Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1.Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған негізгі бағыттары бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Президенті | Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы № 415 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған негізгі бағыттары Астана, 2017 жыл
Елдегі экономикалық ахуалдың серпінді түрде жақсаруының арқасында және өзінің халықаралық әрі өңірлік қатынастардағы жауапкершілігін сезіне отырып, Қазақстан Республикасы орнықты дамудың жаһандық және өңірлік проблемаларын шешуге, сондай-ақ әлемдік аренада өзінің рөлін күшейтуге дайын. Өңірдегі экономикалық көшбасшы бола отырып, Қазақстан жаһандық дамуға көмек көрсету бойынша халықаралық күш-жігерге қатысуды өзінің сыртқы саясатының қажетті элементі деп санайды.
Бұл құжаттың мақсаты өзінің донор ретіндегі ұстанымын нығайту, танымалдық пен дамуға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру және өзінің халықаралық міндеттемелерін орындау үшін Қазақстан Республикасы ұстануы тиіс негізгі мақсаттарды, қағидаттар мен бағыттарды айқындау болып табылады. "Қазақстан 2050" Стратегиясына сәйкес бұл Қазақстанға деген сенімді нығайтуға және оның жаһандық әрі өңірлік проблемаларды шешуге бейілдігін көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек (бұдан әрі - ДРК) саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары ұлттық сыртқы саясаттың, экономикалық саясаттың және қауіпсіздік саласындағы саясаттың мақсаттары мен бағыттарына, сондай-ақ халықаралық деңгейде келісілген даму саласындағы мақсаттар мен қағидаттарға сәйкес келеді, ұлттық мүдделермен және халықаралық міндеттемелермен үйлеседі.
Негізгі бағыттар Пусанда (2011 жыл, желтоқсан) өткен сыртқы көмектің тиімділігін арттыру жөніндегі жоғары деңгейдегі форумның экономикасы өтпелі серпінді дамушы елдер қатарынан жаңа донорлардың дамуға көмек көрсетуге қатысуының маңыздылығы туралы тұжырымдарының өзектілігін де көрсетеді.
Қазақстанның халықаралық дамуға жәрдемдесу саласындағы мейлінше белсенді және нақты ресімделген саясаты оның ұлттық мүдделеріне сай келеді, өйткені мұндай саясат әріптес елдердегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыруға, заңсыз көші-қонның алдын алуға, терроризмге және экстремизмге қарсы күресті күшейтуге, тату көршілік белдеуін қалыптастыруға, Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын және оң имиджін нығайтуға ықпал ететін болады. ДРК-нің ұлттық жүйесін құру іс жүзінде Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің жаңа саласы - халықаралық даму саласын жетілдірудің негізін қалайды. Қызметтің мұндай саласын құру қызметтің әртүрлі салаларындағы тәжірибені, Қазақстан Республикасындағы білімдер мен бәсекелестік басымдықтарды түгендеуге және жүйелеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қазіргі кезде әлі жеткілікті түрде дамымаған немесе елде жоқ салалар мен әлеуетті дамытуды ынталандырады.
Дамуға көмек және гуманитарлық көмек саласындағы өзінің алдыңғы тәжірибелерін негізге ала отырып, Қазақстан ДРК-нің ұлттық жүйесінің институционалдық, заңнамалық және стратегиялық негіздерін құру бойынша нақты қадамдар жасады. "Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) қабылдануымен Қазақстан Республикасының ДРК жүйесінің институционалдық негізі қаланды, ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен (бұдан әрі - СІМ), ДРК саласындағы оператордан (Қазақстандық "KazAID" халықаралық дамуға жәрдемдесу агенттігі) және салалық министрліктерден тұрады. Бұл жүйе жоғарыда көрсетілген қағидаттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және донорлармен (оның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы (бұдан әрі - БҰҰДБ), АҚШ Халықаралық даму агенттігі (бұдан әрі - ЮСАИД), Неміс Халықаралық даму агенттігі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) т.б.) консультациялар және басқа елдердегі ДРК ұлттық жүйесін құру жөніндегі тәжірибе негізінде жасалды.
Осылайша, Қазақстан жүйелі негізде халықаралық дамуға жәрдемдесу үшін дәстүрлі және жаңа донор елдердің күш-жігеріне қосылу жолында іс жүзінде маңызды қадам жасады. Мұндай қадам, оның дәстүрлі донорлар бюджеттерінің азаюы кезеңінде, халықаралық және өңірлік дамудың сын-қатерлерінің көлемі жоғары деңгейде қалып отырған кезде жасалып отырғанын ескерсек, мейілінше маңызды және құнды болып табылады.
1. Даму мақсатындағы жаһандық ынтымақтастықтың түпмәтіні Жаһандық дамудың ағымдағы сын-қатерлері
Соңғы уақытта әлемде орасан зор өзгерістер болды. Соңғы бірнеше онжылдық адами әлеуеттің дамуында белгілі бір мағынада мейілінше табысты кезең болды. Дегенмен, экономикалық өсудің кері аспектілерінің елеулі салдарлары да бар: әлемнің кейбір өңірлерінде экономикалық дамудың өсуі тұтынудың ұлғаюына әкелді, бұл басқа да өзекті жаһандық сын-қатерлер жиынтығында (халық санының өсуі, урбандалу, климаттың өзгеруі, көші-қон, қоршаған ортаның ластануы т.б.) дамудың орнықтылығына қатер төндіреді.
Оған қоса, жаһандық экономикалық және қаржылық дағдарыс салдарынан көптеген елдер әлеуметтік теңсіздіктерге және жұмыссыздыққа тап болуда, бұл шиеленістер мен жанжалдар қатерінің өсуіне әкеледі. Тұрақсыздық ұйымдасқан қылмыс, халықаралық терроризм, заңсыз көші-қон немесе табиғи зілзала сияқты қатерлердің ұлғаюына байланысты жаһандық қауіпсіздікке де тән.
Өте кедей елдердің мұқтаждарына әлем жұртшылығының назарын аудартуға ең көп көмектескен және оларға көмек көрсету үшін жаһандық саяси консенсусқа ықпал еткен, бұл өз кезегінде дамуға көрсетілетін ресми көмек деңгейінде елеулі өзгерістерге қол жеткізуге көмектескен Мыңжылдық даму мақсаттарына (бұдан әрі - МДМ) қол жеткізудегі белгілі бір ілгерілеушілікке қарамастан бүкіл әлем бойынша нәтижелер тең болмай шықты. Аралық есептер өте кедей жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар санының айтарлықтай азаюы негізінен Азиядағы, атап айтқанда Қытайдағы экономикалық өсумен түсіндірілетінін көрсетеді, ал әлемнің басқа бөлігінде, негізінен Африкада Сахараның оңтүстігінде болмашы ғана ілгерілеушілікке қол жеткізілді.
Өте кедейшілік жағдайда өмір сүретін адамдар саны әлі де өте жоғары - шамамен 1,2 млрд. адам, сонымен қатар бұдан да көп адамның негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылмайды. Ананы қорғау, ұрпақты болу денсаулығы, негізгі санитариялық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу сияқты салаларда даму жөніндегі мақсаттарға таяу арада қол жеткізу қиынға соғады. Табиғат беретін ресурстардың үштен екісі, оның ішінде құнарлы жер, таза су және ауа құлдырау жағдайында тұр, ал климаттың өзгеруі мен алуан түрліліктің жойылуы адамдарға және қоршаған ортаға орны толмас әсерін тигізетін салдарлардың шегіне жақындап отыр.
Осының аясында орындалмаған МДМ-ға да, даму саласындағы, атап айтқанда мемлекеттік басқару, теңсіздік, урбандалу, индустрияландыру сияқты салаларда жаңа негізгі қажеттіліктерге де қол жеткізуге бағытталған Орнықты даму мақсаттары (бұдан әрі - ОДМ) барлық донорлар мен даму процесінің басқа да қазіргі қатысушылары үшін тұтастай қамтылатын нұсқамалық қағидаттарды білдіреді.
Орталық Азиядағы дамудың негізгі проблемалары
Орталық Азия мемлекеттерінің соңғы 20 жыл ішіндегі дәйекті прогреске және өңірде тұрақтылықты сақтауға қол жеткізгеніне қарамастан өңірдегі ағымдағы ахуал әлеуметтік-экономикалық проблемалардың тіркесе жүруімен, қоғамдағы жасандылықпен, заң үстемдігі саласындағы кемшіліктермен, діни экстремизммен, этносаралық шиеленіспен және ұйымдасқан қылмыстың өсуімен сипатталады.
Шекараның шешілмеген даулары, ортақ су ресурстарын пайдалануға және энергия қажеттілігіне қатысты шиеленістер, адам құқығы мәселелерінің маргиналдануы, заңсыз көші-қон, есірткінің заңсыз айналымы, терроризм және ұйымдасқан қылмыстың басқа да нысандары өңірлік тұрақтылыққа қатер төндіріп отыр. Мұндай үрдістер ден қоюдың тиімді шараларын әзірлеу үшін Орталық Азияның барлық елдері тарапынан келісілген күш-жігердің болуын талап етеді және осы орайда Қазақстанның өңірлік экономикалық көшбасшы ретіндегі рөлі өте жоғары. Елдер қаншалықты тұрақты, демократиялық болған және өркендеген сайын олар сыртқы қатерлерге соншалықты қарсы тұра алады.
Тұтастай Орталық Азияның тұрақтылығына әсер ететін Ауғанстанда болған соңғы оқиғалар проблеманың тағы бірі болып табылады, өйткені Қауіпсіздікке жәрдемдесудің халықаралық күштері шығарылғаннан кейін Ауғанстан аумағындағы бақылау деңгейінің төмендеуіне байланысты террористік және экстремистік актілердің әлеуетті қатері бар. Ауғанстандағы, әсіресе, елдің солтүстігіндегі тұрақсыздық онсыз да деңгейі жоғары болып отырған есірткінің заңсыз айналымының және ұйымдасқан қылмыстың өсуіне, босқындар санының көбеюі мен өздерінің радикалды немесе қылмыстық мақсаттарын ілгерілету үшін көрші өңірлердегі ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған радикалды немесе қылмыстық топтар әрекеттерінің жандануына әкелуі мүмкін. Дегенмен Ауғанстанды қатер төндіруші ретінде емес, өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған мүмкіндік ретінде қарастырған жөн.
Халықаралық қоғамдастықтың жаһандық сын-қатерлерге ден қоюы және 2015 жылдан кейінгі кезеңде даму саласындағы күн тәртібі
Жоғарыда көрсетілген сын-қатерлер донор елдердің, жаңа донор елдерінің, әріптес елдердің, азаматтық қоғамның, жеке және ғылыми сектордың, халықаралық институттар мен басқа да мүдделі тараптардың жаһандық әріптестіктері шеңберінде тиімді шешімдер іздеуді талап етеді. Дамыған елдер де, дамушы елдер де бұл жалпы күш-жігерлерде тең әріптестер болып табылады.
Әлемдік қоғамдастық 2015 жылдан кейінгі кезеңде даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. ОДМ жаңа мақсаттары бүгінгі саяси ахуалды, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы сын-қатерлерді көрсетеді және барлық мүдделі тараптардың мүдделерін ескере отырып, сектораралық және ашық тәсілді тұжырымдауды талап етеді. Бұл мақсаттар орнықты дамуға бағытталған және орнықтылықтың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерін қамтиды.
Жаңа жүйе инклюзивті болуға және барлық елдер арасындағы, сондай-ақ азаматтық қоғаммен және жеке сектормен әріптестік негізінде бәріне қатысты қолданылуға тиіс. Барлық елдер жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге өз үлестерін қосуға және өз азаматтары мен халықаралық қоғамдастық алдында есеп беретін болуға тиіс. Әріптестік адам құқығы, тиімді мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, демократиялық институттарды қолдау, инклюзивтік, кемсітпеушілік пен гендерлік теңдік сияқты жалпы адами құндылықтарға негізделуге тиіс.
Барша әлем елдері бір-бірімен өзара іс-қимыл жасасып, 2015 жылдан кейінгі даму саласындағы күн тәртібін іске асыруға барынша ықтимал үлесін қосуға, өз мүмкіндіктеріне сәйкес ОДМ-ға қол жеткізуге қатысуына мүмкіндік беретін тиісті саясатты қабылдауға тиіс. Күш-жігерлер тең дәрежеде тиісті стратегияларды жасауға және оларды іске асыру үшін жеткілікті қаржы ресурстарын жұмылдыруға бағытталуы тиіс, өйткені мұндай стратегиялар мен қаржы ресурстары өзара тәуелді: қаржыландырудың нақты әсері болуы үшін нәтижеге бағдарланған саяси орта оның ажырамас шарты болып табылады; ал қаржыландыру өз кезегінде қойылған мақсаттарға, мысалы қолайлы саяси орта құруға, адами және институционалдық әлеуетті дамытуға, сауданы, инновацияларды дамытуға, жеке инвестицияларды ынталандыруға қол жеткізудің басқа да құралдарын көтермелеуге және жұмылдыруға белсенді түрде жәрдемдесуге тиіс.
Қазақстан ОДМ тұжырымдау процесіне, МДМ-ға қол жеткізуге белсене қатысты және алғашқылардың бірі болып аса кедейлік пен аштықты түбегейлі жоюды, бастауыш білім беруге қол жеткізуді арттыруды және орта білім саласында гендерлік теңдікке қол жеткізуді қоса алғанда, халықаралық қоғамдастыққа бірқатар МДМ-ның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы хабарлады. Қазақстан Республикасы мақсаттардың жаңа кешенін талқылауға белсене қатысты және 2015 жылдан кейінгі мақсаттарға барлық қолжетімді құралдармен қол жеткізуге өз үлесін қосуға дайын.
2. ДРК Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының құрамдас бөлігі ретінде Заңнамалық және стратегиялық база
ДРК саласындағы заңнамалық база Заңмен және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен қамтамасыз етіледі және олар ДРК-нің барынша кешенді жүйесінің құқықтық негізін қалады. Заңнамалық реттеу қажеттілігі Қазақстан Республикасының халықаралық көмек көлемдерінің ұлғаюымен, сондай-ақ ДРК жүйесін жетілдіру және оның негізгі қатысушыларының рөлін түсіндіру қажеттілігіне байланысты болды.
Стратегиялық базаны Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасы (2013 жылғы) құрайды, онда Қазақстан Республикасының ДРК жүйесін құру мақсатында екі кезеңде орындалатын негізгі міндеттер айқындалған.
Барынша ауқымды шамада Қазақстан Республикасының ДРК стратегиялық базасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан-2050" Стратегиясына (Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауы), Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына, Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамына, Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) Жарғысына, БҰҰ Мыңжылдық декларациясына және дамуға жәрдемдесу саласындағы басқа да халықаралық құжаттарға, сондай-ақ тиісті халықаралық тәжірибеге негізделеді.
Қазақстан Республикасының ДРК мақсаттары
Дамуға көмек Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстанның ДРК саласындағы саясатының стратегиялық мақсаты дамушы елдердегі кедейлікті түбірімен жою, жұмыс орындарын ашу мен өнімділікті арттыруға жәрдемдесу, сондай-ақ қауіпсіздікті және әріптес елдердің даму саласындағы өз мақсаттарын іске асыруына мүмкіндік беру үшін тиімді әріптестік негізінде өркендеуді қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасы көмектің өзі жеткіліксіз екенін және орнықты экономикалық өсу, дамушы елдердің халықаралық саудаға, мемлекеттік басқарудың демократиялық нысандарына интеграциясы, әлеуметтік даму және қоршаған ортаны қорғау әлеуметтік-экономикалық дамуды өзекті түрде ынталандыратынын сезінеді.
Даму саласындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасының әріптес мемлекеттермен саяси, экономикалық, сауда, экологиялық, мәдени, ғылыми және басқа да қатынастарын дамытуға, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту мен шиеленістердің алдын алуға ықпал етеді. Ол Қазақстан Республикасының өңірлік және халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциясын нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы әріптес елдердің дамуын олардың өзінің ұлттық мүдделерін, Қазақстан Республикасымен әріптестік қатынастарын және халықаралық ахуалды ескере отырып қолдайды. Дамуға көмек арқылы Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық шарттар, сондай-ақ ДРК саласындағы өзінің өзге де міндеттемелері шеңберінде экологиялық және басқа да проблемаларды шешуді қоса алғанда, өңірлік проблемаларды шешу үшін көмек көрсетуге ниеттенеді.
Қазақстан Республикасының ДРК қағидаттары
Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы саясаты сыртқы көмектің тиімділігін арттыру жөніндегі Париж декларациясында (2005 жыл), Аккрск іс-қимылдар бағдарламасында (2008 жыл) және Пусан қорытынды құжатында (2011 жыл) белгіленген даму саласындағы ынтымақтастықтың халықаралық нормалары мен қағидаттарына негізделеді. Ол бір мезгілде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен заңнамасына сәйкес келеді, сондай-ақ әріптес елдердің егемендігін, ұлттық мүдделері мен заңдарын құрметтейді.
Қазақстан Республикасы төменде көрсетілген әмбебап қағидаттарды қолдау арқылы әріптес елдерде оң дамуға ықпал ететін болады, сондай-ақ оларды әртүрлі даму жобаларында жобалау циклінің барлық кезеңдерінде ескеруді қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
1. Адамның негізгі құқықтарын, гендерлік теңдікті қоса алғанда, жоба бенефициарларының экономикалық, әлеуметтік және еңбек құқықтарын құрметтеу.
Қазақстанның дамуға көмек шеңберіндегі барлық қызметі Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына және адам құқықтары бойынша басқа да халықаралық құралдарға сәйкес адам құқықтарының іске асырылуына ықпал ететін болады. Көмек әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеген нақты жобалардың арқасында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
2. Тиімді мемлекеттік басқару.
Қазақстан Республикасы жергілікті халықты Қазақстан Республикасының ДРК жобаларының нысандарына қатысты шешімдер қабылдау процесіне тарта отырып, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік басқаруды жақсартуға бағытталған нақты жобаларды іске асыру арқылы, сондай-ақ жобалау секторының барлық кезеңдерінде ашықтықты қамтамасыз ету жолымен тиімді мемлекеттік басқаруды дамытуды қолдайтын болады.
3. Қоршаған ортаны және климатты қорғау.
Қоршаған орта орнықты дамудың іргелі негізі болып табылатындықтан, Қазақстан Республикасы дамуға көрсетілетін көмектің барлық кезеңдеріне экологиялық аспектілерді қосу арқылы қоршаған ортаға айрықша назар аударатын болады. Іс-шаралар Қазақстан Республикасының ДРК жобаларының қоршаған ортаға және климаттың өзгеруіне ықпалын бағалауды, жобалар нәтижелерінің орнықтылығын бағалау мен мұндай бағалауларды жүргізу орынды болатын жағдайларда жобалардың климат өзгерісі салдарына сезімталдығын бағалауды қамтитын болады.
4. Шиеленістерге сезімтал дамуға көмек.
Қазақстан Республикасының дамуға көмек шеңберінде жүргізетін барлық іс-шаралары көрсетілетін көмек салдарынан шиеленістердің туындауын болдырмау үшін әріптес елдердің барлық тиісті әлеуметтік топтарының мүдделерін қанағаттандыруға бағытталатын болады.
Қазақстан Республикасының ДРК негізгі қағидаттары көмектің тиімділігін, өзара есеп берушілік пен ресурстарды пайдаланудың ашықтығын қамтиды. Қазақстан өзінің дамуға көмегін әріптес елдердің ұлттық даму стратегияларында айқындалған қажеттіліктері мен мақсаттарына бейімдейді және өзінің күш-жігерін ДРК-нің өлшемді нәтижелеріне қол жеткізуге бағыттайтын болады.
ДРК-ні көрсету және пайдалану бойынша шешімдер қабылдаудың ашықтығы мен есеп берушілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін болады. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық даму мақсаттарына жұмсалатын мемлекеттік шығыстар бойынша жан-жақты жылдық есептерді жұртшылыққа хабарлап, жариялайтын болады. Осыған ұқсас есептілік пен ашықтық әріптес елдерден де күтіледі.
Қазақстан даму саласындағы саясаттың келісімділігін күшейтуге ұмтылады. Осыған байланысты географиялық және секторлық басымдықтар Қазақстанның сыртқы саясатының мақсаттары мен басқа да саяси мақсаттарға сәйкес (өңірлік саясат, ұлттық саясат, қауіпсіздік саласындағы саясат, сыртқы экономика, климатты, ғылымды, мәдениетті қорғау) таңдалып алынды.
Қазақстанның ДРК саласындағы салыстырмалы артықшылығы
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан елеулі прогреске қол жеткізді. Әртүрлі реформалар тиімді салық-бюджет жүйесін құруға, мемлекеттік басқару мен іскерлік ахуалды нығайтуға және әлеуметтік көрсетілетін қызметтер мен өсуді ұстап тұру үшін инфрақұрылымды жақсартуға әкелді. Ресми статистикалық деректерге сәйкес Қазақстанның ЭЫДҰ бірқатар елдерімен салыстырғанда жұмыспен қамтудың жалпы деңгейі бойынша да, ерлер мен әйелдер үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріндегі айырма бойынша да көрсеткіштері анағұрлым жақсы.
"Қазақстан-2050" Стратегиясына сәйкес Қазақстан Республикасы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге ниетті. 2015 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев белгілеп берген бес институционалдық реформаны (кәсіби мемлекеттік аппаратты құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, бірегейлік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру) іске асыру бойынша 100 нақты қадам - бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, қазіргі жағдайларда дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі ұлт жоспары болып табылады. Жоспар мемлекеттілікті нығайтуға, экономикалық прогреске қол жеткізуге, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттыруға және қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған түбегейлі өзгерістерге негіз болады.
Ноу-хау және саяси, экономикалық және қаржылық тұрақты елге экономикалық және әлеуметтік трансформация барысында серпінді түрде жинақталатын практикалық тәжірибе Қазақстан мейілінше аз дамыған елдермен, әсіресе, Орталық Азия өңіріндегі көрші елдермен бөлісе алатын актив болып табылады. Бұл Қазақстанға әріптес елдердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға және оларға өмір сүру сапасын арттыру үшін шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның өз сарапшылары жинақтаған техникалық және ұйымдық білімдер мен тәжірибелер саласында мейілінше салыстырмалы басымдығы бар. Адами және институционалды әлеуетті арттыру, негізгі қызметтерді көрсету және озық технологияларды қолдану даму үшін неғұрлым маңызды шарттардың бірі болып табылады. Сондықтан Қазақстанның дамуға көмек саласындағы саясатында оқуға, білім беруге және тәжірибе алмасуға айрықша екпін жасалады. Ұлттық семинарлар, сондай-ақ білім беру және оқу орталықтары әріптес елдердің осындай әлеуетін өсіруде өзекті рөл атқаруы мүмкін.
Атап айтқанда, Қазақстан өзінің экономикалық және әлеуметтік даму (білім беру және денсаулық сақтау саласын қоса алғанда), ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік басқаруды реформалау саласындағы ноу-хауын ұсына алады.
Экономикалық даму саласында Қазақстанның тұрақты іскерлік ахуал жасау жөнінде тәжірибесі бар. Елде отандық нарықты және отандық өндірістік әлеуетті қалай ұстау қажеттігі және нарықтық экономика институттарын қолдау мен сауданы дамытуға арналған инфрақұрылымдарды қалай жасау қажеттігі туралы білімдер қалыптастырылған. Ел қазіргі заманғы технологияларға деген өз қызығушылығын көрсетті және олардың қолданылуын қолдады, бұл бизнес органы жақсартуға әкелді. Үкіметтің жеке секторға қатысты инновациялық тәсілдері мен бизнес үшін қолайлы ахуал жасауда реформалау саласындағы күш-жігердің жандануы Қазақстанның позициясының бизнес орта рейтингіндегі позициясының 2010 жылғы 74-орыннан 2015 жылғы 41-орынға дейін өсуіне ықпал етті, осылайша мемлекет бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау саласында жетекші реформаторлардың арасынан орын алды.
Ауыл шаруашылығы жетекші астық өндірушілер қатарына жататын Қазақстан экономикасының маңызды саласы болып табылады. Ел тиісті ауыл шаруашылығы технологиялары мен орнықты ауыл шаруашылығын жүргізу және қолайлы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру практикасын қолдану бойынша өз тәжірибесімен бөлісе алады. Қазақстанның ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті қалай дамыту және сол арқылы фермерлердің өркендеуін қалай қамтамасыз ету керектігі, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылда табыстың барынша жоғары деңгейін және өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету қажеттігі туралы да білімдері бар.
Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда үлкен табысқа қол жеткізген тағы бір сала әлеуметтік даму болып табылады. Білім берудің барлық деңгейлерінде, оның ішінде бастауыш және кәсіптік-техникалық білім беруде сапалы түрде жақсару байқалады. 2010 және 2011 жылдары Қазақстан жалпыға бірдей бастауыш білім берумен қамтамасыз ету (99 %), ересектердің сауаттылығы (99,6 %) және гендерлік теңдік (99,3 %) арқасында БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (бұдан әрі - ЮНЕСКО) баршаға арналған білім беруді дамыту индексі бойынша бірінші позицияны иеленді. Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеуді қамтиды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі денсаулық сақтау секторында маңызды реформалар жүргізді, нәтижесінде елде көптеген көрсеткіштер бойынша жаппай едәуір жақсаруларға қол жеткізілді.
Қоршаған ортаны қорғау Қазақстан үшін бірінші дәрежелі маңызы бар сала болып табылады, өйткені қоршаған ортаның ластануы ел халқының денсаулық жағдайына жағымсыз әсер етті. Қазақстанның сумен жабдықтау және санитария инфрақұрылымының тозуымен, су тұтынумен, қайта пайдаланумен және қайта өңдеумен, судың ластануымен және шөлейттенумен, сондай-ақ табиғат ресурстарын орнықты басқарумен байланысты маңызды проблемаларды шешу бойынша тәжірибесі бар. Осы кешенді сын-қатерлерді шешу үшін Үкімет Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын және "Қазақстан-2050" Стратегиясының түйінді мақсаттарымен тығыз байланысты тиісті ұлттық заңнаманы қабылдады. Қазақстан әріптес елдермен қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару саласындағы практикалық білімдерімен де бөлісе алады.
Мемлекеттік қаржы секторы басқа елдерге берілуі мүмкін тәжірибенің әлеуетті көзі болып табылады. Қазақстан мемлекеттік қаржы секторындағы реформаларды табысты жүргізді, фискалдық секторды нығайтты және мемлекеттік ресурстарды тиімді, өнімді әрі ашық басқаруды қамтамасыз ету бойынша өз білімдерін әріптес елдерге ұсынуға дайын.
3. Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы ынтымақтастық үлгілері Дамуға екіжақты көмек
Дамуға көмектің екіжақты нысаны сыртқы саясаттың құралы ретінде де, сонымен бірге Қазақстан Республикасының ДРК әлеуеті мен оның халықаралық деңгейдегі қызметін жоғарылату тәсілі ретінде де маңызды рөл атқарады, Қазақстан Республикасына әріптес елдермен стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға және өңірдегі өз позициясын нығайтуға көмектеседі. Қазақстан субъектілері көрсететін екіжақты көмек Қазақстан Республикасы ДРК-ні ел ішінде қолдауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, өйткені оның нәтижелері Қазақстан жұртшылығы үшін барынша айқын болып табылады.
Даму саласындағы көпжақты ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы кедейлікті әлемдік ауқымда азайтуға ұмтылатын бірқатар халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады. Ел БҰҰ, халықаралық қаржы институттары мен басқа да үкіметаралық ұйымдар ұйымдастыратын бірлескен іс-шараларға қосылады. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу тәсілдері әртүрлі: қазақстандық сарапшылардың әртүрлі ұйымдар іске асыратын нақты даму жобаларына тікелей қатысуы арқылы немесе ұйымдардың дамушы әлемде жүргізетін нақты қызмет түрлеріне жарналар төлеу арқылы осындай ұйымдардың бюджетіне жарналар төлей отырып қатысады. Елдің белгілі бір ұйымға мүшелігіне байланысты міндетті жарналардан басқа, Қазақстан Республикасы бірқатар ұйымдарға ерікті қаржыландыруды ұсынады.
Қазақстан Республикасының мақсаты Қазақстан мүшесі болып табылатын көпжақты ұйымдар мен институттардың шешімдер қабылдау процесіне, олардың қызметі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен даму саласындағы ынтымақтастығының құндылықтарын, басымдықтарын барынша көрсетуі үшін белсене қатысу болып табылады. Сонымен бірге даму саласындағы көпжақты ұйымдардың қызметі мен Қазақстан Республикасы көрсететін екіжақты көмек арасындағы өзара байланыс пен синергияны табудың маңызы зор.
Халықаралық ұйымдар арқылы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасына дамуға көмек көрсетудің жақсы институционалды тетіктерін, сондай-ақ осы ұйымдардың үйлестіру және үндестіру процесін, қаржылық бақылау жүйесін, техникалық әлеуеті мен білімдерін пайдалану мүмкіндігін береді.
Даму мақсаттарына арналған, көпжақты арналар арқылы бөлінетін қаржыландыру негізінен халықаралық ұйымдарға, қаржы институттары мен қорларға (БҰҰ, Дүниежүзілік банк т.б.) төленетін міндетті және ерікті жарналардан тұрады. Қазақстанның әртүрлі ұйымдарға мүшелігіне және ДРК мақсаттарына ерікті жарналарға қатысты шешімдер Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы саясаттың қағидаттарына, мақсаттары мен негізгі географиялық және секторлық басымдықтарына және Қазақстан Республикасының әрбір жекелеген ұйыммен ынтымақтастығы ерекшеліктеріне сәйкес қабылданады.
БҰҰ-мен және БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастық
БҰҰ-ға мүшелік Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының іргелі негіздерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы басымдықтары көпжақты қатынастардың, теңдіктің, ашықтықтың, адамның бостандығы мен құқықтарын құрметтеудің, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуды нығайтудың жалпыға ортақ құндылықтарына негізделеді. Қазақстан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің барлығына дерлігінің, екі өңірлік комиссияның (Еуразиялық экономикалық комиссия мен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы) белсенді мүшесі болып табылады, мезгіл-мезгіл БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік кеңесінің бірқатар функционалдық комиссияларының мүшесі болып, сондай-ақ БҰҰ Балалар қорының (бұдан әрі - ЮНИСЕФ), ЮНЕСКО, БҰҰ-Әйелдер атқарушы кеңестерінің мүшесі болып сайланады.
Қазақстан БҰҰ-ның ұйымдарымен және мамандандырылған мекемелерімен, оның ішінде БҰҰДБ, ЮЕИСЕФ, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен, ЮНЕСКО-мен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен, БҰҰ елді мекендер жөніндегі бағдарламасымен, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, Халықаралық еңбек ұйымымен тағы басқалармен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын.
Халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық
Қазақстан Үкіметі стратегиялық басымдықтардың барынша жоғары тиімділігіне қол жеткізу мақсатында әртүрлі халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлауда. Даму саласындағы қаржыландыру Орталық Азияда одан әрі дамуға жәрдемдесу мақсатында өңірде жұмыс істейтін, мысалы Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі, Ислам даму банкі, Еуропа инвестиция банкі т.б. сияқты халықаралық қаржылық институттардың бағдарламаларын қолдауға бағытталатын болады.
Дамуға көмек көрсету саласында жұмыс істейтін басқа да ұйымдармен ынтымақтастық
Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ-ны озық елдердің үздік тәжірибесін талдауға негізделген жалпыға танылған ұсынымдар беретін беделді құрылым ретінде қарастырады. Даму саласында Ұйымның негізгі бөлімшесі Дамуға жәрдемдесу комитеті (бұдан әрі - ДЖК) болып табылады. Қазақстанның ДЖК-де ресми мәртебесі бар әрі оның қызметіне барынша қатысуға дайын.
Қазақстан Үкіметінің Халықаралық көші-қон ұйымымен (бұдан әрі - ХКҰ) және оның өңірлік бағдарламаларымен тығыз ынтымақтастығы трансшекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіруді және келісушілікті жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ көптеген елдерде ХКҰ қатысуының бәсекелес басымдығын пайдалануға мүмкіндік береді.
Үшжақты ынтымақтастық
Үшінші елдерде басқа донорлармен бірлесіп қаржыландырылатын жобалар (екіжақты да, көпжақты да) даму саласындағы ынтымақтастықтың тиімді нысаны болып табылады. Дамуға бағытталған қызметті бірлесіп қаржыландыру Қазақстан субъектілеріне өз әлеуетін нығайтуға және өзінің жаңа аумақтар мен жаңа салалардағы салыстырмалы басымдығын қолдануға мүмкіндік береді. Көмектің мұндай түрі Дүниежүзілік банктің, БҰҰ институттарының және басқа да ұйымдардың қазіргі немесе жаңа трасттық қорлары арқылы немесе басқа екіжақты донорлармен ынтымақтасып көрсетіледі. Үшжақты жобалар ДРК қазақстандық тетігінің гранттық схемалары шеңберінде қолдауға ие болуы мүмкін.
Географиялық басымдықтар
Қазақстан Республикасының ДРК географиялық басымдықтарын айқындау кезінде жаһандық дамудың сын-қатерлері, ұлттық әлеует және қолда бар ресурстар ескерілді. Бұдан өзге алдыңғы тәжірибеге, дәстүрлі қатынастарға, сондай-ақ әріптес елдердің даму мақсаттарына бейілділігіне негізделген өлшемшарттар кешені қолданылды.
Төменде алдағы кезеңге арналған географиялық басымдықтарды таңдау өлшемшарттары ұсынылған. Оларды беру тәртібі өлшемшарттардың маңыздылығын көрсетпейді, өйткені олардың салмағын сандық шамада көрсету қиын. Бұл өлшемшарттар өзара байланысты болып табылады және олар алдағы кезеңге арналған басым елдерді таңдауда көрініс тапқан:
1) Қазақстанның әріптес елмен даму саласындағы екіжақты қарым-қатынасы және қарым-қатынастары;
2) әріптес елдің даму саласындағы ынтымақтастыққа қажеттілік (әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі);
3) әріптес елдің көмекті қабылдауға әзірлігі;
4) басқа донор елдермен даму бойынша қызметтегі еңбек бөлінісі.
Жоғарыда көрсетілген географиялық басымдықтар мен салыстырмалы басымдықтарды таңдау өлшемшарттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Орталық Азия (Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) елдерінің және Ауғанстанның дамуына көмек көрсету басымдықтары туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте даму саласындағы жалпы әлемдік күш-жігердің бөлігі ретінде Қазақстан Республикасы қызметіндегі барынша жоғары синергетикалық әсерге қол жеткізу үшін қазақстандық ДРК Кавказ өңіріне, Африкаға, Латын Америкасына, шағын аралдағы дамушы мемлекеттерге, мейлінше аз дамыған елдерге, теңізге шыға алмайтын елдерге, сондай-ақ басқа да өңірлерге бағдарлануы мүмкін.
Аталған елдер үшін Заңда және одан туындайтын заңға тәуелді актілерде көзделгендей ДРК-нің Іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
Секторлық басымдықтар
Секторлық басымдықтар әріптес елдермен дәстүрлі қарым-қатынастарды ескереді және Қазақстан Республикасының салыстырмалы басымдықтары, арнайы білімі, тәжірибесі мен технологиялары бар салаларға негізделеді.
Секторлық басымдықтар халықаралық қоғамдастықтың жалпы басымдықтарын да көрсетеді. Олардың басқа донорлармен еңбек бөлінісі процесін ескеруінің маңызы да зор. Әрбір секторда жобалар синергетикалық және мультипликаторлық әсерді қамтамасыз ету үшін барынша өзара байланысты болуға тиіс. Белгілі бір секторлар көбіне көпжақты өзара іс-қимыл нысанында, мысалы халықаралық ұйымдар арқылы қаржылық салымның және белсенді жұмыстың жәрдемімен көмек көрсетуге қолайлы.
Қазақстан Республикасының ДРК секторлық басымдықтары Заңда белгіленген. Бұл басымдықтар даму саласындағы халықаралық күн тәртібіне, Қазақстан Республикасының салыстырмалы басымдықтары мен әріптес елдердің күтілетін қажеттіліктеріне негізделген.
Қазақстан Республикасы ДРК саласында мына секторлық бағыттар бойынша да ынтымақтасуға ниетті:
1.Әлеуметтік даму.
Халықтың орнықты әлеуметтік дамуы кез келген қоғам дамуының негізі болып табылады. Білім сапасының өсуі мен оған қолжетімділіктің жоғарылауы, денсаулықтың жақсаруы және әлеуметтік көмектің қолжетімділігі адамдардың өз қоғамының әл-ауқатын арттыруға қатысу мүмкіндігін ұлғайтады және осылайша экономикалық өсу мен әлеуметтік прогреске ықпал етеді.
2. Мемлекеттік ресурстарды басқару (мемлекеттік ресурстарды басқаруға жауапты мемлекеттік институттардың қызметін жетілдіру; мемлекеттік қаржыны басқару; фискалдық саясатты жетілдіру; мемлекеттік борышты басқару).
Қазақстан Республикасы әріптес елдерге оларды мемлекеттік ресурстарды тиімді, пәрменді, ашық және нәтижеге бағдарланған басқару үшін қажетті институционалдық әлеуетін дамыту бойынша қолдау көрсетуге дайын.
3. Өңірлік даму.
Өңірлік даму экономикалық күрделі жағдайда тұрған қоғамдастықтың экономикалық, әлеуметтік, мәдени және экологиялық әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Орнықты экономикалық дамуды қолдау өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді және сондықтан өңірлік даму үшін қажетті шарт болып саналады. Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірін тұрақсыздандыратын әртүрлі қатерлерге қатысты шаралар қолданатын болады.
Қазақстан Республикасының ДРК қызметі салалар мен секторлар бойынша донорлардың әрбір басым елдердегі еңбек бөлінісі қағидатына негізделетін болады.
4. Қазақстан Республикасының ДРК тетіктері
Жобалар мен бағдарламалар
ДРК жобалары Қазақстан көрсететін даму көмегінің маңызды нысаны болып табылады. Ол Қазақстан субъектілерінің ноу-хау беруін қамтамасыз етеді және осылайша Қазақстан жұртшылығы тарапынан Қазақстан Республикасының ДРК қолдауын нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Жоба техникалық көмек, консультациялар, ноу-хау беру, семинарлар т.б. арқылы немесе әсіресе, экономикалық даму саласындағы инфрақұрылымдық жобалар түрінде іске асырылады. Инфрақұрылымдық жобалар жағдайында, әдетте, нәтиже ретінде басым секторларда жаңа объектілерді салу немесе жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау болып табылады. Көмектің екі нысаны да әріптестік қағидатына толықтай сәйкес келеді және қазақстандық сарапшыларға өз білімдері мен дағдыларын таңдалған секторларда қолдануына мүмкіндік береді.
ДРК-нің нысандары
2017 - 2020 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының ДРК Заңда көзделген нысандарда жүзеге асырылады.
Дамушы елдердің студенттеріне Қазақстанда білім алу үшін мемлекеттік стипендиялар беру дамуға көмектің маңызды нысаны болып табылады. Дамушы елдердің студенттеріне Қазақстанның мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқуға берілетін мемлекеттік стипендиялар бұл елдердің қолайлы дамуына елеулі түрді жәрдемдесуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдарға, әмбебап халықаралық шарттардың атқарушы органдарына және өзге де халықаралық органдарға ерікті жарналар жібереді. Бұл қаражат халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық шеңберінде екіжақты және көпжақты іс-шаралардың мультипликативті әсерін қамтамасыз ету үшін нақты мақсаттар мен жобаларға бағытталуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының ДРК қаржылық шеңберлері
Қазақстан Республикасының ДРК қаржыландыру Заңда көрсетілген қаржыландыру көздеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға мүше елдердің ДРК көлемі бойынша міндеттемелері туралы (ҰЖТ-тың 0,7 %-ы) хабардар.
6. Қазақстан Республикасының ДРК ұйымдастыру және басқару Жалпы институционалдық негіз
Қазақстанның даму саласындағы ынтымақтастығының институционалдық негізі Заңда белгіленген, онда уәкілетті органның, оператор мен басқа да мемлекеттік органдардың рөлі нақты айқындалған.
1. СІМ.
Заңға сәйкес ДРК саласындағы уәкілетті орган СІМ болып табылады. СІМ-ге саяси, стратегиялық және бағдарламалық міндеттемелер беріледі, атап айтқанда, даму саласындағы бағдарламалық құжаттарды, екіжақты ынтымақтастықтың жылдық жоспарларын және орта мерзімді болжамдарды дайындайды, даму жөніндегі шаралардың тиімділігін бағалайды, жобалық ұсыныстарды бекітеді және Қазақстандық халықаралық даму жөніндегі агенттігін басқаруды жүзеге асырады. СІМ бұл міндеттерді басқа мемлекеттік органдармен ынтымақтасып орындайды.
Әріптес елдердегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі - ҚР ШМ) тиісті жобаларды іске асыру мен олардың мониторингін қоса алғанда, оларды айқындауда және әзірлеуде маңызды рөл атқарады; олар әріптес елдердің мемлекеттік және басқа да мекемелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ДРК-ні іске асыруға қатысатын барлық субъектілері үшін маңызды байланысу тұлғасы болып табылады.
2. Басқа да мемлекеттік органдар.
Өздерінің құзыреттер салаларына орай басқа орталық мемлекеттік органдар, жергілікті басқару органдары мен мемлекеттік институттар да Заңда және одан туындайтын заңға тәуелді актілерде көзделгендей дамуға көмек көрсетуге қатыса алады. Іс-қимылдардың келісімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында орталық мемлекеттік органдармен үйлестіруді, мысалы ДРК көрсету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс органын құру арқылы нығайту және институттандыру қажет.
3. ДРК саласындағы ұлттық оператор.
ДРК саласындағы ұлттық оператор ДРК-ні іске асыруға, оның ішінде тиісті жобаларды айқындауға, оларды әзірлеуге, СІМ-ге ұсыныстар беруге, сатып алу рәсімдерін ұйымдастыруға (мемлекеттік тапсырыс және гранттар нысанында), шарттарға қол қоюға, жобалардың мониторингіне, жүйелі есеп-қисап беруге және ақпараттық қамтамасыз етуге жауап береді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы міндеттерді тиімді шешу үшін Заңға қайшы келмейтін басқа да функцияларды орындайды.
ДРК саласында мемлекеттік емес мүдделі тараптармен әріптестік
Қазақстанның жеке компаниялары мен кәсіпкерлері Қазақстан Республикасы ДРК жүйесінің маңызды әріптестері болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдармен (бұдан әрі - ҮЕҰ) және ғылыми топтармен жүзеге асырылатын ынтымақтастық Қазақстан Республикасының ДРК-де маңызды рөл атқаратын болады.
1. Жекеше сектор.
Жекеше сектордағы халықаралық үрдістерді - жеке инвестициялардың әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға әсерін ескере отырып, сондай-ақ ұлттық экономикалық мүдделерді назарға ала отырып, жекеше секторды дамуға көмекке тартуға жәрдемдесудің маңызы зор.
Қазақстан Республикасының ДРК жекеше сектордың атқаратын рөлі өте маңызды болып табылады. Лайықты жұмыс орындарын ашу, экономикалық қызметке, әсіресе әйелдер мен жастардың қатысуы және салық салынатын базаны дамыту мақсатында жергілікті қосылған құнды жасау дамушы елдерде орнықты өсудің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстан Республикасының ДРК жеке инвестициялардың синергиясы мен өзара толықтырушылығын қолдау үшін жеке сектормен әріптестік нығайтылатын болады.
2. Азаматтық қоғам.
ҮЕҰ күшті жақтары елдің азаматтық қоғамы мен халықтың аса кедей топтарының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемдесу бойынша бай тәжірибе арасындағы тікелей байланыстан көрінеді. ҮЕҰ-ны даму жөніндегі қызметке тартуға жәрдемдесе отырып, Қазақстан Республикасының ДРК олардың әлеуетін және халықаралық беделін нығайтуға ұмтылатын болады.
ДРК-нің тиімді және нәтижеге бағдарланған басқару жүйесі
Қазақстан Республикасының ДРК жүйесі ДРК-ні тиімді және нәтижеге бағдарланған басқарудың жалпы қабылданған стандарттары негізінде жұмыс істейтін болады, олар ДРК саласында халықаралық озық практика мен рәсімдерге, мысалы ДЖК стандарттарына негізделеді.
1. Жобаларды басқару жүйесі.
ДРК жобаларын тиімді басқару үшін жобалық циклді басқару жүйесі пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, екіжақты даму жобалары үшін жобалау циклінің әдіснамасы әзірленеді. Әдіснамада жобалау циклінің барлық, оның ішінде жобаларды бағдарламалау, айқындау, қалыптастыру, іске асыру және бағалау кезеңдеріндегі қадамдар сипатталатын болады. Құжатта жобалау циклінің әрбір кезеңі айқындалып, жекелеген қатысушылар орындауы тиіс рәсімдер белгіленеді, сондай-ақ жобаларда пайдаланатын құжаттарға қойылатын талаптар көзделетін болады.
2. Мониторинг.
Даму саласындағы басқару жүйесінің маңызды элементі мониторинг және бағалау болып табылады. Мониторинг жобалар немесе бағдарламалар менеджерлері мен донорларды қол жеткізілген нәтижелер және бөлінетін ресурстар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін даму саласындағы қызмет туралы деректерді жүйелі түрде жинауды білдіреді. Дамуға көмек жобаларының мониторингін СІМ ҚР ШМ-нің, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының және ДРК саласындағы Ұлттық оператордың жәрдемімен жүзеге асырады.
3. Бағалау.
Бағалау даму саласындағы шаралардың өзектілігі, тиімділігі, ықпалы мен орнықтылығы тұрғысынан олардың табыстылығын жүйелі және объективті бағалауды қамтамасыз етеді. Кешенді бағалау жаңа бағдарламаларды немесе жобаларды әзірлеу, сондай-ақ қандай да бір елде немесе секторда қосымша қаражат бөлу туралы шешімдер қабылдау үшін кері байланысты қамтамасыз етеді. Бағалау даму саласында келешектегі іс-шараларды жақсартуға арналған ұсынымдарды тұжырымдай отырып, даму саласындағы ынтымақтастық бағдарламаларының сапасы мен инновациялығын арттыруға ықпал етеді.
Бағалау Қазақстан Республикасы ДРК жүйесінің ерекшелігіне бейімделген халықаралық стандартталған әдістер негізінде жүргізіледі. Даму саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық құрылымы шеңберінде бағалау жүргізу үшін негізгі жауапкершілік СІМ-ге жүктеледі.
Ашықтық және есеп берушілік
Заңға сәйкес СІМ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайын ДРК-нің іске асырылу барысы туралы есеп береді. Қазақстандық халықаралық даму жөніндегі агенттік пен желілік министрліктер СІМ-ге оның сұрау салуы бойынша есептер береді.
Дамуға көмекке жұмсалатын ресурстар бойынша есептіліктің ашықтығы ЭЫДҰ ДЖК талаптарының бірі болып табылады, оны дәстүрлі донорлар да, жаңа донорлар да сақтайды. ЭЫДҰ статистикалық есептілік жөніндегі стандарттарына сәйкес келетін ақпараттық дерекқор дамуға көрсетілетін көмек бойынша есептілік ұсынуда Қазақстанның әлеуетін нығайтудың маңызды элементтерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының ДРК басқа ведомстволардың, ҮЕҰ-ның, бизнестің, ғылыми топтардың, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жария талқылаулар үшін ашық болып табылады.
Дамуға көмек туралы барлық тиісті ақпарат ДРК мәселелеріне арналған арнайы веб-сайтта жарияланатын болады, оған Қазақстандық халықаралық даму жөніндегі агенттік әкімшілік етеді.
Кадрлық қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасы дамуға көмекке жұмсайтын қаражат көлемін тиімді пайдалану және осы бағдарламалық құжатқа негізделетін міндеттердің кең ауқымын орындау үшін тиісті кадрлық қамтамасыз ету қажет. Бұл қызметкерлердің жеткілікті санын табуды ғана емес, олардың біліктілігінің, әсіресе, СІМ-де, басым елдердегі ҚР ШМ және ДРК саласындағы Ұлттық операторда тиісті деңгейін қамтамасыз етуді білдіреді.
Тиісті жобаларды айқындау және әзірлеу, сондай-ақ оларды іске асыру мониторингі бойынша маңызды міндеттерді орындайтын, әріптес елдердегі ҚР ШМ әріптес елдердегі мемлекеттік және басқа да мүдделі тараптар, сондай-ақ Қазақстанның субъектілері үшін маңызды байланыс болып табылады. ҚР ШМ ДРК саласындағы кадрлық әлеуетін, оның ішінде тиісті жергілікті кадрларды жалдау арқылы үнемі күшейту қажет болады.
7. Жұртшылыққа ақпарат беру
Қоғамдық және саяси қолдау Қазақстан Республикасының ДРК тиімді қызметі және осы саладағы сандық және сапалық өзгерістерге қол жеткізу үшін маңызды алғышарт болып табылады. Қоғамдық қолдау қаржыландыру және білім көздеріне қол жеткізуге де оң әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жұртшылыққа ДРК туралы ақпарат беруді арттыру маңызды міндет болып табылады, өйткені ол ынтымақ сезімін дамытып, ел ішінде тұтыну мен ендірудің орнықты модельдерін дамытуға, сондай-ақ тұтастай жаһандық тепе-теңсіздікті азайтуға және қоршаған ортаны қорғауды күшейтуге ықпал етеді.
СІМ дамуға көмектің негізгі үйлестірушісі ретінде үнемі даму саласындағы саяси қолдауды нығайтуға, ынтымақтастыққа ұмтылады. Министрлік даму мақсатында ынтымақтастық бойынша Қазақстан Республикасы Парламентіндегі талқылауларға қатысуға белсенді түрде ұмтылады.
СІМ мен ДРК саласындағы Ұлттық оператор жұртшылыққа ақпарат беруді арттыру жөніндегі іс-шараларды; тиісті құжаттар мен жарияланымдар шығаруды, веб-сайтты пайдалануды, журналистермен жұмыс жасауды, конференциялар, семинарлар, көрмелер және т.б. ұйымдастыруды жүзеге асыратын болады. Оған қоса, үкіметтік емес және ғылыми секторлардың қызметіне қаржылық қолдау көрсетілетін болады.
Қазақстан Республикасының әріптес елдердегі донор ретіндегі рөлі туралы хабардарлықты жоғарылату тағы бір маңызды фактор болып табылады. Бұл тұрғыда әріптес елдердегі ҚР ШМ-ға ерекше рөл беріледі.