Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 15.06.2016 № 281 Жарлығымен.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 5 қарашадағы
№ 942 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі
арасындағы ұстап беру туралы
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын)
Тараптардың кез келгенінің күдікті, айыпталушы және сотталған адамдарын ұстап беру арқылы қылмыстылыққа қарсы, оның ішінде террористік актілерге қарсы күресте өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
егемендік пен теңдікті өзара құрметтеу негізінде
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Ұстап беру міндеттемесі
Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар өздерінің аумағындағы, ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін екінші Тараптың аумағында күдік келтірілетін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды осындай қылмыс осы Келісім күшіне енгенге дейін немесе одан кейін жасалған-жасалмағанына қарамастан, қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау мақсаттарында ұстап беруге міндеттенеді.
2-бап
Орталық органдар
1. Осы Келісімнің мақсаттарында Тараптар бір-бірімен осыған арналған орталық органдар арқылы тікелей не Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арналары арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
2. Осы Келісімді іске асыру үшін:
- Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура;
- Сауд Арабиясы Корольдігі үшін Ішкі істер министрлігі Тараптардың орталық органдары болып табылады.
3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдарының атауын өзгерткен жағдайда, екінші Тарап дипломатиялық арналар бойынша осындай өзгеріс туралы хабардар етіледі.
3-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар
1. Екі Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым қатаң жазамен жазаланатын қылмыстар ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар болып танылады.
2. Ұстап беруді жүзеге асыру қылмыстар оларға қатысты Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясы бар және оларға қатысты ұқсас мән-жайлар кезінде Сұрау салынатын Тараптың да юрисдикциясы бар, Сұрау салушы Тарап аумағының шегінен тыс жерде жасалған кезде, ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін де мүмкін болады.
3. Егер іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін үкімді орындауға қатысты болған жағдайда, ұстап беру, егер осы адам кемінде алты (6) ай мерзімге бас бостандығынан айыруға не неғұрлым қатаң жазаға сотталған жағдайда, мүмкін болады.
4-бап
Ұстап беруден бас тарту үшін негіздер
Мынадай мән-жайлар кезінде:
1. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс саяси болса, ұстап беруден бас тартылады. Бұл ретте, мынадай қылмыстар:
а) Мемлекет басшысына, Үкімет басшысына немесе олардың отбасы мүшелеріне не Корольге немесе Корольдың отбасы мүшелеріне қарсы жасалған қылмыс;
b) адам өлтіру не өлімге әкеп соғу;
с) жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірумен байланысты қасақана әрекет;
d) қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен және олардың құрамдастарымен байланысты қылмыстар, сондай-ақ олар пайдаланылып жасалған қылмыстар;
е) мүліктік қылмыстар;
f) адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру және адамды кепілге алу;
g) терроризм және онымен ұштасқан қылмыстар;
h) екі Тарап қатысушылары болып табылатын халықаралық конвенцияларға сәйкес қылмыстар болып танылған іс-әрекеттер;
k) жоғарыда көрсетілген қылмыстардың кез келгенін жасауды заңсыз насихаттау/арандату, оларға дайындалу немесе қастандық жасау не оларға сыбайласып қатысу саяси қылмыстар болып есептелмейді.
2. Сұрау салынатын Тараптың жалпы қылмыстық қылмысы үшін ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсілі, діни сенімі, ұлты, жынысы, әлеуметтік мәртебесі, этностық тиесілілігі бойынша, саяси нанымы үшін қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатына байланысты немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша залал келтірілуі мүмкін деп пайымдауға негіздері болса.
3. Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша ұстап беру туралы сұрау салуды жіберуге байланысты қылмыс өлім жазасымен жазаланатын болса, егер тек Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер ұсынбаса.
4. Сұрау салынатын Тараптың Сұрау салушы Тарапта қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам адамның негізгі құқықтарын, оның ішінде Тараптар қатысушылары болып табылатын адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға не Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалғанындай, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастан қорғалу құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе кез келген өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшырайтын болады деп пайымдауға негіздері болса.
5. Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру өз мемлекетінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мүдделеріне залал келтіруі мүмкін не өзінің Конституциясына қайшы келеді деп есептесе.
6. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс әскери қылмыс болып табылса.
7. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс бойынша Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес ескіру мерзімі өтіп кетсе.
8. Егер Сұрау салынатын Тарапта іздестіріліп жатқан адамға қатысты, ұстап беру сұратылып отырған дәл сол қылмысы үшін тергеп-тексеру, сот қарауы жүргізілсе немесе жүргізіліп жатса не ол сотталған немесе ақталған болса, ұстап беруден бас тартылады.
5-бап
Өз азаматтарын ұстап беру
1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз азаматына қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру шартымен, өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда, Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іске қатысты қылмыстық талқылау материалдарын, заттай дәлелдемелерді және кез келген басқа да құжаттарды береді.
2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа қылмыстық қудалаудың нәтижелері туралы хабарлайды.
6-бап
Ұстап беру туралы сұрау салу
1. Осы Келісімге сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуды Сұрау салушы Тараптың орталық органы Сұрау салынатын Тараптың орталық органына жазбаша түрде жіберуге тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, сұрау салу Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арналары бойынша жіберілуі мүмкін.
2. Ұстап беру туралы сұрау салуға мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:
а) іздестіріліп жатқан адамның сауалнамалық деректері (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, азаматтығы) және егер мүмкін болса, оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, ерекше белгілері, фотосуреті және Сұрау салынатын Тараптағы мекенжайы;
b) іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алуға соттың немесе өзге де құзыретті органның шешімі, ұстап беру сұратылып отырған жасалған қылмыс фактілері толық баяндалған құжат, осы қылмысы үшін қылмыстық жауаптылықты және жазаны көздейтін, сондай-ақ, егер мүмкін болса, ескіру мерзіміне қатысты заң мәтінінен үзінді көшірмелер;
с) егер сұрау салу сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, оған заңды күшіне енген үкімнің куәландырылған көшірмесі де бірге берілуге тиіс.
7-бап
Қосымша ақпарат
Егер Сұрау салынатын Тараптың пікірі бойынша ұсынылған ақпарат ұстап беру туралы шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, ол қосымша мәліметтерді сұрата алады, бұл үшін Сұрау салушы Тарапқа қосымша уақыт береді. Кез келген жағдайда, мұндай қосымша ақпарат іздестіріліп жатқан адам ұсталған кезден бастап алпыс (60) тәуліктен кешіктірілмей берілуге тиіс.
8-бап
Алдын ала/экстрадициялық қамаққа алу
1. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адамға қатысты алдын ала/экстрадициялық қамаққа алуды қолдануға құқылы. Алдын ала/экстрадициялық қамаққа алу туралы сұрау салу мыналарды қамтуға тиіс:
а) іздестіріліп жатқан адамның сауалнамалық деректері (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, азаматтығы) және егер мүмкін болса, оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, ерекше белгілері, фотосуреті және Сұрау салынатын Тараптағы мекенжайы;
b) іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алу туралы соттың немесе өзге де құзыретті органның шешімі, жасалған қылмыс фактілері қысқаша баяндалған құжат, осы қылмысы үшін қылмыстық жауаптылықты және жазаны көздейтін, сондай-ақ, егер мүмкін болса, ескіру мерзіміне қатысты заң мәтінінен үзінді көшірмелер;
с) егер сұрау салу сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, оған заңды күшіне енген үкімнің куәландырылған көшірмесі де бірге берілуге тиіс;
d) ұстап беру туралы сұрау салуды ұсынуға кепілдік.
2. Алдын ала/экстрадициялық қамаққа алу туралы сұрау салу электрондық байланыс арналары арқылы Сұрау салынатын Тараптың орталық органына немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының (Интерпол) арналары бойынша жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайда, сұрау салудың түпнұсқасы кідіртілмей жіберіледі.
3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу алдын ала/экстрадициялық қамаққа алу күнінен бастап алпыс (60) тәулік ішінде келіп түспесе, іздестіріліп жатқан адам босатылуға жатады. Дегенмен, осы ереже, егер сұрау салу кейіннен алынса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруді одан әрі жүзеге асыруға кедергі келтірмейді.
9-бап
Оңайлатылған ұстап беру
Егер осы Келісімге сәйкес іздестіріліп жатқан адам өзін Сұрау салушы Тарапқа ұстап беруімен келіссе, Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасының шарттары сақталған кезде осы адамды одан әрі талқылаусыз мүмкіндігінше жеделдете ұстап беруге құқылы.
10-бап
Бәсекелес сұрау салулар
Егер сол бір адамды Тараптардың бірі және Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы келісімі бар үшінші мемлекет сол бір немесе әртүрлі қылмыстары үшін ұстап беруді сұратып отырса, Сұрау салынатын Тарап адамның мемлекеттердің қайсысына ұстап берілуі тиіс екенін айқындайды. Сұрау салынатын Тарап өз шешімін қабылдауда барлық тиісті факторларды, оның ішінде, бірақ мұнымен ғана шектеліп қоймай: сұрау салудың Келісімге сәйкес жіберілген-жіберілмегенін; әр қылмыстың жасалған орнын; сұрау салушы мемлекеттердің тиісті мүдделерін; қылмыстың ауырлығын; жәбірленушілердің азаматтығын; сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салулардың алынуының хронологиялық тәртібін бағалайды.
11-бап
Сұрау салуды орындау
Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салулар бойынша шешімді осы Келісімнің ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасының рәсімдеріне сәйкес қабылдайды. Өзінің шешімі туралы ол Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді. Ұстап беруден бас тартудың себептері ұсынылуға тиіс.
12-бап
Беру
1. Егер ұстап беру қанағаттандырылса, Тараптардың келісуі бойынша іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сол Тараптың аумағынан этаппен апару үшін қолайлы жерге жеткізуге тиіс.
2. Сұрау салушы Тарап іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағынан бір ай ішінде немесе Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес көзделген неғұрлым ұзақ кезең ішінде этаппен апарады. Егер ол осы кезең ішінде этаппен апарылмаса, Сұрау салынатын Тарап адамды дәл сол қылмысы үшін ұстап беруден бас тартуы және адамды босатуы мүмкін.
13-бап
Беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру
1. Сұрау салынатын Тарап осы Тараптың аумағында тергеуде жатқан немесе жазасын өтеп жатқан адамды беруді кейінге қалдыруға құқылы. Кейінге қалдыру іздестіріліп жатқан адамды қылмыстық қудалау аяқталғанға дейін немесе осы адам сот тағайындаған жазаны орындағанға дейін жалғасуы мүмкін.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе жазасын өтеп жатқан жағдайда қанағаттандырылса, осы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Тарапқа оны қылмыстық қудалау мақсатында уақытша ұстап беруі мүмкін. Берілетін адам Сұрау салушы Тараптың аумағында күзетпен ұсталуы тиіс және сол адамға қатысты қылмыстық қудалау аяқталғаннан кейін Тараптардың келісуі бойынша айқындалған шарттарға сәйкес, Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылуы тиіс.
14-бап
Арнайы қағида
1. Ұстап берілген адамды Сұрау салушы Тарап осы адамды ұстап беру жүзеге асырылған қылмыстардан немесе ұстап беруге байланысты қылмыстардан; осы адам ұстап берілгеннен кейін жасалған қылмыстардан; немесе Сұрау салынатын Тарап оларға қатысты келісімін беретін қылмыстардан басқа кезде сотқа бере алмайды немесе жазаға тарта алмайды.
2. Ұстап берілген адам босатылса және адам ұстап берілген Тараптың аумағынан кетуі мүмкін болса, бірақ ол босатылғаннан кейін отыз (30) тәулік ішінде кетпесе немесе осы кезең ішінде кетіп, өз еркімен қайта оралса, адам кез келген басқа қылмысы үшін сотқа берілуі мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында сипатталған жағдайларды қоспағанда, адам үшінші мемлекетке адамды ұстап берген Тараптың келісімінсіз ұстап берілмейді.
15-бап
Мүлікті алып қою және беру
1. Ұстап беру қанағаттандырылған жағдайда және Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша, Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес рұқсат етілетін шектерде және үшінші тараптардың тиісті түрде сақталуы тиіс құқықтары ескеріле отырып, Сұрау салынатын Тарапта табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер ретінде қажет барлық мүлік берілуге тиіс.
2. Егер тіпті ұстап беру туралы қанағаттандырылған сұрау салудың орындалуы мүмкін болмаса да, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша көрсетілген мүлік Сұрау салушы Тарапқа берілуі мүмкін.
3. Егер аталған мүлік Сұрау салынатын Тарапта тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын болса, онда ол оны өзіне қалдыра алады не уақытша бере алады.
4. Егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы немесе үшінші тараптардың құқықтарын қорғау соны талап еткен жағдайда, берілген кез келген мүлік, егер осы Тарап бұл жөнінде өтініш білдірсе, талқылау аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа өтеусіз қайтарылуға тиіс.
16-бап
Жаза мерзімін есептеу
Ұстап беру рәсімі кезінде Сұрау салынатын Тарапта күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамға қатысты тағайындаған жаза мерзіміне есептеледі.
17-бап
Транзит
Егер Тараптардың бірі іздестіріліп жатқан адамды екінші Тараптың аумағы арқылы үшінші мемлекеттен ұстап беруді жүзеге асыру ниетін білдірсе, бірінші екіншіге транзитке рұқсат беруге сұрау салу жібереді. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, өзінің аумағы арқылы транзитті жүзеге асыруға ықпал етуге тиіс.
18-бап
Тілдер
Осы Келісімнің мақсатында Тараптар өзінің мемлекеттік тілін екінші Тараптың мемлекеттік тіліне не ағылшын тіліне аудармасымен пайдалануға тиіс.
19-бап
Құжаттардың жарамдылығы
Осы Келісімнің мақсатында Тараптардың бірінің орталық органы қол қойған және елтаңбалы мөрімен бекемдеп жіберген кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында одан әрі растаусыз немесе заңдастырусыз пайдаланылуы тиіс.
20-бап
Шығыстар
Өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес:
а) Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды және Сұрау салынатын Тарап берген кез келген мүлікті тасымалдауға байланысты барлық шығыстарды көтереді;
b) Сұрау салынатын Тарап ұстап беруге байланысты, тек өзінің аумағында туындайтын барлық шығыстарды көтереді.
21-бап
Консультациялар
Осы Келісімді неғұрлым тиімді қолдану үшін Тараптардың орталық органдары бір-бірімен консультациялар жүргізуге құқылы. Олар осы Келісімді қолдануға ықпал ететін қажетті практикалық шараларды келісуге де құқылы.
22-бап
Келіспеушіліктерді шешу
Тараптардың орталық органдары осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктерді консультациялар арқылы шешуге және кез келген үшінші Тарапқа не сотқа жүгінбеуге міндеттенеді.
23-бап
Халықаралық міндеттемелермен және ұлттық заңнамамен арақатынасы
1. Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық келісімдерден туындайтын олардың міндеттемелеріне қысым көрсетпеуі тиіс.
2. Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастығы олардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап
Келісімнің күшіне енуі, қолданылуы және тоқтатылуы
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен немесе өзге де құқықтық құралдармен ресімделеді.
3. Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданысын ол туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, кез келген уақытта тоқтатуға құқылы және оның қолданысы осындай хабарламаны алған күннен бастап жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін тоқтатылады. Алайда, оның қолданысы оның қолданылуы уақытында жіберілген ұстап беру туралы сұрау салуларға қатысты тоқтатылмайды.
4. Осы Келісім оның күшіне енуіне дейін қылмыс жасаған адамдарға да қолданылады.
ОСЫҒАН ДӘЛЕЛДЕМЕ РЕТІНДЕ, соған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20___ жылғы «___» ________ ________ қаласында қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы Сауд Арабиясы Корольдігі
үшін үшін