"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 21 маусымдағы N 585 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 183-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидалары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi                                     Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы 21 маусымдағы
№ 585 Жарлығына  
ҚОСЫМША      

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2006 жылғы 25 мамырдағы
№ 124 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері
мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткерудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы азаматтарының әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртібін айқындайды.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері әскери қызметті «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» Заң) 715-19222429-37-баптарында56 және 9-тарауларында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып өткереді.
      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) іріктеу комиссиясы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы Күштер) әскери бөлімдерінде (мемлекеттік мекемелерінде) құрылатын, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарды іріктеу жөніндегі комиссия;
      2) штаттық-лауазымдық санат – әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) штатында әскери лауазым үшін көзделген әскери атақ.

2.Әскери қызмет өткеру

      3. Бейбіт және соғыс уақытында әскери қызмет өткеру техникалық және кәсіптік орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарында, жоғары оқу орындарының әскери факультеттерінде (бұдан әрі – әскери факультеттер) оқуды, әскери қызметке шақыруды, келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті түрде кіруді, әскери атақ беруді, әскери лауазымға тағайындалуды және әскери қызметі бойынша ауыстырылуды, ротациялауды, әскери қызметтен шығаруды, аттестаттауды, демалыстар беруді, әскери жиындардан өтуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған басқа да мән-жайларды (оқиғаларды) қамтиды.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Қағидаларға сәйкес Қарулы Күштерде келісімшарт бойынша ерікті тәртіппен немесе әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткереді.
      5. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші бейбіт уақытта әскери қызметтің алты айынан кейін және олар әскери-есептік мамандықтардың біреуі бойынша міндетті даярлық курсынан өткен кезде ерікті түрде, оның ішінде бөлімшенің немесе әскери бөлімнің құрамында Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін жіберілуі мүмкін.
      6. Әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға (бітімгершілік операцияларына), жауынгерлік іс-қимылдарға қатысу кезеңін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, терроризмге қарсы операцияларға қатысу кезеңін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы айқындайды.
      7. Әскери қызметшілерді көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртіптік жарғыда, сондай-ақ осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

3. Әскери қызметтің басталуы, мерзімдері және аяқталуы

      8. Әскери қызметтің басталуы:
      1) әскери қызметке (әскери жиындарға) шақырылғандар үшін – жергілікті әскери басқару органынан (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) әскери қызмет өткеру (жиындардан өту) орнына кету туралы тиісті командирдің (бастықтың) бұйрығы шыққан күн;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіргендер үшін – бөлім жеке құрамының тізімдеріне енгізу туралы әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) бұйрығы шыққан күн;
      3) техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскендер және бұрын әскери қызметте болмағандар үшін – әскери оқу орны (әскери факультет) жеке құрамының тізімдеріне енгізу туралы оқу орны бастығының бұйрығы шыққан күн, ал орта техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік әскери оқу орнына түскен кезде – оқуға жіберу туралы уәкілетті орган басшысының бұйрығы шыққан күн болып саналады.
      9. Әскери қызмет мерзімдері «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген және:
      1) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретіндер үшін – әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің аяқталу мерзімінің соңғы айының соңғы күнінен кешіктірілмей;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретіндер үшін – егер осы Қағидаларда өзгеше көзделмесе, келісімшарттың аяқталу мерзімінің соңғы айының тиісті күні аяқталады.
      Әскери қызмет мерзімінің аяқталуы ондай күн болмайтын айға тура келген жағдайларда көрсетілген мерзім сол айдың соңғы күні аяқталады.
      Әскери қызметтен шығарылуына (әскери жиындардың аяқталуына) байланысты әскери қызметші әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күн әскери қызмет аяқталған күн болып саналады.
      10. Әскери бөлімді немесе әскери қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен уақыт кезеңі, сондай-ақ гауптвахтада ұстау түріндегі жазасын өтеу уақыты әскери қызметшінің әскери қызмет мерзіміне есептелмейді.
      Әскери бөлімді немесе әскери қызмет орнын өз еркімен тастап кету кезеңінің басталуы әскери қызметшінің әскери бөлім немесе қызмет орны орналасқан жерді нақты тастап кеткен уақыт, сол сияқты оның белгіленген мерзімде қызмет орнына негізсіз келмеуі, аяқталуы – әскери қызметшінің әскери бөлімге, әскери басқару органдарына немесе құқық қорғау органдарына келуі не оны ұстау уақыты болып табылады.
      11. Әскери қызметшінің әскери қызметінің жалпы ұзақтығы (еңбек сіңірген жылдары) оның әскерге шақыру бойынша, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметінің барлық уақытын қамтиды.
      Әскери қызметтің жалпы ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күнтізбелік және жеңілдік есептеумен жүргізіледі.

4. Келісімшарт жасасу және оның қолданысын тоқтату

      12. Әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты ерікті түрде Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердің уәкілетті лауазымды адамымен жазбаша түрде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша:
      1) жоғары офицерлер құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымға тағайындалатындар – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтындарды қоспағанда, уәкілетті органның бірінші басшысымен;
      2) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамдарының, офицерлер құрамының (жоғары офицерлер құрамын қоспағанда) штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымға тағайындалатындар – әскери бөлім командирінен (мемлекеттік мекеме басшысынан) және одан жоғары тиісті уәкілетті лауазымды адаммен;
      3) Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына түсетіндер – осы оқу орнының бастығымен;
      4) Қазақстан Республикасында әскери факультетке түсетіндер – әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті орган құрылымдық бөлімшесінің бастығымен;
      5) басқа мемлекеттің орта техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) түсетіндер – шетелде оқу мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті орган құрылымдық бөлімшесінің бастығымен жасалады.
      Атқаратын лауазымдарында әскери қызмет өткеретін адамдармен келісімшарттар осы тармақтың 1), 2) тармақшаларына сәйкес жасалады.
      13. Келісімшарт әскери қызметке келісімшарт бойынша кірген кезде жасалады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшімен жаңа келісімшарт:
      1) Заңның 19-бабында айқындалған құрам өзгерген;
      2) әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған;
      3) Заңның 39-бабының 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, әскери оқу орнына (әскери факультетке) түскенге дейін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшіні теріс себептер бойынша шығару үшін негіздеме болып табылмайтын әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған;
      4) әскери қызмет мерзімі ұзартылған;
      5) бір уәкілетті органнан басқасына ауыстырылған жағдайларда жасасылады.
      14. Келісімшарт кемінде екі данада, әрқайсысы мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады және оны жасасқан адамдар қол қояды. Келісімшарт жасасқан лауазымды адамның қолы мөрмен расталады, бұл ретте бірінші данасы келісімшарт жасасқан адамның жеке ісіне тігіледі, ал екінші данасы оған қолын қойғызып беріледі.
      Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт әскери қызметшілермен келісімшарт жасасу, оларды әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, олардан босату, шығару, сондай-ақ оларға әскери атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесіне (бұдан әрі – лауазымды адамдар тізбесі) сәйкес осы құқық берілген уәкілетті лауазымды адамның бұйрығы шыққан күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Лауазымды адамдар тізбесін уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.
      15. Келісімшарт Заңның 37-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда қолданысын тоқтатады.
      Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттар әскери қызметшілер Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген шекті жасқа толғанға дейін қолданылады.
      16. Одан әрі келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеруге ниет білдірген әскери қызметші қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын мерзімінде белгіленген тәртіппен әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) жаңа келісімшарт жасасу туралы баянат береді.
      Лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес осы құқық берілген уәкілетті лауазымды адамның келісімшарт бойынша әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешімі бұйрықпен ресімделеді және әскери қызметшінің назарына жазбаша түрде қолын қойғызып жеткізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда әскери қызметшінің назарына бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша хабарлама қолын қойғызып жеткізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскери қызметтен шығу туралы шешім қабылдаған әскери қызметші келісімшартты қолдану мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын уәкілетті лауазымды адамды өзінің шешімі туралы жазбаша хабардар етеді.
      Әскери қызметші жүктілігі және бала тууы бойынша демалыста немесе ол үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша қосымша демалыста болған уақытта қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталған жағдайда әскери қызметші демалыстан шыққаннан кейін екі ай ішінде жаңа келісімшарт жасасады немесе осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен әскери қызметтен шығарылады.
      17. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиісті лауазымдағы әскери қызметті келісімшарт жасамай өткереді. Олардың келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер мәртебесі сақталады.
      Көрсетілген лауазымға тағайындалғанға дейін әскери қызметшілердің осы санатымен жасалған келісімшарттардың қолданысы тоқтатылады.
      18. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындаған әскери қызметші лауазымынан босатылғаннан кейін ол осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен жаңа келісімшарт жасасады немесе әскери қызметтен шығарылады.

5. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін азаматтар
қатарынан кандидаттарды іріктеу

      19. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін кандидаттарды іріктеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін қажетті құжаттарды қабылдау;
      2) медициналық куәландырудан өту;
      3) дене дайындығы деңгейінің сәйкес келуін айқындау;
      4) кәсіби даярлық деңгейін және тағайындау үшін қаралып отырған әскери лауазым әскери-есептік мамандығының (білімінің) сәйкес келуін айқындау;
      5) психологиялық тұрғыдан жарамдылыққа тексеруден өту.
      20. Әскери қызметте болмаған, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы жергілікті әскери басқару органының бастығына немесе әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) өтініш береді.
      Республикадан тыс жерлерде тұратын, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне келгеннен кейін ғана өтініш береді.
      21. Өтініште:
      1) азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның туған күні, айы мен жылы, тұрғылықты жері;
      2) азамат келісімшарт жасасуға ниет білдірген уәкілетті органның атауы, әскери бөлім (мемлекеттік мекеме);
      3) келісімшарт жасасу көзделетін мерзім көрсетіледі.
      Өтінішпен бірге азамат:
      1) белгіленген үлгідегі бланкіде сауалнама деректерін;
      2) өзі қол қойған өмірбаянын;
      3) жеке басы мен азаматтығын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесін;
      4) білімі туралы құжаттарының көшірмелерін (салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмелерін);
      5) бар болған кезде еңбек кітапшасының көшірмесін;
      6) сотталмағандығы туралы анықтаманы;
      7) салық органының табысы туралы декларацияны қабылдағаны туралы анықтаманы;
      8) соңғы қызмет (жұмыс немесе оқу) орнынан мінездемені ұсынады.
      Құжаттарды қабылдаған кезде тиісті лауазымды адам құжаттардың көшірмелерін олардың түпнұсқаларымен салыстырады (салыстыру үшін ұсынған жағдайда) және түпнұсқаларды азаматқа қайтарады.
      Әйелдерді қоспағанда, бұрын әскери қызмет өткермеген, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқымаған адамдар Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған білім беру ұйымында әскери даярлықтан өткенін растайтын құжатты ұсынады.
      22. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген азаматтардың өтініштері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі. Өтініші тіркелген және қарауға қабылданған азамат келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге кандидат (бұдан әрі – кандидат) болып табылады.
      Кандидаттың Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келуі тексеріледі.
      Уәкілетті органдарда кандидаттардың өтініштері мен құжаттарын қарау тәртібін олардың бірінші басшылары айқындайды.
      23. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеуді көздейтін әскери қызмет өткеру үшін кандидаттарға заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік құпияларға рұқсаттама беруге арнайы тексеру жүргізіледі. Оларға мемлекеттік құпияларға рұқсаттама беруге арнайы тексеру аяқталғаннан кейін осы кандидаттарды әскери қызметке қабылдау жүргізіледі. Мемлекеттік құпияларға рұқсаттама беруге арнайы тексеруді ұйымдастыру жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдерге (мемлекеттік мекемелерге) жүктеледі.
      24. Жергілікті әскери басқару органы немесе әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) кандидатқа жеке іс ресімдейді.
      25. Кандидаттарды медициналық куәландыру (Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке кіретін азаматтардан басқа) екі кезеңнен тұрады:
      1) алдын ала медициналық куәландыру – тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдардың дәрігер мамандары жүргізеді;
      2) қорытынды медициналық куәландыру – әскерге шақыру (тіркеу) медициналық комиссияларының жұмысы кезеңінде жергілікті әскери басқару органдарында, сондай-ақ Қарулы Күштер әскери-медициналық бөлімдері мен мекемелерінің әскери-дәрігерлік комиссиясы жанында жүргізіледі.
      Уәкілетті органдар басшыларының келісімі бойынша кандидаттарды медициналық куәландыру ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, әскери-медициналық бөлімдер мен мекемелерде жүргізілуі мүмкін.
      26. Медициналық куәландырудан өту тәртібі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі – Әскери-дәрігерлік сараптама қағидалары) белгіленеді.
      27. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетін кандидаттың құжаттарын (жеке ісін) іріктеу комиссиясы қарайды.
      Іріктеу комиссиясы кандидат білімінің ол қаралып отырған әскери лауазымның әскери-есептік мамандығына, кандидаттың дене дайындығының уәкілетті органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға, кәсіби және психологиялық іріктеу деректері негізінде лауазымға тағайындалу үшін кандидаттың кәсіби жарамдылығының сәйкес келуін тексереді.
      Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды тиісті мамандар жүргізеді. Бұл ретте тексерілетін кандидаттардың зияткерлік даму деңгейі, әскери қызмет өткеруге психологиялық тұрғыдан жарамдылығы, әскери қызмет үшін қажетті кәсіби және жеке басының қасиеттері бағаланады.
      Іріктеу комиссияларын құру және оның жұмыс тәртібін, кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібі мен  әдістемесін уәкілетті орган айқындайды.
      28. Психологиялық іріктеу нәтижелері бойынша нақты әскери лауазымдарда келісімшарт бойынша әскери қызметке кандидаттың жарамдылығы туралы мынадай қорытындылардың біреуі шығарылады:
      1) «ұсынылады»;
      2) «шартты түрде ұсынылады»;
      3) «ұсынылмайды».
      Кандидат «шартты түрде ұсынылады» деген қорытынды алған жағдайда, оның нәтижелері бойынша осы тармақтың 1) немесе 3) тармақшаларында айқындалған қорытындылардың бірі шығарылатын психологиялық іріктеуден қайта өту мүмкіндігі беріледі.
      29. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін кандидаттарға қатысты арнайы тексеру Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындаған тәртіпте жүргізіледі.
      30. Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарына, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер арсеналдарындағы, базалары мен қоймаларындағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуымен байланысты лауазымдарға келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін кандидаттарға қатысты психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолдана отырып арнайы тексеру жүргізіледі.
      Психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізуді құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген уәкілетті органдар ұйымдастырады. Қызметке кіру кезінде психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізу ұйымдастырылатын лауазымдардың тізбесін, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      31. Кандидатты келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіздер:
      1) Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келмеуі;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге кедергі келтіретін арнайы тексеру нәтижелері немесе кандидаттың оны өтуден бас тартуы;
      3) дене дайындығы деңгейі бойынша талаптарға сәйкес келмеуі;
      4) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге кедергі келтіретін психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізу нәтижелері болып табылады.

6. Әскери қызметшілер қатарынан келісімшарт бойынша әскери
қызметке кіру үшін кандидаттарды іріктеу

      32. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметші әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) (офицерлер құрамының әскери қызметшісі – әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін бір ай бұрын) баянат береді.
      33. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметшінің баянаты тіркеледі және әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) қарауға қабылдайды. Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянатын қарайды және он жұмыс күні ішінде ол бойынша шешім қабылдайды.
      Баянаты қарауға қабылданған әскери қызметші кандидат болып табылады.
      34. Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) баянатты қарап:
      1) кандидатты медициналық куәландырудан өткізу туралы;
      2) кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындаған тәртіпте арнайы тексеруді жүргізу туралы;
      4) Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарындағы әскери лауазымдарға, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер арсеналдарындағы, базалары мен қоймаларындағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаумен байланысты лауазымдарға кандидаттармен психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізу туралы;
      5) кандидаттың білім, кәсіби және дене дайындығы деңгейінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру туралы;
      6) әскери бөлім аттестаттау комиссиясының әскери қызметшінің кандидатурасын қарауы туралы нұсқаулар береді.
      35. Кандидат мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмысты көздейтін лауазымда келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін қаралған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде мемлекеттік құпияларға рұқсаттама беруге арнайы тексеру жүргізіледі. Осындай кандидаттармен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасу және әскери лауазымға тағайындау олар бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсаттамаға арнайы тексеру аяқталғаннан кейін ғана жүргізіледі.
      36. Кандидаттың келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретіндер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуі (сәйкес келмеуі) туралы шешімді әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) аттестаттау (іріктеу) комиссиясының ұсынымы бойынша әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) командирі қабылдайды және оның тікелей бастығы (командирі) бекітеді.
      Шешім әскери қызметшіге қол қойғызып жеткізіледі.
      37. Ресімделгеннен кейін құжаттар осы Қағидаларға сәйкес келісімшарт жасасу үшін уәкілетті лауазымды адамға қарауға ұсынылады.

7. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған, оқытушылық,
ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық
дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар әскери
қызметшілермен әскери қызмет мерзімдерін ұзарту кезінде
келісімшарттар жасасу

      38. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған, оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар және оны жалғастыруға ниет білдірген әскери қызметшілермен уәкілетті органның бірінші басшысының шешімі бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған, бірақ Заңның 25-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімнен аспайтын мерзімге жаңа келісімшарт жасалады.
      39. Әскери қызметте болудың шекті жасынан тыс әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған кезде:
      1) кәсіби даярлығы және атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжірибесі;
      2) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеру үшін жарамдылығы ескеріледі.
      40. Осы Қағидалардың 38-тармағында көрсетілген адамдар әскери қызметте болудың шекті жасынан тыс әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын мерзімде уәкілетті лауазымды адамға жаңа келісімшарт жасасу туралы баянат береді.
      Баянатпен бірге:
      атқаратын лауазымы бойынша қызметтік мінездеме;
      әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы ұсынылады.
      41. Уәкілетті органның бірінші басшысының әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешімі бұйрықпен ресімделеді және келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын әскери қызметшінің назарына жеткізіледі.
      42. Әскери қызмет мерзімін ұзартудан бас тартқан жағдайда бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша хабарлама әскери қызметшінің назарына ол әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға немесе қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын қолын қойғызып жеткізіледі.
      Әскери қызметші демалыста, емделуде, қызметтік іссапарда болған кезде хабарлама тұрақты әскери қызмет орнына келген күні жеткізіледі.

8. Әскери лауазымдарға тағайындау

      43. Әскери қызметшіні әскери лауазымға тағайындау арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік органның лауазымдар санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына және осы Қағидаларда көзделген өзге де мән-жайларға байланысты әскери қызметшінің білім және кәсіби даярлығы деңгейін, денсаулық жағдайын ескере отырып жүргізіледі.
      44. Әскери қызметшілерді әскери лауазымдарға тағайындау оларды негізгі немесе бір бейінді әскери-есептік мамандық бойынша пайдалануды және қызметтік істерінің тәжірибесін және білімін ескеруді қамтамасыз етуге тиіс. Әскери қызметшілерді, олар үшін жаңа әскери-есептік мамандық бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде оларды осы лауазымдарға тағайындауға тиісті қайта даярлау алғышарт болуға тиіс.
      45. Әскери қызметшінің бір әскери лауазымда болуына 5 жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі. Бұл ретте, Республикалық ұланда әскери лауазымда болу уақыты оның бірінші басшысының шешімімен анағұрлым ұзақ мерзімге белгіленуі мүмкін.
      Әскери қызмет өткеру шарттары мен ерекшеліктеріне байланысты уәкілетті органның бірінші басшысы әскери лауазымдардың жекелеген санаттарына бір лауазымда болу уақытын аз мерзімге белгілеуі мүмкін.
      Атқаратын әскери лауазым бойынша міндеттерін орындау үшін қойылатын талаптарды, сондай-ақ әскери қызметшілердің кәсіби қасиеттерін ескере отырып, лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес лауазымға тағайындау құқығы берілген уәкілетті лауазымды адамның шешімі бойынша әскери қызметші әскери қызмет мүддесінде осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен лауазымында екінші мерзімге қалдырылуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және бекітетін немесе оның келісімімен, оның ұсынуы бойынша сайланатын лауазымдар тізбесі үшін әскери лауазымда болу мерзімі белгіленбейді.
      46. Орта техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған азамат сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы курсант әскери лауазымына тағайындалады.
      Офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы курсант әскери лауазымына тағайындалады.
      Офицерлер құрамының әскери атағы бар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша әскери оқу орнына немесе әскери оқу орнының адъюнктурасына, магистратурасына не докторантурасына күндізгі оқу нысанына қабылданған әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және тыңдаушы әскери лауазымына тағайындалады (тыңдаушы болып қабылданады).
      Әскери қызметшіні (азаматты) әскери оқу орнына қабылдаған кезде оған бұрын берілген әскери атағы сақталады.
      47. Әскери оқу орнына немесе әскери оқу орнының адъюнктурасына, магистратурасына не докторантурасына қабылданбаған әскери қызметшілер көрсетілген оқу орнына түсу үшін жіберген әскери бөлімдерге, бұрынғы әскери лауазымдарына қайтарылады.
      48. Әскери оқу орындарын немесе әскери оқу орнының адъюнктурасын, магистратурасын не докторантурасын бітірген әскери қызметшілер қажетті білім деңгейі бар адамдар атқаруға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери лауазымдар және оларға сәйкес келетін әскери атақтар тізбесінде (бұдан әрі – әскери лауазымдар тізбесі) аталған әскери қызметшілердің әскери атақтарына қарағанда, оларға тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақтар сәйкес келсе, офицерлер құрамының әскери лауазымдарына тағайындалады.
      Көрсетілген әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде мұндай әскери қызметшілер даярлық бейіні бойынша ұқсас өзге әскери лауазымдарға тағайындалады (ерекше жағдайларда одан әрі әскери лауазымға тағайындау үшін командирдің (бастықтың) қарамағына қабылданады).
      49. Әскери лауазымдарға тағайындау кезінде мынадай шарттар сақталады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) мен офицерлер құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалады;
      2) тиісті командирлердің (бастықтардың) қарамағына қабылданған әскери қызметшілерді әскери лауазымдарға тағайындау, егер «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» Заңда өзгеше белгіленбесе, Заңның 21-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімнен аспайтын, мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізіледі;
      3) егер әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе ол көрсетілген рұқсаттамадан айырылған жағдайда ол мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге берілетін рұқсаттамамен байланысты емес әскери лауазымға белгіленген тәртіппен тағайындалады.
      50. Тиісті құрамның әскери қызметшілерін әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде оларға тиісті құрамның әскери міндеттілері, төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері немесе уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен азаматтық персонал адамдары тағайындалуы мүмкін (оның ішінде уақытша). Бұл ретте әскери міндеттілер, төменде тұрған құрамның әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына лауазымдық жалақы атқарып отырған әскери лауазымы бойынша белгіленеді.
      Әскери лауазымдарға уақытша тағайындалған әскери міндеттілер мен азаматтық персонал адамдары осы лауазымдарға әскери қызметшілер тағайындалған кезде басқа әскери лауазымға тағайындалады, ал басқа әскери лауазымға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда – белгіленген тәртіппен шығарылады.
      51. Әскери қызметшілер жоғары, тең немесе төмен әскери лауазымдарға тағайындалады.
      52. Әскери лауазым, егер оған бұрынғы әскери лауазымға қарағанда, әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымның анағұрлым жоғары деңгейі немесе анағұрлым жоғары әскери атақ, ал әскери лауазымдар мен әскери атақтар тең болған кезде – әскери басқару органының анағұрлым жоғары деңгейі сәйкес келсе, жоғары болып саналады.
      53. Әскери қызметшіні жоғары әскери лауазымға тағайындау қызметі бойынша жоғарылату тәртібінде жүргізіледі.
      Жоғары әскери лауазымға тағайындау кезінде басым құқық жоғары лауазымға жоғарылату үшін резервте тұрған, мұндай әскери лауазымға әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіби біліктілігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен немесе ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты бұрын төмен әскери лауазымға тағайындалған әскери қызметшіге беріледі.
      54. Әскери лауазымдар, егер оған әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымдардың тең деңгейлері, тең әскери атақтар, сондай-ақ әскери басқару органдарының тең деңгейі сәйкес келсе, тең болып саналады.
      55. Әскери қызметшіні тең әскери лауазымға тағайындау:
      1) ротациялау тәртібінде;
      2) ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты;
      3) әскери қызметшіні әскери қызметте мақсатқа сәйкес пайдалану үшін;
      4) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянаты бойынша Заңның 26-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша отбасы-мүліктік жағдайын тексеру актісімен расталатын отбасы жағдайы бойынша;
      5) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргізіледі.
      56. Әскери лауазым, егер оған бұрынғы әскери лауазымға қарағанда, әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымның төмен деңгейі немесе төмен әскери атақ, ал лауазымдар мен әскери атақтар тең болған кезде – әскери басқару органының анағұрлым төмен деңгейі сәйкес келсе, төмен болып саналады.
      57. Төмен әскери лауазымға тағайындау:
      1) әскери қызметшінің келісімімен:
      ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты – оның даярлық бейініне тең бос әскери лауазым болмаған кезде;
      Заңның 26-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында айқындалған, отбасы-мүліктік жағдайын тексеру актісімен расталатын отбасы жағдайлары бойынша;
      әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
      әскери қызметшінің жеке баянаты бойынша;
      Заңның 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында айқындалған жағдайларды қоспағанда, командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңде;
      2) әскери қызметшінің келісімінсіз:
      аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша бір сатыдан төмен емес;
      келісімшартты бұзу үшін негіздемелер болып табылмайтын теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік реттілікте бір сатыдан төмен емес;
      офицерлер құрамының лауазымдарына уақытша тағайындалған сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының әскери қызметшілері осы лауазымдар қысқартылған жағдайда немесе бұл лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалған кезде;
      сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жүргізіледі.
      58. Әскери қызметшіні әскери лауазымға тағайындаған, әскери лауазымнан босатқан, командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдаған, қызметтен шығарған, әскери атақ берген, оны төмендеткен, одан айырған кезде, сондай-ақ жаңа келісімшарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша ұсыным немесе басқа құжаттар (баянат, ауыстыру жоспары, бөлу жоспары) ресімделеді.
      59. Әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жазасын өтейтін әскери қызметшілер жоғары әскери лауазымға тағайындалмайды.

9. Әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу

      60. Қызметтік қажеттілікке байланысты әскери қызметшіге ол әскери қызмет өткеретін әскери бөлімде (мемлекеттік мекемеде) ол атқармайтын тең немесе жоғары әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелуі мүмкін:
      1) бос (тағайындалмаған) әскери лауазым бойынша – әскери қызметші атқаратын әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатылады, бірақ атқаратын әскери лауазымынан босатылмайды және оған міндеттерін уақытша атқаруға жіберілген әскери лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;
      2) бос емес (тағайындалған) әскери лауазым бойынша – оны атқаратын әскери қызметші уақытша болмаған немесе оны атқаратын әскери қызметшіні лауазымынан шеттеткен жағдайда, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге. Бұл ретте, әскери қызметшіге ол атқаратын әскери лауазым бойынша ақшалай үлес төленеді.
      61. Әскери қызметшіге бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді және оны атқаратын әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатуды осы әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бос лауазымды шұғыл атқару қажет болған кезде лауазым тұрған әскери бөлімнің командиріне осы лауазымға тағайындауға құқығы бар бастықтың жазбаша келісімімен тиісті құрамның әскери қызметшілеріне тағайындалғанға дейін, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуге рұқсат етіледі.
      Әскери қызметшілерге жоғары офицерлер құрамы атқаруға тиіс бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу уәкілетті органның бірінші басшысы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      62. Әскери қызметшіге бос емес әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жүзеге асырады.
      Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) өзі уақытша болмаған жағдайда міндеттерді уақытша атқаруды орынбасарларының біреуіне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейді.

10. Командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдау

      63. Лауазымынан босатылған кезде одан әрі әскери қызметті өткеру мәселелерін шешу үшін әскери қызметшілерді әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам жеке құрам бойынша бұйрықтар шығаруға құқығы бар тікелей бастықтың қарамағына қабылдайды.
      64. Әскери қызметшіні командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдауға, егер «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» Заңда өзгеше белгіленбесе, Заңның 21-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзімдерде жол беріледі.
      65. Қарамағында әскери қызметшілер бар лауазымды адамдар олардың міндеттерінің тізбесін бекітеді.

11. Әскери лауазымнан босату

      66. Әскери қызметші ауыстырылған, ротацияланған, әскери қызметтен шығарылған жағдайда атқаратын әскери лауазымынан босатылады.
      67. Әскери қызметшіні атқаратын әскери лауазымынан шығаруды лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес осы әскери лауазымға тағайындауға құқық берілген уәкілетті лауазымды адам жүргізеді.

12. Әскери қызметшілерді ауыстыру

      68. Әскери қызметшіні ауыстыру – бұл оның лауазымдық жағдайын немесе әскери қызмет өткеру орнын өзгерту.
      Ауыстыру:
      1) әскери лауазымға тағайындалған;
      2) ротацияланған;
      3) іссапарға барған;
      4) егер «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» Заңда өзгеше белгіленбесе, Заңның 21-бабы 5-тармағының 1)2) тармақшаларында көрсетілген негіздемелер бойынша қарамағына қабылданған;
      5) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылданған;
      6) бір уәкілетті органнан құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген басқасына ауыстырылған;
      7) әскери бөлім немесе бөлімше тұрақты орналасу пунктін өзгерткен жағдайларда жүргізіледі.
      69. Қарулы Күштерді дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын әскери бөлімнің немесе бөлімшенің тұрақты орналасу пунктін өзгерткен, сондай-ақ әскери бөлімнің тұрақты орналасу пунктіне қарамастан, тең әскери лауазымға тағайындалған кезде әскери қызметшіні ауыстыру оның келісімінсіз оған уәкілетті органның бірінші басшысы осындай құқық берген командирдің (бастықтың) шешімімен жүргізіледі.
      70. Әскери қызметшіні ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ол істері мен лауазымын тапсырғаннан кейін ғана, бірақ бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.
      Істері мен лауазымын тапсыруды бастауды әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінділер немесе әскери қызметшіні ауыстыру жөнінде жазбаша хабарлама келіп түскен сәттен бастап, бірақ келіп түскен сәттен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген әскери қызметші үшін оның келген күнінен бастап айқындайды.           Әскери бөлімнің тізімдерінен алу істері мен лауазымын тапсыру актілері бекітілгеннен кейін келесі жұмыс күнінде жүргізіледі.
      Әскери қызметшілерді бір мемлекеттік органнан құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген басқасына ауыстыру олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша жүргізіледі.
      71. Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ауысу тәртібінде Қарулы Күштерге әскери қызметке кіруі Қарулы Күштердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша қызметкерлер Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келген кезде жүргізіледі.

13. Әскери қызметшілердің іссапарға баруы, оларды іссапарға
жіберу және әскери қызметті өткеру ерекшеліктері

      72. Әскери қызметшілер мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына,  сондай-ақ қабылданған келісімдерге (шарттарға) сәйкес, егер келісімдермен (шарттармен) басқасы белгіленбесе, 5 жылдан аспайтын мерзімге халықаралық ұйымдарға әскери емес лауазымдарға іссапарға баруы мүмкін.
      Іссапарға барған адамның әскери қызметші мәртебесі сақталады, бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
      73. Әскери қызметшілердің іссапарларға баруы:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне – Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісі негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдарына – әскери қызметші әскери қызмет өткеретін мемлекеттік органның актісі негізінде олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша;
      3) халықаралық ұйымдарға – егер қабылданған тиісті халықаралық келісімдерде және шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісі негізінде жүзеге асырылады.
      74. Іссапарға барған әскери қызметшілерге көрсетілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық жалақылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери атағы бойынша жалақылар (қосымша ақылар) төленеді.
      Іссапарға барған әскери қызметшілерге сыйлықақы беру көрсетілген мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері үшін айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Іссапарға барған әскери қызметшілерге лауазымдық жалақыларды, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақыларды төлеу олар іссапарға барған мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарды қамтуға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі. Өзге де төлемдер, сондай-ақ заттай мүлікпен қамтамасыз ету тиісінше әскери қызметшілер іссапарға жіберілген уәкілетті органды қамтуға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
      75. Іссапарға барған әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға барған әскери қызметшілер үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарда олардың атқаратын лауазымдары бойынша лауазымдық жалақылары, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға барғандар үшін іссапарға барғанға дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақылары есепке алынады.
      Біржолғы сипаттағы қалған төлемдер бойынша іссапарға барғанға дейін әскери қызметшінің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы есепке алынады.
      76. Мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға барған әскери қызметшілермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
      77. Мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға барған әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару, оларды мемлекеттік наградалармен және ведомстволық медальдармен (төсбелгілерімен) наградтау олар іссапарға барған мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың ұсынымдары бойынша жалпы негіздерде жүргізіледі.
      Мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға барған әскери қызметшілерге әскери атақтар қазіргі әскери атағында белгіленген еңбек сіңірген мерзімі аяқталғаннан кейін және берілетін атақ олар іссапарға барған дейін тікелей атқарған әскери лауазым үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атаққа сәйкес келген кезде олар іссапарға барған мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың ұсынымдары бойынша осы Қағидаларға сәйкес жалпы негіздерде беріледі.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына білім беру ұйымдарындағы лауазымдарда әскери қызмет өткеру үшін іссапарға барған әскери қызметшілерге білім беру ұйымы басшысының ұсынымы бойынша осы Қағидаларға сәйкес жалпы негіздемелерде, бірақ әскери оқу орындары үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атақтан жоғары емес әскери атақтар беріледі.
      78. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға барған әскери қызметшілерді аттестаттау тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға барғандарға осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      79. Іссапарға барған әскери қызметшілерді көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, осы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      80. Іссапарға барған әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарындағы, халықаралық ұйымдардағы лауазымдардан босатылғаннан және әскери қызметшілер әскери қызмет өткеретін мемлекеттік органға қайтып келгеннен кейін олар осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен әскери лауазымдарға тағайындалады немесе әскери қызметтен шығарылады.
      81. Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған жағдайларда мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде атқаратын әскери лауазымынан босатылмай және ақшалай үлесі сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының қарамағына іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Әскери қызметшілердің аталған санатына сыйлықақылар беру, зейнетақымен қамсыздандыру, жаңа келісімшарттар жасасу, әскери атақтар беру, әскери қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен және ведомстволық медальдармен (төсбелгілерімен) наградтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде жүзеге асырылады.

14. Ротациялау

      82. Әскери қызметшілерді ротациялау әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру үшін әскери қызмет өткеру шеңберінде, сондай-ақ қызметтік қажеттілік немесе әскери қызметшілердің кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      83. Ротациялау шарттары:
      1) бір әскери лауазымда осы Қағидалардың 45-тармағына сәйкес белгіленген мерзімнен артық болу;
      2) бір гарнизонда (немесе климаттық жағдайы ауыр жерлердегі әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери қызмет өткеру құзыреті мен ерекшелігін ескере отырып, уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын мерзімнен артық әскери қызмет өткеру болып табылады.
      84. Әскери қызметшілерді ротациялау мынадай тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
      Жыл қорытындылары бойынша оларға қатысты осы Қағидалардың  83-тармағында айқындалған жағдайлар қалыптасқан әскери қызметшілерді ротациялау жоспары құрылады.
      Ротациялау жоспарына мынадай әскери қызметшілер:
      1) Заңның 22-бабының 3-тармағында айқындалған;
      2) олардың әскери қызмет өткеру туралы келісімшарты аяқталатын жылы;
      3) олар әскери қызметте болудың шекті жасына толуына дейін үш жыл ішінде;
      4) оларды тең немесе жоғары әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда енгізілмейді.
      Ротациялау жоспарымен бір уақытта осы Қағидалардың 45-тармағы негізінде белгіленген мерзім ішінде атқаратын лауазымдарында одан әрі әскери қызмет өткеру мақсатында ротациялау жоспарына енгізілмейтін әскери қызметшілердің тізімі жасалады.
      Ротациялау жоспары және ротациялау жоспарына енгізілмейтін әскери қызметшілердің тізімі уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен және нысан бойынша жасалады және оларды лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес аталған жоспарға және әскери лауазымдар тізіміне енгізілетіндерді тағайындау құқығы берілген уәкілетті лауазымды адам бекітеді.
      Ротациялау жоспарына немесе ротациялау жоспарына енгізілмейтін әскери қызметшілердің тізіміне өзгерістер енгізу талап етілетін жағдайлар туындаған кезде өзгерістер енгізу туралы шешімді оларды бекіткен лауазымды адам қабылдайды.
      Әскери қызметшілерді ротациялау оның жоспары негізінде ол бекітілгеннен кейінгі келесі жыл ішінде әскери қызметшілерді осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен әскери лауазымдарға тағайындау жолымен әскери қызметті ұйымдастыруды ескере отырып жүзеге асырылады.

15. Әскери атақ беру

      85. Әскери атақтар әскери қызметшілерге дербес беріледі. Әскери атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.
      86. Әскери қызметшілерге:
      1) жоғары офицерлер құрамының әскери атақтарын – уәкілетті орган бірінші басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
      2) полковник (бірінші дәрежелі капитан) әскери атағын – уәкілетті органдардың бірінші басшылары;
      3) өзге де әскери атақтарды – лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.
      87. Әскери міндеттілерге офицерлер құрамының әскери атақтарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі береді.
      88. Алғашқы әскери атақтар:
      1) офицерлер құрамы үшін – лейтенант;
      2) сержанттар (старшиналар) құрамы үшін – кіші сержант (екінші сатылы старшина);
      3) сарбаздар (матростар) құрамы үшін – қатардағы жауынгер (матрос) болып саналады.
      89. «Лейтенант» әскери атағы:
      1) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білім беру бағдарламасы бойынша жоғары әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшіге;
      2) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, оқыған елдің заңнамасына сәйкес оқу бағдарламасы оқуды аяқтағаннан кейін офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруді көздейтін шетел мемлекетінің жоғары әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшіге;
      3) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және белгіленген емтихандарды тапсырған азаматқа – жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін;
      4) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерушіге) – тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде;
      5) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (әскери қызметшіге) – тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде, бірақ офицерлер лауазымдарында үздіксіз бір жыл әскери қызмет өткергеннен кейін;
      6) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар әскери міндеттіге – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін жетіспейтін мамандықтар тізбесіне сәйкес жұмылдыру жоспары бойынша әскери бөлімнің офицерлер лауазымына тіркелген жағдайда запастағы офицерлерді даярлау бойынша әскери жиындарды аяқтағаннан кейін, бірақ оқу орнын аяқтаған соң бір жыл өткеннен кейін беріледі.
      90. Офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген уәкілетті органның бірінші басшысы береді.
      91. «Қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағы әскери атағы жоқ азаматтарға:
      1) әскерге шақырылған немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген кезде;
      2) запасқа қойылған кезде;
      3) орта техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған кезде беріледі.
      92. «Ефрейтор» («аға матрос») әскери атағы олар үшін әскери лауазымдар тізбесінде тиісті әскери атақтар көзделген лауазымдарға тағайындау кезінде мамандығын табысты меңгерген қатардағы жауынгерлер мен матростарға, бірақ алты ай өткеннен кейін беріледі.
      93. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы техникалық және кәсіптік орта білім деңгейі бойынша әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшілерге беріледі.
      94. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы және кейінгілері қажетті деңгейде даярлығы мен білімі бар, тиісті лауазымдарға тағайындалған әскери қызметшілерге уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен беріледі.
      95. Егер әскери қызметші әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген әскери лауазымды атқаратын болса, бұрынғы әскери атағында еңбек сіңірген мерзімі аяқталғаннан кейін оған кезекті әскери атақ беріледі.
      96. Осы Қағидалардың 89-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес кезекті әскери атақ, сондай-ақ офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруге алынбаған тәртіптік жазасы бар болған кезде, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған, әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған, сондай-ақ тиісті командирлердің (бастықтардың) қарамағында тұрған (оның ішінде бос немесе бос емес лауазымдар бойынша міндеттерді уақытша атқарған кезде) әскери қызметшілер ұсынылмайды.
      97. Әскери атақтарда еңбек сіңірген мерзім әскери атақ берілген күннен бастап есептеледі.
      Сот үкімімен әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жаза тағайындалған әскери қызметшілерге жаза мерзімі, сондай-ақ гауптвахтада ұстау түрінде жазаны өтеу уақыты кезекті әскери атақ беру үшін еңбек сіңірген жылдары мерзіміне есептелмейді.
      98. Әскери оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша адъюнктурада, магистратурада, докторантурада оқитын әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар осы әскери атақтарда белгіленген еңбек сіңірген мерзімі өткеннен кейін және берілетін атақ оқуға түсер алдында олар атқарған әскери лауазым үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атаққа сәйкес келген жағдайда беріледі.
      99. Әскери борышын үлгілі орындайтын, жауынгерлік кезекшілікті атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіби шеберлік пен ынта-жігер танытқан әскери қызметшілерге кезекті әскери атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін, бірақ олар атқаратын әскери лауазымдар бойынша әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
      Мерзімінен бұрын әскери атақ әскери атақтағы белгіленген еңбек сіңірген мерзімінің кемінде жартысы өткеннен кейін және берілетін атақ әскери лауазымдар тізбесі бойынша әскери атаққа сәйкес келген кезде беріледі, бірақ әскери қызмет өткерген кезеңде екі реттен артық берілмейді.
      100. Оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және ғылыми дәрежесі бар офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ емдеу қызметін жүзеге асыратын медициналық мамандықтары бар офицерлерге кезекті әскери атақ полковникке дейінгіні қоса алғанда, атқаратын әскери лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары берілуі мүмкін.
      101. Әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жазасын өтеген уақытта әскери қызметшіге кезекті әскери атақ және офицерлер құрамының және сержанттар (старшиналар) құрамының алғашқы әскери атағы берілмейді.
      102. Әскери міндеттіге кезекті әскери атақ ол үшін әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген лауазымда әскери жиындардан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен беріледі.
      103. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген запастағы офицерлерге запас бойынша кезекті әскери атақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен әскери жиындардан өтуіне қарамастан берілуі мүмкін.
      104. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген адамдарды қоспағанда, запастағы офицерлерге «запастағы полковник» кезекті әскери атағы соғыс жағдайы енгізілген кезде осы Қағидаларға сәйкес беріледі.

16. Әскери атағын төмендету, одан айыру және әскери атағын
қалпына келтіру

      105. Әскери қызметшілерді әскери атағында бір сатыға төмендету, оларды әскери атағынан айыру және әскери атағын қалпына келтіру былайша жүргізіледі:
      1) жоғары офицерлер құрамын – Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
      2) офицерлер құрамын (жоғары офицерлер құрамынан басқа) – уәкілетті органның бірінші басшысы;
      3) өзге де әскери атақтарды – лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бір сатыға төмендетуі мүмкін.
      Қылмыс жасаған әскери қызметшілер (әскери міндеттілер) әскери қызметшіге әскери атағынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған, заңды күшіне енген сот үкімі бойынша әскери атағынан айырылады.
      Жоғары офицерлер құрамының әскери атақтарынан басқа, әскери қызметшілерді әскери атағында бір сатыға төмендету, оларды әскери атағынан айыру және әскери атағын қалпына келтіру жеке құрам бойынша бұйрықпен, әскери міндеттілердікі – жергілікті әскери басқару органы бастығының тиісті бұйрығымен ресімделеді.
      106. Әскери атағы бір сатыға төмендетілген әскери қызметшінің бұрынғы әскери атағын қалпына келтіру атқаратын штаттық лауазымына қарамастан, төмендетілген күнінен бастап алты айдан ерте емес үлгілі тәртібі болған және қызметін адал атқарған кезде жүргізіледі. Бұл ретте әскери қызметшілердің төмендетілген әскери атақта болу уақыты қалпына келтірілген әскери атағындағы еңбек сіңірген мерзіміне есептелмейді. Әскери атағын қайта төмендетуге жол берілмейді.
      107. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, әскери атағы «кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағына дейін төмендетілген офицерлер тиісті құрамның лауазымдарына бір уақытта тағайындала отырып, сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткереді.
      Тағайындау әскери қызметшінің әскери атағы төмендетілер алдында тікелей атқарған лауазымына тағайындау құқығы лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес берілген уәкілетті лауазымды адамның жеке құрам бойынша бұйрығымен жүргізіледі. Шығару мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
      108. Офицерлер құрамының немесе сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атағынан айырылған әскери қызметші (әскери міндетті) «қатардағы жауынгер» әскери атағымен сарбаздар (матростар) құрамының әскери есебіне ауыстырылады.
      109. Әскери атағынан айырылған адамға, жоғары офицерлер құрамын қоспағанда, тек соттың ақтау үкімі шыққан немесе ақтайтын негіздемелер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайларда әскери атағы қалпына келтіріледі. Жоғары офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамға әскери атағы Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қалпына келтіріледі.

17. Демалыс түрлерi

      110. Әскери қызметшілерге:
      1) жыл сайынғы негізгі;
      2) отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді;
      3) жүктілігі және бала тууы бойынша, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы бойынша;
      4) қосымша;
      5) каникулдық;
      6) оқу;
      7) шығармашылық;
      8) науқастануы бойынша;
      9) көтермелеу түрінде қысқа мерзімді (тек мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін) демалыстар беріледі.
      111. Демалыстар әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) бұйрығы негізінде беріледі.
      112. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
      113. Әскери қызметшілер демалыс өткізу орнына келгеннен кейін әскери есепке алуды жүргізетін органдарда әскери есепке тұрады.
      114. Демалыстардың барлық түрінде болған кезеңде (жүктілігі және бала тууы бойынша демалыста, олар үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болуды қоспағанда) әскери қызметшілердің ақшалай үлесі сақталады.

18. Жыл сайынғы негізгі демалыс беру

      115. Жыл сайынғы негізгі демалыстар әскери қызметшілерге оларды пайдалану кезеңдерін кезектестіруді, сондай-ақ әскери бөлімді жауынгерлік әзірлікте ұстауды ескере отырып және демалыстар кестесіне сәйкес жылдың кез келген уақытында беріледі. Демалыстар кестесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңілдіктерді пайдаланатын әскери қызметшілердің санаттарын ескере отырып, әрбір күнтізбелік жылға жасалады және барлық әскери қызметшілердің назарына жеткізіледі.
      Әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) таратылуын қоспағанда, демалыс уақытында әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) бастамасы бойынша әскери қызметші ауыстырылмайды және шығаруға жол берілмейді.
      116. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге берілетін жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы Заңның 46-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес айқындалады. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілеріне берілетін демалыс ұзақтығы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.
      117. Әскери қызметшінің келісімшарт (әскерге шақыру) бойынша әскери қызметке кірген жылы және шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөлу және алынған тәулік санын әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметтің толық ай санына көбейту жолымен (берілетін демалысты ескере отырып) белгіленеді.
      Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не олар үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыс аяқталғаннан кейін әскери қызметші әйелге оның қалауы бойынша жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі.
      118. Әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалыстың толық емес тәулік санын жинақтау арттыру жағына қарай жүргізіледі. Әскери қызметшіні әскери қызметтен уақытында шығару (әскери бөлім жеке құрамының тізімдерінен алу) мүмкін болмаған жағдайда оны шығарған күні толық пайдаланылмаған жыл сайынғы негізгі демалыс уақытының есебі әскери қызметшіге ұсыныла отырып жүргізіледі. Егер демалыс бұдан бұрын демалыстар кестесіне сәйкес пайдаланылмаған болса, мерзімінен бұрын шығару кезінде (келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін) әскери қызметшінің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы осындай тәртіппен есептеледі.
      119. Әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс күнтізбелік есептеумен ұзақтығы еңбек сіңірген жылдарына байланысты көрсетілген оқу орнын аяқтағаннан кейін беріледі.
      120. Әскери қызметшілердің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына дейін барып-қайту үшін қажетті уақытты ескере отырып, тәулік санына арттырылады. Егер әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс бөлініп берілсе, онда демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт бір рет беріледі.
      121. Әскери қызметшінің баянаты және әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша әскери қызметшіге жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды олардың арасын үзбей бірінен кейін бірін беруге жол беріледі.
      122. Өткен жыл үшін жыл сайынғы негізгі және (немесе) қосымша демалыстар келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге дәлелді себептермен берілмеген болса, демалыс келесі жылы оның баянаты бойынша демалысты өткізу орнына барып-қайту уақыты ескеріле отырып беріледі.
      Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды дәлелді себептермен пайдаланбаған офицерге көрсетілген демалыстар соңғы берілген демалыстар аяқталғаннан кейінгі келесі күні бұл ретте оны әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, әскери қызметтен шығару кезінде беріледі.
      123. Жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыстар уақытында (кейіннен әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, шығару жылын қоспағанда) науқастанған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыс, отбасы жағдайлары бойынша демалыстан басқа, науқастанған күндерінің тиісті санына ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды әскери немесе ол болмаған кезде мемлекеттік емдеу-алдын алу мекемесінен алынған анықтама негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жүзеге асырады.
      124. Әскери қызметші отбасы мүшесінің, жақын туысының, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыста жүрген әскери қызметшінің отбасы мүшелері, жақын туыстары, жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған кезде әскери қызметші демалыста жүрген аумақтағы жергілікті әскери басқару органы бастығының әскери қызмет өткеру орнына бару үшін қажетті уақытты есептемей, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқығы бар.
      Демалысты ұзартқаны туралы жергілікті әскери басқару органының бастығы көрсетілген әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің командирін (мемлекеттік мекеменің басшысын) дереу хабардар етеді.

19. Отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс беру

      125. Отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс әскери қызметшілерге:
      бес тәулікке дейін:
      1) әскери қызметші некесін тіркеген;
      2) әскери қызметшіде бала туылған жағдайларда;
      он тәулікке дейін:
      1) әскери қызметші жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
      2) әскери қызметшінің жақын туыстары, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған жағдайларда беріледі.
      Осындай демалыс берілген жағдайлар құжатпен расталуға тиіс. Әскери қызметшіге берілетін отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыстың ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті тәулік санына арттырылады.

20. Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс, жаңа туған баланы
(балаларды) асырап алған әскери қызметшілерге демалыс беру

      126. Әскери қызметші әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс бала туғанға дейін ұзақтығы күнтізбелік жетпіс күн және бала туғаннан кейін күнтізбелік елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – жетпіс) күн беріледі. Есептеу жиынтықталып жүргізіледі және босанғанға дейін нақты пайдаланылған күндердің санына қарамастан демалыс толық беріледі.
      Көрсетілген демалыс әскери қызметшілерге тиісті медициналық мекеме берген уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде беріледі.
      127. Тікелей перзентханадан жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әскери қызметшіге ұл баланы (қызды) асырап алған күннен бастап және бала туған күннен бастап елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге (ата-анасының біреуіне) демалыс беріледі.

21. Қосымша демалыстар беру

      128. Әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша демалыстар беріледі.
      Бұл ретте қосымша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі демалыс есебіне қосылмайды.
      129. Қосымша демалыстар әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметшілерге толық көлемде беріледі.
      130. Депутаттыққа кандидат ретінде белгіленген тәртіппен тіркелген әскери қызметшіге, әскери қызметші кандидат ретінде тіркелген күннен бастап және сайлау нәтижелері ресми жарияланған күнге дейін оның қалауы бойынша демалыс беріледі.
      131. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты объектілерде авария салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге олардың баянаты бойынша ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі. Демалыс өткен кезеңнің нақты жұмыс істеген уақытына қосымша демалыс беру үшін қосымша демалыс ұзақтығын он екіге бөлу және шыққан тәулік санын көрсетілген лауазымдардағы қызметтің немесе көрсетілген жұмыстарды орындаудың толық айлар санына көбейту жолымен барабар есептеліп беріледі.
      Қосымша демалыстың ұзақтығы (күнтізбелік күндерде) оларда жұмыс істеу еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін қосымша демалысқа құқық берілетін Өндірістер, цехтар, мамандықтар мен лауазымдар тізімінде, ауыр жұмыстар, зиянды (аса зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыстар тізбесінде (бұдан әрі – Тізім) айқындалады.
      Әскери қызметшілер жыл бойы олар үшін Тізімде ұзақтығы әртүрлі қосымша демалыс көзделген әртүрлі лауазымдарда әскери қызмет өткерген жағдайларда демалыс Тізімде белгіленген осы лауазымдар бойынша қосымша демалыстың ұзақтығын қосу жолымен әрбір лауазым бойынша зиянды еңбек жағдайларында нақты еңбек еткен уақытқа барабар беріледі.
      Лауазымдары Тізімге енбеген, бірақ жекелеген уақыт кезеңдерінде зиянды еңбек жағдайлары бар тиісті жұмысты орындайтын әскери қызметшілерге қосымша демалыс Тізімде лауазымдары көзделген әскери қызметшілерге берілетін негіздерде беріледі.
      132. Жауынгерлік іс-қимылдарға, терроризмге қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне Заңның 49-бабына сәйкес қосымша демалыс беріледі.
      133. Әскери қызметшіге:
      1) ата-аналардың таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;
      2) ата-анасының біріне – баланы жалғыз тәрбиелеп отырған;
      3) іс жүзінде баланы тәрбиелеп отырған әжесіне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;
      4) жаңа туылған ұл (қыз) баланы (балаларды) асырап алған әскери қызметшіге оның баянаты бойынша бала үш жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға байланысты қосымша демалыс беріледі.
      Қосымша демалыс уақытында әскери қызметшінің әскери лауазымы сақталады.

22. Каникулдық демалыстар беру

      134. Әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын әскери қызметшілерге оқу сабақтарындағы үзілістер уақытында мынадай мерзімге каникулдық демалыстар беріледі:
      1) қысқы демалыс – 14 тәулік;
      2) жазғы демалыс – 30 тәулік.
      Каникулдық демалыстарды өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.

23. Оқу демалыстарын беру

      135. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, диплом жұмысын (жобасын) қорғау үшін, сондай-ақ курстарда оқу немесе тіл дайындығынан өту кезеңінде оқу демалыстары беріледі.
      136. Оқу кезеңіндегі оқу демалыстарының ұзақтығы:
      1) жоғары оқу орындарында – бір айдан аспайды;
      2) тіл үйрену дайындығынан өту кезіндегі курстарда – уәкілетті органның оқу жоспарларына сәйкес белгіленеді.
      Оқу демалысын оқу орнының жазбаша шақыртуы немесе оқуға жіберу туралы бұйрық негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) береді.

24. Шығармашылық демалыстар беру

      137. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын әскери қызметшіге қызметтік істерін ғылыми жұмыспен табысты үйлестірген жағдайда ол ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын ғылыми кеңестің ұсынымы бойынша әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен жалпы ұзақтығы екі айға дейінгі шығармашылық демалыстар беріледі.

25. Науқастануы бойынша демалыстар беру

      138. Науқастануы бойынша демалыс әскери қызметшіге Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі.
      Науқастануы бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.

26. Әскери қызметшіні демалыстан шақыртып алу

      139. Әскери қызметші жұмылдыру, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында немесе қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен жыл сайынғы негізгі демалыстан шақыртып алынуы мүмкін.

27. Аттестаттау мақсаттары мен міндеттерi

      140. Аттестаттау – әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы деңгейін айқындау бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын рәсім, ол аттестаттау парағына енгізілетін бағалау материалдарының жиынтығы негізінде жүргізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді кезектен тыс аттестаттау Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі.
      Аттестаттау мақсаты – әскери қызметшілердің қызметтік істерін, кәсіби құзыреттілігін жан-жақты және объективті бағалау, сондай-ақ кәсіби әлеуетін ұтымды пайдалану және дамыту.
      141. Аттестаттаудың негізгі міндеттері:
      1) әрбір әскери қызметшінің кәсіби және жеке қасиеттерінің, әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті мінездеме беру;
      2) аттестатталатын әскери қызметшілердің атқаратын лауазымдарына сәйкес келуін және оларды одан әрі қызметте пайдаланудың перспективасын айқындау;
      3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің қызмет өткеру мерзімдерін ұзартудың орындылығын айқындау;
      4) әскери қызметшілерді даярлауды (қайта даярлауды), оқытуды жетілдіру бағыттарын айқындау;
      5) қызметі бойынша жоғарылату немесе оқуға жіберу үшін әскери қызметшілердің кадрлар резервін жасақтау;
      6) орын алған кемшіліктерді жою жөнінде әскери қызметшілерге ұсынымдар әзірлеу.

28. Аттестаттауды өткізу

      142. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді аттестаттау уәкілетті орган бірінші басшысының шешімі бойынша кемінде үш жылда бір рет өткізіледі.
      Уәкілетті органдарда әскери қызметшілерді аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шараларды орындау тәртібін олардың бірінші басшылары айқындайды. Аттестаттау парағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін нысанда ресімделеді.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді кезектен тыс аттестаттау тәртібі, мерзімдері, аттестатталатын әскери қызметшілердің санаттары кезектен тыс аттестаттауды жүргізуге арналған Қазақстан Республикасы Президентінің шешімінде айқындалады.
      143. Әскери қызметшілерді аттестаттау мерзімдері, санаттары мен үлгілік схемасы айқындалғаннан кейін аттестаттауды дайындау және жүргізу жоспары әзірленеді.
      Тиісті командирлер (бастықтар) бекітетін жоспарларда мынадай  іс-шаралар көзделеді:
      барлық әскери қызметшілердің аттестаттау тәртібін зерделеу, аттестаттауды бекітудің, жариялау мен жүргізудің соңғы мерзімдерін белгілеу;
      барлық деңгейдегі командирлермен (бастықтармен), кадрлар және жасақтау органдарының офицерлерімен, аттестаттау комиссияларының төрағаларымен және мүшелерімен алдағы аттестаттау мәселелері бойынша сабақтар өткізу;
      аттестаттаудың егжей-тегжейлі схемасын әзірлеу, оны тиісті командирлердің (бастықтардың) бекітуі және басшылыққа алу және әскери қызметшілердің назарына жеткізу үшін әскери бөлімдерге (мемлекеттік мекемелерге) тарату;
      аттестаттау парақтарының бланкілерін, аттестаттаушыларға жадуалдар мен басқа да әдістемелік құралдарды дайындау және тарату;
      әскери кеңестерде, басшылық құрамның кеңестерінде аттестаттауға дайындалу және оны өткізу барысын, сондай-ақ аттестаттау тұжырымдарын іске асыру бойынша міндеттерді қоюмен аттестаттау қорытындыларын талқылау.
      144. Аттестатталушының тікелей бастығы, басқа да лауазымды адамдар:
      1) әскери қызметшілерді аттестаттаудың қолданыстағы тәртібін зерделеуге;
      2) аттестатталушының кәсіби, іскерлік және моральдық қасиеттерін жан-жақты зерделеуге:
      аттестатталатын әскери қызметшінің атқаратын лауазымы бойынша нақты жұмыс көрсеткіштерін, ол басшылық жасайтын бөлімшедегі (бөлімдегі, құрамадағы, бірлестіктегі) немесе ол жауап беретін жұмыс учаскесіндегі істің жай-күйін талдауға және бағалауға;
      аттестатталушының жұмыс көрсеткіштерін және жеке қасиеттерін жан-жақты зерделеу негізінде оған мінездеме беруге және аттестаттау бойынша алдын ала қорытындылар тұжырымдауға;
      3) қарамағындағы адамға үлгілік нысан бойынша баспа түрінде аттестаттау парағының екі данасын толтыруға міндетті. Қажет болған жағдайда уәкілетті органның бірінші басшысы даналардың өзге де санын айқындауы мүмкін;
      4) аттестаттау парағын толтырған кезде аттестатталушы кәсіби даярлығының деңгейін, жеке басының қасиеттерін, тәртіптілігін, денсаулық жағдайын және басқа да жеке және кәсіби қасиеттерін сипаттауға міндетті.
      Аттестаттау қорытындылары бойынша тұжырымда аттестатталушының атқаратын лауазымға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіндігі көрсетіледі, одан кейін кәсіби, іскерлік, моральдық және психологиялық қасиеттерін, жұмыс тәжірибесін, қабілеттері мен бейімділігін, сондай-ақ қызмет мүдделерін назарға ала отырып, оны бұдан әрі қызметте анағұрлым орынды пайдалану туралы пікір жазылады.
      Бұл ретте мынадай ұсынымдар берілуі мүмкін:
      жаңа келісімшарт жасасудың орындылығы туралы;
      жоғары лауазымға ұсыну туралы;
      әскери оқу орындарына оқуға немесе даярлық курстарына жіберу туралы;
      тең лауазымға ауыстыру туралы (қай лауазымға ауыстыру орынды және ауыстыру себептері);
      ауыстыру дәлелдерін көрсете отырып, басқа әскери лауазымға (командалық, штабтық, оқытушылық немесе басқа) ауыстыру туралы;
      ауыстыру себептерін көрсете отырып, әскери қызметшіні жоғары лауазымнан төменге ауыстыру туралы;
      әскери қызметтен және қандай негіз бойынша шығару туралы.
      Қажет болған жағдайда уәкілетті органның бірінші басшысы аттестатталатын әскери қызметшіге берілетін ұсынымдардың өзге тұжырымын айқындайды.
      145. Кезектен тыс аттестаттау қорытындылары бойынша аттестаттау комиссиясы Заңның 22-1-бабында айқындалған мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және жоғары лауазымға жоғарылатуға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және ротациялауға ұсынылады;
      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және шығаруға ұсынылады.
      Кәсіби жарамдылығын айқындау жөніндегі нормативтерді тапсыра алмаған және тестілеуден шектеу мәнінен төмен баға алған жағдайда аттестаттау комиссиясы осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
      Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген әскери қызметшілер Заңда белгіленген тәртіппен шығарылуға ұсынылады.
      Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) өзге лауазымдарда, оның ішінде төмен лауазымдарда әскери қызмет өткеруді жалғастырудан бас тартқан әскери қызметшілер Заңда белгіленген тәртіппен шығарылуға тиіс.
      146. Жүктілігі және бала күтімі бойынша демалысы кезеңінде әскери қызметші әйелдер аттестатталуға жатпайды. Олар әскери қызметке шыққаннан кейін алты ай өткен соң және бір жылдан кешіктірмей аттестаттаудан өтеді.
      147. Әскери қызметшіге жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.
      Аттестаттау комиссиясы қажет болған жағдайларда отырысқа аттестатталушы әскери қызметшілерді, сондай-ақ аттестатталушы әскери қызметшілер қарамағында болатын тиісті командирлерді (бастықтарды) шақырады.
      148. Бекітілген аттестаттаулар аттестатталған әскери қызметшілерге хабарланады және олардың назарына қолын қойғызып жеткізіледі.
      149. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді аттестаттау тәртібін уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайды.

29. Аттестаттау комиссиялары

      150. Аттестаттау комиссиясы (Жоғары аттестаттау комиссиясы) тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және тиісті командирге (бастыққа) есеп береді.
      Жоғары аттестаттау комиссиясы уәкілетті органда басшының шешімімен құрылады.
      Аттестаттау комиссиялары әскери бөлімдерде (мемлекеттік мекемелерде) әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен құрылады, ол бұйрықпен жарияланады.
      151. Аттестаттау комиссияларына уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілермен алғашқы келісімшарт жасасу мәселелерін де қарау жүктеледі.
      Жекелеген әскери қызметшілердің әскери қызмет өткеру мәселесін қарауды аттестаттау комиссиялары белгіленген жағдайларда тиісті әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша жүргізеді.

30. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      152. Аттестаттау тәртібінің бұзылуына және объективті еместігіне шағым әскери қызметші аттестаттау нәтижелерімен танысқан күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей тікелей бастығы арқылы (команда бойынша) әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) немесе сот тәртібімен берілуі мүмкін.
      Әскери қызметшінің шағымы негізделген деп танылған жағдайда жаңа аттестаттау өткізіледі.

31. Сыныптық біліктілік

      153. Әрбір әскери қызметшінің кәсіби шеберлігін дамытуды ынталандыру мақсатында уәкілетті органның бірінші басшысы белгілейтін тәртіппен сыныптық біліктілікті айқындау рәсімі жүргізіледі.

32. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару тәртібi

      154. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару Заңның 26-бабында айқындалған негіздер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес оған құқығы бар уәкілетті орган лауазымды адамының бұйрығымен жүргізіледі.
      Әскери қызметшіні әскери бөлімнің тізімдерінен алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде істері мен лауазымын тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
      Әскери қызметші демалыста, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда әскери бөлімнің тізімдерінен алу жүргізілмейді.
      155. Заңның 26-бабының 23-тармақтарына сәйкес әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын шығару әскери-дәрігерлік комиссиясының қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі мен қызметтен шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
      156. Әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, келісімшарт мерзімінің аяқталуы немесе құрамын немесе штаттарды қысқартуға байланысты алдағы уақытта шығарылуы туралы әскери қызметшіні әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы немесе уәкілетті лауазымды адам) алдын ала (кемінде бір ай бұрын) жазбаша хабардар етеді.
      Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару туралы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қолын қойғызып жеткізіледі. Әскери қызметші әскери бөлімнен тыс жерде болған жағдайда бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қайтып оралғаннан кейін жеткізіледі.
      157. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіде әскери қызметтен шығару үшін бірнеше негіздер болған кезде Заңның 26-бабы 1-тармағының 11)12)13)14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол өзі таңдаған негіздер бойынша шығарылады.
      158. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілер әскери қызметтен қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін шығарылады, бұл ретте:
      1) офицерлер құрамы лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның бұйрығымен шығарылады;
      2) мерзімді қызмет әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде уәкілетті орган бірінші басшысының бұйрығымен шығарылады.
      159. Әскери қызметшілерді денсаулық жағдайы бойынша шығару Әскери-дәрігерлік сараптама ережелеріне сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.
      Шығаруға ұсынымды (мерзімді қызмет әскери қызметшілері үшін – баянатты) ресімдеу әскери бөлім әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.
      160. Құрамды немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығару басқа әскери лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі болмаған және әскери қызметші төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан жағдайда жүргізіледі.
      161. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты шығару мемлекеттік қызметшінің лауазымын көрсете отырып, әскери қызметшіні мемлекеттік қызметке қабылдау туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде әскери қызметшінің баянаты бойынша жүргізіледі.
      162. Әскери қызметшіні оған қатысты келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзуға байланысты шығару әскери қызметшінің баянаты және өзге де растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі. Әскери қызметшіні осы негіз бойынша шығарудан бас тартқан жағдайда әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтау фактісін әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) құжатпен растауға тиіс.
      163. Әскери қызметшіні отбасы жағдайлары бойынша шығару әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі және шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
      164. Әскери қызметші Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған) жағдайда, ол тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сайлау қорытындылары негізінде шығарылуға жатады.
      165. Әскери қызметші судья лауазымына тағайындалған жағдайда оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оның тағайындалғаны туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде шығарылуға жатады.
      166. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты әскери қызметшілерді шығару Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның шешімімен не басқа мемлекет азаматтығының бар екенін растайтын құжаттарды ұсыну бойынша жүргізіледі.
      167. Арнаулы тексеруден бас тартқан кезде шығару, егер әскери қызметші өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартқан немесе егер арнайы тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеуге кедергі келтіретін жағдайлар анықталған жағдайда әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеуді талап етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде жүргізіледі.
      168. Әскери қызметшілерді теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:
      1) әскери қызметшіге әскери қызметі бойынша шектеу және гауптвахтада ұстау түріндегі жазаларды қоспағанда, қылмыстық, оның ішінде шартты түрде жаза тағайындау туралы сот үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты – бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде;
      2) ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға байланысты – бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім немесе қылмыстық қудалау органының прокурор бекіткен қаулысы негізінде;
      3) әскери атағынан айыруға байланысты – заңды күшіне енген соттың үкімі негізінде, ал жоғары офицерлер құрамының адамдары үшін – әскери атағынан айыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы келіп түскен кезде;
      4) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйге ұшырататын заттарды тұтынуына байланысты – медициналық куәландыру актісі қоса берілген қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      5) денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуына байланысты – шығару туралы бұйрық негізінде;
      6) әскери қызметші келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзған жағдайда – осы Қағидаларға сәйкес әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) аттестаттау комиссиясы осы фактілерді қарағаннан кейін;
      7) әскери қызметшінің ауыр салдарға әкеп соқтырған қауіпсіздік, оның ішінде өрт қауіпсіздігі шараларын не қызметтік көлікте жол жүру қауіпсіздігін бұзуына байланысты – бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде;
      8) әскери қызметшінің қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себептермен қызметте болмауына байланысты – қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      9) ақшалай қаражатпен немесе әскери мүлікпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметшінің кінәратты әрекеттер жасауына байланысты, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіз болса – қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      10) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің, оларды тасымалдағыштардың жариялануына немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимді қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзуға байланысты – бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде жүргізіледі.
      169. Аттестаттау қорытындылары бойынша қызметі бойынша сәйкес еместігі анықталған әскери қызметшілерді шығару тиісті командир (бастық) бекіткен аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
      170. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге тоқтатыла тұрады.
      171. Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару күні оны әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) бойынша бұйрықпен бөлім жеке құрамының тізімдерінен шығарған күн болып саналады.
      172. Әскери қызметтен шығарылған адамдардың тиісті бұйрықтан үзінді көшірмелермен жазбаша танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей, шығару туралы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
      173. Заңның 26-бабы 1-тармағының 13)14) тармақшасының негіздері бойынша шығарылған адамдардан басқа, Қарулы Күштерде 25 және одан көп жыл (күнтізбелік есеппен) мінсіз қызмет өткерген азаматтарға запасқа немесе отставкаға шыққан кезде әскери киім нысанын киіп жүруге рұқсат етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады