Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 15.06.2016 № 281 Жарлығымен.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 5 қарашадағы
№ 943 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын)
егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде,
екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдардың қоғамға қайта араласуына жәрдемдесу мақсатында олардың жазаны өздері азаматы болып табылатын мемлекетте өтеуі үшін
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімді іске асыру мақсатында, егер мәнмәтінінде өзгеше ұйғарылмаса, мынадай анықтамалар қолданылады:
а) «Үкім шығарушы мемлекет» - Үкімді шығарған, одан сотталған адам берілуі мүмкін немесе беріліп қойылған мемлекет;
b) «Үкімді орындаушы мемлекет» - Сотталған адам берілуі мүмкін немесе беріліп қойылған мемлекет;
с) «сотталған адам» - бас бостандығынан айыру түрінде жазаны көздейтін заңды күшіне енген және орындалуға жататын сот үкімі бар адам;
d) «үкім» - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түрінде жазаны көздейтін, заңды күшіне енген және орындалуға жататын сот шешімі.
2-бап
Жалпы ережелер
1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа оның аумағында екінші Тараптың кез келген азаматына қатысты шығарылған, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін, соттың заңды күшіне енген үкімдері туралы дереу хабарлайды.
2. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар екінші Тараптың азаматтарына қатысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау немесе сотталған адам азаматы болып табылатын мемлекетте жазаны орындауды жалғастыру мақсатында барынша ынтымақтасуды жүзеге асырады.
3-бап
Орталық органдар
1. Тараптар осы Келісімнің мақсатында сол үшін арналған орталық органдар арқылы тікелей не дипломатиялық арналар бойынша бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
2. Осы Келісімді іске асыру үшін:
- Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура;
- Сауд Арабиясы Корольдігі үшін Ішкі істер министрлігі (Қамаудағыларды беру жөніндегі тұрақты комитет) орталық органдар болып табылады.
3. Тараптардың кез келгені көрсетілген орталық органдардың атауларын өзгерткен жағдайда, екінші Тарап мұндай өзгеріс туралы дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.
4. Тараптардың орталық органдары арасындағы осы Келісімнің ережелерін қолдануға қатысты өзара іс-қимыл жазбаша нысанда жүзеге асырылады.
4-бап
Беру шарттары
1. Сотталған адамды беру мынадай талаптар сақталған кезде:
а) жасағаны үшін үкім шығарылған қылмысы екі Тараптың да ұлттық заңнамасы бойынша бас бостандығынан айырумен жазаланатын;
b) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатын;
с) үкім заңды күшіне енген және орындалуға жататын;
d) екі Тарап та беруге келіскен;
е) сотталған адамнан немесе сотталған адамның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне орай оның заңды өкілінен беру туралы жазбаша келісімі бар болған;
f) беру туралы сұрау салуды алған кезде өтелуге жататын жазалау мерзімі кемінде алты ай болған;
g) сотталған адамды төлемге қабілетсіз деп таныған жағдайларды қоспағанда, ол кез келген қаржылық міндеттемелерді өтеуге не Үкім шығарушы мемлекет тиімді деп есептейтін оларды өтеуге кепілдік беруге тиіс;
h) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте оған қатысты кез келген талап қою рәсімдеріне тартылмауға тиіс жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда Тараптардың келісімі бойынша беру, егер өтеуге тиіс уақыт кезеңі алты айдан кем мерзімді құраса да жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
Беруден бас тарту
1. Егер:
а) Тараптың бірі беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмысы үшін шығарылса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, екінші Тарап сұрап отырған беруге келісім беретіндігін немесе бермейтіндігін өз қалауы бойынша шешуге құқылы.
6-бап
Сұрау салулар
1. Беру туралы сұрау салуды:
а) Үкімді шығарушы мемлекет;
b) Үкімді орындаушы мемлекет; не
с) сотталған адам не сотталған адамның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне орай оның заңды өкілі жіберуі мүмкін.
2. Мұндай сұрау салулар кез келген Тараптың орталық органдарына жіберілуге тиіс.
3. Мұндай сұрау салуды алған Тарап бұл туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.
7-бап
Құжаттар ұсыну
1. Беру туралы сұрау салуға Үкім шығарушы мемлекет мынадай құжаттарды қоса береді:
а) үкімге негіз болған заңның тиісті ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген үкімнің расталған көшірмесі, сондай-ақ іс бойынша қысқаша анықтама;
b) жазаның түрі мен мерзімі көрсетілген мәліметтер;
с) сотқа дейінгі ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтелуге жататын бөліктерінің мерзімдері туралы мәліметтер, босатылатын болжамды күні туралы мәліметтер және үкімге немесе оны орындауға қатысты өзге де мәліметтер;
d) осы Келісімнің 4-бабы 1-тармағының е) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісім;
е) сотталған адамның денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат;
f) жазасын өтеу кезінде адамның мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтер.
2. Үкімді орындаушы мемлекет мынадай құжаттарды ұсынады:
а) сотталған адамның оның азаматы болып табылатынын растайтын құжаттар;
b) үкім шығарылған әрекеттің не әрекетсіздіктің Үкімді орындаушы мемлекетте қылмыстық жазаланатындығын куәландыратын заңның ережелерінен үзінді көшірме.
3. Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптан беруге байланысты қосымша ақпаратты не құжаттарды ұсынуын сұратуға құқылы.
8-бап
Сотталған адамды хабардар ету
1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Келісімді қолдануға болатын сотталған адамдарды олардың осы Келісімнің ережелеріне сәйкес берілуінің мүмкін екендігі туралы хабардар етуге тиіс.
2. Тараптар сотталған адамдарды беру туралы сұрау салу бойынша қабылданған шаралар мен шешімдер туралы хабарландыруға тиіс.
9-бап
Беру және шығыстар
1. Беруге арналған келісімге қол жеткізілген жағдайда Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамды Үкімді орындаушы мемлекетке келісілген уақытта және орында береді.
2. Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана келтірілген шығыстарды қоспағанда, Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамның транзитін қосқанда, оны тасымалдауға байланысты және оның аумағында үкімді орындаудан туындайтын барлық шығыстарды көтереді.
10-бап
Үкімді орындауды жалғастыру
1. Сотталған адамды алғаннан кейін Үкімді орындаушы мемлекет мыналарды қамтамасыз етуге тиіс:
а) үкімді орындаудың тәртібі мен рәсімдері оның қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс;
b) үкімнің орындалуы жазаның мерзімі мен оны өтеу шарттарын өзгертусіз сот шешіміне сәйкес келуге тиіс. Кез келген жағдайда да үкім ауырлатылмайды.
с) егер Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы Үкім шығарушы мемлекет айқындаған жазаның мерзімінен аз, барынша көп жаза мерзімін көздесе, Үкімді орындаушы мемлекет осыған ұқсас қылмыс үшін оның заңнамасында көзделген жазаның барынша ең көп мерзімін тағайындауға тиіс. Үкімді мұндай өзгерткен жағдайда Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің өзгеруі туралы ресми құжаттың көшірмесін Үкім шығарушы мемлекетке дереу беруге тиіс;
d) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне сотталған адамның Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында өтеген мерзімі есептеледі;
е) Үкімді орындаушы мемлекет бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алу жазасына ауыстырмауға міндеттенеді.
11-бап
Рақымшылық жасау, кешірім жасау немесе жазаны жеңілдетудің өзге де шаралары
1. Берілген сотталған адамға қатысты рақымшылық жасау, кешірім жасау немесе жазаны жеңілдетудің өзге де шараларын Үкім шығарушы мемлекет қана қолдануы мүмкін.
2. Үкімді орындаушы мемлекет берілген сотталған адамға рақымшылықты, кешірім жасауды немесе жазаны жеңілдетудің өзге де шараларын Үкім шығарушы мемлекеттің алдын ала жазбаша келісімімен қолдануға құқылы.
12-бап
Юрисдикцияны сақтау
1. Үкім шығарушы мемлекеттің ғана берілген сотталған адамға қатысты өзінің үкімін қайта қарау жөніндегі айрықша юрисдикциясы бар.
2. Үкім шығарушы мемлекет үкімнің орындалуын тоқтататын немесе өзгертетін, өзінің аумағында қабылданған кез келген шешім немесе рәсім туралы Үкімді орындаушы мемлекетке дереу хабарлайды. Үкімді орындаушы мемлекет мұндай шешімді дереу орындауға тиіс.
13-бап
Арнайы қағида
Үкімді орындаушы мемлекет осы Келісімге сәйкес берілген сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекетте өзі сотталған дәл сол қылмысы үшін қайтадан соттауға құқылы емес.
14-бап
Үкімді орындау туралы хабарлау
Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты ақпаратты мынадай жағдайларда:
а) үкім орындалғанда;
b) сотталған адам қашып кеткен және шаралар қабылданған кезде;
с) сотталған адам қайтыс болғанда;
d) Үкім шығарушы мемлекет арнайы хабарлауды талап өткенде ұсынуға тиіс.
15-бап
Транзит
Егер Тараптардың бірі өз азаматының транзитін үшінші мемлекеттен екінші Тараптың аумағы арқылы жүзеге асыруға тілек білдірсе, біріншісі соңғысына осындай транзитке рұқсат алуға сұрау салуды жібереді. Сұрау салынған Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, өз аумағы арқылы транзиттің жүзеге асырылуына ықпал етуге тиіс.
16-бап
Тілдер
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар екінші Тараптың мемлекеттік тіліндегі не ағылшын тіліндегі аудармасымен бірге өзінің мемлекеттік тілін қолданады.
17-бап
Құжаттардың жарамдылығы
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың біреуінің орталық органы қолтаңбасымен және елтаңбалық мөрімен бекемдеп жолдаған кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында одан әрі расталмай немесе заңдастырылмай пайдаланылуға тиіс.
18-бап
Келісімді қолдану жөніндегі консультациялар
Осы Келісімді неғұрлым тиімді қолдану үшін Тараптардың орталық органдары бір-бірімен консультациялар жүргізуге құқылы. Олар осы Келісімді қолдануға ықпал ететін қажетті практикалық шараларды келісуге де құқылы.
19-бап
Келіспеушіліктерді шешу
Тараптардың орталық органдары осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктерді консультациялар арқылы шешуге және кез келген басқа үшінші Тарапқа не сотқа жүгінбеуге міндеттенеді.
20-бап
Халықаралық міндеттемелермен және ұлттық заңнамамен арақатысы
1. Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
2. Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастығы олардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап
Келісімнің күшіне енуі, қолданылуы және тоқтатылуы
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен немесе өзге де құқықтық құралдармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
3. Әрбір Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы және оның қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң тоқтатылады. Дегенмен, оның қолданысы ол қолданылған уақытта жіберілген беру туралы сұрау салуларға қатысты тоқтатылмайды.
4. Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін сотталған адамдарды беруге де қолданылады.
ОСЫҒАН ДӘЛЕЛДЕМЕ РЕТІНДЕ, соған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20 жылғы « ___ » ________ ________ қаласында қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы Сауд Арабиясы Корольдігі
үшін үшін