Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
және республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85, 87-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Үшінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.
2. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2007 жылғы 18 тамызға тағайындалсын.
3. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2007 жылғы 20 тамызға тағайындалсын.
4. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2007 жылғы 22 маусымда басталып, 2007 жылғы 11 шілдеде аяқталатын болып белгіленсін.
5. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын.
7. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті