"Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 4 ақпандағы № 1287 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 наурыздағы № 518 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында 
жариялануға тиіс           

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 4 ақпандағы № 1287 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 5, 67-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережеде:
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Өкілдік негізгі міндеттерді іске асыру және өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін:
      1) қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (бұдан әрі - мемлекеттік ұйымдар) өкілдіктері (өкілдері) мен филиалдарының, және олардың қызметкерлерінің орналасқан мемлекетіндегі қызметін үйлестіруге;
      2) орналасқан мемлекетіндегі мемлекеттік ұйымдардан толық ақпарат беруді және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын қызметті келісуді талап етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де  құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.»;
      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «12. Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі
орналасқан мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының бас  консулдықтарының, консулдықтарының, вице-консулдықтарының, консулдық агенттіктерінің, құрметті консулдықтарының және өзі аккредиттелген мемлекеттерде ашылған Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссияларының қызметіне басшылықты, сондай-ақ орналасқан мемлекетіндегі мемлекеттік ұйымдардың қызметін үйлестіруді және олардың жұмысын бақылауды жүзеге асырады.
      Мемлекеттік ұйымдардың басшылары:
      1) өзінің қызметін өкілдіктің немесе консулдық мекеменің басшысымен келісуге, өкілдіктің басшысына оның өкілеттіктерін жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге, өзінің қызметі туралы оған ақпарат беруге міндетті;
      2) өкілдіктің немесе консулдық мекеменің басшысымен жұмыс
жоспарларын келіседі, сондай-ақ өкілдіктің немесе консулдық мекеменің
басшысымен келісілген мерзімдерде олардың орындалуы туралы есептер
береді.».
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады