Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 154 Жарлығы.

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 17-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
  Президентінің
  2015 жылғы 29 желтоқсандағы
  № 154 Жарлығымен
  БЕКІТІЛГЕН

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялаудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабын іске асыру мақсатында әзірленді және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау тәртібін айқындайды.

2. Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін уәкілетті органға материалдарды ұсыну тәртібі

      2. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі жөніндегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, ведомстволық және өңірлік жоспарлардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері жоспарларының орындалу барысы туралы ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынады.

      3. Ақпаратта:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласының жай-күйі және онда жүргізіліп жатқан жұмыс туралы мәліметтер;

      2) сыбайлас жемқорлық қатерлеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, ведомстволық және өңірлік жоспарларды, квазимемлекеттік сектор субъектілері жоспарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы немесе орындалмауы (себептері) туралы мәліметтер;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа және осы салада жоспарланған іс-шараларды іске асыруға сыртқы факторлардың әсерін талдау;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі проблемалар мен міндеттерді шешу дәрежесі, осы жұмыстың мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қатерлерді азайтуға, саланың, өңірдің және басқаның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуі туралы мәліметтер;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру, қолданыстағы заңнаманы өзгерту бойынша қорытындылар мен ұсыныстар, оның ішінде стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын түзету жөніндегі ұсыныстар;

      7) қосымшалар (қажеттілігіне қарай) қамтылуға тиіс.

      4. Ақпаратқа бірінші басшы немесе оны алмастыратын адам қол қояды және ол мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығын және оның уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.

      5. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері ақпаратты уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі жылдың 15 сәуіріне дейін ұсынады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 02.02.2022 № 802 Жарлығымен.

      6. Қажет болған жағдайда, уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша қосымша ақпарат сұрата алады.

3. Ұлттық баяндаманы дайындау тәртібі

      7. Ұлттық баяндаманы мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, жеке және заңды тұлғалар ұсынған ақпарат, уәкілетті орган жұмысының нәтижелері, сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралуының жай-күйі мен үрдісін талдау және бағалау негізінде уәкілетті орган қалыптастырады.

      8. Ұлттық баяндаманың құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) негізгі бөлім;

      3) қорытынды.

      Кіріспеде Ұлттық баяндаманы ұсынудың негіздемесі мен мақсаты және оның қысқаша мазмұны қамтылады.

      Ұлттық баяндаманың негізгі бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың мәнін, жай-күйі мен негізгі нәтижелерін көрсететін деректер және мыналар:

      1) уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпарат;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, ведомстволық және өңірлік жоспарлардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері жоспарларының орындалуы туралы ақпарат;

      3) іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуін бағалау;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік деңгейін анықтау бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелері;

      5) халықаралық ұйымдардың тиісті рейтингтеріндегі Қазақстан Республикасының көрсеткіштері және сыбайлас жемқорлықтың халықаралық деңгейде таралуының жай-күйі мен үрдісі туралы ақпарат қамтылуы тиіс.

      Қорытындыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру, осы саладағы жұмысты одан әрі дамыту және жақсарту, оның ішінде стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түзету бойынша қорытындылар мен ұсыныстар қамтылуы тиіс.

      9. Қажет болған жағдайда, Ұлттық баяндамада мәтінде сілтемелер жасалған тәртіппен орналастырылған қосымшалар (слайдттар) қамтылуы мүмкін.

      10. Қазақстан Республикасының Президенті қарауының қорытындысы бойынша мақұлданған жағдайда, қорытындылар мен ұсыныстар еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жетілдіру үшін негіз болып табылады.

4. Ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау тәртібі

      11. Ұлттық баяндаманы:

      1) уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есепті жылдан кейінгі жылдың 15 мамырынан кешіктірмей;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Президентіне есепті жылдан кейінгі жылдың 30 маусымынан кешіктірмей ұсынады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 02.02.2022 № 802 Жарлығымен.

      12. Ұлттық баяндаманы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды және оны уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президенті қарағаннан кейін бір айдан кешіктірмей жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады