"Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 5 наурыздағы № 277 Жарлығы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз.

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс       

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 173-құжат; 2011 ж., № 8, 95-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесінде:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Жүйе бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудың (бұдан әрі - тиімділікті бағалау) негізгі ережелерін, қағидаттарын, бағыттарын белгілейді, органдар жүйесін, тиімділікке бағалау жүргізу мен олардың нәтижелерін айқындау әрі нәтижелерге шағымдану тәртібін, сондай-ақ тиімділікті бағалауға қатысушылардың жауапкершілігін айқындайды.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Тиімділікке бағалау жүргізу кестесі:
      1) бағаланушы мемлекеттік органдардың тиісті бағыттар бойынша бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарға есепті жылдың қорытындылары бойынша есепті ақпаратты;
      2) бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың бағаланушы мемлекеттік органдарға бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;
      3) бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға (бұдан әрі - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) шағымдану рәсімдерінен кейінгі тиімділікті бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;
      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Сараптамалық комиссияның жұмыс органына бағыттар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды;
      5) Сараптамалық комиссияның Қазақстан Республикасының Президентіне тиімділікті бағалау нәтижелерін ұсыну мерзімдерін қамтиды.»;
      мынадай мазмұндағы 54-1-тармақпен толықтырылсын:
      «54-1. Бағаланушы мемлекеттік органдар тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды тиімділікті бағалаудың әрбір бағыты бойынша қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөнінде шаралар кешенін іске асыру арқылы орындайды.»;
      56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «56. Қызмет бағыттары бойынша тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындылар тиімділікті бағалау туралы қорытынды есепті, тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтуға тиіс.»;
      61-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «61. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалары мен ұсынымдары бар жалпы бағалаудың нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдардың басшыларына жіберіледі.»;
      6-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Тиімділікті бағалау нәтижелеріне шағымдану тәртібі
      63. Тиімділікті бағалау нәтижелерін алған сәттен бастап бағаланушы мемлекеттік орган тиімділікті бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бес жұмыс күні ішінде тиісті бағыттар бойынша бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарға дәлелді құжаттарымен бірге қарсылығын жіберуге құқылы.
      64. Қарсылықтар дәлелді құжаттары бар болған жағдайда ғана қаралады.
      65. Тиімділікті бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қарсылықтарды қарау үшін бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдарда арнайы комиссиялар қалыптастырылады, олардың құрамына мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға қатысқан қызметкерлер кіре алмайды.
      66. Бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар он бес күнтізбелік күн ішінде Сараптамалық комиссияның жұмыс органы мен бағаланушы мемлекеттік органдарға қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы негізделген қорытындылар жібереді.
      67. Қарсылықтар қабылданған жағдайда бағалауға уәкілетті мемлекеттік орган тиімділікті бағалау нәтижелері туралы қорытындыларға тиісті түзетулер енгізеді.
      68. Сараптамалық комиссияның жұмыс органы тиімділікті бағалау үдерісінде тиімділікті бағалаудың түпкі нәтижесіне әсер өткен бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, бағалаудың жекелеген нәтижелеріне қайта тексеру жүргізуге дербес бастамашылық етуге құқылы.»;
      72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «72. Тиімділікке бағалау жүргізуге жауапты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі, бюджеттің атқарылуы жөніндегі, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органдардың саяси мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тиімділікті бағалау рәсімдері мен нәтижелерінің бекітілген әдістемелерге сәйкес келуіне және тиімділікке бағалау жүргізу кестесімен бекітілген мерзімдердің сақталуына дербес жауапты болады.»;
      2) жоғарыда аталған Жарлыққа қосымшада:
      «Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі»;
      «Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі» деген жол алып тасталсын;
      «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі», «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі» деген жолдар мынадай редакцияға сәйкес жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі»,
      «Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі»;
      мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі».
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      3. Осы Жарлық, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 1-тармағы 2) тармақшасының сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады