Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 21 тамыздағы № 369 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 629 Жарлығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 26.08.2024 № 629 Жарлығымен.


      Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және басып шығару мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2012 жылғы 21 тамыздағы
№ 369 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау
ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Осы Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау кағидалары әлемдік және ұлттық ғылымның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, ғылым дамуының басым бағыттарының негіздемесін және оны танымал етуді қамтитын Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) дайындау және басып шығару мақсатында әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 20.07.2018 № 720 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Ұлттық баяндаманы дайындауды, басып шығаруды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді ғылым саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ұлттық баяндама есеп беру жылының алдындағы жылғы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері бойынша дайындалады.

      3. Ұлттық баяндама құрылымына қойылатын талаптар тізбесі:

      1) кіріспе – Ұлттық баяндаманың мақсаты;

      2) қазақстандық ғылымның соңғы 3 жылдағы ғылыми-метрикалық талдауы ұсынылған жалпы сипаттамасы, қазақстандық ғылымның жетістіктерін (ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің неғұрлым маңызды нәтижелері, енгізілген әзірлемелер) талдау, ғалымдардың зерттеу белсенділігінің көрсеткіштері (жарияланымдар саны, дәйексөзге алыну индексі, журналдардың импакт-факторы, патенттік белсенділік);

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған, ғылымның бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы басым зерттеулерді негіздеу және олардың іске асырылуын талдау;

      4) ғылыми ұйымдардың және жоғары оқу орындарының, ғылыммен айналысатын дербес білім беру ұйымдарының ғылыми әлеуетінің, сапалық құрамының жай-күйін, отандық ғылыми кадрларды даярлау сапасын, шетелдік ғалымдарды тартуды, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ғылыми зертханалардың қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуын талдау;

      5) мемлекеттік бюджет қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржыландырылуын, ғылымға жекеше сектордан қаржы қаражатының тартылуын талдау;

      6) ғылым дамуындағы әлемдік үрдістерді, шетелдік және халықаралық ғылыми ұйымдармен ғылыми техникалық келісімдерді іске асыру нәтижесінде алынған қазақстандық ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін талдау;

      7) технологиялар мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері арқылы ұлттық инновациялық жүйенің дамуын, ғылымның, өнеркәсіп пен бизнес-қауымдастықтың ықпалдасуын талдау, ғылымның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсерін бағалау;

      7-1) Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық баяндаманы мақұлдауының қорытындылары бойынша берілген ұсынымдарды іске асырудың толықтығын талдау, отандық ғылымды дамытудың түйінді бағыттары бойынша прогресті бағалау, форсайттық зерттеулердің нәтижелері (3 жылда 1 рет мерзімділікпен);

      8) салалық уәкілетті органдардың ғылымды және ғылыми-техникалық қызметті басқару жөніндегі қызметін талдау;

      9) ұлттық ғылыми жүйені одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар;

      10) әдебиет;

      11) глоссарий.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.05.2015 № 27 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.08.2020 № 383 Жарлығымен.

      4. Ғылым саласындағы уәкілетті орган Ұлттық баяндаманы дайындау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ақпарат сұрата алады.

      Ұлттық баяндаманы дайындау үшін уәкілетті органның сұратуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар жыл сайын 15 ақпаннан кешіктірмей ақпарат ұсынады.

      Ұлттық баяндама үшін материалдар дайындау кезінде ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары мен дербес білім беру ұйымдарының ұсыныстары негізінде сарапшылық топ құрады.

      Әлемдегі және Қазақстандағы ғылымның даму үрдістерін талдауды және айқындауды қамтитын материалдар Ұлттық баяндаманың бүкіл көлемінің кемінде 2/3-сін (парақпен) құрауға тиіс.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіреді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.05.2015 № 27 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Ұлттық баяндама жыл сайын 10 тамыздан кешіктірілмей Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарауына енгізіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 20.07.2018 № 720 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның ұсынымы негізінде 10 қазаннан кешіктірмей Ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 20.07.2018 № 720 Жарлығымен.

      7. Ұлттық баяндаманы мемлекеттік тілде және орыс тілінде басып шығару оны Қазақстан Республикасының Президенті мақұлдағаннан кейін жүзеге асырылады. Ұлттық баяндаманың ағылшын тіліндегі электрондық нұсқасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің интернет-ресурсында орналастырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 20.07.2018 № 720 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады