Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 615 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 615 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау саласындағы келісілген, үйлестірілген саясатты жүргізуге ұмтылысты басшылыққа ала отырып,

      және Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде тауарлардың заңды айналымын, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және оларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "сәйкестендіру құралдарының бірыңғай тізілімі" - Одақта тауарларды таңбалау үшін пайдаланылатын сәйкестендіру құралдарының сипатын, олардың сипаттамалары, сәйкестендіру құралдарындағы ақпараттың құрамы мен құрылымы туралы мәліметтерді қамтитын ортақ ақпараттық ресурс;

      "мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органдары" - сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған тауарлар айналымын бақылауды және (немесе) мүше мемлекеттің атқарушы билік органдарының тауарлар айналымын бақылау жөніндегі қызметін ведомствоаралық үйлестіруді және (немесе) тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесі ұлттық құрамдасының жұмыс істеуін және (немесе) оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіруді қамтамасыз етуге мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген осы мемлекеттің атқарушы билік органдары;

      "бақылау (сәйкестендіру) белгісі" - сәйкестендіру құралын қамтитын және тауарларды таңбалауға арналған, қолдан жасаудан қорғау элементтері (құралдары) бар қатаң есептілік бланкісі (құжат) (қорғалған полиграфиялық өнім);

      "таңбаланған тауарлар" - белгіленген талаптар сақтала отырып сәйкестендіру құралдары басылған және олар туралы анық мәліметтер (оның ішінде оларға басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы мәліметтер) тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық құрамдасында қамтылатын тауарлар;

      "материалдық жеткізгіш" - қолдан жасаудан қорғау элементтерін (құралдарын) қамтитын немесе қамтымайтын және сәйкестендіру құралдарын басуға, сақтауға және беруге арналған бақылау (сәйкестендіру) белгісі немесе кез келген материалдан алынған объект;

      "тауарлар айналымы" - Одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу, сақтау, тасымалдау, алу және беру, оның ішінде оларды мүше мемлекеттердің аумақтарында сатып алу және өткізу (сату);

      "көтерме сауда" - тауарларды кәсіпкерлік қызметте (оның ішінде қайта сату үшін) немесе жеке, отбасылық, үйде және осыған ұқсас өзге де пайдаланумен байланысты емес өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды сатып алумен және сатумен байланысты сауда қызметінің түрі;

      "таңбалауға жататын тауарлар қалдығы" - таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған және таңбалауды енгізу күніне осындай тауарларды өндіруді және (немесе) олардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар (бұдан әрі - дара кәсіпкерлер) иелігінде және (немесе) пайдалануында және (немесе) билік етуінде болатын тауарлар;

      "бөлшек сауда" - тауарларды жеке, отбасылық, үйде және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды сатып алумен және сатумен байланысты сауда қызметінің бір түрі;

      "сәйкестендіру құралы" - штрих код түрінде ұсынылған немесе радиожиілік белгісіне жазылған немесе өзге де автоматты сәйкестендіру құралын (технологиясын) пайдалана отырып ұсынылған, машинамен оқылатын нысандағы символдардың бірегей қатары;

      "трансшекаралық сауда" - бір мүше мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына тауарлармен өзара сауда шеңберінде жүзеге асырылатын көтерме сауда;

      "эмитенттер" - сәйкестендіру құралдарын және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштерді дайындауды және (немесе) генерациялауды және (немесе) өткізуді (сатуды) жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары және (немесе) ұйымдар.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда қолданылады.

2-бап

      1. Осы Келісім тауарларды Одақ шеңберінде біріздендірілген сәйкестендіру құралдарымен таңбалау (бұдан әрі - тауарларды таңбалау) тәртібін айқындайды.

      2. Осы Келісімнің қолданысы таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған тауарларды өндіруді және (немесе) олардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ эмитенттерге қолданылады.

3-бап

      1. Комиссия Кеңесінің шешімі бойынша Одақ шеңберінде тауарларды таңбалау енгізілуі мүмкін.

      2. Комиссия Кеңесі тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешімді мүше мемлекеттер Комиссияға ұсынған ұсыныстар (негіздемелері бар), тауарларды таңбалауды енгізудің орындылығына (таңбалауды енгізуден мүше мемлекет күтетін нәтижелер туралы мәліметтерді, мұндай тауарлардың негізгі тұтынушыларын немесе тұтынушылар топтарын нұсқауды қоса алғанда) талдау, бизнесті жүргізу жағдайларына таңбалауды енгізудің әсері туралы ақпарат (заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің ықтимал шығындары туралы қолда бар мәліметтерді, тауар бағасы мен сәйкестендіру құралы құнының арақатынасын қоса алғанда), мұндай тауарларды таңбалаудың технологиялық мүмкіндіктерінің болуы, сондай-ақ мұндай тауарларға қатысты әрекет ететін тауарлар айналымын бақылаудың өзге де жүйелері туралы ақпарат негізінде қабылдайды.

      3. Тауарлар оларға және (немесе) олардың орамасына сәйкестендіру құралдарын немесе сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштерді басу арқылы таңбаланады.

      4. Тауарларға, олардың орамасына немесе қолдан жасаудан қорғау элементтерін (құралдарын) қамтымайтын материалдық жеткізгішке сәйкестендіру құралдарын басу арқылы тауарларды таңбалауға заңсыз сәйкестендіру құралдарымен таңбаланған тауарлардың заңды айналымында болу мүмкіндігін жоққа шығаратын жағдайларды жасау кезінде ғана жол беріледі.

      5. Сәйкестендіру құралдары туралы ақпарат сәйкестендіру құралдарының бірыңғай тізіліміне енгізіледі, оны қалыптастыруды және жүргізуді Комиссия электрондық түрде жүзеге асырады. Сәйкестендіру құралдарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен айқындалады.

4-бап

      Тауарларды таңбалау енгізілген күннен бастап:

      таңбалауға жататын таңбаланбаған тауарларды мүше мемлекеттердің аумақтарында, мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған жағдайларда, кедендік бақылау аймақтарында кедендік бақылаудағы осындай тауарларды Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкету мақсатында сатып алуды және өткізуді (сатуды), таңбалауға жататын таңбаланбаған тауарларды осы Келісімнің 6-бабы 1-тармағының "в" тармақшасына сәйкес айқындалған қойма үй-жайларына тасымалдауды, көрсетілген тауарларды осындай үй-жайларда сақтауды қоспағанда, сондай-ақ осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген тауарларды қоспағанда, сақтауға, тасымалдауға, сатып алуға және өткізуге (сатуға) тыйым салынады (тауарлар қалдығын таңбалау көзделмеген жағдайда, тауарлардың таңбаланбаған қалдықтарын сақтауға, тасымалдауға, сатып алуға және өткізуге (сатуға) жол беріледі);

      осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген тауарларды қоспағанда, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарларды таңбалау осындай тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың немесе кері импорттың кедендік рәсімдерімен орналастырғанға дейін, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда, осындай тауарларды еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырғанға дейін жүзеге асырылады (тауарларды таңбалау, егер мұндай таңбалау мүмкіндігі мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, ішкі тұтыну үшін шығарудың немесе кері импорттың кедендік рәсімдерімен орналастырғаннан кейін осы Келісімнің 6-бабы 1-тармағының "в" тармақшасына сәйкес айқындалған қойма үй-жайларында жүзеге асырылуы мүмкін);

      тауарларды Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде таңбалауға жол беріледі;

      осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген тауарларды қоспағанда, тауарларды таңбалауды таңбалауға жататын тауарлар өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осындай тауарларды өткізу (сату) үшін тасымалдау және (немесе) ұсыну басталғанға дейін, оның ішінде оларды өткізу (сату) орнына қойғанға, олардың үлгілерін демонстрациялағанға немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтерді ұсынғанға дейін жүзеге асырылады. Таңбалау оларды өндіру, орау (қайта орау) және сақтау орындарында жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған кезде Комиссия Кеңесі мұндай тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына (бұдан әрі - ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес олардың кодтарын көрсете отырып тауарлардың тізбесін бекітеді және бір мезгілде:

      а) сәйкестендіру құралдарын, олардың сипаттамаларын, оларды генерациялау тәртібін, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарының бірыңғай тізіліміндегі мәліметтердің (олар болған жағдайда) негізінде сәйкестендіру құралдарында қамтылуға тиіс ақпараттың құрамы мен құрылымын;

      б) тауарларды таңбалауды енгізу күні мен тәртібін;

      в) мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары арасында және мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Комиссия арасында берілетін таңбаланған тауарлар туралы мәліметтердің форматын, құрамы мен құрылымын, сондай-ақ мұндай мәліметтерді беру мерзімдерін;

      г) тауарлардың қалдықтарын таңбалауды енгізу мерзімдерін және оған қойылатын өзге де талаптарды қоса алғанда, тауарлардың қалдығын мүше мемлекеттерде таңбалау қажеттілігін немесе мұндай қажеттіліктің болмауын;

      д) қолжетімділік тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғаларға тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық компоненттері мен интеграциялық компоненті құрамындағы ақпараттық сервис арқылы берілетін тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесіндегі таңбаланған тауарлар туралы мәліметтердің ең аз құрамын айқындайды.

      2. Комиссия Кеңесі нақты тауарлар немесе тауарлардың топтары үшін осы Келісімнің 9-бабының үшінші - жетінші абзацтарында көрсетілген операцияларды (айналым кезеңдерін) толықтыруы немесе олардың күшін жоюы мүмкін, оларды жүзеге асыру кезінде таңбаланған тауарлардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерде мұндай тауарлар туралы мәліметтерді аумағында өздері тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына беру міндеті туындайды.

      3. Комиссия Кеңесінің тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешімі мұндай шешім ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 90 күннен кешіктірмей күшіне енеді.

      4. Мүше мемлекеттер Комиссия Кеңесінің тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 60 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға өздерінің құзыретті (уәкілетті) органдары туралы хабарлайды.

      5. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес таңбаланатын тауарларға Одақ шеңберінде таңбалау енгізілген күннен бастап мұндай мүше мемлекеттер осы Келісімде көзделген талаптарға және Комиссияның оған сәйкес қабылданған актілеріне сәйкес өздерінің аумақтарында мұндай тауарларды таңбалауды қамтамасыз етеді.

6-бап

      1. Мүше мемлекеттер Комиссия Кеңесінің тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 120 күннен аспайтын мерзімде, бірақ тауарларды таңбалауды енгізу күні басталғаннан кешіктірмей:

      а) сәйкестендіру құралдарын есепке алу тәртібін және (қажет болған кезде) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштерді іске асыру және есепке алу тәртібін айқындайды;

      б) эмитенттердің тізілімін қалыптастырады (қажет болған кезде);

      в) таңбалауға жататын тауарлардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге ішкі тұтыну үшін шығару немесе кері импорт рәсімімен орналастырылғаннан кейін оларды таңбалауға рұқсат етілетін қойма үй-жайларына қойылатын талаптарды белгілейді (қажет болған кезде) және (немесе) мұндай қойма үй-жайларының тізбесін айқындайды (қажет болған кезде);

      г) таңбалауға жататын тауарлар өндіруді және олардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер және эмитенттер (қажет болған кезде) өздерінің мүше мемлекеттерінің құзыретті (уәкілетті) органдарына беретін мәліметтердің форматына, құрамы мен құрылымына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Комиссия Кеңесі белгілеген талаптарға қосымша ретінде мұндай мәліметтерді беру мерзімдерін айқындайды;

      д) Комиссия Кеңесінің тауарлардың қалдықтарын таңбалау қажеттілігі туралы шешімі қабылданған жағдайда, таңбалауға жататын тауарлардың қалдықтарын таңбалау тәртібін айқындайды (қажет болған кезде);

      е) егер осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағына сәйкес Комиссия Кеңесі өзгеше айқындамаса, осы Келісімнің 9-бабының үшінші - жетінші абзацтарында көрсетілген операцияларға (айналым кезеңдеріне) қосымша ретінде, жүзеге асыру кезінде таңбалауға жататын тауарлардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерде мұндай тауарлар туралы мәліметтерді өздерінің мүше мемлекеттерінің құзыретті (уәкілетті) органдарына беру бойынша міндет туындайтын операцияларды (айналым кезеңдерін), сондай-ақ мұндай мәліметтердің құрамына, құрылымына, форматына және оларды беру мерзімдеріне қойылатын талаптарды айқындайды (қажет болған кезде);

      ж) таңбаланған тауарлар және оларды сәйкестендіру туралы мәліметтердің қосымша құрамын айқындайды (қажет болған кезде), тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғаларға оларға қолжетімділік беруді мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары және Комиссия, оның ішінде тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық компоненттері мен интеграциялық компоненті құрамында ақпараттық сервистер арқылы қамтамасыз етеді;

      з) осы Келісімнің ережелеріне және Комиссияның оған сәйкес қабылданған актілеріне қайшы келмейтін тауарларды таңбалауды енгізудің өзге талаптары мен шарттарын айқындайды.

7-бап

      1. Мүше мемлекеттер Комиссияны Одақ шеңберінде таңбалауға жатпайтын тауарларды таңбалауды өз аумақтарында енгізу жөнінде ниеттерінің бар екендігі туралы хабардар етеді, сондай-ақ мұндай тауарлар туралы және (мүмкін болса) сәйкестендіру құралдары, оларды тауарларға басу тәсілдері және тауарларды таңбалауды енгізу күні туралы мәліметтерді ұсынады.

      2. Комиссия осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны бір немесе бірнеше мүше мемлекеттен алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде бұл туралы басқа да мүше мемлекеттерді хабардар етеді.

      3. Егер Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі (бұдан әрі - Комиссия Кеңесі) осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, осы Келісімнің 7-бабының 2-тармағында көрсетілген хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай ішінде осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында көзделген тауарларды таңбалауды енгізу туралы шешім қабылдамаған жағдайда, мүше мемлекеттер өзінің заңнамасына сәйкес өзінің аумағында тауарларды таңбалауды қолдана алады.

      Осы тармақтың 1-абзацының ережелері осы Келісім күшіне енген күнге мүше мемлекеттер өзінің заңнамасына сәйкес өзінің аумағында қолданатын тауарларды таңбалауға қолданылмайды.

      4. Екі немесе одан көп мүше мемлекеттің нақ сол тауарларға қатысты таңбалауды енгізу жөнінде, сондай-ақ бұл ретте осы Келісімнің ережелерін басшылыққа алу және құзыретті (уәкілетті) органдар арасында ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру ниеті болған жағдайда, мүше мемлекеттер Комиссияға мұндай өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалану туралы сұрау салу жібере алады. Қажет болған кезде Комиссия Алқасы тиісті шешімдер қабылдайды.

8-бап

      Тауарларды таңбалауға қойылатын талаптар:

      Одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету мақсатында кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарларға;

      тасымалдау кезінде кедендік бақылаудағы тауарларға;

      сақтау және тасымалдау кезінде Одақ актілерінің, сондай-ақ мүше мемлекеттердің стандарттау саласындағы нормативтік техникалық актілерінің талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында сынақтар өткізуге арналған қажетті мөлшердегі тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне;

      халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерді ұйымдастырушылар мен қатысушылар Одақтың кедендік аумағына үлгілер мен экспонаттар ретінде әкелетін және өткізуге (сатуға) арналмаған тауарларға;

      мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген шетелдік өтеусіз (гуманитарлық) және халықаралық техникалық көмек болып табылатын тауарларға;

      мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын сақтау және тасымалдау кезінде, тауарлардың қайтарылғанын растайтын құжаттар болған жағдайда бөлшек сауда шеңберінде сатып алынған және сатып алушылар сатушыларға қайтарған тауарларға;

      бажсыз сауда дүкендерінде өткізілу (сатылу) кезінде тауарларға;

      кедендік бақылау аймақтарында, оның ішінде уақытша сақтау қоймаларында және кеден қоймаларында кедендік бақылау мен сақтауда тұрған тауарларға;

      өндірушілер сақтаған және пайдаланған кездегі тауарларға;

      мұндай тауарлар өткізуге (сатуға) ұсынылғанға дейін, оның ішінде олар өткізу (сату) орнына қойылғанға, олардың үлгілерін көрсеткенге немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтер берілгенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын, дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған шарттар негізінде мұндай жеке тұлғалардан алынған тауарлармен комиссиялық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер сақтаған кездегі тауарларға;

      сатып алыну, сақталу, тасымалдану, өткізілу (сатылу) және пайдаланылу кезінде алынып қойылған, тыйым салынған, тәркіленген немесе өзге тәсілмен мемлекеттің кірісіне айналдырылған тауарларға және мүше мемлекеттің салық және кеден заңнамасында көзделген, орындалмаған міндеттемелер есебіне өндіріп алу қолданылған тауарларға, сондай-ақ сақтау және тасымалдау кезінде жойылуға жататын тауарларға;

      сақтау, тасымалдау және пайдалану кезінде жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде әкелген және бөлшек сауда шеңберінде сатып алған тауарларға;

      сақталу, тасымалдану және пайдаланылу кезінде дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің, халықаралық мемлекетаралық және үкіметаралық ұйымдардың, олардың өкілдіктерінің, сондай-ақ олардың жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған тауарларға;

      жауапты сақтау және өткізілуіне (сатылуына) байланысты емес өзге де қызметтер көрсету кезінде дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғаларға тиесілі және олар жеке пайдалану үшін сатып алған тауарларға;

      сақталу, тасымалдану, өткізілу (сатылу) және пайдаланылу кезінде Одақтың кедендік аумағына халықаралық рейстерді орындайтын әуе, теңіз және өзен кемелерінде, сондай-ақ халықаралық рейстерді орындайтын және мүше мемлекеттердің аумағынан тыс жерлерде жасақталатын поездардың вагон-мейрамханаларында, купе-буфеттерінде, купе-барларында әкелінген тауарларға қолданылмайды.

9-бап

      Тауарларды таңбалау енгізілген күннен бастап:

      сәйкестендіру құралдарын немесе сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштерді дайындауды және (немесе) генерациялауды және (немесе) заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге өткізуді (сатуды) жүзеге асыратын эмитенттер осы заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына осындай сәйкестендіру құралдарын және (немесе) материалдық жеткізгіштерді дайындау және (немесе) генерациялау және (немесе) өткізу (сату) туралы электрондық түрде хабар береді;

      өздеріне қатысты таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуді және (немесе) өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осындай тауарларды белгіленген тәртіппен сәйкестендіру құралдарымен таңбалайды және осы заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, бірақ осындай тауарларды өткізуге (сатуға) ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды өткізу (сату) орнына қойғанға, олардың үлгілерін демонстрациялағанға немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтер бергенге дейін, басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы электрондық түрде хабар береді;

      таңбаланған тауарлармен трансшекаралық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өздері аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, бірақ осындай тауарларды өткізуге (сатуға) ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды өткізу (сату) орнына қойғанға, олардың үлгілерін демонстрациялағанға немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтер бергенге дейін, осындай сауда шеңберінде сатып алынған тауарға белгіленген тәртіппен басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы электрондық түрде хабар береді;

      егер таңбалауға жататын тауарлардың қалған бөліктерін таңбалау көзделген болса, осындай тауарлармен көтерме және (немесе) бөлшек сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осы тауарлардың қалған бөліктерін сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштермен белгіленген тәртіппен таңбалайды және өздері аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, бірақ осындай тауарларды өткізуге (сатуға) ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды өткізу (сату) орнына қойғанға, олардың үлгілерін демонстрациялағанға немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтер бергенге дейін, басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы электрондық түрде хабар береді;

      таңбалауға жататын, сатып алушылар қайтарған тауарлармен сауданы және (немесе) дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған шарттар негізінде осындай тауарлармен комиссиялық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осындай тауарларды өткізуге (сатуға) ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды өткізу (сату) орнына қойғанға, олардың үлгілерін демонстрациялағанға немесе өткізу (сату) орнында олар туралы мәліметтер бергенге дейін, осындай тауарларды сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштермен белгіленген тәртіппен таңбалайды және өздері аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы электрондық түрде хабар береді;

      таңбаланған тауарлармен бөлшек сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, осындай сауда шеңберінде өткізілген (сатылған) осы тауарларға басылған сәйкестендіру құралдары және (немесе) сәйкестендіру құралдарын қамтитын материалдық жеткізгіштер туралы өздері аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің заңнамасында, егер мұндай хабар беру көзделген болса, өздері аумағында тіркелген (аккредиттелген) мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органына электрондық түрде хабар береді.

10-бап

      1. Мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мүше мемлекеттердің өзге де бақылаушы және (немесе) құқық қорғау органдарымен бірлесіп мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес таңбалауға жататын тауарлардың айналымын бақылауды қамтамасыз етеді.

      2. Осы Келісімнің орындалуын мониторингілеуді және бақылауды, трансшекаралық сауда кезінде тауарлар айналымын бақылауды іске асыру, сондай-ақ тұтынушылар мен өзге де мүдделі пайдаланушыларға таңбаланған тауарлар және оларды сәйкестендіру құралдары туралы мәліметтерге қолжетімділік беру мақсатында, тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесі шеңберінде мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары арасындағы және мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Комиссия арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.

      3. Мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары арасындағы және мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Комиссия арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің құралдарын пайдалана отырып, тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінің ұлттық құрамдастары мен интеграциялық құрамдасының өзара іс-қимылы арқылы қамтамасыз етіледі.

      4. Таңбалауға жататын тауарлар айналымын бақылауды іске асыру мақсатында мүше мемлекеттер өзінің заңнамасында осы Келісімде белгіленген талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылықты көздейді.

11-бап

      1. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап оның ережелері "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы (ЕАЭО СЭҚ ТН 4303 10 901 0 - 4303 10 906 0 және 4303 10 908 0 кіші қосалқы позициясы) бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауға қолданылады.

      2. Осы Келісім күшіне енген күні қолданыста болатын, "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы (ЕАЭО СЭҚ ТН 4303 10 901 0 - 4303 10 906 0 және 4303 10 908 0 кіші қосалқы позициясы) бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды реттейтін Комиссияның шешімі өзінің заңдық күшін сақтап қалады және осы Келісімге қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      3. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап мынадай халықаралық шарттар қолданысын тоқтатады:

      2015 жылғы 8 қыркүйектегі "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 - 2016 жылдары іске асыру туралы келісім;

      2015 жылғы 8 қыркүйектегі "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 - 2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі 2016 жылғы 23 қарашада қол қойылған хаттама.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

13-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

15-бап

      Осы Келісім депозитарий осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

      20___ жылғы "_____" _____________ ___________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.

Армения
Республикасы
үшін

Беларусь
Республикасы
үшін

Қазақстан
Республикасы
үшін

Қырғыз
Республикасы
үшін

Ресей
Федерациясы
үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады