Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы есірткі құралдарының, психоторптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 маусымдағы N 357 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының  15-бабына  сәйкес  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2004 жылғы 17 маусымда Ташкент қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық
туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы
есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың
прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер,
      есірткі құралдары мен психотроптық заттардың бұдан әрі - есірткілердің) сондай-ақ олардың прекурсорларының заңсыз айналымының теріс пайдалану ауқымының өсуіне алаңдаушылық білдіре отырып,
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымы Тараптар халықтарының әл-ауқаты мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      осы Келісім Тараптарының аумақтарын есірткілер мен олардың прекурсорларының контрабандасы мен заңсыз транзиті үшін пайдаланудың кеңеюіне алаңдай отырып,
      есірткілердің заңсыз айналымына және теріс пайдаланылуына қарсы күрес ісіндегі Тараптардың ынтымақтастығын нығайту ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер халықтарының мүддесіне сай келеді деп есептей отырып,
      2002 жылғы Шанхай ынтымақтастық ұйымы  Хартиясының , 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға жасалған түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы  бірыңғай конвенцияның , 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы  конвенцияның , 1988 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының
Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы  бірыңғай конвенциясының , 1998 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының XX арнайы сессиясында қабылданған Саяси декларацияның және шешімнің ережелерін, сондай-ақ БҰҰ-ның осы
мәселеге қатысты басқа да шешімдері мен ұсынымдарын назарға ала отырып,
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған тиімді шараларды қабылдауда өзара мүдделілікті ескере отырып,
      ұлттық заңнамаларын және жалпы танылған халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес келісілген стратегияны және есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестің бірлескен шараларын әзірлеу ісінде ынтымақтасады, ШЫҰ шеңберінде осы бағыттағы өз қызметін үйлестіреді, барлық
мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың, азаматтардың күш-жігерін біріктіреді, сондай-ақ нашақорлыққа және есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін
пайдаланады.
      Тараптар есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, екі жақты және көп жақты негізде
нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға және оны емдеуге ықпал етеді.
      Тараптар есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық форумдарда келісілген ұстаныммен шығуға ұмтылады, сондай-ақ есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес саласында
әрекет ететін халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасады.

  2-бап

      1. Тараптар есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ есірткілерді теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауда ынтымақтаса отырып, мынадай негізгі қағидаттарды басшылыққа алады:
      есірткілер мен олардың прекурсорларының айналымына байланысты қызметтің барлық түрлерін мемлекеттік реттеу;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар үшін жазадан құтылмаушылықты қамтамасыз ету;
      нашақорлықтың және есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының басымдығы;
      нашақорлықты емдеудің және нашақорлықпен ауыратындарды медициналық әлеуметтік оңалтудың негізгі әдістерін әзірлеу саласында ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау.
      2. Нашақорлықтың алдын алудың және есірткіге сұранысты төмендетудің алдын алу құралы ретінде есірткілерді медициналық емес пайдаланғаны үшін Тараптар өз ұлттық заңнамаларына сәйкес жауапкершілік белгілей алады.

  3-бап

      Тараптар есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ есірткіні теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау саласында ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстардың жай-күйін талдау;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының айналымына қатаң бақылау қою;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған конвенциялар мен халықаралық шарттар ережелерін орындау үшін келісілген шараларды жүзеге асыру;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес мәселелері бойынша Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастыру;
      нашақорлыққа, есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасаудың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күресте Тараптар ынтымақтастығының құқықтық базасын жетілдіру, халықаралық шарттардың ережелерін есепке ала отырып, осы салада Тараптардың ұлттық заңнамаларын сәйкестендіру;
      нашақорлықтың алдын алу, нашақорлықпен ауыратындарды емдеудің, әлеуметтік және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін әзірлеу және енгізу;
      нашақорлықтың таралуына ықпал ететін насихатқа және жарнамаға тыйым салу.

  4-бап

      1. Есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ есірткіні теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл саласында Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      а) есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, оның ішінде:
      Талаптар аумақтарында жасалған немесе жасауға дайындалып жатқан есірткі мен оның прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты кез-келген қылмыстарға;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қатысы бар күдікті адамдарға;
      есірткілер мен олардың прекурсорларын бір Тараптың аумағынан екінші Тараптың аумағына заңсыз ауыстырумен немесе заңсыз ауыстыру пиғылымен байланысты нақты фактілер мен оқиғаларға;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қатысы бар және қызметтері трансұлттық сипатқа ие криминалдық топтардың құрылымына, дербес құрамына,
      іс-әрекет саласына, басқаруды ұйымдастыруына және байланыстарына;
      Талаптар аумақтарында есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты және онымен айналысатын жекелеген адамдар мен қылмыстық топтардың арасында орын алған немесе ықтимал байланыстарға;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық әрекетті жүзеге асырудың нысандары мен әдістеріне;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымынан алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) бағытталған қызметке;
      есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымға түсу көздерін анықтаудың және мұндай заңсыз айналымның жолын кесудің нысандары мен әдістеріне;
      құқық бұзушылар пайдаланатын заңсыз айналымдағы есірткілер мен олардың прекурсорларының ізін жасыру және бүркемелеу тәсілдеріне және оларды анықтау әдістеріне;
      өзара мүддені білдіретін басқа да мәселелерге қатысты ақпарат алмасу;
      б) бір Тараптың сұрау салулары бойынша екінші Тараптың есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен байланысты мәселелер бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуі;
      в) есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға, оның ішінде бақыланатын жеткізілімдер өткізуге бағытталған іс-шаралар жүргізу кезінде өзара іс-қимыл жасасу;
      г) жұмыс тәжірибесімен алмасу, оның ішінде мәжілістер, конференциялар және семинарлар өткізу арқылы;
      д) есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, олардың орындалу практикасы туралы материалдармен, статистикалық деректермен және әдістемелік
ұсынымдармен алмасу;
      е) тиісті кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру;
      ж) материалдық-техникалық және консультациялық көмек, сондай-ақ сараптама жүргізуде көмек көрсету;
      з) есірткілер мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;
      и) заңсыз айналымнан алынған есірткілер мен олардың прекурсорларын зерттеу үлгілерімен және нәтижелерімен қажет болған жағдайда алмасу;
      к) Талаптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсету;
      л) ынтымақтасу процесінде туындаған мәселелер бойынша, оның ішінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде жұмыс топтарын құруды және өкілдер алмасуды қоса алғанда, қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;
      м) үкіметтік емес ұйымдарды және азаматтарды нашақорлықтың таралуына қарсы күреске және нашақорлықпен ауыратындарды медициналық-әлеуметтік оңалту мекемелерінің желілерін дамытуға тарту.
      2. Осы баптың 1-тармағының "е", "ж", "з"» тармақшаларында көзделген ынтымақтастықты, және атап айтқанда, оны қаржыландыру тәртібін іске асырудың нақты нысандары Тараптар арасындағы жекелеген уағдаластықтармен белгіленуі мүмкін.
      3. Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді нысандарын әзірлеуде және дамытуда кедергі келтірмейді.

  5-бап

      1. Осы Келісімде көзделген ынтымақтастық Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес тағайындайтын орталық құзыретті органдар арасында тікелей байланыстар арқылы жүзеге асырылады.
      Талаптардың орталық құзыретті органдары:
      сыртқы істер министрліктері;
      есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымын бақылау жөніндегі ведомстволар;
      бас прокуратуралар (прокуратуралар);
      ішкі істер (қоғамдық қауіпсіздік) министрліктері;
      ұлттық қауіпсіздік органдары және арнайы қызметтер;
      шекаралық ведомстволар;
      кедендік ведомстволар;
      әділет министрліктері;
      денсаулық сақтау министрліктері;
      білім беру министрліктері;
      және функциялары осы Келісімді жүзеге асыру мәселелеріне жататын басқа да ведомстволар болып табылады.
      2. Осы Келісімді іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты үйлестіруге жауапты уәкілетті органды белгілейді.
      3. Тараптар қажеттілігіне қарай дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің депозитарийіне пошталық мекен жайын, телефон, факс нөмірлерін, электрондық пошта мекен жайын көрсете отырып, орталық құзыретті және уәкілетті органдар туралы мәліметтерді жібереді.
      Осы Келісімнің депозитарийі Тараптарға олардың орталық және уәкілетті органдарының тізіміндегі өзгерістер туралы хабарлайды.

  6-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде шекаралас өңірлердің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастық өздерінің орталық құзыретті органдарымен келісім бойынша тікелей жүзеге асырылуы мүмкін. Олардың өзара іс-қимыл жасасу тәртібі Тараптардың ұлттық заңнамаларын ескере отырып, Тараптардың орталық құзыретті органдарымен қосымша келісіледі.

  7-бап

      1. Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастық көмек көрсету туралы сұрау салулардың негізінде немесе мұндай көмек көрсету екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғарса, Тараптардың бірінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
      Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жіберіледі. Шұғыл жағдайларда ол ауызша түрде берілуі мүмкін, бірақ 72 сағаттан кешіктірмей, қажет болған жағдайда мәтінді берудің техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып, жазбаша түрде расталуы тиіс.
      Сұрау салудың түпнұсқасына немесе оның мазмұнына күмән туындаған жағдайда көрсетілген құжаттың мазмұны бойынша жазбаша түрде қосымша растау немесе түсініктеме сұратылуы мүмкін.
      2. Көмек көрсету туралы сұрау салуда:
      - сұрау салатын және сұрау салынатын орталық құзыретті органдардың атауы;
      - сұрау салудың мақсаты және негіздемесі;
      - сұрау салынатын көмек көрсету мазмұнының сипаттамасы;
      - сұрау салуды орындаудың қалаулы мерзімдері;
      - сұрау салуды дер кезінде және тиісті орындау үшін пайдалы болуы мүмкін басқа да ақпарат;
      - егер қажет болса, сұрау салудың немесе сұрау салынған жекелеген әрекеттердің құпиялығы туралы көрсету;
      - егер қажет болса, сұрау салудың орыс тіліндегі немесе қытай тіліндегі аудармасы болуы тиіс.
      3. Сұрау салу шеңберінде алынған ақпарат тек сұрау салуда көрсетілген мақсаттарда ғана пайдаланылады.

  8-бап

      1. Сұрау салынатын орталық құзыретті орган сұрау салуды жылдам және мүмкіндігінше толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Бұл ретте, әдетте, сұрау салу келіп түскен күнінен бастап 30 тәуліктен аспайтын мерзімде орындалады.
      2. Сұрау салынатын орталық құзыретті орган оның пікірі бойынша сұрау салуды тиісті түрде орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерге сұрау салуға құқылы.
      3. Сұрау салынатын орталық құзыретті орган сұрау салған орталық құзыретті органның өкілдеріне, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін болса, өз мемлекетінің аумағында сұрау салуды орындауға қатысуға рұқсат беруі мүмкін.

  9-бап

      1. Сұрау салуды орындау мүмкін болмағанда немесе орындаудан бас тартқан жағдайда, бұл туралы сұрау салынған орталық құзыретті орган сұрау салған орталық құзыретті органды дереу жазбаша түрде хабардар етеді және сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін
себептер туралы хабарлайды, бұл ретте сұрау салуды және оның барлық қосымшаларын қайтарады.
      2. Егер сұрау салынатын орталық құзыретті орган сұрау салуды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне зиян келтіреді деп есептесе, не оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына қайшы келсе, онда сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
      3. Егер сұрау салатын орталық құзыретті орган сұрау салуды дереу орындау оның мемлекеті аумағында жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де іс жүргізуге кедергі келтіреді деп ұйғарса, онда сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы немесе сұрау
салған орталық құзыретті органмен консультациядан кейін қажетті деп белгілеген шарттарды сақтай отырып, оны орындауы мүмкін. Сұрау салған орталық құзыретті орган қойған шарттарда оған көмек көрсетуге келісім берген жағдайда, ол осы шарттарды сақтауы тиіс.

  10-бап

      1. Егер алынған ақпараттар мен құжаттар құпия сипатта болса немесе беруші Тарап оның жариялануын қажет емес деп санаса, Тараптардың әрқайсысы олардың құпиялығын қамтамасыз етеді. Ақпараттар мен құжаттардың құпиялық дәрежесін беретін Тарап
белгілейді.
      2. Осы Келісімнің негізінде бір Тараптың екінші Тараптан алған ақпараты мен құжаттары оларды ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз беруге жатпайды.

  11-бап

      Тараптар ұлттық заңнамалары шеңберінде есірткі құралдары мен олардың прекурсорларының бақыланатын жеткізілімі әдісінің, оның ішінде олардың заңсыз айналымына қатысты адамдарды анықтау және оларды қылмыстық қудалау мақсатында өзара қолайлы уағдаластықтары негізінде тиісінше пайдалануды көздейтін қажетті шараларды қабылдайды.

  12-бап

      1.    Тараптар өз аумағында осы Келісімді орындаумен байланысты шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, дербес көтереді.
      2. Тараптар өздерінің орталық құзыретті органдары өкілдерінің қабылдаушы Тараптың аумағына баруымен және болуымен байланысты барлық шығындарды өз мойнына алады.
      3. Сұрау салатын Тараптың орталық құзыретті органдары өкілдерінің сапары сұрау салынған Тараптың орталық құзыретті органдарымен алдын ала келісім бойынша жүзеге асырылады.

  13-бап

      Осы Келісімді іске асыру нәтижелерін және осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерін қарау мақсатында Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері және/немесе ведомстволары басшыларының отырыстары туралы ережені басшылыққа
ала отырып, мүше мемлекеттер аумағында жылына кемінде бір рет орыс тілінің әліпбиі ретімен кезектесіп кеңес өткізеді.
      Тараптардың орталық құзыретті органдары қажеттілігіне қарай бірлескен жұмыс кездесулерін және/немесе консультациялар өткізуі мүмкін. Мұндай кездесулер және/немесе кеңестер өзара келісім бойынша жүргізіледі, әдетте, ол оны жүргізуді ұсынған Тараптың
аумағында өткізіледі.
      ШЫҰ Хатшылығына мұндай кеңестерді, кездесулерді және/немесе консультацияларды өткізу туралы күні бұрын, ал ол аяқталған соң қорытындылары туралы хабарланады.

  14-бап

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен немесе қолданумен байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелерді консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.
      2. Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  15-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыруда Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін пайдаланады.

  16-бап

      1. Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші хабарламаны депозитарийге сақтау үшін тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
      Қажетті рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін олардың тиісті құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Тараптардың шешімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісімге қандай да бір ескертпелер жасауға жол берілмейді.
      4. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Кейіннен осы Келісімнің әрекеті егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, әр ретте келесі бес жылдық кезеңге өздігінен ұзартылады.
      5. Осы Келісім оның ережелерін бөлісетін және одан туындайтын міндеттемелерді өзіне қабылдауға дайын басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

  17-бап

      Тараптарға оның расталған көшірмесін жіберетін ШЫҰ Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
 
      2004 жылғы 17 маусымда Ташкент қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данадан жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.
 
      Қазақстан  Республикасы үшін
      Қытай Халық Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Тәжікстан Республикасы үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады