нысандардың орта құру функциясын ескере отырып олардың толық құнын, сондай-ақ табиғатты қорғау (экологиялық) жұмыстарының (қызметтерінің) құнын қосу;
      қоршаған орта эмиссияларына квоталармен сауда жасау жүйесін енгізу;
      табиғатты қорғаудың нарықтық, оның ішінде өнеркәсіп тауарларын қайта пайдалану және қайталама өңдеуді ынталандыратын тетіктерін енгізу;
      халықаралық конвенциялар және келісімдерде көзделген, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық қаржы-экономикалық тетіктерді қолдану жолымен пайдаланылатын болады.
      Қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету елдің орнықты даму жолдарын белгілеу жөніндегі мемлекет қызметінің тиімділігін арттырудағы маңызды элементтердің бірі болып табылады.
      Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылым мынадай негізгі бағыттарда дамуға тиіс:
      орнықты даму теориясын жасау және осы салада ғылыми зерттеулер жүргізу;
      қоршаған ортаны қорғауды басқарудың ғылыми негіздерін әзірлеу;
      қоршаған ортаның жай-күйі индикаторлары жүйелерін қалыптастыру;
      экологиялық аудандастыру;
      жергілікті жерлердегі экологиялық проблемаларды шешу жолдарын әзірлеу;
      ресурс үнемдеуші, қалдығы аз, экологиялық тиімді жаңа технологияларды жасау;
      жаңартылатын биологиялық ресурстардың (орман, су, аңшылық-кәсіпшілік, дәрілік және басқалары) орнықты өсіп-өнуін қамтамасыз етіп пайдаланудың ғылыми қағидаттарын және технологияларын әзірлеу;
      биологиялық әралуандықты сақтаудың тиімді әдістерін әзірлеу;
      тірі организмдердің бөтен текті және генетикалық өзгерген түрлерінің таралуын талдау және осы процестерді бақылау мен келеңсіз салдарын азайтудың тиісті әдістерін әзірлеу;
      экологиялық-экономикалық бағалаудың әдіснамасы мен әдістерін әзірлеу, оның ішінде табиғи объектілердің орта құру функциясын ескере отырып құнын анықтау;
      ластанудың алдын алу және жою, қоршаған ортаны оңалту және қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату құралдары мен әдістерін әзірлеу;
      адам аурулары мен қоршаған орта сапасының өзгерістері арасындағы байланысты зерделеу;
      экологиялық мониторингтің қазіргі заманғы әдістерін, сондай-ақ табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік басқару мақсатында ақпараттық технологияларды әзірлеу және дамыту.

  3.6. Өңірлердің орнықты дамуы

      Қазақстан Республикасы өңірлерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін даму субъектісі ретінде тек әкімшілік бірліктерді ғана емес, сондай-ақ тиісті экологиялық жүйелерді де қарастыратын экожүйелік (алаптық) қағидатты енгізу қажет.
      Қазақстан Республикасының аумақтық деңгейдегі орнықты дамуы Қазақстан жағдайында табиғат, оның ресурстары мен экожүйелері анық трансөңірлік сипатқа ие болғандықтан, тек әкімшілік-аумақтық бөлініс субъектілері аясында ғана жүзеге асыруға болады.
      Осыған байланысты алаптық қағидат бойынша орнықты экожүйелік дамудың мынадай сегіз аймағына арналған орнықты дамуға көшу жөніндегі іс-шаралардың өңірлік жоспарларын әзірлеу көзделеді: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Атырау, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Шу-Талас.
      Экожүйелік қағидатқа сәйкес және трансөңірлік негізде орнықты өңірлік даму бағдарламаларын жасау:
      тұтас экологиялық жүйелерге жататын аумақтарды басқаруға деген бірыңғай көзқарасты негізге ала отырып, табиғатты тиімді пайдалануға және табиғи ресурстарды сақтауды қамтамасыз етуге;
      табиғи ресурстар менеджментінің қолданыстағы жүйесінің тиімсіздігін, ведомстволық бытыраңқылықты және функциялардың қосарлануын еңсеруге;
      Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын нығайтуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы жіктелушілікті азайтуға;
      халықаралық қатынастарда экожүйелік көзқарасты дамытуға жағдай жасауға, трансұлттық экологиялық жүйелерді сақтау жөніндегі бірлескен қызмет аясында көрші елдермен ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.
      Мұнда алаптық қағидат елдің әкімшілік бөлінісі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, экономикалық кластерлер құру секілді аумақтық ұйымдардың өзге түрлерін алмастырмайды. Сонымен бірге орнықты даму аймақтары аясында қоршаған ортаны қорғау мүдделерін сақтау негізінде ықпалдасу процестері белсенді түрде жүзеге асатын болады.
      Қазақстан Республикасының үлгісінде экожүйелік деңгейде аумақтық орнықты дамуға түбегейлі жаңа көзқарас қалыптасуы мүмкін.

  3.7. Институционалдық қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуін институционалдық қамтамасыз етуді Орнықты даму жөніндегі кеңес, даму институттары, ғылыми ұйымдар, үйлестіру орталықтары және азаматтық қоғамның басқа да институттары жүзеге асыруға тиіс.
      Орнықты дамуға көшу саласындағы мемлекеттің міндетін іске асыруды қамтамасыз ететін негізгі орган орнықты даму қағидаттарын мемлекет және қоғам өмірінің барлық салаларына енгізуге жәрдемдесуге тиіс Орнықты даму жөніндегі кеңес (ОДК) болып табылады.
      Орнықты даму, экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету, ғылыми негізделген демографиялық саясатты әзірлеу мен жүргізу мәселелерінде барлық мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру функцияларын іске асыру үшін орнықты даму саласындағы уәкілетті органды белгілеу туралы мәселе қарастырылуы тиіс.
      Даму институттарының қызметі бірыңғай мақсатты көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу жөніндегі инновациялық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға арналған орнықты даму басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
      Орнықты даму саласындағы ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін үйлестіру үшін орнықты даму мәселелері жөніндегі орталық құрылуға тиіс.
      Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттерін оның негізгі бағыттары бойынша іске асыру қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара бірлесіп, оның ішінде мемлекеттік емес үйлестіру орталықтарын құру арқылы да жүзеге асырылатын болады.

  4. Күтілетін нәтижелер

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру:
      өмір сүру сапасын әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті және дамыған елдердің деңгейіне дейін арттыруға;
      экономикалық өсудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға;
      2024 жылға қарай ел халқының санын 18 миллионға дейін өсіруге, еңбек ресурстарының сапасын арттыруға;
      антропогендік қысымды азайту мен»тарихи» экологиялық проблемаларды шешу есебінен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға;
      ел өңірлерінің дамуындағы орнықтылықтың артуына;
      Қазақстан Республикасындағы орнықты даму жөнінде бірқатар ірі халықаралық форумдар өткізуге ықпал ететін болады.

  Тұжырымдамада пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Экологиялық орнықтылық индексі - Йель экологиялық заңнама және саясат жөніндегі орталығы (Йель университеті) мен Жер туралы ғылымдар халықаралық ақпараттар желісі колумбиялық орталығының (Колумбия университеті) әдістемесі бойынша жыл сайын есептелетін әрі 76 параметр мен 16 өлшем есептемесіне негізделген көрсеткіш (экожүйелер жай-күйінің, экологиялық күйзелістің, халық денсаулығының экологиялық аспектілерінің, мемлекеттің әлеуметтік және институционалдық мүмкіндіктері мен халықаралық белсенділігінің көрсеткіштерін қоса алғанда);
      Джини индексі - қоғамның 10% мейлінше жоғары және 10% мейлінше төмен қамтамасыз етілген тобының табыстарының арақатынасы;
      өмір сапасы - өмір сүрудің орташа нормаланған ұзақтығы, өмір деңгейі және қоршаған табиғи ортаның сапасының көбейтіндісі ретінде анықталатын кешенді көрсеткіш (КВт*сағат);
      қоршаған табиғи ортаның сапасы - қуаттың өткен жылдағы ысырабы мен қуаттың ағымдағы жылдағы ысырабының қатынасы;
      қуат - түрлі қоғамдық және экономикалық процестердің қасиеттері бірлікпен көрсетілетін, объект энергиясының мезетте өзгеретін жылдамдығы (ГВт);
      қуатты өндіру - қуаттың бірлігінде айқындалған (ГВт) жиынтық өндірілген өнім;
      қуатты тұтыну - қуаттың бірлігінде айқындалған (ГВт) жиынтық тұтыну;
      қуаттың ысырабы - қуаттың өткен жылда тұтынылуы мен ағымдағы жылда өндірілуінің арасындағы айырма (ГВт);
      өмір сүрудің орташа нормаланған ұзақтығы - күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығының 100-ге бөлінгендегі көрсеткіші;
      өмір деңгейі - жан басына шаққандағы ағымдағы жылы қуатты өндіру (КВт/адам);
      орнықты даму - қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын және келер ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігіне қауіп төндірмейтін даму;
      экожүйелік (алаптық) қағидат - орнықты дамудың өңірлік проблемаларын ірі су алаптары деңгейінде шешу қағидаты;
      ресурстарды пайдалану тиімділігі (РПТ) - ағымдағы жылы өндірілген қуаттың өткен жылда тұтынылған қуатқа қатынасы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады