"Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 22 қыркүйектегі № 552 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 10.09.2022 № 1005 Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасында:

      "2. Қазақстан Республикасында жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген бөлімде:

      "Макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету" деген кіші бөлімде:

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік борышты қалыпты деңгейде (2020 жылы ЖІӨ-ге қатысты 27,0%-дан аспайтын) ұстау үшін 2018 жылдан бастап мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 1,0% дейін төмендетілетін болады.";

      жетінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тапшылықты азайту, мұнайдан тыс сектордан түсетін кірістердің өсуі және Ұлттық қорды шектеулі түрде пайдалану мұнайдан тыс тапшылықты (шикі мұнайға кедендік әкету баждарын есепке алмағанда) 2020 жылы ЖІӨ-ге қатысты 7,0 %-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.";

      "Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау" деген кіші бөлімде:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік борыш 2020 жылы ЖІӨ-ге қатысты 27,0%-дан аспауы, оның ішінде Үкіметтің борышы ЖІӨ-ге қатысты 25,0%-дан жоғары болмауы тиіс.";

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы мақсатта үкіметтік борыш пен мемлекет кепілдік берген борыш лимиттерін айқындай отырып, квазимемлекеттік сектордың сырттан қарыз алу көлемдерін Үкіметпен келісу арқылы оған шектеу қойылатын болады.";

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын тиімді пайдалану" деген кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұлттық қорды одан әрі пайдалану экономиканы тұрақты дамытуды және оның активтерінің сақталуын, сондай-ақ бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс.

      Әлемдік экономикадағы қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық қорға түсетін мұнай секторының кірістерін шектеулі түрде пайдалану жолымен Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасатын болады.

      2020 жылдан бастап Ұлттық қордан берілетін жыл сайынғы тіркелген кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2 000 млрд. теңгеге дейін төмендетілетін болады.

      Жинақтаушы функцияны күшейту үшін Ұлттық қордағы қаражаттың төмендемейтін қалдығының мөлшері ЖІӨ-нің 30% деңгейінде сақталады.

      Ұлттық қор активтерінің сақталуы мен өтімділігін қамтамасыз ету шараларының бірі олардың құрамын әртараптандыруды жалғастыру болады. Осы мақсатта Ұлттық қордың инвестициялық қоржынының құрамында алтын қоржыны, баламалы және ұзақ мерзімді қоржындар бөлінетін болады.

      Экономиканың құлдырауы немесе экономиканың өсу қарқынының құлдырауы кезеңдерінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, сондай-ақ өзін-өзі ақтамайтын, ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға оларды баламалы көздерден қаржыландыру болмаған кезде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша ғана бөлу көзделеді. Бұл ретте Ұлттық қордан берілетін трансферттер бюджет рәсімдеріне сәйкес республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.

      Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қадағалау үшін қаржыландырылатын жобалардың қаржылық бөлігін мониторингтеу және аудиттеу тетігі әзірленуі тиіс.";

      "3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі" деген бөлімде 6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану:

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығы;".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады