Қ АУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Ахметұлы Мусиновке Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 14 наурыздағы
N 766 Жарлығымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы
Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек
көрсету туралы келісім жобасы
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері,
екі ел арасындағы егемендікті және ортақ мүдделерді өзара құрмет тұту негізінде достық байланыстарды нығайтуды қалай отырып және құқықтық және заңнамалық салаларда жемісті көмектің нығаюына ықпал ете отырып,
азаматтық және коммерциялық істерде құқықтық көмекті кеңейту қажеттігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында екінші Тараптың азаматтары сияқты жағдайда осындай құқықтық қорғауды пайдаланады және екінші Тараптың соттарына және сот органдарына жүгіну құқығы бар.
2. Осы баптың алдыңғы тармағының ережелері Тараптардың әрқайсысының аумағында олардың ұлттық заңнамасына сәйкес орналасқан және құрылған заңды тұлғаларға да қолданылады.
2-бап
Бір Тараптың азаматтарының екінші Тараптың аумағында соңғының ұлттық заңнамасына және рәсімдеріне сәйкес сот баж салығы төлемінен босатылуға немесе осы екінші Тараптың азаматтары сияқты талаптарда және сондай көлемде оны төмендетуге құқығы бар.
3-бап
Осы Келісімді іске асыруға байланысты Тараптар өз мемлекеттеріндегі қолданыстағы заңнамаға және заң практикасына қатысты ақпаратпен алмасады.
4-бап
1. Осы Келісім шеңберінде Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Осы Келісімге сәйкес құқықтық көмек:
а) шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын жіберу;
b) дәлелдемелерді сұрау салу арқылы немесе сенімхат бойынша табыстау;
с) сот шешімдерін және бітімгершілік келісімдерді мойындау және орындау арқылы жүзеге асырылады.
5-бап
1. Осы Келісімге сәйкес сұрау салулар Тараптардың Орталық органдары арқылы орындалады және қабылданады:
Қазақстан Республикасы үшін Әділет министрлігі Орталық орган болып табылады.
Біріккен Араб Әмірліктері үшін Әділет министрлігі Орталық орган болып табылады.
2. Осы Келісімді жүзеге асыруда Орталық органдар бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы байланысады.
3. Тараптар Орталық органдармен байланысты қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
6-бап
1. Егер өзгеше көзделмесе, барлық ресми құжаттарды сот не оларды берген басқа да құзыретті органдар куәландыруы тиіс.
2. Құқықтық көмек көрсету шеңберінде жіберілетін барлық сұрау салулар және тиісті құжаттар Сұрау салынған Тараптың мемлекеттік тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге болуы тиіс.
3. Егер Сұрау салынған Тарап Сұрау салған Тарап ұсынған құжаттар мен ақпарат сұрау салуды орындау үшін жеткіліксіз деп санаса, онда ол осы Келісімге сәйкес сұрау салған Тараптан қосымша ақпарат сұрай алады
7-бап
1. Шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген рәсімдерге не Сұрау салған Тарап анықтаған арнайы әдіске сәйкес, егер осы әдіс Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмегенде ғана жүзеге асырылады.
2. Осы Келісімге сәйкес жіберілген шақыру қағазы және басқа да сот құжаттары Сұрау салған Тараптың аумағы бойынша жіберілетін құжаттарға теңестіріледі.
3. Осы Келісімнің 5-бабының ережелері Тараптардың екінші Тараптың аумағындағы өзінің азаматтарына шақыру қағазын және басқа сот құжаттарын өзінің дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктері арқылы тапсыруды жүзеге асыру құқығына кедергі келтірмеуі тиіс. Осындай жағдайларда тапсыру рәсімі тапсыру жүзеге асырылған аумақтағы Тарапты жауапкершілікке әкеп соқпайды.
8-бап
Шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру туралы сұрау салу шақыру қағазын алушының атына және тегіне, тұратын жеріне немесе жұмысына қатысты барлық деректерді және алушыға тапсырылатын құжаттардың тізімін қамтуы тиіс. Тапсырудың арнайы әдісіне қатысты шақыру қағазында тиісті сілтеме болуы тиіс.
9-бап
1. Сұрау салынған Тарап сұрау салуды орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе жария тәртібіне нұқсан келтіреді деп санағаннан басқа жағдайларда, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келетін шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру туралы сұрау салудан бас тартыла алмайды.
2. Шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру барысында тапсыруды жүзеге асыру үшін сұрау салу іс бойынша жеткілікті заңды негіздерді қамтымайтындығына сілтемемен бас тартуға жол берілмейді.
3. Егер тапсыру жүзеге асырылмаған болса, онда Сұрау салынған Тарап Сұрау салған Тарапқа себептері туралы дереу хабарлауға міндетті.
10-бап
1. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы өзінің ұлттық заңнамасына және осындай қатынаста қолданылатын ережелерге сәйкес сұралатын құжаттарды береді. Құжаттарды бергені үшін қандай да бір төлем алынбайды.
2. Сұрау салған Тарап сұрайтын арнайы әдіс арқылы тапсыру бойынша шығыстарды осы Тарап көтереді.
11-бап
1. Сұрау салынған Тараптың жауапкершілігі сот құжаттарын алушыға тапсырумен шектеледі.
2. Шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру алушының қолымен немесе сұрау салынған Тарап беретін алушының аты, тапсырылған күні және рәсім көрсетілген анықтамамен расталады және тапсыруды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, тиісті себептері көрсетіледі.
3. Шақыру қағазының немесе құжаттарды алғанын куәландыратын анықтаманың көшірмесі алушының қолымен Орталық орган арқылы Сұрау салған Тарапқа жіберіледі.
12-бап
1. Бір Тараптың сот органдары осы Тараптың ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес екінші Тараптың құзыретті сот органдарына сұрау салу арқылы азаматтық және коммерциялық істер бойынша дәлелдемелерді сұрай алады.
2. Осы Келісім мақсаттары үшін дәлелдемелерді табыстау:
а) айғақтарды табыстауды;
b) сәйкестендірудің немесе сұралып жатқан құжаттар мен жазбаларды қараудың нәтижелерін қамтиды.
3. Сұрау салу:
а) дәлелдемелерді сұрайтын сот органының құзыретін;
b) дәлелдемелер сұралған даудың мәнін және осыған байланысты барлық қажетті ақпаратты;
с) дау тараптарының атауы мен мекенжайын;
d) сұралған дәлелдемелерді; және
е) жауап алынатын адамдардың аттары мен мекенжайын қамтуы тиіс.
4. Қажет болған кезде сұрау салу дау мәні бойынша жауап алынатын куәгерлерге не басқа да мүдделі тұлғаларға сұрақтар тізбесімен немесе әрбір дәлелдемеге немесе айғаққа байланысты сұралатын құжаттардың тізбесімен бірге жүруі тиіс.
13-бап
Осы Келісімге сәйкес дәлелдемелерді алу мақсатында орындалатын сот рәсімдері, егер Сұрау салған Тараптың құзыретті органдары оларды орындаса, сондай заңды күшке ие.
14-бап
1. Сұрау салынған Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес орындайды.
2. Сұрау салынған Тарап сұрау салуда нақты көрсетілген кез келген арнайы тәртіпке немесе рәсімге, егер олар оның ұлттық заңнамасына және практикасына қайшы келмесе бағынады.
3. Сұрау салу мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындалуы тиіс.
4. Сұрау салған Тарап оның қалауы бойынша, сот ісін жүргізу уақыты және орны туралы, іс бойынша тараптар немесе олардың өкілдері, егер олар болса, оған қатысуы үшін хабарландырылады. Сұрау салған Тарап бұл туралы сұраған кезде ақпарат тараптарға немесе олардың өкілдеріне сұрау салынған Тараптың аумағында олардың орналасқан белгілі жері бойынша тікелей жіберіледі.
5. Егер сұрау салу орындалса, құжаттың орындалғанын растайтын және қандай да бір дәлелдемелер Сұрау салған Тарапқа жіберіледі.
6. Сұрау салуды орындамаған немесе ішінара орындаған әрбір жағдайда, Сұрау салған Тарапқа орындалмау себептері туралы дереу хабарланады.
15-бап
1. Сұрау салынған Тарап сұрау салуды орындаудан екі жағдайда ғана:
а) сұрау салуды орындау заңды құзырына жатпаса;
b) сұрау салуды орындау егемендігіне, қауіпсіздігіне, жария тәртібіне нұқсан келтіретін болса немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе, бас тарта алады
2. Сұрау салуды орындаудан Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша сот ісін жүргізу мәні бойынша оның ерекше юрисдикциясы талап етілсе немесе оны жүргізуге құқық берілмеген негізде ғана бас тартыла алмайды.
16-бап
1. Сұрау салуды орындау және Сұрау салынған Тараптың дәлелдемелер алуы Сұрау салған Тарап үшін олардың сипатына қарамастан қандай да бір өтемдік төлемдерге, шығыстарға, шығасыларға әкеп соқтырмауы тиіс. Алайда, Сұрау салынған Тарап:
а) куәгерлерге, мамандарға немесе тілмаштарға төленген қандай да бір шығасыларға және шығыстарға;
b) өз еркімен келгісі келмеген куәгерлердің қатысуын қамтамасыз етуге байланысты қандай да бір шығындарға; және
с) сұрау салу бойынша арнайы рәсімдерді пайдалануға байланысты қандай да бір төлемдерге және шығасыларға өтемақыны өндіріп алу құқығына ие.
2. Егер сұрау салуды орындау едәуір қаржы шығындарына әкелетіні айқын болса, Тараптар оны орындау шарттарын анықтау үшін кеңеседі.
17-бап
1 Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтық, коммерциялық істер және азаматтық хал акті істері бойынша екінші Тараптың соттары шығарған шешімдерді, сондай-ақ азаматтық істер бойынша қылмыстық соттардың шығарған шешімдерін мойындайды және/немесе орындайды.
2. Осы Келісімде пайдаланылатын "сот шешімі" термині Тараптардың сот ісін жүргізу жөніндегі құзыретті соты қабылдаған кез келген шешімді білдіреді.
18-бап
Жылжымайтын мүлікке меншік құқығын осы мүліктің орналасқан жері бойынша Тараптың соттары анықтайды.
19-бап
Жылжымайтын мүлікке байланысты жағдайларды қоспағанда, Тараптардың Соттары мынадай істер бойынша заңды құзырға ие:
а) егер сот ісін жүргізу басталған сәтте жауапкердің осы Тараптың аумағында тұрғылықты жері немесе оның аумағына келген болса;
b) немесе сот ісін жүргізу басталған сәтте жауапкердің қызметі коммерциялық немесе өндірістік сипаттағы заңды тұлғасы немесе филиалы болса не осы Тараптың аумағында пайда табу мақсатында жұмыс істейтін және сот ісін жүргізу осы қызметке байланысты болса;
с) немесе жауапкер мен талапкер арасындағы айқын немесе жанама келісім бойынша оған байланысты сот ісін жүргізу қозғалған келісім шарттық міндеттемелер осы Тараптың аумағында орындалса;
d) немесе келісімшарттық емес міндеттеме туралы істе зиян келтіру бойынша әрекет осы Тараптың аумағында жасалса;
е) жауапкер Соттың юрисдикциясын шын мәнінде немесе жанама қабылдаса.
20-бап
Осы Келісім ережелерінің мәнінен туындайтын сот шешімін мойындау және орындау кезінде Тараптың соты сот шешімі сырттай шығарылғаннан жағдайды қоспағанда, екінші Тараптың соты оның заңды құзырына сәйкес осы сот шешімінде баяндалған фактілермен шектеледі.
21-бап
Сот шешімі мынадай жағдайларда:
1) егер ол түпкілікті емес және орындауға жатпаса;
2) немесе оны құзыретті емес сот шығарған болса;
3) немесе ол Сұрау салынған Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе жария тәртіп қағидаттарына нұқсан келтіруі мүмкін болса не конституциялық ережелеріне немесе қолданыстағы ұлттық заңнамасына қайшы келсе;
4) немесе ол Сұрау салынған Тарапта әрекет қабілеттілігі жоқ немесе ол шектелген тұлғалардың заңды өкілдігіне қатысты ережесін бұзса;
5) немесе ол сырттай шығарылған болса және қатыспаған Тарап оның мемлекетінде қолданылатын ережелерге сәйкес тиісті түрде хабарланбаған болса;
6) немесе осы Тараптар арасында дауды осы мәні бойынша қарау бұрын тоқтатылса не тиісті сот тыңдауға және осы шешімді қабылдауға құқылы болған кезде сот шешімі шығарылған және күшіне енген болса; Не үшінші мемлекеттің соты осы Тараптарға қатысты осы мәні бойынша Сұрау салынған Тарап мойындаған сот шешімін қабылдаған болса, мойындалмайды және орындалмайды.
22-бап
Сот шешімін мойындауға немесе орындауға қатысты рәсімдер сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасының мәні болуы тиіс.
23-бап
1. Сұрау салынған Тараптың құзыретті сот органы сот шешімін мойындау немесе орындау кезінде істі қайта қарамайды және сот шешімі осы Келісімде көзделген шарттарға сәйкес келеді деген сеніммен шектеледі.
2. Сұрау салынған Тараптың құзыретті сот органы сот шешімін орындау кезінде, егер бұл оның ұлттық заңнамасында көзделсе, оның аумағында белгіленген тәртіппен хабарлау жөнінде қажетті шараларды қабылдайды.
3. Сот шешімін орындау толық немесе егер бұл сот шешімінің өзінде көзделсе, ішінара жүзеге асырылуы мүмкін.
24-бап
Сот шешімін мойындау немесе орындау туралы сұрау салуға:
а) сот шешімінің ресми көшірмесі;
b) сот шешімінің өзінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сот шешімінің түпкілікті екендігі және орындалуға жататыны туралы анықтама;
с) сот шешімі сырттай қабылданған жағдайда, шақыру қағаздарының немесе жауапкердің тиісінше шақырылғанын куәландыратын өзге де құжаттардың куәландырылған көшірмелері;
d) әрекетке қабілетсіз немесе құқық қабілеттілігі шектеулі Тарап сот ісін жүргізуге уақытында ұсынылғанын растайтын құжат қоса беріледі.
25-бап
1. Тараптар кол жеткізген және Тараптардың біреуінің құзыретті соты оның ұлттық заңнамасына сәйкес мақұлдаған бітімгершілік келісім Сұрау салынған Тараптың конституциялық нормаларына немесе қолданыстағы заңнамасына, егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе жария тәртібіне қайшы келетін қандай да бір ережелерді қамтымайтынын куәландырғаннан кейін екінші Тараптың аумағында мойындалады және орындалады.
2. Бітімгершілік келісімді мойындауды немесе орындауды сұрайтын Тарап бітімгершілік келісімнің куәландырылған көшірмесін және соттың оны қанағаттандыру деңгейін растайтын анықтамасын ұсынады.
26-бап
Сот шешімін мойындау немесе орындау туралы сұрау салуды Сұрау салған Тарап Сұрау салынған Тараптың құзыретті сотына тікелей жіберуі мүмкін.
27-бап
Мойындалған немесе орындауға қабылданған сот шешімдері Сұрау салынған Тараптың аумағында қабылданатын сот шешімдері сияқты күшке ие.
Қорытынды ережелер
28-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттарға қатысты құқықтар мен міндеттерді қозғамайды.
29-бап
Осы Келісімді түсіндіруден және орындаудан туындайтын кез келген дау дипломатиялық арналар арқылы кеңес берулер жолымен шешіледі.
30-бап
1. Осы Келісім ратификациялануға тиіс және ратификациялық грамоталар алмасуға жатады. Осы Келісім ратификациялық грамоталармен алмасқаннан кейін отызыншы (30) күні күшіне енеді.
2. Осы Келісімге дипломатиялық арналар арқылы осы Келісім үшін көзделген ратификация рәсімдеріне сәйкес күшіне енетін жазбаша өзгерістер енгізілуі мүмкін.
3. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап одан шыққанға дейін алты (6) ай бұрын ол туралы хабарлап, одан кез келген уақытта шыға алады. Бұл ретте осы Келісімді орындауға байланысты басталған әрекеттер, оның ережелеріне сәйкес орындалуы және аяқталуы тиіс.
Осыны куәландыру үшін тиісті түрде өз мемлекеттері уәкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
_____________ қаласында ________ жылғы _______ айдың _____ күні қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
Осы Келісімді түсіндіруде қандай да бір алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ ҮШІН