"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 794 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 08.12.2016 № 385 Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 27, 203-құжат; 2012 ж., № 40, 520-құжат; № 77-78, 1133-құжат; 2013 ж,. № 38, 547-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен мақұлданған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында:
      "Кіріспе" деген 1-бөлімнің екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.";
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тәртібі" деген 4-бөлімнің 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану
      Қаражатты пайдаланудың жаңа тәсіліне сәйкес 2011 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады.
      Бұл ретте республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшері экономикадағы жағдайға байланысты 15%-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына түзетілуі мүмкін.
      Экономикалық өсу қарқыны орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты төмендесе, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері экономикалық өсуді қолдау мақсатында 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтылуы мүмкін. Экономикалық өсу орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейден жоғары болса, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету мақсатында 6,8 млрд. АҚШ долларына дейін азайтылуы мүмкін.
      Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшерінен (8 млрд. АҚШ доллары) ауытқу сомасы туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдайды.
      Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қаржы жылының басында болжамдалған параметрлермен салыстырғанда асыра орындалған жағдайда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ағымдағы қаржы жылына бөлінген республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің сомаларын азайту жағына түзету бойынша шешім қабылдай алады.
      Өзін-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, оларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ғана көзделетін болады. Бұл ретте бөлінетін қаражаттың пайдаланылу ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.
      Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға арнап республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді бөлуден басқа, шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеше секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салынады.
      Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30%-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық белгіленеді. Бұл ретте республикалық бюджетке кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, азайтылмайтын қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
      Тұтастай алғанда Ұлттық қордың қаражаты кепілдендірілген трансфертті, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімімен айқындалған нысаналы трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ұлттық қордың шотында ай сайын (тоқсан сайын) республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы бекіткен Ұлттық қор активтерін айырбастау және қайта айырбастау қағидаларына сәйкес айырбасталуы және рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.";
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару" деген 5-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Ұлттық қордың активтерін басқару
      Тұтастай алғанда Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қала береді. Сонымен қатар Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары сақтау, өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау, тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.
      Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
      Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
      Ұлттық қордың активтерін орналастыру, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне енгізілген қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс.
      Бұл ретте шектеулер Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес сатып  алу туралы шешімді 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылдаған, Ұлттық
қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы
құралдарына қолданылмайды.";
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкіметтік қарыз алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы" деген 6-бөлімнің төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Ұлттық қордың қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
      үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5%-ынан аспауы тиіс;
      Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар республикалық бюджет кірістерінің 15%-ынан аспауы тиіс.";
      "7. Қорытынды" деген бөлімнің төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Жоғарыда баяндалған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға қарай Ұлттық қордың қаражаты кемінде 180 млрд. АҚШ долларын (ЖІӨ-ге қатысты 32%) құрауы тиіс".
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады