"Назарбаев орталығы" көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің жарғысын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 5 наурыздағы № 278 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 13 наурыздағы № 767 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 13.03.2014 № 767 Жарлығымен.

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс       

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің жарғысы бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына толықтырулар енгізілсін:
      1) «Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімі мен мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы № 317 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 58, 559-құжат; 2002 ж., № 18, 196-құжат; № 32, 339-құжат; 2003 ж., № 20, 201-құжат; 2004 ж., № 19, 234-құжат; № 21, 265-құжат; № 33, 439-құжат; 2005 ж., № 27, 329-құжат; № 30, 380-құжат; 2006 ж., № 23, 229-құжат; № 39, 429-құжат; 2007 ж., № 43, 499-құжат; 2008 ж., № 9, 89-құжат; 2010 ж., № 2, 12-құжат; № 51, 466-құжат; 2011 ж., № 19, 229-құжат ;№ 37, 438-құжат):
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:
      «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Мұражайының директоры, оның орынбасарлары» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      «Назарбаев орталығы» директоры, оның орынбасарлары»;
      2) «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат; № 21, 265-құжат; 2005 ж., № 29, 362-құжат; 2006 ж., № 23, 229-құжат; 2007 ж., № 42, 479-құжат; 2009 ж., № 34, 321-құжат; 2010 ж., № 51, 466-құжат; 2011 ж., № 39, 472-құжат; № 41, 518-құжат; № 48, 646-құжат):
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тізбесінде:
      мына:

«Қазақстан Республикасы
Тұңғыш Президентінің
мұражайының директоры

Президент

Президент
Кеңсесінің
бастығы

Әкімшілік
Басшысы»

      деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Назарбаев орталығы»
директоры

Президент

Президент
Кеңсесінің
бастығы

Әкімшілік
Басшысы»;

      3) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті және Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қаңтардағы № 1284 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 19, 234-құжат; 2005 ж., № 27, 329-құжат; 2006 ж., № 38, 420-құжат; № 39, 429-құжат; 2010 ж., № 51, 466-құжат; 2011 ж., № 37, 438-құжат):
      аталған Жарлыққа 1-қосымшада:
      мына:

«Қазақстан
Республикасының
Тұңғыш
Президентінің
мұражайының
директоры

6,70 7,04 7,37 7,71 8,04 8,24 8,44 8,64 8,84 8,91 9,05»

      деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Назарбаев
орталығы»
директоры

6,70 7,04 7,37 7,71 8,04 8,24 8,44 8,64 8,84 8,91 9,05»;

      мына:

«Қазақстан
Республикасының
Тұңғыш
Президентінің
мұражайының
директорының
орынбасарлары

4,05 4,25 4,46 4,66 4,86 4,98 5,10 5,22 5,35 5,39 5,47»

      деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Назарбаев
орталығы»
директорының
орынбасарлары

4,05 4,25 4,46 4,66 4,86 4,98 5,10 5,22 5,35 5,39 5,47».

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2012 жылғы 5 наурыздағы
№ 278 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН      

«Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және
гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінің
ЖАРҒЫСЫ

1. Жалпы ережелер

      1. «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мемлекеттік мекеме) мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне не коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.
      3. Мемлекеттік мекеме «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 248 Жарлығымен құрылды.
      4. Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
      5. Мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі болып табылады.
      Мемлекеттік мекеменің мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - мемлекеттік меншік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
      6. Мемлекеттік мекеменің атауы:
      1) мемлекеттік тілде:
      толық атауы - «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі;
      қысқаша атауы - «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі;
      2) орыс тілінде:
      толық атауы - Многофункциональное научно-аналитическое и гуманитарно-просветительское государственное учреждение «Назарбаев центр»;
      қысқаша атауы - Государственное учреждение «Назарбаев центр».
      7. Мемлекеттік мекеменің орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Алматы ауданы, Республика даңғылы, 2-үй.

2. Мемлекеттік мекеменің заңдық мәртебесі

      8. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап ол құрылды деп есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.
      9. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, бланкілері мен мемлекеттік және орыс тілдерінде атауы жазылған белгіленген үлгідегі мөртабандары болады.
      10. Мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлға құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
      11. Мемлекеттік мекеме өзінің міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауап береді. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы субсидиарлық жауапты болады.
      12. Мемлекеттік мекеме жасайтын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшесінде міндетті тіркелгенінен кейін олар күшіне енеді.
      13. Мемлекеттік мекеме өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.

3. Мемлекеттік мекеме қызметінің мәні, мақсаты және түрлері

      14. Мемлекеттік мекеме қызметінің негізгі мәні Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын зерттеу және танымал ету бойынша бірыңғай әрі белсенді ақпараттық кеңістік құру және одан әрі жетілдіру болып табылады.
      15. Көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мекеме ретінде мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты:
      1) Қазақстандағы мемлекеттіліктің тарихын жүйелі зерттеуді ұйымдастыру және өткізу;
      2) Қазақстан Республикасының одан әрі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық-мәдени дамуына, қазақстандық қоғамда азаматтық біртектілік пен патриотизм қағидаттарын нығайтуға жәрдемдесу;
      3) қазақстандық мемлекеттіліктің тарихын, теориясы мен практикасын зерттеу әрі танымал ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың, ғылым және мәдениет мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының саяси, әлеуметтік, гуманитарлық және басқа да салалардағы халықаралық ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу, Қазақстан, оның әлемдік қоғамдастықтағы орны мен рөлі туралы ілімді тарату болып табылады.
      16. Мемлекеттік мекеме көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
      ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдау салаларында:
      1) Қазақстандағы мемлекеттіліктін тарихын, оның эволюциясының түрлі кезеңдеріндегі ұлы тарихи тұлғалардың рөлін зерттеу, сондай-ақ Қазақстандағы мемлекеттілік дәстүрінің калыптасуының, дамуының және сабақтастығының біртұтас ғылыми тұжырымдамасын құру жөніндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      2) мәдениетаралық және өркениетаралық интеграция қағидаттарындағы қазақстаңдық мемлекеттілік феноменін зерттеу бойынша диалог алаңын қалыптастыру;
      3) Қазақстан Республикасында және шет елдерде ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар, симпозиумдер, конгрестер, семинарлар ұйымдастыру және өткізуге қатысу;
      4) ғылыми және ғылыми-әдістемелік кеңестер құру және қызметін ұйымдастыру;
      5) ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, сараптамалық-талдау және публицистикалық әдебиеттерді дайындау және шығару;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ғылыми бағдарламаларды, жобаларды іске асыруға, сондай-ақ гранттар алу жөніндегі қызметке қатысу;
      7) мемлекеттік мекеме қызметінің бейіні бойынша шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық орнату;
      8) мемлекеттік мекеменің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларын, халықаралық ұйымдарды және шетел азаматтарын, оның ішінде грант бөлу арқылы қолдау;
      гуманитарлық-ағарту саласында:
      1) білім беру және гуманитарлық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
      2) тұрақты негізде немесе маңызды оқиғаларға, форумдарға, тақырыптық онкүндіктерге арнап жоғары оқу орындарының, жалпы білім беру мекемелерінің, оқу орындарының және әр түрлі жастағы қосымша білім беру құрылымдарының бейінді бағдарламаларына сәйкес келетін дәрістердің оқыту курстарын, ғылыми-танымал және арнайы курстарын, шеберлік сыныптарын, сондай-ақ жекелеген дәрістер мен семинарлар, жария пікірталас алаңдары топтамасын әзірлеу және әзірлеуге қатысу;
      3) әлеуметтік-мәдени, қоғамдық-саяси, гуманитарлық-білім беру тақырыптарының өзекті проблемалары бойынша жедел интерактивті бейнесауалдар, дауыс берулер, талқылаулар ұйымдастыру;
      4) Қазақстандағы мемлекеттілік тарихының, өскелең ұрпақты патриотизм және азаматтық рухында тәрбиелеу идеологиясының өзекті мәселелері бойынша зерттеу жүргізу үшін гранттар мен стипендиялар бөлу;
      5) мемлекеттік мекеме қызметінің бейіні бойынша әртүрлі салалар мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
      кітапхана-мұрағат және ақпарат салаларында:
      1) қазақстандық мемлекеттіліктің тарихын, теориясын және практикасын көрсететін отандық және шетелдік құжаттардың әмбебап қорын жинау, есепке алу, жүйелендіру, сақталуын және пайдаланылуын қамтамасыз ету;
      2) кітапхана қорларын ғылыми, мәдени және шығармашылық құндылығы жоғары отандық және шетелдік басылымдармен жүйелі жиынтықтау, олардың есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз ету;
      3) әртүрлі тасығыштардағы каталогтар жүйесінің көмегімен мемлекеттік мекеменің кітапхана қорын ғылыми өңдеу және ашу, деректер базасын қалыптастыру, отандық және шетелдік ақпараттық ресурстардың жойылған деректер базасына қол жеткізуді ұйымдастыру;
      4) арнайы әзірленген бағдарламалық кешен бойынша басылымдардың бірегей электрондық көшірмелерін, қолжазбаларды цифрлаудың, өңдеудің және одан әрі пайдаланудың толық циклін ұйымдастыру, кітапхана мен мұрағатын электрондық құжаттарының ғылыми-анықтамалық сипаттамасын қалыптастыру;
      5) пайдаланушыларға кітапханалық, анықтамалық-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсету, филиалдар мен Интернет-порталдар құру, көпшілік оқырмандар мен зерттеушілердің тарихи маңызды және сирек кездесетін мұрағаттық және кітапхана материалдарына қол жеткізуі үшін алаң қалыптастыру;
      6) Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын зерделеу бойынша мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік қызметін ақпараттық қамтамасыз ету;
      7) кітапхана және мұрағат ақпаратын есепке алудың, сақталуын қамтамасыз етудің және пайдаланудың қазіргі заманғы технологияларын енгізу;
      8) шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық, ақпарат, құжаттама, реставрация, консервация саласында және ақпараттық-кітапхана ісінің басқа да салаларында халықаралық бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруға қатысу;
      9) электрондық кітапхана мен мұрағат жұмысының толық циклін қамтамасыз ету бойынша арнайы мультимедиялық жүйе құру және оны одан әрі жетілдіру;
      10) бейінді, мұрағаттық және кітапханалық ұйымдарымен ынтымақтастық;
      11) Қазақстандағы мемлекеттілік тарихына арналған кітап көрмелері мен оқырмандар конференцияларын ұйымдастыру және өткізу;
      мұражай қызметі саласында:
      1) Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын көрсететін мәдени құндылықтарды табу, есепке алу, жинақтау, сақтау, зерделеу және пайдалану үдерісін материалдық-техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету;
      2) мұражай қорын жүйелі жиынтықтауды, мұражай құндылықтарын сатып алуды және қайтарымсыз негізде қабылдауды жүзеге асыру;
      3) тарихи-мәдени, ғылыми, көркемдік және мұражайлық маңызын анықтау мақсатында мәдени құндылықтарды сараптау;
      4) мұражай экспозицияларын құру, көрмелерді оның ішінде шет елдерде ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ шет елдердің бейінді мекемелері мен ұйымдары ұйымдастыратын көрмелерді қабылдау және экспонаттау, өзі тақылеттес мекемелермен, мұражайлармен, кітапханалармен, ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтарымен бірлескен көрмелер ұйымдастыру;
      5) мұражай материалдарының фото, бейне және аудио тұсаукесерін ұйымдастыру, Қазақстандағы мемлекеттілік тарихы бойынша инсталляцияларды, интерактивті шығармаларды құру және танымал ету;
      6) Қазақстанның және шет елдердің мұражайларымен, ғылыми және ғылыми-мәдени мекемелерімен ғылыми-зерттеу және мәдени байланыстарды жүзеге асыру.
      Қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік мекеме:
      1) бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігі мен уәкілетті органның тапсырмасы бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді;
      3) өзінің жарғылық қызметі шеңберінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырады;
      4) өзінің жарғылық қызметі шеңберінде валюта операцияларын жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келетін және мемлекеттік мекеменің Жарғысына қайшы келмейтін өзге қызмет түрлерін жүзеге асырады және мәмілелер жасасады.
      17. Мемлекеттік мекеменің Жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      18. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен белгілі бір деңгейде шектелген не басшының жарғылық құзыретін бұза отырып өз қызмет мақсаттарына қайшы жасаған, мәмілесі уәкілетті органның немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      19. Басшының және ол болмаған кезде оның міндетін атқарушы тұлғаның мемлекеттік мекеменің жарғылық емес қызметті жүзеге асыруына бағытталған іс-әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып және тәртіптік, материалдық және өзге жауапкершілікке әкеп соқтырады.

4. Мемлекеттік мекемені басқару

      20. Мемлекеттік мекемені жалпы басқаруды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      21. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттік мекемеге мүлікті бекітіп береді;
      2) мемлекеттік мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;
      3) мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) мемлекеттік мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылу тәртібі мен өкілеттік мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін айқындайды;
      5) мемлекеттік мекеме директорының (бұдан әрі — директор) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін айқындайды;
      6) мемлекеттік мекеменің құрылымын және шекті штат санын бекітеді;
      7) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
      8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік мекемеге берілген немесе меншікті шаруашылық қызмет нәтижесінде өздері сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісім береді;
      9) мемлекеттік мекеменің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      10) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      22. Директорды Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      23. Директор мемлекеттік мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне тікелей бағынады және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына және мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттерді орындауға жеке жауапты болады.
      24. Директор дара басшылық қағидатында әрекет етеді және мемлекеттік мекеме қызметінің мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
      25. Мемлекеттік мекеменің қызметін жүзеге асыру кезінде директор заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;
      3) шарттар жасасады;
      4) сенімхаттар береді;
      5) іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарына оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша мемлекеттік мекеменің тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
      6) банк шоттарын ашады;
      7) мемлекеттік мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
      8) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен өз орынбасарлары мен бас бухгалтерді қызметке тағайындайды және қызметтерінен босатады;
      9) штат кестесіне сәйкес мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және атқарып отырған қызметінен босатуды жүзеге асырады;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қабылдайды және оларға тәртіптік жаза қолданады;
      11) өз орынбасарларының және мемлекеттік мекеменің өзге де басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік аясын айқындайды;
      12) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік мекеме мүлкінің құрылу және оның қызметін қаржыландыру тәртібі

      26. Мемлекеттік мекеме мүлкін құны оның теңгерімінде көрсетілетін активтер құрайды. Мемлекеттік мекеменің мүлкі:
      1) өзіне меншік иесі берген мүлік;
      2) өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен қалыптастырылады.
      27. Мемлекеттік мекеменің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жобасы бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзгеше тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
      28. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекемеге сәйкес кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру және кітапхана мен мұражай қызметінің мынадай салаларында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндірілетін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаға иелік ету құқығы берілген:
      1) барлық тасығыштар түрлерінен, форматтардан, стандарттардан көшірмелер жасау және оларды өңдеу;
      2) мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін материалдар дайындау;
      3) құжаттарды талдау-синтетикалық өңдеуді және қосымша библиографияларды орындау;
      4) қолжазбаларды, бағалы кітаптар мен құжаттарды реставрациялау;
      5) көшпелі ақпараттық-көрме іс-шараларын ұйымдастыру;
      6) білім беру және аударма қызметтерін көрсету;
      7) қолжазбалар мен бағалы кітаптарды сараптау;
      8) Интернет желісі мен мемлекеттік мекеме веб-порталының қызметін көрсету;
      9) құжаттарды электрондық жеткізу, тақырыптық ақпаратты іздестіру және жасау;
      10) экскурсиялық, фото және бейнетаспаға түсіру қызметін көрсету;
      11) оқу-әдістемелік әдебиет пен өзге құралдарды, баспа, бейне және электрондық өнімдерді қоса алғанда, кәдесый және полиграфиялық өнімдерді өткізу.
      29. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін уәкілетті орган республикалық бюджеттен қаржыландырады.
      30. Мемлекеттік мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
      31. Мемлекеттік мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруді және ревизияны заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттік мекеменің заңнамалық актілерге сәйкес заңды және жеке тұлғалардан грант түрінде демеушілік және қайырымдылық көмек алуға құқығы бар.

6. Мемлекеттік мекемедегі жұмыс режимі

      33. Мемлекеттік мекеменің жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      34. Мемлекеттік мекеменің Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жүргізіледі.
      35. Мемлекеттік мекеменің Жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.

8. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      36. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.

9. Мемлекеттік мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер

      37. Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының аумағында және шетелдік мемлекеттерде филиалдары мен өкілдіктері болуына құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады