Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгенің айналысқа енгізілгеніне 20 жыл толу құрметіне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары;
2) «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.
3. Осы Жарлық кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 631 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен наградтау
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Осы, «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидалары «Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалімен (бұдан әрі - мерекелік медаль) наградтау тәртібін реттейді.
2. Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - тенгенің қолданыста болуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары наградталады.
3. Мерекелік медальді дайындау және мерекелік медальмен наградтауға ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы айқындайды.
4. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасарлары;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі филиалдарының, өкілдігінің, ведомстволарының, ұйымдарының бірінші басшылары;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы айқындайтын уәкілетті тұлғалар тапсырады.
Наградталған адамға мерекелік медальмен қоса белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі.
5. Мерекелік медаль салтанатты жағдайда наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының наградтау туралы бұйрығы жария етіледі.
6. Мерекелік медаль сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда мерекелік медаль олардан кейін орналасады.
7. Мерекелік медальдің табыс етілгендігі туралы наградтауға арналған тізімге тиісті жазба жазылады.
Наградтауға арналған тізімдер, сондай-ақ табыс етілмеген мерекелік медальдар мен олардың куәліктері наградтауға арналған тізімдерге қайтарылу себептері көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметкерлермен жұмыс жөніндегі бөлімшесіне қайтарылады.
8. Жүргізілген наградтаулардың есебін, сондай-ақ мерекелік медальдардың тапсырылу барысы туралы есептілікті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметкерлермен жұмыс жөніндегі бөлімшесі жүргізеді.
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 631 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалінің
СИПАТТАМАСЫ
«Теңгеге 20 жыл» мерекелік медалі (бұдан әрі - мерекелік медаль) екі бөліктен - тағаннан және ілгіштен тұрады. Мерекелік медаль диаметрі 34 мм шеңберге алынған бұрыс шаршы нысанында болады.
Мерекелік медальдің бет жағының орталық бөлігінде күн сәулесі мен қалықтаған қыран бедерленген «20» саны орналасқан, мерекелік медальдің жоғарғы бөлігінде «теңгеге», төменгі бөлігінде «жыл» деген жазу орналасқан, сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек бейнеленген.
Мерекелік медаль нейзильбер қоспасынан жасалған.
Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы қою жасыл түсті қатқыл лентамен тысталған, ені 32 мм және биіктігі 50 мм болатын тағанға жалғанады. Тағанның ортасында тігінен тұрған бедерлі лавр бұтағы түріндегі нейзильберден жасалған ені 8 мм қондырма орналасқан.
Мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.