Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 785 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 13 қарашадағы
№ 785 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТ

      Ескерту. Шарт жобасындағы "Македония Республикасы", "Македония Республикасының" тиісінше "Солтүстік Македония Республикасы", "Солтүстік Македония Республикасының" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 28.06.2019 № 35 Жарлығымен.

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы

      егемендікті құрметтеу және теңдік негізінде, қылмыстылықпен күрес саласында тиімді өзара іс-қимыл жасауға ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      осы мақсатқа қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін белгілейтін халықаралық екіжақты шарт жасасу арқылы қол жеткізуге болатынын назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП
НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарттың ережелеріне және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Уағдаласушы Тараптар бір-біріне қылмыстық істер бойынша барынша кең ауқымды құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.

      2. Мұндай құқықтық көмек:

      a) адамның жеке басын анықтауды, оның және заттардың тұрған жерін айқындауды;

      b) қылмыстық талқылауға қатысы бар құжаттарды табыс етуді, материалдар мен заттай дәлелдемелерді беруді;

      c) айғақтар мен арыздар алуды;

      d) күзетпен ұсталатын адамдарды уақытша беруді;

      e) сот сараптамаларын жүргізуді, құжаттарды немесе заттарды қарап-тексеруді;

      f) тінтуді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алуды және активтерді тәркілеуді;

      g) ұлттық заңнама бойынша ақпарат алмасуды;

      h) осы баптың 3-тармағымен көзделгеннен басқа, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген басқа да құқықтық көмек алуды қамтиды.

      3. Осы Шарт:

      a) адамдарды қамаққа алу шешімдерін және адамның жеке басының бостандығын шектейтін басқа да шараларды орындауға;

      b) адамдарды ұстап беруге;

      c) сот шешімдерін орындауға;

      d) жазасын өтеу мақсатында сотталған адамдарды беруге; және

      e) қылмыстық талқылауды беруге қатысты қолданылмайды.

2-БАП
ҚОСАРЛЫ ЮРИСДИКЦИЯ

      1. Құқықтық көмек сұратылатын іс-әрекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапта қылмыстық құқық бұзуышылық болып табылмайтын жағдайда берілуі мүмкін.

      2. Егер құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу тінтуді, алып қоюды, активтерге тыйым салуды және адамның негізгі құқықтарын қозғайтын не орындарға немесе үй-жайларға басып кіруге және заттарды алып қоюға байланысты басқа да іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты болса, егер сұратылатын іс-әрекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып танылса, құқықтық көмек беріледі.

3-БАП
ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТУ НЕМЕСЕ ОНЫ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ

      1. Егер:

      a) осы Шартта көзделген құқықтық көмектің белгілі бір түрлерін орындау үшін талаптар сақталмаса;

      b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қауіп төндірсе немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе;

      c) сұрау салу Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келетін мәжбүрлеу шараларына қатысты болса;

      d) көмек туралы сұрау салу адамның нәсілдік тиесілілігі, жынысы, діни сенімі, ұлты, этностық шығу тегі немесе саяси нанымы себептері бойынша оны қылмыстық қудалау мақсатында бағытталған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға салмақты негіздер болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұратылатын құқықтық көмекті көрсетуден толық не ішінара бас тарта алады.

      2. Сұрау салуды орындаудан бас тартпас бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың орталық органы Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың орталық органымен консультация жүргізуге тиіс.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап, егер осы Шартта көзделген құқықтық көмектің жекелеген түрлерін беру жағдайлары өзінің ұлттық заңнамасында көзделмесе, құқықтық көмектен бас тартады.

      4. Құқықтық көмек беруден кез келген бас тарту уәжді болуға тиіс.

4-БАП
ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы Тараптар айқындаған орталық органдар тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      Солтүстік Македония Республикасы үшін - Солтүстік Македония Республикасының Әділет министрлігі болып табылады.

      3. Уағдаласушы Тараптар орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер туралы немесе олардың функцияларын басқа органдарға беру туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

5-БАП
СҰРАУ САЛУЛАРДЫҢ НЫСАНЫ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, оған лауазымды адам қол қояды және ол Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органының мөрімен расталады.

      2. Көмек туралы сұрау салуда мыналар:

      a) сұрау салуды жіберетін құзыретті органның атауы және сұрау салу жіберілген құзыретті органның атауы;

      b) сұратылатын көмектің мақсаты мен сипаттамасы;

      c) ескіру мерзімдері туралы ережелерді қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерінен үзінді-көшірме;

      d) іс-әрекеттердің сипаттамасы және сұрау салуды жіберу себептері;

      e) дәлелдемелердің, ақпараттың немесе басқа да іс-шаралардың сұратылу себептері;

      f) қажет болған жағдайларда, келу үшін шақыртылған адамның құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер; және

      g) қажет болған жағдайларда, сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет лауазымды адамдар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      3. Мүмкіндігіне қарай сұрау салуда сондай-ақ:

      a) құжаттар табыс етілуі қажет адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат, оның процестік мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;

      b) айғақтар беруге немесе талқылауға көмек көрсетуге тиіс адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат;

      c) тұрған жері анықталуға тиіс адамның жеке басы, заттар және құжаттар туралы ақпарат;

      d) тінтілуге тиіс орынның немесе адамның және алып қоюға немесе тәркіленуге тиіс құралдардың барынша дәл сипаттамасы;

      e) кез келген айғақтар немесе арыздар қабылдануға және тіркелуге тиіс тәсілдің сипаттамасы;

      f) тыңдалатын адамға қойылуы қажет сұрақтардың тізбесі;

      g) сұрау салуды орындау кезінде сақталуға тиіс нақты рәсімнің сипаттамасы;

      h) құпиялылықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;

      i) сұрау салуды орындауға ықпал ету үшін Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа берілуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.

      4. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салуда қамтылатын ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп пайымдаса, ол қосымша ақпарат сұратуға құқылы.

      5. Осы баптың ережелеріне сәйкес жіберілетін сұрау салу мен растайтын құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалады және оның ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      6. Осы Шарттың 4-бабында айқындалған орталық органдар арқылы жіберілген сұрау салу, факсті және электрондық хабарды қоса алғанда, ақпаратты берудің кез келген жедел тәсілімен алдын ала жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.

6-БАП
СҰРАУ САЛУДЫ ОРЫНДАУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындауды дереу жүзеге асырады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы шақырылатын адамдардың келуі үшін шақыру қағаздарын, тінтуге, алуға, қамаққа алуға не сұрау салуды орындауға қажетті басқа да кез келген әрекетке арналған шешімдер береді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өтінішхат бойынша сұрау салуды, егер бұл Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап белгілейтін тәртіпке сәйкес орындайды.

      3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап, егер бұл Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салуда көрсетілген лауазымды адамдарға оны орындау кезінде қатысуға рұқсат бере алады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа сұрау салуды орындаудың күні мен орнын дереу хабарлайды.

      4. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа сұрау салуды орындау нәтижелері туралы дереу хабарлайды.

      5. Сұрау салуды орындау ретінде жіберілетін құжаттар Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалады және ағылшын тіліне аудармасымен қоса беріледі, сондай-ақ Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың сұрау салуды орындаған құзыретті органының мөрімен расталады.

7-БАП
АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ЗАТТАРДЫҢ ТҰРҒАН ЖЕРІН АЙҚЫНДАУ НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ СӘЙКЕСТІНДІРУ

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптан адамдардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестіндіруді және Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдарының алдына келуге тиіс және болжаммен Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында жүрген іздестіріліп жатқан адамдардың тұратын жерін немесе тіркелген жерін хабарлауды сұрата алады.

      2. Кез келген Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптан заттардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестіндіруді және тиісті деректерді хабарлауды немесе тұрған жерін айқындауға және сәйкестіндіруге мүмкіндік беретін кез келген басқа да шара қолдануды сұрата алады.

      3. Сұрау салынатын ақпарат осы Шарттың 4-бабында көзделген орталық органдар арқылы Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа берілуге тиіс. Шұғыл жағдайларда сұрау салу Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы да жіберілуі мүмкін.

8-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫ ТАБЫС ЕТУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап жіберген құжаттарды табыс етеді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап табыс еткеннен кейін Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа жеткізу күнін, уақытын, орнын және тәсілін, сондай-ақ құжаттар жеткізілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, табыс етуді жүзеге асырған лауазымды адамның қолымен немесе органның мөрімен табыс етілгені туралы растауды жібереді.

      3. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты бұл туралы дереу хабардар етеді және табыс етпеу себептері туралы хабарлайды.

      4. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органына келу туралы хабарламаны табыс ету туралы сұрау салу осы Шарттың 10-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін жіберілуге тиіс.

      5. Келмеген жағдайда, Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органына шақыру туралы хабарламаларда және табыс етілген құжаттарда мәжбүрлеу шараларын қолданудың ешқандай қаупі болмауға тиіс.

9-БАП
СҰРАУ САЛЫНАТЫН УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТА АЙҒАҚТАРДЫ АЛУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптағы куәлардан, жәбірленушілерден, тергеудегі немесе қамақтағы адамдардан, сарапшылардан немесе басқа да адамдардан айғақтар алуды жүзеге асырады, сондай-ақ сұрау салуда көрсетілген материалдарды, құжаттарды және басқа да кез келген айғақтарды алады және оларды Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа береді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан айғақтарды алу жөніндегі іс-шараларды өткізу күні, орны және уақыты туралы, сонымен қатар осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көзделген мақсаттар үшін де Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты дереу хабардар етеді. Қажет болған жағдайда, Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары екі Уағдаласушы Тарапқа қолайлы күнді белгілеу үшін өзара консультациялар жүргізеді.

      3. Айғақтар беру үшін шақтырылған адам, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың немесе Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында осыған жол берілсе, оларды беруден бас тартуға құқылы. Осы мақсатта Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұрау салуда бұл туралы ескертеді.

      4. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген және Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін барлық кезде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап арыздар беру және айғақтар беру үшін шақыртылған адам адвокатының қатысуына рұқсат береді.

      5. Арыздар беру немесе айғақтар беру үшін шақыртылған адам көрсеткен құжаттар және басқа да заттар Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапта дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін және жол берілетін болып табылады.

10-БАП
СҰРАУ САЛУШЫ УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТА АЙҒАҚТАРДЫ АЛУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша адамды жауап алу, арыздар алу мақсатында не сарапшы ретінде тыңдау үшін немесе басқа да процестік әрекеттерді орындау үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органының алдына келуге шақырады. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты көрсетілген адамның келу мүмкіндігі туралы дереу хабардар етеді.

      2. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағындағы құзыретті органның алдына келуге шақыру туралы хабарламаны табыс ету туралы сұрау салуды, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап неғұрлым қысқа мерзім туралы келіскен шұғыл жағдайлардан басқа, келу үшін белгіленген күнге дейін алпыс (60) күннен кешіктірмей береді.

      3. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұрау салуда айғақтар беру үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағына келуге шақыртылған адамның алуға құқығы бар төлемдердің және шығыстар өтемақысының мөлшерін көрсетеді.

11-БАП
КЕПІЛДІКТЕР МЕН АРНАЙЫ ҚАҒИДАЛАР

      1. Осы Шарттың 10-бабына сәйкес адам Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында болған жағдайда, адам Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапта қалған уақыт кезеңінде ол:

      a) өз азаматтығына қарамастан, Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағына келгенге дейін жасаған іс-әрекеті үшін оның аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды, күзетке алынбайды және жазаға ұшырамайды;

      b) осы адам осыған келісімін берген жағдайлардан басқа, куәлік айғақтар немесе басқа да арыздар беруге не сұрау салуда көрсетілгеннен өзге, талқылауға қатысы бар кез келген іс-шараға қатысуға мәжбүрленбеуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:

      a) өзінің болуы бұдан әрі қажет болып табылмайтыны туралы ресми хабардар етілген кезден бастап отыз тәулік ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кетпесе, өз қолданысын тоқтатады. Бұл мерзімге жоғарыда аталған адам өзіне байланысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кетпеген кезең кірмейді;

      b) Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен кері қайтып келсе, өз қолданысын тоқтатады.

      3. Құзыретті органға шақыру туралы хабарлама алған және келмеген немесе арыз беруден, айғақтар беруден не осы Шарттың 9 және 10-баптарында көзделген өзге де іс-шараларға қатысудан бас тартқан адам өзінің келмеуі немесе бас тартуы салдарынан Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органына мәжбүрлеп алып жүруге ұшырамауға тиіс. Осындай жағдайларда тиісті сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.

      4. Осы Шарттың 9 және 10-баптарында көзделген тәртіппен жауап алу жүргізілетін жәбірленуші, куә немесе сарапшы өздері жасаған құқық бұзушылыққа қатысты әрбір Уағдаласушы Тараптың юрисдикциясы сақталған кезде, Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес құзыретті органға келген кезінде берген айғақтарының, сараптама қорытындысының мазмұны үшін жауапты болып табылады.

12-БАП
БЕЙНЕКОНФЕРЕНЦИЯ АРҚЫЛЫ ЖАУАП АЛУ

      1. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағындағы адамнан Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы немесе сарапшы ретінде жауап алуға тиіс болса, соңғысы, егер адамның оның аумағына өз еркімен келуі мүмкін болмаса, осы баптың ережелеріне сәйкес жауап алуды бейнеконференция арқылы жүргізу туралы өтініш білдіре алады.

      2. Бейнеконференция арқылы жауап алу, егер тергеудегі адам осындай жауап алуға келісімін берсе және бұл Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сол адамға қатысты немесе оны қылмыстық қудалау үшін де сұратылуы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның адвокатына Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптағы жоғарыда айтылған адамның тұрған жерінде немесе адвокатқа өзі мүддесін қорғайтын адаммен қашықтан құпия нысанда сөйлесуге мүмкіндік бере отырып, Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы алдында болуға рұқсат берілуге тиіс.

      3. Егер жауап алуға жататын адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында күзетпен ұсталатын болса, жауап алу бейнеконференция арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізуге, өзінде оны жүзеге асыруға арналған үшін техникалық құралдар болған кезде, рұқсат береді.

      5. Процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізу туралы сұрау салуларда осы Шарттың 5-бабында көзделгеннен басқа, күзетпен ұсталмайтын және қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілуге тиіс адамның Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында жеке өзінің қатысуға мүмкіндігі болмауының себептері көрсетіледі.

      6. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы өз Тарапының ұлттық заңнамасына сәйкес адамды келу үшін шақырады.

      7. Процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізуге қатысты мынадай ережелер қолданылады:

      a) екі Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары айғақтарды алу барысына қатысады және егер қажет болса, аудармаға жәрдем көрсетеді. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы келген адамның жеке басын анықтауды жүргізеді және бұл іс-шара өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізеді. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы айғақтарды алу барысында өз Тарапының ұлттық заңнамасының негіз қалаушы қағидаттары сақталмаған деп есептесе, ол дереу іс-шараны көрсетілген қағидаттарға сәйкес жүргізу үшін қажетті кез келген шараны қабылдайды;

      b) екі Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары, егер бұл қажет болса, шақыртылған адамды қорғау жөніндегі шараларды бірлесіп келіседі;

      c) жауап алу үшін шақыртылған адам, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың немесе Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың заңнамасы оған жол берсе, айғақтарды беруден бас тартуға құқылы.

      8. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы процестік әрекет аяқталғаннан кейін ресми акт жасайды, онда оны жүргізу күні мен орны, келген адамның жеке басы туралы мәліметтер, іс-шараға қатысушы өзге де адамдардың жеке бастары және олар кімдер ретінде келгені туралы мәліметтер, сондай-ақ айғақтарды алу немесе басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылған кездегі техникалық жағдайлар көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген актінің түпнұсқасы Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың құзыретті органына дереу жіберіледі.

      9. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың бейнеконференцияны өткізу нәтижесінде шеккен шығыстарын, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап оларды толық не ішінара өтеуді талап етпейтін жағдайлардан басқа, Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап өтейді.

      10. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап бейнеконференция технологияларын, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілгендерден ерекшеленетін мақсаттарда пайдалануға, адамдар мен заттарды тану немесе беттестіру жүргізу мақсаттары үшін осындай пайдалануды қоса алғанда, рұқсат етуге құқылы.

13-БАП
КҮЗЕТПЕН ҰСТАЛАТЫН АДАМДАРДЫ УАҚЫТША БЕРУ

      1. Куә немесе сарапшы ретінде келуін Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұратып отырған, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында қамаққа алынған адам немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап көрсеткен, алты (6) айдан аспауға тиіс мерзімде кері қайтарылатын жағдайда, оның аумағына уақытша беріледі. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап көрсетілген мерзімнің ұзартылуын сұрата алады. Мұндай ұзарту бір рет қана берілуі мүмкін.

      2. Егер:

      a) адам өзін беруге келісімін бермесе;

      b) Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапта жүзеге асырылатын қылмыстық талқылауларда адамның қатысуы талап етілсе;

      c) уақытша беру оны күзетпен ұстау мерзімінің ұлғаюына алып келуі мүмкін болса;

      d) Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа оны уақытша беруге қарсы өзге де елеулі негіздер болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарды беруден бас тартылуы мүмкін.

      3. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапта да, транзит Тарапында да күзетпен ұсталуға тиіс.

      4. Егер үшінші тарап күзетпен ұсталатын адамды екінші Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы Уағдаласушы Тараптардың біріне уақытша беруге тиіс болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап, егер осы адам көрсетілген Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылмаса, осы адамның транзитін мақұлдайды.

14-БАП
ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

      Егер бұл қажет болса немесе объективті тергеп-тексеруді және сот төрелігін дұрыс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында екі Уағдаласушы Тарап қылмыстық процеске қатысатын жәбірленушілерді, куәларды және басқа да адамдарды қылмыстарға және құқықтық көмек көрсету бойынша сұрау салынатын іс-шараларға қатысты қорғау үшін өздерінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

15-БАП
РЕСМИ НЕМЕСЕ ЖАЛПЫҒА ҚОЛЖЕТІМДІ ҚҰЖАТТАРДЫ БЕРУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа жұртшылыққа қолжетімді материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін береді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап жұртшылыққа қолжетімді емес материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың сот немесе құқық қорғау органдарына осы көшірмелер қолжетімді болатындай шамада және шарттарда беруге құқылы. Мұндай көшірмелерді Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың құзыретті органы куәландыруға тиіс. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап осындай шешімнің себептері туралы хабарлай отырып, жоғарыда аталған сұрау салуды толық немесе ішінара қабылдамауға құқылы.

16-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫ, МАТЕРИАЛДАРДЫ НЕМЕСЕ ЗАТТАРДЫ БЕРУ

      1. Егер сұрау салу осы Шарттың 15-бабында көрсетілмеген құжаттарды немесе материалдарды беруге қатысты болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап олардың көшірмелерін бере алады. Сонымен бірге, Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап түпнұсқаларды беру туралы өтініш білдірген әрбір жағдайда Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салуды мүмкіндігіне қарай орындайды.

      2. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа берілген құжаттардың және материалдардың түпнұсқалары, сондай-ақ заттар әрбір жағдайда алғашқы мүмкіндіктің болуына қарай Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа қайтарылады.

17-БАП
ТІНТУ, АЛУ ЖӘНЕ ТЫЙЫМ САЛУ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзінің аумағында қылмыстан түскен кірістердің немесе қылмысқа қатысы бар заттардың болуын анықтау үшін тексеруді жүзеге асырады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа хабарлайды. Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап сұрау салуында Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа қылмыстан түскен кез келген кірістердің немесе қылмысқа қатысы бар заттардың соңғысының аумағында болуы мүмкін екендігі туралы негіздерді көрсетеді.

      2. Қылмыстан түскен кірістер немесе қылмысқа байланысты заттар табылған кезде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша қылмыстан түскен кірістерді не қылмысқа байланысты заттарды алып қою немесе оларға тыйым салу мақсатында өзінің ұлттық заңнамасында көзделген кез келген шараларды қолданады.

      3. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап қылмыстан түскен кез келген кірістерді және қылмысқа байланысты заттарды, сондай-ақ оларды өткізуден алынған кез келген ақшалай соманы Уағдаласушы Тараптар арасында келісілген шарттарға және ұлттық заңнамаға сәйкес толық не ішінара береді.

      4. Осы бапты қолданған кезде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың немесе үшінші тараптардың жоғарыда аталған қылмыстан түскен кірістерге немесе қылмысқа байланысты заттарға қатысты кез келген құқықтары сақталады.

18-БАП
БАНКТЕГІ ШОТТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ АҚПАРАТ

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жасалған қылмысқа қатысы бар және оның аумағындағы банкте немесе басқа да қаржы ұйымында шот ұстаушысы болып табылатын адамды анықтауы мүмкін және бұл туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа хабар береді. Мұндай ақпаратта осы шоттарды пайдаланушылар туралы, олардың тұратын жері туралы, сондай-ақ транзакциялар туралы мәліметтер де қамтылуы мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар банктерден ерекшеленетін қаржы институттарына да қатысты болуы мүмкін.

      3. Осы бапта көрсетілген құқықтық көмек көрсетуден банктік құпия негізінде бас тартылмайды.

19-БАП
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАСҚА ҚҰРАЛДАРЫМЕН НЕМЕСЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ
КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ НЫСАНДАРМЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІК

      1. Осы Шарттың ережелері Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      2. Осы Шарт уағдаластықтар негізінде, егер олар Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес келсе, Уағдаласушы Тараптардың бір-бірімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі ынтымақтастықтың өзге де нысандарын жүзеге асыруына кедергі болмайды.

20-БАП
ҚЫЛМЫСТЫҚ ТАЛҚЫЛАУЛАР ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛМАСУ

      Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салу бойынша және қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапқа Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық талқылаулар, бұрынғы сотталғандықтар және шығарылған үкімдер туралы ақпарат береді.

21-БАП
ЗАҢНАМА ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛМАСУ

      Уағдаласушы Тараптар сұрау салу бойынша қолданыстағы немесе бұрын қолданылған ұлттық заңнама бойынша және олардың мемлекеттерінде пайдаланылатын сот практикасы бойынша ақпарат алмасады.

22-БАП
ҚҰЖАТТАР МЕН МАТЕРИАЛДАРДЫ ЗАҢДАСТЫРУДАН БОСАТУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЗАҢДЫҚ КҮШІ

      Құқықтық көмекті қамтамасыз ету үшін ұсынылған құжаттар мен материалдарға лауазымды адам қол қоюға және құзыретті органның мөрімен расталуға тиіс және осындай жағдайда, олар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалылығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді.

23-БАП
ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ

      1. Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап сұрау салудың келіп түсу фактісіне, оның мазмұнына, оған қоса берілген құжаттарға және оны орындау кезінде алынған кез келген құжаттар мен материалдарға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер құпиялылықты бұзбастан сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап бұл туралы сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайтын Сұрау салушы Уағдаласушы Тарапты хабардар етеді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тиісті сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап, қылмыстық істерді тергеп-тексеру және сот талқылауы кезіндегі дәлелдемелер мен ақпаратты пайдалану жағдайларын қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған кез келген дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.

24-БАП
ШЫҒЫСТАР

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамасына және осы Шартқа сәйкес жүзеге асырады.

      2. Уағдаласушы Тараптар мыналарды:

      a) сарапшылардың жол жүруіне және Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың аумағында болуына арналған шығыстарды;

      b) күзетпен ұсталатын адамды беру кезінде осы Шарттың 13-бабы негізінде шеккен шығыстарды;

      c) елеулі немесе күтпеген сипаттағы шығыстарды қоспағанда, бір-бірінен осы Шартты орындау нәтижесінде шеккен кез келген шығыстарды өтеуді талап етпейді.

      3. Бұл ретте Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапта бейне- немесе телефон байланысын реттеуге арналған шығыстарды, бейне- немесе телефон байланысына қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды, аудармашыға сыйақыны және куәлардың іссапар шығыстарын және олардың Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың аумағында жүруге арналған шығындарын, егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа өтеуге тиіс.

      4. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 2-тармағының с) тармақшасында көзделген шығыстарды өтеу жөніндегі шараларды келісу үшін бір-бірімен консультация жүргізеді.

25-БАП
ДАУЛАР МЕН КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ РЕТТЕУ

      1. Осы Шарттың ережелерін қолдану барысында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары консультациялар жүргізу арқылы шешеді.

      2. Мұндай даулар мен келіспеушіліктерді Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары шеше алмаған жағдайда, олар дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

26-БАП
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      3. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      4. Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      5. Осы Шарт өз күшіне енгеннен кейін жолданған, оның ішінде, егер тиісті қылмыстар ол күшіне енгенге дейін жасалған болса, кез келген сұрау салуға қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      201__ жылғы ___ _______ _____________ әрқайсысы қазақ, македон және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ

      ҮШІН ҮШІН


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады