Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 14 наурыздағы N 768 Жарлығы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Ахметұлы Мусиновке Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2009 жылғы 14 наурыздағы
N 768 Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН     

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ
ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ, бұдан әрі қарай "Тараптар" деп аталатын,
      екі ел арасындағы қалыптасқан бауырластық және достық қарым-қатынастарын назарға ала отырып,
      халықаралық террористік актілердің, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстың ауқымы мен үрдісінің өсуіне аса алаңдаушылық білдіре отырып,
      екі елдің арасындағы қылмыстылықпен күрес жүргізу аясында ынтымақтастықты нығайту ұмтылысын негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Ұстап беру міндеттемесі

      Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес бір-біріне Сұрау салған Тарапта қылмыс жасағаны үшін басқа Тарап іздестіріп жатқан, бір Тараптың аумағындағы кез келген адамды немесе Сұрау салған және Сұрау салынған екі Тараптың ұлттық заңдарына сәйкес көзделген қылмыс ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс болып табылатын осы Келісімнің 2-бабының ережелеріне сәйкес Сұрау салған Тараптың заң құзырына ішінара немесе толық жатқызатын үкімді орындауды іске асыру үшін ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Орталық органдар

      1. Осы Келісім бойынша әр Тараптың Орталық органдары Сұрау салуларды жолдайды және алады:
      Біріккен Араб Әмірліктерінің Орталық органы Әділет министрлігі болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Орталық органы Бас прокуратура болып табылады.
      2. Осы Келісімнің мақсатын іске асыру үшін Тараптардың Орталық органдары бір-бірімен қатынастарын дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырады.
      3. Барлық сұрау салулар және оған тіркелген құжаттар екі данада Сұрау салынған Тараптың тілінде немесе ағылшын тілінде жасалуы, Сұрау салған Тараптың құзыретті органдары ресми түрде қол қоюы және мөрімен бекітуі, Орталық органы куәландыруы тиіс.
      4. Тараптар орталық органдармен байланысты кез келген өзгертулер мен түзетулер жөнінде бір-бірін дипломатиялық арналар бойынша хабардар етеді.

3-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      Осы Келісімге сәйкес ұстап беру мынадай жағдайларда:
      1. Егер Сұрау салған және Сұрау салынған Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес айыпталушының әрекеттері бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс болса;
      2. Егер Сұрау салған Тараптың құзыретті соты сотталушының қатысуымен немесе оның қатысуынсыз оны алты айдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса, орын алады.

4-бап
Ұстап беруден бас тарту негіздері

      1. Осы Келісімге сәйкес ұстап беруге мынадай кез келген жағдайларда:
      а. егер ұстап беруді талап ететін қылмыс, саяси сипаттағы қылмыс болып табылса;
      b. егер ұстап беру туралы сұрау салу адамның нәсілі, діни ұстанымы, азаматтығы немесе саяси сенім белгілері бойынша ізге түсуге байланысты екеніне дәлелді негіздер бар деп саналса, немесе осындай жағдайдағы адамға кез келген осы белгілер бойынша зиян келтірілуі мүмкін болса;
      с. егер ұстап берілуі талап етілетін адам, ұстап берілуге сұрау салынған қылмысы үшін Сұрау салынған Тараптың немесе үшінші мемлекеттің сотымен қылмыстық жауапкершілікке тартылса және сотталса не ақталса;
      d. егер Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өтіп кетсе;
      е. егер адам Сұрау салынған Тараптың немесе үшінші мемлекеттің аумағында ұстап берілуге сұрау салынған қылмысы үшін жазасын өтеген болса;
      f. егер адамға Сұрау салынған Тарапта саяси баспана берілсе;
      g. егер ұстап беруді талап ететін қылмыс әскери қылмыс болып табылса, жол берілмейді
      2. Егер ұстап берілуі талап етілген адам Сұрау салынған Тараптың азаматы болып табылса, сол елдің ұлттық заңнамасына сәйкес оны ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Егер ұстап беруден бас тарту туралы шешім қабылданса, ұстап берілуі сұрау салынған барлық немесе бөлек қылмыстары үшін адамға қатысты қылмыстық іс қозғау және қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыру үшін құжаттар оның құзыретті органдарына жолдануы тиіс. Сұрау салынған Тарап Сұрау салған Тарапты кез келген қолданылған іс-әрекеттері және ізге түсудің нәтижелері туралы хабардар етеді.

5-бап
Өлім жазасы

      Егер ұстап беруге Сұрау салынған қылмысқа Сұрау салған Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасы түріндегі жаза көзделсе және Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өлім жазасы түріндегі жаза көзделмесе, онда Сұрау салған Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өлім жазасының орындалуын іске асырмайтынына кепілдік бергенге дейін, Сұрау салынған Тарап ұстап беруден бас тартуы мүмкін.

6-бап
Саяси сипаттағы емес қылмыстар

      Осы Келісімнің мақсатында саяси сипаттағы болып табылмайтын қылмыстар:
      а. Мемлекет Президентіне, Үкімет Басшысы немесе кез келген оның отбасының мүшелеріне, Біріккен Араб Әмірліктерінің Жоғарғы Кеңесінің мүшелеріне немесе оның отбасының кез келген мүшелеріне қылмыс жасау немесе қылмыс жасауға оқталу әрекеттерін іске асыру.
      b. террористік актілер.

7-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу және барлық растайтын құжаттар жазбаша түрде ресімделеді және дипломатиялық арналар арқылы жолданады.
      2. Барлық жағдайларда ұстап беру туралы Сұрау салуды растау үшін келесі құжаттар ұсынылады:
      а. Сұрау салынған адамның жеке басы, оның тұрғылықты жері мен азаматтығы баяндалатын мәліметтер;
      b. ұстап берілуі Сұрау салынған әрбір қылмысты құрайтын әрекеттер немесе әрекетсіздіктерге қатысты сот органдарының құжаттары, соның ішінде қылмыстың жасалған орны және мерзімі, қылмыстың түрі, қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыру немесе тағайындалған үкімді орындау мерзімдерін сипаттайтын Заңның мәтіні және кез келген ережелер. Осындай құқықтық ережелер мәтінінің көшірмесі тіркелуі керек.
      3. Егер адам қылмыс жасағаны үшін айыпталса, онда Сұрау салуға қамауға алу ордерінің түпнұсқасы немесе расталған көшірмесі және Сұрау салған Тараптың қылмыстық айыптау бабының ережелері қоса тіркелуі тиіс.
      4. Сот үкімін орындауды іске асыру үшін, сұрау салуға келесі құжаттар тіркелуі тиіс:
      а. соттың түпкілікті үкімінің немесе айыптау және сот үкімі көрсетілген құжаттың түпнұсқасы немесе расталған көшірмесі; және
      b. егер сот үкімінің бөлігі өтелген болса, онда өтеуге жататын жазаның қалған мерзімі туралы құзыретті органның жазбаша растауы қоса тіркелуі тиіс.
      5. Сұрау салған Тараптың соты немесе басқа да құзыретті органдары ұстап беру туралы сұрау салуды растайтын барлық ұсынылатын, куәландырылған және қол қойылған құжаттар ұстап беру рәсімін атқару барысында, Сұрау салынған Тарап аталған құжаттарға қол қойған адамның қолын немесе ресми мәртебесін растауынсыз қабылдайды.

8-бап
Қосымша ақпарат

      Егер Сұрау салынған Тарап ұстап беру туралы талапта көрсетілген ақпараттар осы Келісімнің талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз деп санаса, онда осы Тарап белгіленген мерзім ішінде қосымша ақпаратқа сұрау салуы мүмкін. Жеткілікті негіздер болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

9-бап
Шұғыл жағдайларда ұстау

      1. Ұстап беру туралы сұрау салуды және осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген құжаттарды алғанға дейін, аса қажетті болған жағдайда экстрадициялауға сұрау салынған адам Сұрау салған Тараптың құзыретті органдарының өтініштері бойынша уақытша қамауға алынуы мүмкін. Осындай өтініш Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымының Орталық Ұлттық бюросы (Интерпол) арқылы немесе Тараптардың құзыретті органдары көрсеткен басқа арналар арқылы жолданылуы мүмкін.
      2. Көрсетілген өтініш осы Келісімнің 7-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді; Сұрау салған Тараптың құзыретті органдары берген қамауға алу ордерінің бар екендігі туралы ережені, немесе күшіне енген сот үкімінің көшірмесін, сондай-ақ адамды ұстап беру жөніндегі ресми сұрау салуды қосымша жолдау туралы растауды қамтуы тиіс.
      3. Сұрау салынған Тарап сұрау салудың қаралу нәтижелері туралы Сұрау салған Тарапты кешіктірмей хабардар етуі тиіс.
      4. Уақытша қамауға алынған адам егер қамауға алынғаннан кейін 30 күннің ішінде Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы экстрадициялау туралы сұрау салуды алмаса, онда босатылуы керек. Егер Сұрау салған Тарап ұстап беру туралы сұрау салудың жолдануының кідіруін түсіндіретін объективті себептерді көрсетсе, осы уақытша шектеулер 30 күнге ұзартылуы мүмкін.
      5. Осы Баптың 4-тармағында көзделген әрекет мерзімі өтіп кетсе де, оны ұстап беруге сұрау салуды алған кезде адамды экстрадициялауға кедергі болмайды.

10-бап
Экстрадициялауға жататын адамды қамауға алу

      Ұстап беру туралы сұрау салуды алысымен Сұрау салынған Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдағанға дейін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ізге түсудегі адамды ұстайды және қамауға алады. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, қамауда ұстау мерзімі оны Сұрау салған Тараптың құзыретті органына бергенге дейін ұзартылады. Берілген адамға қатысты үкімді шығару барысында қамауда ұсталған мерзімі есепке алынуы керек.

11-бап
Ұстап беру туралы шешім және беру

      1. Сұрау салынған Тарап Сұрау салған Тарапты ұстап беру жөніндегі сұрау салу бойынша шешім қабылдағаны туралы дер кезінде хабардар етеді.
      2. Егер сұрау салудан толықтай немесе ішінара бас тартылса, Сұрау салынған Тарап бас тартуының себептерін негіздейді.
      3. Ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, Сұрау салған Тарап адамды ұстап беру орны, күні туралы және сұратылған адамның қамауда ұсталған мерзімі туралы уақтылы хабардар етіледі.
      4. Егер осы адам Сұрау салынған Тараптың аумағынан ұстап беру үшін белгіленген мерзімнің 30 күні ішінде қабылданбаса, Сұрау салынған Тарап көрсетілген қылмыс үшін ұстап беруден бас тартуы мүмкін.
      5. Егер экстрадицияланатын адамды беруге форс-мажорлық жағдайлар кедергі жасаса, онда мүдделі Тарап бұл жөнінде басқа Тарапқа хабарлайды. Тараптар осы Баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес ұстап берудің жаңа мерзімін анықтауды келіседі.
      Кез келген жағдайда, адамды ұстау мерзімі 60 күннен аспауы тиіс.

12-бап
Кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру

      Егер ұстап берілуіне сұрау салынған адамның ұстап берілуі тиісті қылмысынан басқа, жасаған қылмысы тергеуде болса немесе оған қатысты сот талқылауы жүріп жатса, онда осы Тарап тергеу немесе сот талқылауы үкім шығарылуымен аяқталғанға дейін оны ұстап беруді кейінге қалдыруы мүмкін, сонымен бірге егер адам сотталса, онда ол жазасын өтегеннен кейін беріледі.
      Егер Сұрау салған Тарап осы адамға қатысты шешім шығарылғаннан кейін қысқа мерзімде немесе Сұрау салынған Тарап белгілеген мерзім ішінде, бірақ берілген күннен алты айдан аспайтын мерзімде оны қайтарып беруге міндеттенсе, Сұрау салынған Тарап адамды уақытша ұстап беруі мүмкін.

13-бап
Бәсекелес сұрау салулар

       Егер белгілі бір адамды белгілі бір қылмысы немесе әртүрлі қылмыстары үшін ұстап беруге бірнеше мемлекеттен бір мезгілде сұрау салу жасалса, Сұрау салынған Тарап барлық мән-жайларды, әсіресе, қылмыстың салыстырмалы ауырлығы мен жасалған орны, тиісті сұрау салулардың түскен күнін, сұрау салынған адамның азаматтығы мен оны басқа мемлекетке ұстап беру мүмкіндігін ескере отырып, өз шешімін қабылдайды.

14-бап
Арнайы ереже

      Сұрау салған Тарап осы Келісімге сәйкес ұстап берілген адамды сол қылмысынан басқа қылмыстары үшін келесі жағдайларды қоспағанда тұтқынға ала алмайды, тергей алмайды, соттай алмайды немесе жазалай алмайды:
      а. егер ұстап берілген адам тергеу, сот талқылауы немесе жаза мерзімін өтеу барысында қылмыс жасаса;
      b. егер ол Сұрау салған Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұрып, қырық бес күн ішінде кетпесе;
      с. егер ол Сұрау салған Тараптың аумағынан оны экстрадициялағаннан кейін кетсе және өз еркімен қайтып келсе.

15-бап
Үшінші мемлекетке ұстап беру

      Сұрау салған Тарап Сұрау салынған Тараптың келісімінсіз үшінші мемлекетке адамды ұстап бере алмайды. Егер адам Сұрау салған Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұрып, қырық бес күн ішінде кетіп қалмаса, немесе өз еркімен қайтып келген жағдайда, осы Келісімнің 14-бабы "b" және "с" тармақтарының ережелеріне сәйкес адам үшінші Мемлекетке ұстап берілуі мүмкін.

16-бап
Заттарды алу және беру

      1. Сұрау салынған Тарап өзінің ішкі заңнамасына сәйкес басқа адамдардың құқығына нұқсан келтірмей, Сұрау салған Тарапқа адамды ұстап беру кезінде немесе одан кейін тез арада төменде көрсетілген заттарды алуды және оларды беруді жүргізуі тиіс:
      а. қылмыс құралдары немесе жасалған қылмыстың айғағы болып табылатын заттар;
      b. қылмыс жасау нәтижесінде алынған заттар, егер олар іздестірудегі адамның меншігінде немесе оны қамауға алған уақытта бар болса;
      с. қылмыскер жасаған қылмысының нәтижесінде алынған заттардың орнына алған заттар;
      2. Алынған заттарды берумен байланысты барлық шығындарды Сұрау салған Тарап өтейді.
      3. Егер Сұрау салынған Тарапқа осы Баптың бірінші тармағында көзделген заттар қылмысты тергеу үшін қажет болса, онда оларды беру кейінге қалдырылуы мүмкін немесе жоғарыда көрсетілген заттар Сұрау салған Тараппен қылмыстық іс бойынша шешім қабылданғаннан кейін бұл заттар қайтарылып беріледі деген шарт негізінде берілуі мүмкін.
      4. Егер Сұрау салынған Тараптың немесе кез келген басқа мемлекеттің алынған заттарға қандай да бір заңды құқығы бар болса, осы құқық өз күшінде қалады. Сұрау салған Тарап беру мақсатына жеткеннен кейін өз есебінен осы заттарды қайтарып беруі тиіс.

17-бап
Транзит

      1. Егер кез келген Тараптың бірі басқа Тараптың аумағы арқылы үшінші Мемлекеттен адамды экстрадицияласа, біріншісі транзиттеуге рұқсат сұрайды. Егер әуе көлігі қолданылып және қону қарастырылмаса, рұқсат талап етілмейді.
      2. Сұрау салынған Тарап Сұрау салған Тараптың транзиттік тасымалдау туралы сұрау салуын ұлттық заңнамасын басшылыққа ала отырып шешеді.
      3. Егер көзделмеген қону орын алған жағдайда, аумағында қону жасалынған Сұрау салынған Тарап транзитті жүзеге асыру үшін көмек көрсетуі керек. Егер экстрадицияланатын адам, аумағында қону болған Тараптың азаматы болып табылса, онда бұл адам сол Тарапқа берілуі тиіс, ал бұл Тарап өз кезегінде осы Келісімнің 4-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес әрекет етуі тиіс.
      4. Транзит сұралған аумақтағы Тараптың сұрау салуды қарауы үшін өтініштің мазмұны жеткілікті ақпараттарды қамтуы тиіс.

18-бап
Шығындар

      Сұрау салынған Тарап өз аумағында ұстап беру туралы Сұрау салуды имплементациялау бойынша барлық шығындарды көтереді, ал Сұрау салған Тарап ұстап берілген адамды тасымалдаумен байланысты шығындарды және ұстап беру туралы сұрау салудан туындаған күтпеген шығындарды көтереді.

19-бап
Нәтижелер туралы ақпараттар

      1. Сұрау салған Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салынған Тарапқа ұстап берілген адамға қатысты сот талқылауы нәтижелері туралы хабарлайды.
      2. Айыптау үкімі шығарылған жағдайда, Сұрау салған Тарап Сұрау салынған Тарапқа түпкілікті сот шешімінің расталған көшірмесін жолдайды.

Қорытынды ережелер 20-бап
Халықаралық міндеттемелер

      Осы Келісімнің ережелері, олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап
Дауларды реттеу

       Осы Келісімді қолдану немесе талдау барысында туындайтын кез келген дау дипломатиялық арналар бойынша кеңес өткізу жолымен шешіледі.

22-бап
Келісімнің ратификациялануы, күшіне енуі және бұзылуы

      1. Осы Келісім ратификациялауға жатады, ратификациялық грамоталар алмасуға жатады. Осы Келісім ратификациялық грамоталармен алмасқаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша және осы Келісіммен көзделген ратификациялау рәсіміне сәйкес осы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады, әр Тарап осы Келісімнен кез келген уақытта екінші Тарапқа бұл жөнінде хабарлай отырып шыға алады, осындай хабарлама күнінен алты ай өткеннен кейін тоқтату күшіне енеді, сондай-ақ кез келген Тарап бастаған әрекет аяқталғанға дейін осы Келісімге сәйкес жүргізіледі.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз мемлекетінен тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

       ______________ қаласында 200__ жылғы __________ айының _______ күні, қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі бүкіл мәтіндердің күші бірдей.
      Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

   ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН      БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады