Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 мамырдағы № 329 Жарлығы.


  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңының 27-бабының 3-тармағына, 29-бабының 4-тармағына, 38-1 және 56-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мына жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 29, 351-құжат):

      1-тармақта:

      2) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру қағидалары";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Сот жюриі туралы ереже осы Жарлықтың 1-қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы) сәйкес судьялыққа каидидаттың тағылымдамадан өту талаптары мен тәртібін айқындайды.";

      2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан босатылған тұлғаларды қоспағанда, бұрын кемінде үш жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бастап бес жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген тұлғалардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      Мамандандырылған магистратурада оқуды аяқтаған тұлғалардың оқуды аяқтаған күннен бастап бес жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, "Құқық қорғау қызметі туралы" және "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген теріс себептер бойынша судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан немесе өзге мемлекеттік қызметтен босатылған тұлғалар тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.";

      9-1-тармақта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Облыстық соттар төрағаларының өкімдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі - уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшелері) басшылары мен машықтанушы-кандидаттардың арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасау үшін негіз болып табылады.";

      бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық бөлімшесі машықтанушы-кандидат туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Тұлғаға тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту дәлелді болуға тиіс.

      Тағылымдамадан өтуге мынадай жағдайларда:

      1) тұлға жиырма бес жасқа толмағанда;

      2) жоғары заң білімі, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі болмағанда;

      3) судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттар болмағанда;

      4) оның моральдық-этикалық бейнесін теріс жағынан сипаттайтын дәйекті мәліметтер болғанда;

      5) осы Ереженің 2-1-тармағының үшінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болғанда рұқсат берілмейді.

      Өтініш иесіне сол уақытта машықтанушы-кандидаттар санының көбейіп кету себебіне байланысты тағылымдамадан өтуіне бас тартуға болмайды.";

      Осы Жарлықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру қағидаларымен толықтырылсын;

      2) күші жойылды – ҚР Президентінің 19.01.2023 № 106 Жарлығымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 19.01.2023 № 106 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 18 мамырдағы
№ 329 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Сот жюриі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Сот жюриі туралы осы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы) сәйкес әзірленді және Сот жюриін қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ материалдар мен тәртіптік істерді қарау тәртібін айқындайды.

      2. Әркімнің сот арқылы қорғалуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау, судьяның орнынан түсу және орнынан түсуді тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселесін қарау мен тәртіптік істерді қарау үшін Сот жюриі құрылады.

      3. Сот жюриінің мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және тек Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын және осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Сот жюриінің қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Сот жюриінің мүшесі өзінің іс жүргізуіндегі материалдар, қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.

2. Сот жюриін қалыптастыру тәртібі

      5. Сот жюриінің құрамын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы жасырын дауыс беру арқылы балама негізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен жұмыс істеп жүрген судьялардың ішінен үш жыл мерзімге сайлайды.

      Сот жюриі он бір мүшеден - аудандық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі - аудандық соттар) үш судьясынан, облыстық және оған теңестірілген соттардың (бұдан әрі - облыстық соттар) үш судьясынан және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бес судьясынан тұрады.

      6. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге барлық ұсынылған кандидатуралар енгізіледі. Басқа кандидаттарға қарағанда ең көп дауыс алған кандидат сайланды деп есептеледі.

      7. Жиналған дауыстар саны бойынша сайланған адамнан кейін тұрған кандидат Сот жюриінің қосалқы мүшесі болып есептеледі және кворумның болмауына әкеп соғатын Сот жюриінің мүшелеріне қарсылық білдірілген немесе олар өздігінен бас тартқан жағдайда Сот жюриі мүшесінің міндетін атқарады.

      Сот жюриі мүшелерінің бірі шығып қалған жағдайда осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге қосымша сайлау өткізіледі.

      8. Сот жюриінің құрамы өз мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Сот жюриінің төрағасын және хатшысын сайлайды.

      9. Сот жюриінің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсыруы бойынша төрағаның міндеттерін Сот жюриі мүшелерінің бірі атқарады.

      10. Сот жюриінің құрамына ұсынылған судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, жеке беделі мінсіз, қағидатшыл, судьялар қауымы арасында беделді және кемінде он жыл судьялық жұмыс өтілі болуға тиіс.

      11. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Судья әдебі жөніндегі комиссияның судья-мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің судья-мүшелері Сот жюриінің құрамына сайлана алмайды.

      12. Сот жюриінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының кемінде жеті мүшесі қатысқан жағдайда заңды болады.

      Сот жюриі жұмыс істеген уақытта оның мүшелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады.

      13. Сот жюриі өзінің қызметі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысына жыл сайын ақпарат беріп отырады.

      14. Сот жюриінің мүшесі міндеттерін атқарудан босату үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) Сот жюриінің құрамына енетін судьяның қызметтен босатылуы, судьялық өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;

      2) Сот жюриі мүшесінің судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;

      3) Сот жюриінің мүшесі сайланған мерзімнің аяқталуы;

      4) өз тілегі бойынша.

      Сот жюриінің мүшесін босату Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының шешімімен жүргізіледі.

3. Материалдарды қараудың негіздері, Сот жюриінің
отырыстарын өткізу және шешімін шығару тәртібі

      15. Судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінде қарау үшін облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының шешімі немесе облыстық сот төрағасының немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы негіз болып табылады.

      16. Нақты материалдар бойынша баяндамашыны және материалдарды қарау күшін Сот жюриінің төрағасы белгілейді.

      17. Қосымша тексеру жүргізу қажет болған кезде Сот жюриі түскен материалдарды қарау басталғанға дейін Судья әдебі жөніндегі комиссиядан және соттардан құжаттар мен материалдарды, соның ішінде қарау кезінде заңның бұзылуына жол берілген сот істерін сұратып алуға құқылы.

      18. Сот жюриінің жұмыс органы қажетті құжаттарды жинауды қамтамасыз етеді және Сот жюриі отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы Сот жюриінің мүшелерін хабардар етеді.

      19. Сот жюриінің отырысы төрағалық етушінің жюри құрамын және отырысқа шақырылған адамдарды, сондай-ақ материалдарды қарауға негіз болған себептерді жария етуінен басталады.

      20. Сот жюриі отырысында материалдарды қарау өзіне қатысты материалдар қаралатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі.

      Өзіне қатысты материалдар қаралатын судья дәлелді себеппен келмеген жағдайда (науқастануы немесе Сот жюриінің отырысына қатысуына объективті кедергі келтірген өзге де мән-жайлар) Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады. Судья Сот жюриінің отырысына дәлелсіз себептермен келмеген кезде материалдарды қарау оның қатысуынсыз өткізіледі.

      21. Өзіне қатысты материалдар Сот жюрнінің қарауына берілген судья материалдарды қарау басталғанға дейін жюри мүшесіне (мүшелеріне) дәлелді қарсылық мәлімдеуге құқылы.

      Егер Сот жюриінің мүшесі өзіне қатысты материалдар қаралған судьямен туыстық қатынаста болса не оның объективтігі мен турашылдығына күмән келтіретін өзге де мән-жайлар болса оның Сот жюриінің отырысына қатысуға құқығы жоқ.

      Сот жюриінің кез келген мүшесі материалдарды қараудан дәлелді түрде өздігінен бас тартатындығы туралы мәлімдей алады.

      22. Қарсылық білдіру немесе өздігінен бас тарту туралы мәселені Сот жюриінің мүшелері өзіне қатысты қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген адамның қатысуынсыз көпшілік дауыспен шешеді.

      Мәлімделген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) бойынша дауыс берудің нәтижелері отырыс хаттамасында көрсетіледі.

      23. Кворумның болмауына әкеп соғатын қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылған жағдайда Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады, бұл туралы өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судья хабардар етіледі.

      Бұл жағдайда Сот жюриінің құрамы Сот жюриінің басқа немесе қосалқы мүшесімен алмастырылады.

      24. Өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судьяның материалдарды зерттеуге қатысуға, мәнісі бойынша түсініктемелер беруге, қосымша материалдарды ұсынуға, өтініш мәлімдеуге құқығы бар.

      25. Қажетті жағдайларда Сот жюриінің отырысына түсініктемелер беру үшін судья жұмыс істейтін соттың төрағасы не сот алқасының төрағасы, сондай-ақ басқа адамдар шақырылуы мүмкін.

      26. Сот жюриінің шешімі кеңесу бөлмесінде, оған қандай да бір ықпал ету мүмкіндігі болмайтындай жағдайда көпшілік дауыспен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде кеңесу бөлмесінде Сот жюриінің мүшелері ғана бола алады. Сот жюриі мүшесі дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.

      Кеңесу бөлмесінің құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етілуге тиіс.

      27. Шешім жазбаша нысанда әзірленеді және оған істі немесе материалдарды қарауға қатысқан Сот жюриі мүшелерінің барлығы қол қояды.

      28. Сот жюриінің отырысында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға отырысқа төрағалық етуші және Сот жюриінің хатшысы қол қояды.

      29. Судьяның атқарып отырған қызметіне кәсіби жарамсыздығына байланысты сәйкес еместігі туралы, оны тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін судья қызметінен босатудың қажеттілігі туралы, судьяның орнынан түсу құқығын растау және орнынан түсуді тоқтату туралы Сот жюриінің шешімі кейін Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне ұсынуы үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына жіберіледі.

4. Судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдарды
қарау негіздері мен тәртібі

      30. Судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдарды Сот жюриінде қарау үшін облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының сот төрелігін жүзеге асыру сапасы төмен немесе сот істерін қарау кезінде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдары негіз болып табылады.

      31. Кәсіби біліктілігі күмән туғызатын судьяға қатысты материалдарды қараудың нәтижелері бойынша Сот жюриі мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) судьяның атқарып отырған қызметіне сәйкестігі туралы;

      2) судьяның кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде қажетті шаралар қабылдау туралы (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқалар);

      3) судьяның атқарып отырған қызметіне кәсіби жарамсыздығына байланысты сәйкес келмейтіндігі туралы.

      32. Сот жюриінің шешімі:

      1) Сот жюриінің құрамы;

      2) материалдарды қарау орны және уақыты;

      3) өзіне қатысты материалдар қаралған судья;

      4) материалдарды Сот жюриіне жіберген сот;

      5) материалдарды Сот жюриіне жіберуге негіз болған мән-жайлар;

      6) өзіне қатысты материалдар қаралған судьяның түсініктемелері;

      7) Сот жюриінің отырысына шақырылған басқа адамдардың түсініктемелері;

      8) қабылданған шешімнің негіздемелері көрсетілген Сот жюриінің тұжырымдары туралы деректерді қамтуға тиіс.

      33. Шешімнің көшірмесі шығарылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде өзіне қатысты материалдар қаралған судьяға, сондай-ақ материалдарды берген сотқа жіберіледі.

      34. Жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдар олар Сот жюриіне түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралуға тиіс. Қажет болған жағдайда бұл мерзімді Сот жюриінің төрағасы ұзартуы мүмкін, бірақ бір айдан аспауы керек.

5. Тәртіптік іс жүргізуді қозғаудың және тәртіптік істі
қараудың негіздері және тәртібі

      35. Судьялар Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабында көзделген негіздер бойынша ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

      36. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағаларына, судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларына қатысты тәртіптік іс жүргізу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша қозғалуы мүмкін.

      Облыстық соттардың судьяларына, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртіптік іс жүргізу облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасының ұсынуы бойынша қозғалуы мүмкін.

      37. Судьяның тәртіптік теріс қылығын дәлелдеу бойынша міндет өтініш берген адамға жүктеледі. Бұл ретте судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселені шешу, тәртіптік істі қарау кезінде оған осы адамның немесе оның өкілінің қатысуы жоққа шығарылмайды.

      38. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу, қызметтік тексеру мен судьяның дәлелді себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қозғалуы мүмкін.

      39. Тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы немесе тәртіптік іс жүргізуді қозғау үшін негіздердің жоқтығы туралы шешім қаулы нысанында жазылады, оған Сот жюриінің барлық мүшелері қол қояды.

      40. Сот жюриі тәртіптік істі қараудың нәтижесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік жазаны қолдану;

      2) тәртіптік іс жүргізуді тоқтату туралы.

      41. Тәртіптік іс:

      1) тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен;

      2) тәртіптік іс негізсіз қозғалған;

      3) судьяның әрекетінде тәртіптік теріс қылық болмаған;

      4) тәртіптік істі қозғау үшін шығарылуы негіз болған сот актісінің күшін қадағалаушы инстанция жойған;

      5) судьяның өкілеттігі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 4)-7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда тоқтатылады.

      42. Тәртіптік іс ол қозғалған күннен бастап екі ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.

6. Тәртіптік жазаның күшінде болу мерзімі және оны алудың
тәртібі

      43. Тәртіптік жаза ол қолданылған күннен бастап бір жыл бойы күшінде болады. Егер жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойына судья жаңа тәртіптік жазаға ұшырамаса, онда ол тәртіптік жазаға ұшырамаған болып есептеледі.

      Судьяға бірнеше жаза берілген жағдайда, ол уақыты бойынша соңғы жаза берілген күннен бастап бір жыл мерзім өткенге дейін жазаға тартылған болып есептеледі.

      44. Тәртіптік жаза берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Сот жюриі судьяның тәртібі мінсіз болып, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарған жағдайда судьяның қолдаухаты бойынша жазаны мерзімінен бұрын алуы мүмкін.

7. Сот жюриі шешімдерінің күшін жою және оларды қайта қарау

      45. Сот жюриінің шешімі шағымдануға жатпайды.

      46. Сот жюриінің шешімі Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы қабылдағанға дейін оны шығару кезінде белгілі болмаған жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      47. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриінің өз шешімінің күшін жоюына және оны қайта қарауына негіз болып табылады.

      48. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны қызметінен босатуға ұсыныс беруден бас тарту туралы хаттамалық шешімнің негізінде Сот жюриі осы Ережеде белгіленген тәртіп пен мерзімде материалдарды қайта қарауды тағайындай отырып, он жұмыс күні ішінде Сот жюриі шешімінің күшін жою туралы қаулы шығарады.

8. Судьяның орнынан түсу құқығын растау және орнынан түсуді
тоқтату туралы мәселені қараудың негіздері мен тәртібі

      49. Судьяның орнынан түсу құқығын растау туралы мәселені қарауды Сот жюриі судьяның жазбаша арызының негізінде жүзеге асырады. Арызға судья беделінің мінсіз екенін растайтын құжаттар қоса тіркелуге тиіс.

      50. Орнынан түсу құқығын растау туралы арыз материалдар қарауға түскен кезден бастап екі апталық мерзім ішінде қаралып, тиісті қорытынды шығарылуға тиіс.

      51. Орнынан түсу құқығын іске асыру шарттарының жоқтығы туралы Сот жюриінің шешімі судьяны қызметінен орнынан түсу нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.

      52. Судьяның орнынан түсуі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары, сондай-ақ өз арызы бойынша судья Сот жюриіне орнынан түсуді тоқтату туралы ұсыныс жасай алады.

      Сот жюриінің орнынан түсу құқығын іске асыру шарттарының жоқтығы туралы шешімі шағымдануға жатпайды.

9. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы
Біліктілік комиссиясына судьяларды жіберу тәртібі

      53. Сот жюриі өз құрамынан үш судьяны алмастырушылық негізде екі жыл мерзімге Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.

      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жіберу үшін кандидаттарды Сот жюриінің төрағасы ұсынады.

      54. Сот жюриінің жіберу туралы шешімі Сот жюриінің отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған Сот жюриінің дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе қабылданды деп есептеледі, сондай-ақ шешімге Сот жюриінің төрағасы қол қояды.

      Шешімнің көшірмесі үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне жіберіледі.

      55. Сот жюриінің шешімінде:

      1) Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына судьяларды жіберу туралы мәселені қарау кезінде Сот жюриінің құрамы;

      2) судьяларды жіберу туралы мәселенің қаралған орны мен уақыты;

      3) жіберілетін судьялардың аты, әкесінің аты, тегі, лауазымдары туралы деректер қамтылуға тиіс.

10. Сот жюриінің жұмысын ұйымдастыру

      56. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы Сот жюриінің қызметін ұйымдастырудың және оның отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібінің, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруының өзге де мәселелері бойынша Сот жюриінің регламентін бекітеді.

      57. Сот жюриінің қызметін қамтамасыз етуді Сот жюриінің жұмыс органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 18 мамырдағы
№ 329 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді берудің шарттары мен тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы судьясының куәлігі (бұдан әрі - куәлік) оның атқаратын лауазымын растайтын ресми құжат болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына куәлік екі жыл мерзімге беріледі және мерзімі өткеннен кейін атқаратын лауазымы сақталған кезде ұзартылуға жатады.

      Жергілікті және басқа да соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағаларына, судьяларына куәлік бес жыл мерзімге беріледі, оның мерзімі өткеннен кейін ауыстыруға жатады.

      3. Куәліктер:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қолы қойылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына;

      2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының қолы қойылған - облыстық және оған теңестірілген соттар (бұдан әрі - облыстық соттар) төрағаларына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына, аудандық және оларға теңестірілген соттар (бұдан әрі - аудандық соттар) төрағаларына және судьяларына беріледі.

      4. Куәлік қызметтік емес мақсаттарға қолданылмауға тиіс.

      Судьялар куәліктің сақталуына дербес жауапты болады. Куәлікті өзге адамдарға беруге тыйым салынады.

      5. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және судьяларына куәлікті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.

      Облыстық соттардың төрағаларына куәлікті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы не сот алқасының төрағасы тапсырады.

      Облыстық соттардың сот алқаларының төрағаларына, аудандық соттардың төрағаларына және жергілікті және басқа соттардың судьяларына, лауазымына алғаш тағайындалған судьяларға куәлікті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының атынан облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары тапсырады.

      6. Куәлікті:

      1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьялары жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда оның иесі болған жағдай туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына дереу жазбаша нысанда баяндайды;

      2) жергілікті және басқа да соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, судьялары жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда оның иесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) дереу жазбаша нысанда хабарланады.

      Куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, басқа адамдарға берудің, оны қызметтік емес мақсатта қолданудың әрбір фактісі бойынша бір апта мерзімде қызметтік тексеріс жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      Жоғалған куәліктер жарамсыз деп жарияланады.

      7. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, сот алқаларының төрағалары мен судьялары атқаратын қызметінен босатылған кезде өз куәлігін уәкілетті органға тапсырады, кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне беріледі.

      8. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, судьялары атқаратын қызметінен босатылған кезде өз куәліктерін облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне тапсырады, кейіннен ол уәкілетті органға беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады