ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке Конвенцияның мәтініне қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Қазақстан Республикасының атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға мынадай:
"Қазақстан Республикасы осы Конвенцияның 7-бабы он екінші абзацының және 13-бабы 1-тармағының ережелерін қолданған кезде ұлттық заңнаманың талаптарын басшылыққа алатын болады." деген ескертпемен қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы 20 қарашадағы
N 695 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы
мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы
КОНВЕНЦИЯ ЖОБАСЫ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
оның заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерде реттелгендей мөлшерде қабылдаушы Тараптың еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне және азаматтарына қатысты тең қарай білуді қамтамасыз ету үшін жағдай туғызуға ұмтыла отырып,
Тараптар аумағында өздерінің ұлттық мүддесіне негізделген, жұмыс күшінің жүріп тұруына қолайлы жағдай туғызу қажеттігін мойындай отырып,
көші-қон ағынын тиімді реттеу, олардың көлемінің, бағыттары мен құрамының Тараптардың әлеуметтік-экономикалық даму мүдделеріне сәйкестігіне қол жеткізу мақсатында,
әртүрлі халықтардың өкілдері арасындағы өзара түсіністік, төзімділік, құрмет қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту мүдделерін, 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпы декларациясын, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының адам құқықтары мен еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы негіз қалаушы құжаттарын ұстануына орай,
мыналар туралы келісті:
I бөлім
Қолданылу аясы және анықтамалар
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаты үшін төменде келтірілген терминдердің мынадай мағыналары бар:
еңбекші-мигрант - Тараптардың бірінің азаматы болып табылатын, сондай-ақ Тараптардың бірінің аумағында тұрақты тұратын және өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды түрде тұратын және заңды негізде ақысы төленетін еңбек қызметімен айналысатын азаматтығы жоқ адам;
шекара маңындағы еңбекші - бір Тараптың шекараға жақын аумағында жұмыс істейтін және күн сайын немесе ең болмағанда, аптасына бір реттен сиретпей өзі қайта оралатын, басқа Тараптың шекараға жақын аумағындағы өзінің тұрақты тұратын жерін сақтайтын еңбекші-мигрант;
маусымдық еңбекші - өзінің сипаты бойынша жұмысы маусымдық жағдайларға байланысты және жылдың белгілі бір кезеңі ішінде орындалатын еңбекші-мигрант;
жұмыс беруші (жалға алушы) - еңбекші мигранттарға қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген шарттармен және жағдайлармен жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
еңбекші-мигранттың отбасы мүшесі — еңбекші-мигрантпен некеде тұрған, сондай-ақ оның асырауындағы балалары мен қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес отбасы мүшелері деп танылатын басқа да адамдар;
тұрақты тұру Тарабы - еңбекші-мигрант аумағында тұрақты тұратын және аумағынан ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін басқа Тараптың аумағына кететін мемлекет;
транзит мемлекеті - еңбекші-мигрант қабылдаушы Тарапқа немесе қабылдаушы Тараптан тұрақты тұру Тарабына бара жатқанда өтетін мемлекет;
қабылдаушы мемлекет - аумағында еңбекші-мигрант ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет;
құзыретті органдар - Тараптардың осы Конвенцияның орындалуына байланысты мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік билік органдары;
еңбек жағдайлары - адамның еңбек қызметі жүзеге асырылатын, еңбек процесінде оның денсаулығы мен еңбек ету қабілетіне әсер ететін, еңбек процесі мен өндірістік орта факторларының жиынтығы, сондай-ақ қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, ақысы төленетін демалыс берудің тәртібі, еңбекақы төлеу және басқа да еңбек жағдайлары;
еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-алдын алу, оңалту және қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес белгіленген өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі процесінде еңбекші-мигранттардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;
көші-қон циклі - тұрақты тұру Тарабынан шығуды, транзитті, қабылдаушы Тарапқа келуді, онда болуды және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруды, сондай-ақ тұрақты тұру Тарабына қайтуды қамтитын уақыт кезеңі.
2-бап
Осы Конвенция жынысына, нәсіліне, тіліне, дініне немесе сеніміне, саяси немесе өзге де көзқарасына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік тегіне, Тарап азаматтығына, жасына, экономикалық, мүліктік, отбасы жағдайына немесе басқа да белгілеріне қарамастан, қабылдаушы Тарап аумағында заңды негізде жүрген барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қолданылады.
Осы Конвенция еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері көші-қонының барлық циклі бойында қалыптасатын қатынастарды реттейді.
3-бап
Осы Конвенция:
Тараптардың халықаралық ұйымдарға жіберілген немесе халықаралық ұйымдар, мекемелер немесе Тараптардың кез келгені өзінің аумағында ресми функцияларды орындау үшін жалдаған, мәртебесі халықаралық құқық нормаларымен не Тараптар қатысушы болып табылатын тиісті халықаралық шарттармен реттелетін адамдарына;
жіберілген немесе Тараптардың біреуі өз аумағынан тыс жердегі даму не ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысуға жалдаған, жіберу рұқсаты мен мәртебесі қабылдаушы Тараптың тиісті халықаралық шарттарына сәйкес реттелетін және осы халықаралық шарттарға сәйкес еңбекші-мигранттар деп есептелмейтін адамдарға;
бір Тараптың азаматтары бола тұрып, осы басқа Тараптың аумағында филиалдары (өкілдіктері) бар ұйымның атынан және соның мүддесі үшін басқа Тараптың аумағында жұмыс атқарып жүрген адамдарға;
егер қабылдаушы Тарап заңнамасында және ол қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдарға;
қабылдаушы Тарап аумағында өздеріне босқын мәртебесін немесе баспана беру туралы қолдаухат беріп жүрген адамдарда;
қабылдаушы Тарап аумағында босқын мәртебесін немесе баспана алған адамдарға;
қабылдаушы Тараптың тіркелген діни ұйымдарында діни қызметпен айналысып жүрген діни қызметкерлерге;
теңізшілерге;
оқу мақсатында келген адамдарға;
қабылдаушы Тарап аумағында шетелдік фирмалар өкілдіктерінің немесе бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері ретінде тіркелген адамдарға қолданылмайды.
4-бап
1. Әрбір Тарап өзінің заңнамасына сәйкес еңбекші-мигранттар үшін:
Осы Тарап мүддесі үшін жалдау бойынша жұмыс санаттарына, кәсіп немесе қызмет түріне;
ұлттық еңбек нарығын қорғауды жүзеге асыру және бос жұмыс орындарына тұруға өз азаматтарының басым құқығын қамтамасыз ету мақсатында ақысы төленетін еңбек қызметіне қол жеткізуге қатысты шектеулер белгілей алады.
2. Ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегелілігін қамтамасыз ету мүддесінде немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары шектеуге жатқызылуы мүмкін.
3. Тарап еңбекші-мигранттар үшін осы бапта көзделген шектеулердің қабылданғаны туралы осы шектеулер қабылданған күннен бастап 45 күннің ішінде депозитарийді хабардар етеді.
II бөлім
Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің
негізгі құқықтары
5-бап
Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің қабылдаушы Тарап аумағына келуге, жүріп-тұруға және заңнамада және/немесе халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен кетуге құқығы бар.
6-бап
1. Еңбекші-мигранттар қабылдаушы Тарап аумағында, заңнамаға сәйкес осы Тараптың азаматтарына:
қауіпсіз еңбек жағдайларына;
қосымша ақы мен оларға құқығы бар адамдарға арналған өтемақы алуды қоса, теңдей мәнді жұмысы үшін теңдей сыйақыға;
қайтарымсыз негізде тұрғын үйді пайдалануға;
қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес, зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыруға (әлеуметтік сақтандыруға);
қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан міндетті әлеуметтік сақтандыруға;
өндірістегі жазатайым оқиғалар немесе кәсіптік аурулар салдарынан өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян өтеміне;
еңбекші-мигрантқа тәуелсіз мән-жайлар бойынша еңбек қызметінен айырылған жағдайда, осы Конвенцияның 4-бабында көзделген шектеулерді ескере отырып, басқа ақысы төленетін еңбек қызметіне қол жеткізуге берілетін құқықтарды пайдаланады.
2. Еңбекші-мигранттардың қабылдаушы Тарапта еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты құқықтары осы Тарап қатысушысы болып табылатын заңнамамен және халықаралық шарттармен реттеледі.
7-бап
1. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері халықаралық құқықтық актілер мен қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес мынадай негізгі құқықтарды:
өмір сүру; бостандық және жеке басының ісіне қол сұқпау;
некеге тұру;
қабылдаушы Тараптың азаматтарымен заң мен сот алдындағы теңдік;
жеке немесе отбасы өміріне заңсыз араласудан қорғау;
тұрғын жайға қол сұғылмаушылыққа заңсыз тиісуден қорғау;
жеке хат жазысулар немесе басқа да байланыс нысандарының құпиясын қорғау;
ар-намыс, ождан және іскерлік беделін қорғау;
заңды негізде тиесілі жеке меншігін қорғау;
білім алу;
мәдени өмірге қол жеткізу және оған қатысу;
зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру);
өтеусіз негізде жедел (кезек күттірмейтін) медициналық көмек және өтеулі негізде өзге медициналық көмек алу;
қабылдаушы Тарапта баланың тууын тіркеу құқығын пайдаланады.
2. Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қабылдаушы Тарап заңнамасына сәйкес сөз бостандығына, діни сенім, өз пікірін білдіру, қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар құру және кәсіптік одақтарға кіру құқықтарын іске асыруға кепілдік береді.
3. Әрбір еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшесі кез келген Тараптың заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес өзінің осы Тараптар аумағындағы құқықтық субъектілігінің танылуына құқығы бар.
8-бап
Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты құлдық, кез келген басқа да мәжбүрлі жай-күйге, мәжбүрлі еңбекке, қинау, адамның ар-намысы мен ожданын қатыгездікпен және кемсітушілікпен қарау немесе жазалау жағдайларына жол бермейді.
9-бап
Еңбекші-мигранттар және олардың отбасы мүшелері жеке мүлкін, сондай-ақ еңбек қызметіне арналған заттарды әкелген және әкеткен кезде қабылдаушы Тараптың халықаралық шарттары мен заңнамасы қолданылады.
10-бап
Еңбекші-мигранттар осы Конвенцияға сәйкес халықаралық шарттар мен оның заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тараптың валютасымен және шетелдік валютамен еңбек қызметіне ақы ретінде алынған ақшалай қаражатты қабылдаушы Тараптан аударуға және тасымалдауға құқылы.
11-бап
Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері Тараптардың құзыретті органдарынан:
олардың осы Конвенциядан туындайтын құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуы тәртібіне;
олардың елде болуы және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруы шарттарына, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың немесе транзит мемлекетінің заңнамасынан және олардың халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне қатысты ақпаратты өтеусіз алуға құқығы бар.
12-бап
1. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері, осы Тараптың халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген негіздер бойынша болмаса, қабылдаушы Тараптан қуыла алмайды, депортациялауға немесе реадмиссиялауға ұшырамайды.
2. Тараптар, бұл ретте қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әрекет ететін құзыретті органды қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжаттарды және еңбекші-мигранттың және оның отбасы мүшелерінің елге кіруіне, елде болуына және/немесе ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруына құқық беретін құжаттарды тәркілей алмайтынына кепілдік береді.
Құзыретті органдар санкциялаған көрсетілген құжаттарды алып қою осындай алып қоюды растайтын ресми құжат берілген жағдайда жүзеге асырылады. Паспортты немесе еңбекші-мигранттың және/немесе оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын өзге құжатты, еңбекші мигранттың және оның отбасы мүшелерінің елге кіруіне, елде болуына және/немесе ақысы төленетін еңбек қызметін атқаруына құқық беретін құжаттарды жоюға немесе бүлдіруге жол берілмейді.
13-бап
1. Еңбекші-мигранттардың отбасы мүшелері (шекаралық және маусымдық еңбекшілерді қоспағанда) қабылдаушы Тарапта оның азаматтары секілді жалпы білім алу және қосымша кәсіби білім алу құқықтарын пайдаланады.
"Жалпы білім алу" және "қосымша кәсіби білім алу" деген ұғымдардың мазмұны қабылдаушы Тараптың заңнамасында айқындалады.
2. Тараптар еңбекші-мигранттардың отбасы мүшелерінің қабылдаушы Тараптың тілін оқу бағдарламаларының ұйымдастырылуына жәрдемдеседі және ана тілін оқуына кедергі жасамайды.
III бөлім
Шекара маңындағы және маусымдық еңбекшілерге және олардың отбасы мүшелеріне қолданылатын ережелер
14-бап
1. Шекара маңындағы еңбекшілер осы Конвенцияда көзделген құқықтарды және осы Конвенцияның 4-бабында көзделген шектеулерді ескере отырып, өздеріне қабылдаушы Тарапта болуға және ақысы төленетін еңбек қызметін атқаруға байланысты берілуі мүмкін құқықтарды пайдаланады.
2. Шекара маңындағы еңбекшілер үшін жұмысқа орналасудың және мемлекеттік шекарадан өтудің жеңілдетілген тәртібі мәселелерін Тараптар екі жақты халықаралық шарттар негізінде шешеді.
15-бап
1. Конвенцияның ережелері маусымдық еңбекшілерге осы Конвенцияның 4-бабында көрсетілген шектеулерді ескере отырып, олардың еңбек қызметін жүзеге асыру кезеңіне қолданылады.
2. Маусымдық еңбекшілерді жұмысқа орналастырудың жеңілдетілген тәртібі мәселелерін Тараптар халықаралық шарттар негізінде шешеді.
IV бөлім
Еңбекші-мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің
құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық
16-бап
1. Тараптар еңбекші-мигранттарды тарту және Тараптардың аумақтарында олардың еңбегін пайдалану саласында өзара іс-қимыл жасайды.
2. Қабылдаушы Тарап пен тұрақты тұру Тарабы еңбекші-мигранттарды олардың қабылдаушы Тарапта болу және олардың ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ олар қабылдаушы Тараптың көші-қон заңнамасын бұзған жағдайда, оның ішінде реадмиссия туралы келісімдер жасасу жолымен қайтару мәселелері жөнінде барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
3. Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің биометриялық деректері бар құжаттарын ресімдеу, солардың негізінде тұрақты тұру Тарабынан кететін және қабылдаушы Тарапта еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекші-мигранттар туралы дерекқор құру, сондай-ақ еңбек мигранттары туралы ақпарат алмасу жөнінде келісілген шаралар қабылдайды.
17-бап
Тараптар еңбекші-мигранттарды медициналық сақтандыру мәселелері жөнінде ынтымақтасады.
18-бап
Қабылдаушы Тарап және тұрақты тұру Тарабы қабылдаушы Тараптың еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтар бойынша екі Тараптың да аумағында еңбекші-мигранттарға кәсіптік білім беру мәселелері жөнінде ынтымақтастықты жүзеге асыруы мүмкін.
19-бап
Тараптардың құзыретті органдары еңбекші-мигранттардың табысы мен мүлкіне қосарланған салық салуға жол бермеу үшін тиісті Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алады.
20-бап
Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері тұрақты тұратын Тараптың заңнамасымен және Тараптардың халықаралық шарттарымен реттеледі.
21-бап
Тараптар еңбек, халықты жұмыспен қамту және еңбек көші-қоны саласындағы заңнамадағы, елге кіру, елде болу, орын ауыстыру және кету ережелеріндегі өзгерістер, еңбекші-мигранттардың өмір сүру жағдайлары және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асырудың тәртібі мен ұлттық еңбек нарығының жай-күйі туралы уақтылы ақпарат алмасады.
22-бап
Еңбекші-мигрант немесе оның отбасының мүшесі қайтыс болған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары:
еңбекші-мигранттың немесе оның отбасы мүшесінің қайтыс болу фактісі туралы дипломатиялық өкілдіктерді немесе тұрақты тұратын Тараптың консулдық мекемелерін хабардар етеді, оларға қайтыс болу фактісі бойынша қажетті мәліметтер береді;
жұмыс берушінің (жалдаушының) қайтыс болған еңбекші-мигранттың мәйітін және мүлкін тұрақты тұратын Тарапқа жеткізуді жүзеге асыруына, сондай-ақ еңбек шартының ережелерімен жұмыс берушінің (жалдаушының) қайтыс болған еңбекші-мигрантқа және оның отбасы мүшелеріне қатысты қаржылық міндеттемелерін орындауына жәрдемдеседі.
V бөлім
Қорытынды ережелер
23-бап
1. Осы Конвенцияда еш нәрсе тиісті Тараптың заңнамасында және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларында мойындалатын және кепілдік берілетін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының шектелуі немесе кемсітілуі ретінде түсіндіріле алмайды.
2. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарына қатысты осы Конвенцияда белгіленген шектеулер, олар көзделгеннен басқа мақсаттарға қолданылмауға тиіс.
24-бап
Тараптар осы Конвенцияға қол қойылған күннен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей оны іске асыру жүктелетін құзыретті органдарды белгілейді және бұл туралы депозитарийді хабардар етеді.
Құзыретті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы тез арада депозитарийді хабардар етеді.
25-бап
Осы Конвенцияның Тараптар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерге қатысы жоқ.
26-бап
Осы Конвенция ережелерінің іске асырылуы барысы туралы мәселелер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Көші-қон органдары басшылары кеңесінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңесінің отырыстарында қаралады.
27-бап
Осы Конвенцияны қолдануға және түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
28-бап
Осы Конвенция оған қол қойған Тараптардың, оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Конвенция тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
29-бап
Осы Конвенцияға Тараптардың келісімімен осы Конвенцияның 28-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін, жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
30-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Конвенция қолданылған уақытта туындаған міндеттемелерді реттеп, ол жөнінде депозитарийге шығу күніне дейін 12 айдан кешіктірмей жазбаша хабарлама жолдап, осы Конвенциядан шыға алады.
31-бап
Осы Конвенция өз күшіне енгеннен кейін ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжат тапсыру жолымен қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Конвенция депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
32-бап
Осы Конвенция күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде қолданылады. Бұл мерзімнің аяқталғаннан кейін егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, осы Конвенция әр кезде кезекті бес жыл мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
_____________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Грузия үшін Түркіменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін