Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 24 қарашадағы № 591 Жарлығы.

      “Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы” 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 24 қарашадағы
№ 591 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы

      2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында және Шарттың 10-бабына сәйкес

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Шарт шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді беруші Тарап (бұдан әрі - өнім беруші Тарап) оның болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды (бұдан әрі - бақылау) жүзеге асыруға құқылы.

      Өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тарап өнім беруші Тараптың бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар ұсынады.

2-бап

      Шарт шеңберінде берілген әскери мақсаттағы өнім бақылау нысанасы болып табылады.

3-бап

      Бақылау мақсаты Шарт шеңберінде жасалған келісімшарттар бойынша берілген әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын (берілген әскери мақсаттағы өнімнің, сондай-ақ оның Тараптардың қарулы күштерінде, басқа да әскерлерінде, әскери құралымдарында, құқық қорғау органдары мен арнаулы органдарында (қызметтерінде) нысаналы пайдаланылуын, есептен шығарылуының, оның ішінде қайтарылмайтын шығын ретінде есептен шығарылуының негізділігін растайтын қажетті құжаттың болуын) тексеру болып табылады.

4-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      Ресей тарапынан - Ресейдің Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызметі болып табылады.

      Тараптардың уәкілетті ұйымдары:

      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлерінің, әскери құралымдарының, құқық қорғау органдары мен арнаулы органдарының мүдделерінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты тиісті қызмет түріне құқығы бар мемлекеттік органдар, сондай-ақ ұйымдар;

      Ресей тарапынан - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер, әскери құралымдар, құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтер мүдделерінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысына мемлекеттік тапсырыс берушінің функцияларын орындауға уәкілеттік берілген федералдық атқарушы билік органдары және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыруға құқығы бар Ресей Федерациясының ұйымдары болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

5-бап

      Өнім беруші Тараптың уәкілетті органы бақылауды жүзеге асыру мақсатында әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың уәкілетті органына бақылау жүргізу туралы сұрау салуды алдын ала дипломатиялық арналар арқылы жібереді. Сұрау салуда өнім беруші Тарап оған қатысты бақылауды жүзеге асыруға ниеттенген әскери мақсаттағы өнім, оны жүргізу мерзімдері, сондай-ақ бақылау барысында пайдаланылатын техникалық құралдар көрсетіледі.

      Бақылау мақсаты үшін өнім беруші Тараптың Сыртқы істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, уәкілетті органы мен уәкілетті ұйымының өкілдерінен тұратын бақылау тобы (бұдан әрі - бақылау тобы) құрылады.

      Егер Тараптардың уәкілетті органдары өзге туралы ескертпесе, бақылау тобының сандық құрамы, әдетте, бес адамнан аспауға тиіс.

6-бап

      Өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың уәкілетті органы бақылау тобын қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.

      Бақылау жүргізу туралы сұрау салу алғаннан кейін өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың уәкілетті органы осы Тараптың уәкілетті ұйымымен бақылау жүргізу орнын, мерзімдері мен рәсімдерін келіседі және беруші Тараптың уәкілетті органына бақылау жүргізу мүмкіндігін растауды дипломатиялық арналар арқылы жібереді.

7-бап

      Өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың уәкілетті органы бақылау жүргізу туралы сұрау салуда көрсетілген әскери мақсаттағы өнімді, сондай-ақ оның нысаналы пайдаланылуын растайтын қажетті құжаттаманы ұсынуға міндетті.

8-бап

      Өнім беруші Тараптың уәкілетті органы өкілінің және (немесе) уәкілетті ұйымы өкілінің Шарт шеңберінде жасалған келісімшарттар бойынша берілетін әскери мақсаттағы өнімді есептен шығару, жою (кәдеге жарату) кезінде қатысуға құқығы бар.

9-бап

      Егер Тараптың халықаралық міндеттемелерінде өзгеше белгіленбесе, бақылау 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің ережелері ескеріле отырып және өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың заңнамасында көзделген режимдік талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

      Бақылау тобының мүшелері бақылау жүргізу кезеңінде өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың заңнамасын сақтауға міндетті.

10-бап

      Бақылау жүргізу бойынша материалдық және қаржылық міндеттемелер, егер Тараптар жазбаша түрде өзге туралы уағдаласпаса ғана, Тараптарға былайша жүктеледі:

      өнім беруші Тараптың делегациясы (бақылау тобы) өздерінің әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың аумағына жол жүруге арналған көліктік шығыстарын, сондай-ақ тұруға (орналасуға) және тамақтануға арналған шығыстарын төлейді;

      бақылау іс-шараларын техникалық қамтамасыз ету және авиациялық көлікті қоспағанда, ел ішіндегі көліктік шығыстар өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тарапқа жүктеледі.

11-бап

      Өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тарап бақылау жүргізу кезеңіне, өзінің Шарт шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді сатып алған уәкілетті органы мен уәкілетті ұйымының өкілдерін бөледі, бақылау тобының мүшелерін қарсы алуды, оларды бақылау орнына алып баруды, олардың жұмыс істеуіне және тұруына жағдайлар жасауды, алғашқы медициналық көмек және көліктік қызмет көрсетуді, тікелей бақылау объектісінде, сондай-ақ мүмкіндігінше кез келген басқа жерде бақылау тобы басшысының өтініші бойынша халықаралық (қалааралық) байланыс құралдарын пайдалану мүмкіндігін, қызметтік құжаттардың, әкелінетін техникалық бақылау құралдарының сақталуын және бақылау тобы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

12-бап

      Жүргізілген бақылау нәтижелері екіжақты актімен ресімделеді.

      Актіде:

      бақылау тобының дербес құрамы және өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың өкілдері;

      олардың негізінде бақылау жүзеге асырылатын құжаттар (бақылау жүргізу туралы сұрау салу, бақылау жүргізу мүмкіндігін растау);

      бақылау объектілері;

      бақылауды жүзеге асыру мерзімдері;

      бақылау нәтижелері көрсетіледі.

      Акт бірдей күшке ие екі данада жасалады, оған бақылау тобының мүшелері және өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тараптың уәкілетті органы мен уәкілетті ұйымының өкілдері қол қояды.

      Актінің бір данасы өнім беруші Тарапқа, екіншісі - өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тарапқа арналады.

13-бап

      Берілген әскери мақсаттағы өнімді нысаналы пайдаланбаудың немесе оның болмауының анықталған және актіде тіркелген фактілері келісімшарттардың тиісті ережелерін қолдану үшін, сондай-ақ Тараптардың уәкілетті органдарының осындай бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған шараларды әзірлеу туралы консультациялар мен келіссөздер өткізуі үшін негіз болып табылады.

14-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім Тараптардың Шарт шеңберінде берілген әскери мақсаттағы өнімді бүкіл пайдалану мерзімі ішінде қолданылады.

      201 ___ жылғы “_____” ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтін тең түпнұсқалы болып табылады.

      Қазақстан Республикасы
үшін
Ресей Федерациясыүшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады