Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 15.06.2016 № 281 Жарлығымен.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 20 тамыздағы
№ 71 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі «Уағдаласушы Мемлекеттер» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы
сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласында тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
сотталған адамдар үшін жазасын өздерінің қоғамдық ортасында өтеу мүмкіндігін белгілейтін екіжақты шартты жасасу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін болатынын пайымдай отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап
Жалпы ережелер
1. Уағдаласушы Мемлекеттер осы Шартта баяндалған шарттарда сотталған адамдарды беру саласында барынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді.
2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында сотталған адам шығарылған үкімді орындау үшін осы Шарттың ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекеттің аумағына берілуі мүмкін. Бұл мақсатта, осы сотталған адам немесе оның заңды өкілі сотталған адамның осы Шартқа сәйкес өзінің азаматтығы тиесілі мемлекетке беру туралы қалауын Үкім шығарушы мемлекетте де, сол сияқты Үкімді орындаушы мемлекетте де мәлімдей алады.
2-бап
Анықтамалар
Осы Шарттың мақсатында:
а) «сотталған адам» кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, Уағдаласушы Мемлекеттердің кез келгенінің аумағында бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан кез келген адамды білдіреді;
b) «үкім» - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;
с) «Үкім шығарушы мемлекет» адамға қатысты үкім шығарылған және ол берілген немесе берілуі мүмкін Уағдаласушы Мемлекетті білдіреді;
d) «Үкімді орындаушы мемлекет» аумағында сотталған адам бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау үшін берілуі мүмкін немесе берілген Уағдаласушы Мемлекетті білдіреді.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы Мемлекеттер айқындаған орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
Сербия Республикасы үшін - Сербия Республикасының Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Уағдаласушы Мемлекеттер бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
4-бап
Беру шарттары
Сотталған адам осы Шартқа сәйкес, егер мынадай шарттар сақталса:
а) адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылса;
b) үкім түпкілікті болып табылғанда және орындалуға тиіс болса;
с) сотталған адамға қатысты Үкім шығарушы мемлекетте қандай да бір сот талқылаулары жүргізіліп жатпаса;
d) беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің қалған мерзімі кемінде бір (1) жылды құрайтын болса, берілуі мүмкін. Айрықша жағдайларда, егер тіпті сотталған адам өтеуге тиіс жазаның мерзімі осы тармақшада көрсетілгеннен аз болса да, беру жүзеге асырылуы мүмкін;
е) сотталған адам немесе адам өзінің жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты келісімін өз бетінше білдіре алмаған жағдайда сотталған адамның заңды өкілі беруге келісім берсе;
f) адам сол үшін сотталған іс-әрекеттер екі Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;
g) екі Уағдаласушы Мемлекет сотталған адамды беруге келіссе, берілуі мүмкін.
5-бап
Беруден бас тартудың шарттары
Егер:
а) Үкім шығарушы мемлекет беру өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін немесе ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;
b) жаза Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазадан елеулі түрде өзгеше болса;
с) сотталған адам қылмыс жасау арқылы келтірген залалды өтемесе немесе ол сот үкіміне сәйкес өтеуге міндетті шығыстарды төлемесе;
d) Үкімді орындаушы мемлекетте адамға қатысты нақ сол қылмыс үшін қылмыстық талқылау жүргізіліп жатса немесе оған қатысты заңды күшіне енген сот үкімі шығарылса, беруден бас тартылуы мүмкін.
6-бап
Беру жөніндегі шешім
1. Уағдаласушы Мемлекеттер беру туралы шешімді осы Шартқа және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
2. Беруден бас тартқан жағдайда, мұндай шешім уәжді болуға тиіс.
3. Беру туралы шешім қабылданған кезде бұдан басқа, қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесі, ол жасалған кездегі мән-жайлар, оңалту және әлеуметтік бейімдеу мүмкіндігі, сотталған адамның жасы мен денсаулық жағдайы, оның отбасы жағдайы, жәбірленушілерге залалды өтеуге қатысты міндеттемелерді орындауы ескеріледі.
7-бап
Сұрау салуды және ілеспе құжаттарды қарау нәтижелері туралы
хабардар ету міндеттемесі
1. Осы Шарт өзіне қатысты қолданылуы мүмкін сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекет осы Шартқа сәйкес беру мүмкіндігі туралы және оның құқықтық салдары туралы хабардар етуге тиіс.
2. Егер Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамды беруге келісімін берсе, онда ол бұл туралы Үкімді орындаушы мемлекетті хабардар етеді және Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттар мен ақпаратты:
а) сотталған адамның тегі, аты, туған күні мен жері туралы ақпаратты;
b) жазаның түрі туралы, үкімді орындаудың басталу және аяқталу мерзімі туралы ақпаратты;
с) сотқа дейінгі ұстау мерзімін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтелуге жататын мерзімдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ үкімді орындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді;
d) заңды күшіне енген және орындалуға жататын сот үкімінің түпнұсқасын немесе оның расталған көшірмесін, сондай-ақ басқа да сот шешімдерін;
е) сотталған адамға қатысты қолданылған заңнаманың расталған үзінді көшірмелерін;
f) қажет болған жағдайда, сотталған адамға қатысты медициналық және әлеуметтік есепті, оның Үкім шығарушы мемлекетте емдегені туралы ақпаратты және оны одан әрі емдеу үшін ұсынымдарды;
g) осы Шарттың 4-бабының е) тармағында көзделген, сотталған адамның оны беруге келісімін қамтитын мәлімдемені жібереді.
3. Егер Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет жіберген құжаттарды зерделегеннен кейін сотталған адамды беру мүмкін деп есептесе, онда ол Үкім шығарушы мемлекетке мынадай құжаттар мен ақпаратты:
а) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растауды;
b) қолданылатын өзінің заңнамасынан расталған үзінді көшірмелерін жібереді.
4. Егер Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет берген құжаттар мен ақпарат жеткіліксіз деп санаса, онда ол қосымша мәліметтерді сұрата алады.
5. Егер беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, Уағдаласушы Мемлекеттер берудің күнін, орнын, уақытын және басқа да шарттарын дереу келіседі. Сотталған адамды берумен бір мезгілде оның жеке басының заттарын беру жүзеге асырылады.
6. Сотталған адам немесе оның заңды өкілі оны беру туралы сұрау салу бойынша қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етіледі.
8-бап
Келісім беру және оны верификациялау
1. Үкім шығарушы мемлекет беруге осы Шарттың 4-бабының е) тармағында көзделген келісімін беретін сотталған адамның оны өз еркімен және мұндай берудің құқықтық салдарын толық сезіне отырып жасауы үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
2. Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің дипломатиялық өкіліне мұндай келісімнің осы баптың 1-тармағында баяндалған шарттар сақтала отырып берілгеніне көз жеткізу мүмкіндігін береді.
9-бап
Берудің Үкім шығарушы мемлекет үшін салдары
1. Үкімді орындаушы мемлекеттің сотталған адамды қабылдауы Үкім шығарушы мемлекеттің үкімді орындауды тоқтатуын білдіреді.
2. Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуы аяқталды деп есептегенде, Үкім шығарушы мемлекет өз үкімін орындауға құқылы емес.
10-бап
Берудің Үкімді орындаушы мемлекет үшін салдары
1. Үкімді орындаушы мемлекет үкімді орындауды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жалғастырады.
2. Егер жаза өзінің сипаты мен ұзақтығына қарай Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға сай келмесе, онда ол өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес оны дәл осындай қылмыс үшін көзделген жазаға барынша сәйкес келетін жазамен ауыстырады. Мұндай жағдайда, ол өзінің сипаты немесе мерзімі бойынша Үкім шығарушы мемлекеттің үкімінде айқындалғаннан қатал болмауға немесе дәл осындай қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген жазаның ең ұзақ мерзімінен аспауға тиіс. Жаза Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша дәл осындай қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге де тиіс. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке өзінің сот шешімін жіберуге тиіс.
3. Берілген адамға қатысты үкімді орындау және шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселелерді қарау Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.
11-бап
Рақымшылық жасау, кешірім жасау немесе жазаны жеңілдетудің
өзге де шаралары
Уағдаласушы Мемлекеттердің әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген адамға қатысты рақымшылық, кешірім жасауды жүзеге асыруға немесе жазаны жеңілдетудің өзге де шараларын қолдануға құқылы.
12-бап
Үкімді қайта қарау
Үкім шығарушы мемлекет қана өз үкімін қайта қарауға құқылы.
13-бап
Үкімді тоқтату және өзгерту
Үкім шығарушы мемлекет үкім өз қолданысын тоқтататын кез келген шешімі туралы өзін хабардар етісімен Үкімді орындаушы мемлекет үкімді орындауды тоқтатуға міндетті. Осыған ұқсас іс-әрекет үкімді өзгерткен жағдайда қолданылатын болады.
14-бап
Үкімнің орындалуы туралы ақпарат
Үкімді орындаушы мемлекет мынадай жағдайларда:
а) егер ол үкімнің орындалуы аяқталды деп есептесе;
b) егер сотталған адам үкім толық орындалғанға дейін қашып кетсе немесе қайтыс болса;
с) егер Үкім шығарушы мемлекет мұндай ақпаратты сұратса, Үкім шығарушы мемлекетке үкімнің орындалуына қатысты ақпаратты береді.
15-бап
Транзит
1. Уағдаласушы Мемлекеттер өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Уағдаласушы Мемлекетке үшінші мемлекет берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзитіне рұқсат беруге құқылы.
2. Бұл үшін Сұрау салушы Мемлекет орталық органдар арқылы немесе аса шұғыл жағдайларда Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымы (Интерпол) арқылы Сұрау салынатын Мемлекетке тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің мән-жайларының қысқаша баяндалуын қамтитын транзит туралы сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салуға адамды беруді растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Сұрау салынатын Мемлекет өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінің аумағында қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону орын алған жағдайда транзитті жүзеге асырушы мемлекет бұл туралы транзит мемлекетін дереу хабардар етеді және транзит мемлекеті транзитке рұқсат беру туралы сұрау салуды күту кезінде тасымалданатын адамды он бес (15) тәулік мерзімге дейін күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер транзитке сұрау салу осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімдерде алынбаса, егер Уағдаласушы Мемлекеттер өзгеше уағдаласыққа қол жеткізбесе, адам босатылуға жатады.
16-бап
Тіл және шығыстар
1. Сотталған адамды беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Мемлекеттің тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс. Егер өтінішхатты сотталған адам берсе, онда ол осы адам білетін тілде жасалуы мүмкін.
2. Осы Шартты іске асырумен байланысты шығыстарды Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында туындағандарын қоспағанда, Үкімді орындаушы мемлекет өтейді.
3. Транзитпен байланысты шығыстарды Сұрау салушы Мемлекет көтереді.
4. Транзит мемлекетінің аумағы арқылы сотталған адамды транзиттік тасымалдау кезінде оны күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды Сұрау салынатын Мемлекет көтереді.
17-бап
Осы Шарттың басқа да халықаралық келісімдермен арақатынасы
Осы Шарт Уағдаласушы Мемлекеттердің өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
18-бап
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер Уағдаласушы Мемлекеттердің орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер өткізу арқылы шешіледі.
19-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт ратификациялануға жатады.
2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті рәсімдерді Уағдаласушы Мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
3. Уағдаласушы Мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
4. Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
5. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылу кезеңінде адамдарды беру бойынша басталған рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
6. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін шығарылған үкімдердің орындалуына қатысты да қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
20 ______ жылғы __________ _________ әрқайсысы қазақ, серб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін Сербия Республикасы үшін