Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарт жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 22 қаңтардағы N 730 Жарлығы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н. Назарбаев

жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ҮНДІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
АРАСЫНДАҒЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ
ШАРТ

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы,
      қылмыс жасаған адамды өзара ұстап беру туралы келесі ережелерді қабылдау жолымен қылмысқа қарсы күресте екі Уағдаласушы Мемлекеттің тиімді ынтымақтастығын арттыруға ниет білдіре отырып,
      терроризмге қарсы күресу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін мойындай отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

      1-бап. Ұстап беру міндеттемесі

      1. Әрбір Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салушы Мемлекеттің аумағының шегінде жасалған, 2-бабында көзделген ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс үшін айыпталған немесе сотталған, Сұрау салынған Мемлекеттің аумағының шегінде жүрген кез келген адамды, аталған қылмыстың осы Шарттың күшіне енуінен бұрын немесе кейін жасалғанына қарамастан осы Шартта айқындалған мән-жайлар кезінде және талаптармен басқа Уағдаласушы Мемлекетке ұстап беруге міндеттенеді.
      2. Сонымен қатар ұстап беру, егер Сұрау салынған Мемлекетте ұқсас жағдайларда осындай қылмысқа қатысты заң құзыры бар болса, Сұрау салған Мемлекет аумағының сыртында жасалған, бірақ оған қатысты заң құзыры бар осы Шарттың 2-бабында көзделген қылмысқа әкеп соғуына байланысты болуы мүмкін. Осындай жағдайда Сұрау салынған Мемлекет ауыр қылмысты есепке ала отырып, барлық істердің жағдайларын назарға алады.
      3. Сонымен қатар ұстап беру, егер қылмысты Сұрау салушы Мемлекеттің азаматы үшінші мемлекетте жасаса және ол өзінің заң құзырын қылмыскер азаматтығымен негіздесе, осы Шарттың 2-бабында көзделген қылмысқа әкеп соғуына байланысты болуы мүмкін.

       2-бап. Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс

      Осы Шарттың мақсаты үшін ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс Уағдаласушы Мемлекеттің әрқайсының заңнамаларына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру әрекеті болып табылады.

       3-бап. Құрамдас қылмыстар

      Ұстап беру осы Шартқа сәйкес Сұрау салынған Мемлекетте сұралып жатқан тұлғаның толық немесе жартылай жасаған әрекетіне қарамастан егер осы әрекет және оның зардабы немесе оның жоспарланған зардабы екі Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасалғаны толығымен алып қаратылса, ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс үшін жүзеге асырылады.

       4-бап. Эксаумақтық заң құзыры

      Уағдаласушы Мемлекеттер кез келген азаматы үшін оның аумағынан тыс кез келген жасаған қылмысы екі Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша да қылмыс болып саналады.

       5-бап. Ұстап беруден бас тартудың негіздері

      1. Егер:
      1.1. ол Сұрау салушы Мемлекеттің азаматы болып табылса; немесе
      1.2. ол ұстап берілген жағдайда оған сот істі қарауы барысында залал келтіруін немесе ол оның нәсілдік, діни, ұлттық тиесілігіне немесе саяси сенім себептері бойынша жазалануын Сұрау салушы Мемлекетке дәлелдей алса; немесе
      1.3. ол Сұрау салушы Мемлекетке, барлық жағдайларды ескергенде, оның ұстап берілуі Сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалау қозғау үшін немесе үкімді орындау үшін мерзімнің өтіп кету себебі бойынша немесе басқа заңның негізі бойынша әділетсіз немесе қатал шара болатынын дәлелдей алса; немесе;
      1.4. Сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша ұстап беруге жол берілмесе; немесе
      1.5. сотталып немесе айыпталып жатқан ол жасаған қылмыс әскери қылмыс болып табылса, сонымен қатар әдеттегі қылмыстық құқыққа сәйкес қылмыс болып табылмаса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
      2. Адам, сонымен қатар, егер оны ұстап берілуі сұралып жатқан қылмысқа қатысты ол Сұрау салушы Мемлекеттің қылмыстық қудалауына душар болса және сотталған немесе ақталған болса, онда ұстап берілмейді.
      3. Егер ұстап берілуі сұралып жатқан адам Сұрау салынған Мемлекеттің сотымен ұстап беруге әкеп соғатын қылмысы үшін сотталуы мүмкін болса, онда ұстап беру туралы сұрау салудан Сұрау салушы Мемлекет бас тартуы мүмкін.

       6-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру жөніндегі
              міндеттемелер

      1. Егер Сұрау салушы Мемлекет 5-бабының 3-тармақшасында көрсетілген себептер бойынша ұстап беру туралы сұрау салудан бас тартса, ол бұл істі қылмыстық қудалдауды жүзеге асыру үшін өзінің құзыретті органына береді.
      2. Егер құзыретті орган осы іс бойынша қылмыстық қудалдауды жүзеге асырмау шешімін қабылдаса, ұстап беру туралы сұрау салу осы Шартқа сәйкес қайтадан қаралу тиіс.

       7-бап. Өз азаматтарын ұстап бермеу салдарлары

      Егер 5-бабының 1.1-тармағына сәйкес ұстап беруден бас тартса, онда Сұрау салушы Мемлекет өздерінің заңнамасына сәйкес аталған қылмыс үшін осындай адамға қатысты қылмыстық іс қозғауы тиіс. Бұл мақсатта Сұрау салушы Мемлекет Сұрау салынған Мемлекетке тиісті құжаттар мен дәлелдерді береді.

       8-бап. Ұстап беруді кейінге қалдыру және белгілі уақытқа
              ұстап беру

      1. Егер ұстап берілуге жататын адам Сұрау салушы Мемлекет аумағында қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса немесе басқа қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан болса, онда іс бойынша өндіріс жүргізу аяқталғанға, жаза өтелгенге немесе босатылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыра алады, бұл туралы Сұрау салушы Мемлекетке хабарланады.
      2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру мерзімнің өтіп кетуіне әкеліп соқса немесе тергелуін қиындатуы мүмкін болса, онда адам Сұрау салушы Мемлекеттің арнайы сұрау салуы бойынша уақытша ұстап берілуі мүмкін.
      3. Уақытша ұстап берілген адамды Сұрау салушы Мемлекет іс бойынша өндіріс жүргізу аяқталғаннан кейін дереу қайтаруға тиіс.

       9-бап. Ұстап беру рәсімдері

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.
      2. Ұстап беру туралы сұрау салу:
      2.1. ұстап берілуі сұрау салынған адамның атын және тегін (әкесінің атын), оның азаматтығы, тұратын жері немесе орналасқан жері туралы ақпаратты және басқа қажетті деректерді, сондай-ақ, мүмкіндігінше, бұл адамның ауызша суреттелген портретін, оның фотографиясы мен саусақ бедерін;
      2.2. ұстап берілуі сұрау салынғанға байланысты қылмыс құрамының сипаттамасын; және
      2.3. мынаны:
      2.3.1.аталған қылмыстың жіктемесін; және
      2.3.2. аталған қылмысты жасағаны үшін санкцияны көздейтін тиісті заң мәтінін қамтуға тиіс.
      3. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерден басқа, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін ұстап беру туралы сұрау салуға, Сұрау салушы Мемлекеттің құзыретті органы берген қамауға алу туралы қаулының (тұтқынға алу ордерінің) көшірмесі қоса берілуге тиіс.
      4. Егер сұрау салу енді сотталушы адамға қатысты болса, оған сонымен қатар үкімнің куәландырылған көшірмесі мен аталған адамның үкімге дауласа алмайтындығы туралы өтініш, сондай-ақ аталған адамның жазалау мерзімінің өтелмеген бөлігі көрсетілген нұсқама қоса берілуге тиіс.
      5. Егер Сұрау салушы Мемлекет сұрау салу бойынша шешім қабылдау үшін осы Шарттың мақсаты үшін ұсынылған дәлелдер мен ақпарат жеткіліксіз деп тапқан, онда қосымша дәлелдер немесе ақпарат ақылға сыйымды мерзім шегінде берілуге тиіс.

       10-бап. Уақытша тұтқынға алу

      1. Шұғыл жағдайларда Сұрау салынған Мемлекет өз заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Мемлекеттің құзыретті органдарының дипломатиялық арналар бойынша немесе Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымының Орталық Ұлттық Бюрасы - ИНТЕРПОЛ арқылы сұрау салуы бойынша ұстап беру туралы сұрау салуды алғанға дейін адамды тұтқынға алуы мүмкін. Сұрау салу осы адамды ұстап беру туралы сұрау салу жолданған ниетке нұсқаманы және оған қатысты тұтқынға алу ордерінің бар-жоғына немесе үкімге сілтемені; және бар болған жағдайларда Шарттың 9-бабының 2.1 және 2.3.-тармақшаларында көзделген мәліметтерді, сондай-ақ адам қылмыс жасаған немесе сотталған жағдайда тұтқындауға ордер беруін дәлелдеу үшін Сұрау салған Мемлекеттің аумағында қажетті қолда бар басқа да ақпаратты қамтуға тиіс.
      2. Егер оны ұстап беру туралы сұрау салу аталған мерзім ішінде алынбаған болса, осындай сұрау салу бойынша тұтқынға алынған адам, ол тұтқындалған күннен бастап 30 күн өткеннен кейін босатылуы тиіс. Қамауға алынған мерзімі Сұрау салушы Мемлекеттің бұл жөнінде сұрау салуы бойынша 60 күнге дейін және ерекше жағдайларда 90 күнге дейін ұзартылуы тиіс.

       11-бап. Арнайы ереже

      1. Ұстап берілген адам Сұрау салынған Мемлекеттің келісімінсіз ұстап берілгені үшін өзге қылмыс және оны ұстап беруге негіздемеге ұсынылған дәлелдер негізінде ашылған кез-келген неғұрлым елеусіз қылмысы үшін Сұрау салушы Мемлекетте қылмысқа немесе жазаға тартыла алмайды, сондай-ақ ол адам Сұрау салушы Мемлекеттің келісімінсіз үшінші мемлекетке беріле алмайды.
      2. Егер:
      2.1. ұстап берілген адам кез-келген заңдық негізде қылмыстық қудалау, жазасын өтеу немесе босату аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде мүмкіндігінің бар болуына қарамастан Сұрау салушы Мемлекеттің аумағын тастап шықпаса. Бұл мерзімге ұстап берілген адамның оған тәуелсіз себептер бойынша Сұрау салушы Мемлекеттің аумағын тастап шыға алмаған уақыты есептелмеуі тиіс;
      2.2. ұстап берілген адам бір күні сол аумағын тастап шыға отырып, сол жерге өз еркімен оралса, Сұрау салынған Тараптың келісімі талап етілмейді.
      3. Осы баптың 1-тармағындағы ережелер адам оралғаннан кейінгі жасаған қылмысына немесе осы құқық бұзушылықтарға байланысты туындаған істерге қолданылмайды.

       12-бап. Құжаттарды және дәлелдерді тану

      1. Берілген немесе куәландырылған құжаттар, сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің аумағындағы құзыретті соттар немесе өзге де органдар белгіленген түрде алған айғақтар басқа Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында, оның заңнамасына сәйкес, қандай да бір заңдастыруды талап етпейді.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің бірінің аумағындағы ресми ретінде қарастырылатын құжаттар сондай-ақ басқа Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында ресми құжаттардың дәлелдеуші күшіне ие болады.

       13-бап. Бәсекелестік сұрау салулар

      Егер бір адамды сол немесе басқа да қылмысы үшін Уағдаласушы Мемлекет және Сұрау салынған Мемлекетпен ұстап беру туралы уағдаластығы бар үшінші мемлекет ұстап беруге сұрау салса, онда Сұрау салынған Мемлекет бұл адамды бұл ретте қай мемлекетке ұстап беру туралы шешім қабылдайды, Уағдаласушы Мемлекетке артықшылық беруге міндеттенбейді.

       14-бап. Өлім жазасы

      Егер Сұрау салушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес сұрау салынып отырған адам оны ұстап беруге сұрау салынып жатқан қылмысы үшін өлім жазасына тартылуы мүмкін болса, ал Сұрау салынған Мемлекеттің заңнамасының сәйкес жағдайда өлім жазасы көзделмесе, егер Сұрау салынған Мемлекеттің пікірі бойынша тек Сұрау салушы Мемлекет өлім үкімінің орындалмайтыны туралы жеткілікті келіпдіктер ұсынбаса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

       15-бап. Беру

      1. Ұстап берілуге тиіс адамды беру тәртібі өзара қолайлы шарттарда екі Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдары арасында келісілуі тиіс.
      2. Сұрау салушы Мемлекет сұрау салынған адамды Сұрау салынған Мемлекеттің аумағынан Сұрау салынған Мемлекет келісім берген сәттен бастап бір ай немесе Сұрау салынған Мемлекеттің заңнамасымен рұқсат етілген уақыттың үлкен кезеңі ішінде алып кетеді. Егер адамды осы мерзім ішінде алып кетпесе, Сұрау салынған Мемлекет оның осы қылмысы үшін ұстап беруден бас тартуы мүмкін.

       16-бап. Қылмысқа байланысты заттарды беру

      1. Сұрау салушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша Сұрау салынған Мемлекет шегінде өзінің заңнамасында көзделген ұстап берілген адам жасаған қылмыс құралы болып табылатын заттарды, қылмыстың ізі бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттарды береді.
      2. Жоғарыда аталған заттар адамды ұстап беру оның өлуіне, қашып кетуіне байланысты немесе басқа себептер бойынша жүзеге асырыла алмайтын жағдайларда беріледі.
      3. Егер осы Баптың 1-тармағында аталған заттар басқа қылмыстық іс бойынша өндіріс үшін қажет болса, Сұрау салынған Мемлекет оларды беруді осы іс жүргізу аяқталғанға дейін кейінге қалдыра алады.
      4. Сұрау салушы Мемлекетке берілген заттарға деген үшінші адамдардың құқықтары күшінде қалады. Іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін бұл заттарды Сұрау салушы Мемлекет оның аумағында жүрген иелеріне қайтарады. Егер иелері Сұрау салынған Мемлекеттің аумағында болса, заттарды иелеріне беру үшін оған қайтарады. Егер иелері үшінші мемлекеттің аумағында болса, заттарды Сұрау салушы Мемлекет оның есебінен оларға қайтарады.
      5. Заттар мен ақшалай қаражаттарды беру Сұрау салынған Мемлекеттің заңнамасында көзделген шектерде жүзеге асырылады.

       17-бап. Ұстап беруге өзара құқықтық көмек

      Әрбір Уағдаласушы Мемлекеттер өздерінің заңнамаларына сәйкес ұстап беруге сұрау салынған қылмыспен байланысты қылмыстық істер бойынша бір-біріне бар мүмкіндігінше құқықтық көмек көрсететін болады.

       18-бап. Ұстап беру бойынша шығыстар

      Ұстап беруге қатысты барлық шығыстарды аумағында іс жүргізу туындаған Уағдаласушы Мемлекет көтереді. Уағдаласушы Мемлекеттің біреуінің үшінші мемлекеттен Уағдаласушы басқа Мемлекеттің аумағы арқылы ұстап берілген адамды транзиттік тасымалдауынан туындаған шығыстарды транзитті жүзеге асыратын Уағдаласушы Мемлекет көтереді.

       19-бап. Тілі

      Осы Шартты орындау кезінде Уағдаласушы Мемлекеттер басқа Уағдаласушы Мемлекеттің тіліне аударманы немесе ағылшын тіліндегі нұсқасы қоса отырып, өзінің мемлекеттік тілін пайдаланады.

       20-бап. Халықаралық конвенциялар/шарттар

      Осы шарт Уағдаласушы Мемлекеттің қол қоюшылар болып табылатын басқа халықаралық конвенция/шарттардың бірінен туындайтын Уағдаласушы Мемлекеттің құқықтары мен міндеттемесіне міндеттемелерін қозғамайды.

       21-бап. Транзит

      1. Ұстап беру адамы болып табылатын адамды транзиттеу Уағдаласушы Мемлекеттің аумағы арқылы үшінші мемлкеттен басқа Уағдаласушы Мемлекеттің аумағына 2-бап бойынша ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс болып табылатын осы қылмыста қаралатын сұрау салу негізінде рұқсат беруі тиіс.
      2. Егер осы Мемлекеттің пікірі бойынша оның заңнамасында мүмкін болмаса, Сұрау салынған Мемлекеттің азаматын транзиттеуден бас тартуы мүмкін.
      3. Транзиттеу туралы сұрау салу 9-бапта аталған құжаттарды жүргізуі тиіс.

       22-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Уағдаласушы Мемлекеттер осы Шарт күшіне ену үшін көзделген тәртіпте күшіне енген бөлек хаттама осы Шартты өзгертуі мүмкін.

       23-бап. Консультация

      Осы Шартты қабылдау немесе түсіндіру барысында туындаған кез келген даулар Уағдаласушы Мемлекеттердің өзара консультациялар жолымен шешеді.

       24-бап. Құзырлы органдар

      Уағдаласушы Мемлекеттердің осы Шартты іске асыру мақсаты үшін құзырлы органдары:
      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы,
      Үндістан Республикасы үшін - Сыртқы істер министрлігі болып табылады.

       25-бап. Ратификация және әрекеттің тоқтатылуы

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификацияланған грамоталармен алмасқан күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттердің кез келгені дипломатиялық арналар бойынша басқа Уағдаласушы Мемлекетке хабарлау арқылы кез келген уақытта осы Шарттың әрекетін тоқтата алады; және егер осындай хабарлау жолданса, хабарлау тәрізді алғаннан кейін алты ай ішінде өз әрекетін тоқтатады.
      3. Осыны куәландыру үшін төменде қол қойған, тиісті өкілеттіктер осы Шартқа қол қойды.

      Нью-Дели қаласында "24" қаңтарда 2009 жылғы әрқайсысы қазақ, орыс, хинди және ағылшын тілдеріндегі екі данада жасалды, әрі бүкіл мәтіндері бірдей болып табылады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда түсіндіру мақсаты үшін ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

       Қазақстан Республикасы үшін        Үндістан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады