Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы" 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 және "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) туралы ережені бекіту туралы" 2010 жылғы 3 қарашадағы № 1093 жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 5 сәуірдегі № 16 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында
және республикалық баспасөзде
жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ереже осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын;

      2) күші жойылды – ҚР Президентінің 19.01.2023 № 106 Жарлығымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 19.01.2023 № 106 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2019 жылғы 5 сәуірдегі
№ 16 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің шарттары мен тәртібін белгілейді.

      2. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеттері жергілікті соттардағы жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.

      Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа "Мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған барлық органдардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен белгіленген бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70% мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.

      3. Бұрын кемінде бес жыл судья болып тұрақты жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күнінен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күнінен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      4. Тағылымдамадан өту мерзімі аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – аудандық сот) – он бір айды, облыстық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – облыстық сот) - бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша кем дегенде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі алты айды, оның ішінде аудандық сотта бес айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша он бес жылдан астам жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі үш айды, оның ішінде аудандық сотта екі айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Судьялыққа кандидат ұзақтығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысы тағылымдаманы тоқтатады.

      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидаттың өтініші бойынша уәкілетті органның басшысы белгілеген мерзім өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатады.

      Кейіннен судьялыққа кандидат жалпы негіздерде тағылымдамадан өтуге жіберілуі мүмкін.

2. Судьялыққа кандидатқа қойылатын талаптар

      5. Тағылымдамадан өтуге:

      1) жиырма тоғыз жасқа толған;

      2) жоғары заң білімі бар, моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары, абыройы мінсіз, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар;

      3) қолданылу мерзімі өтпеген (оның ішінде тағылымдаманың болжанып отырған мерзімі аяқталғанға дейінгі өтпеген) біліктілік емтиханын тапсырған;

      4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.

3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі

      6. Жоғары Сот Кеңесінің аппараты уәкілетті органға судья лауазымына біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдардың тізімдерін жолдайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы уәкілетті орган басшысының ұсыныстары негізінде жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындарды бөлуді жыл сайын жүзеге асырады.

      Тағылымдамадан өтуге арналған орындар облыста, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда судьялардың болжанатын бос орындарының саны негізінде, бірақ әрбір облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалары үшін кемінде үш орыннан бөлінеді.

      Судья лауазымына кандидаттар бос орындардың бөлінуіне сәйкес тағылымдамаға қабылданады.

      Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидаттың тұратын жері бойынша тіркелген облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалар аумағындағы жергілікті соттарда жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өту үшін бос орындар болмаған жағдайда кандидат басқа облыс, астана және республикалық маңызы бар қалаларда бос орындар болған кезде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен Тағылымдаманы өтуге адамдарды іріктеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жүгінуге құқылы.

      7. Тағылымдамадан өту үшін құжаттарды қабылдау тоқсан сайын келесі тоқсандық айдың бірінші күнінен кейін жүргізіледі.

      Уәкілетті орган жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындар туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініштерді қабылдау басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды.

      8. Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам Комиссияға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен хабарлама жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүгінеді.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркелуі тиіс:

      1) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;

      2) өмірбаян;

      3) диплом мен оның қосымшасының көшірмелері;

      4) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі;

      5) соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтік мінездеме;

      6) құжаттарды тапсырған күнге дейін берілгеніне бір жыл өтпеген, судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын, медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.

      Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда кемшіліктерді жою үшін күнтізбелік он күн беріледі.

      9. Уәкілетті орган өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттен сұратады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдарға қатысты ақпарат өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдаманың қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.

      10. Тағылымдамадан өтуге адамдарды іріктеуді уәкілетті органның және Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының қызметкерлері қатарынан уәкілетті органның басшысы құратын Комиссия жүзеге асырады.

      Комиссияны құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының келісімімен уәкілетті органның басшысы айқындайды.

      11. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімнің біреуін қабылдайды:

      1) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту.

      Тағылымдамадан өтуге жіберілген адамдар туралы мәліметтер облыстық соттарға жолданады және Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      12. Облыстық соттың төрағасы осы Ереженің 11-тармағы 1) тармақшасының негізінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандандыру бойынша тағылымдамадан міндетті түрде өту үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру болған жағдайда – аудандық соттарды белгілейді.

      Облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдама үйлестірушісі – облыстық соттың судьясы (бұдан әрі – тағылымдама үйлестірушісі) тағайындалады, оған тағылымдамадан өту бойынша жалпы үйлестіру мен бақылау жүктеледі.

      13. Уәкілетті органның басшысы, судьялыққа кандидат және оның жұмыс берушісі арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасалады.

      Егер судьялыққа кандидат еңбек қатынастарында болмаса, тағылымдамадан өту туралы келісім уәкілетті органның басшысы мен судьялыққа кандидат арасында жасалады.

      Тағылымдамадан өту туралы келісімде:

      1) тараптардың атауы;

      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтудің алдында орналасуға ниет білдірген соттардағы судьялардың бос лауазымдарына арналған конкурсқа жалпы отырыстың оң қорытындысының қолданысы кезеңінде қатысу және тиісті бос лауазымдарға конкурсқа қатысудан бас тартқан жағдайда, оған жұмсалған мемлекеттік қаражатты қайтару міндеті;

      3) тағылымдамадан өту орны;

      4) тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.

      Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді уәкілетті орган бекітеді.

      14. Судьялыққа кандидатқа тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған;

      3) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

      4) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      5) соттылықтың болуы;

      6) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      7) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған;

      8) адамның моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын нақты мәліметтер болған;

      9) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруы болған;

      10) Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған немесе дұрыс емес деректер ұсынған;

      11) Конституциялық заңда белгіленген судьялыққа кандидаттарға қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда бас тартылады.

      15. Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің үлгі бағдарламасына сәйкес жасалған тағылымдамадан өтудің жеке жоспарына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.

      16. Жеке жоспарды тиісті аудандық сот төрағасының және тағылымдама үйлестірушісінің келісімі бойынша облыстық соттың төрағасы бекітеді.

      Жеке жоспарға кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол туралы судьялыққа кандидат үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      17. Судьялыққа кандидат аудандық сотқа келген кезде сот төрағасы судьялардың арасынан тағылымдама жетекшісін – аудандық соттың судьясын (бұдан әрі – тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Тағылымдама жетекшісі болып кемінде 5 жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағайындалады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, одан аз судьялық жұмыс өтілі бар судьяны тағылымдама жетекшісі етіп тағайындауға болады.

      Облыстық сотта тағылымдамадан өткен кезде облыстық сот төрағасы тағылымдама жетекшісін облыстық сот судьяларының арасынан тағайындайды.

      Тағылымдама жетекшісі:

      1) қажетті жұмыс көлемін белгілейді;

      2) судьялыққа кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және тәжірибелік дағдыларды алуға көмек көрсетеді;

      3) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.

      18. Судьялыққа кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде судья консультантының (көмекшісінің) мынадай функцияларын орындайды:

      1) судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеуді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;

      2) судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірлейді;

      3) істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырады;

      4) процестік құжаттардың жобаларын әзірлейді;

      5) судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап қою арыздарын) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысады;

      6) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді;

      7) істерді қараудың процестік мерзімдерінің сақталуына мониторингті жүзеге асырады;

      8) судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірлейді;

      9) тағылымдамадан өту міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды орындайды.

      19. Тағылымдамадан өту туралы келісім сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 26-тармағында көзделген жағдайларда тағылымдама үйлестірушісі дербес не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы жөнінде теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.

      20. Аудандық соттарда тағылымдамадан өту аяқталғаннан кейін және тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша судьялыққа кандидат жазбаша есеп жасайды, онда судьялыққа кандидаттың жеке жоспарды және тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындауы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидат жасаған процестік құжаттардың жобалары қоса тіркелуі тиіс.

      Судьялыққа кандидаттың жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісі қарайды.

      Тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа пікір жазады. Тағылымдамадан өту жүзеге асырылған соттардың төрағалары пікірлерді бекітеді. Пікірде судьялыққа кандидаттың алған тәжірибелік дағдылары мен білімі, процестік құжаттардың жобаларын жасау сапасы, судья міндеттерін жүзеге асыруға дайындық дәрежесі, еңбек және орындаушылық тәртібін сақтауы, судьялыққа кандидаттың іскерлік және адамгершілік қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      Тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа арналған пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы нәтижелермен бірге және судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады.

      Тағылымдама қорытындысы және оларды қарау нәтижелері бойынша тағылымдама үйлестірушісі тағылымдаманы өтудің барлық кезеңдерінің нәтижесіне негізделген ұсынуды күнтізбелік он бес күн ішінде енгізеді, ол тағылымдаманың басқа да материалдарымен бірге облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі.

4. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау

      21. Тағылымдама үйлестірушісі ұсыным енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей жалпы отырыс судьялыққа кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдама қорытындыларын қарайды.

      22. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс тағылымдама қорытындылары туралы оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.

      23. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) қорытынды шығарылған күні мен орны;

      2) судьялыққа кандидатқа қатысты ұсыныс енгізген тағылымдама үйлестірушісінің тегі, аты және әкесінің аты;

      3) судьялыққа кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;

      4) тағылымдамадан өткен соттардың атауы мен тағылымдамадан өту кезеңі;

      5) тағылымдама жетекшілерінің тегі, аты және әкесінің аты;

      6) тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;

      7) судьялыққа кандидаттың дайындық деңгейінің, көрсеткен қасиеттерінің сипаттамасы және оны сипаттайтын басқа да деректер;

      8) судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы қорытынды;

      9) жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;

      10) облыстық сот төрағасының қолы.

      24. Судья лауазымына кандидат тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.

      25. Тағылымдама қорытындылары туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы төрт жыл бойы жарамды болады.

      26. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынадай:

      1) судьялыққа кандидат Конституциялық заңда белгіленген, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;

      2) теріс қылық жасаған;

      3) судьялыққа кандидаттың моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болған;

      4) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау бойынша міндеттерді орындамаған;

      5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болған;

      6) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған жағдайларда береді.

      27. Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге оны алған күнінен бастап бір жыл өткеннен кейін жалпы негіздер бойынша жіберіледі.

      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруларының жоқтығы жөнінде кейіннен расталған жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2019 жылғы 5 сәуірдегі
№ 16 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыру мен оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау үшін құрылады.

      3. Комиссия мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Конституциялық заңды, осы Ережені және Комиссияның Регламентін ғана басшылыққа алады.

      4. Комиссияның қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Комиссия мүшесі өзіндегі материалдар мен қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.

2. Комиссияны құру тәртібі

      5. Комиссия жеті мүшеден – Қазақстан Республикасының облыстық және оған теңестірілген соттарының (бұдан әрі - облыстық сот) екі судьясынан, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) екі судьясынан және отставкадағы үш судьядан тұрады.

      6. Комиссия құрамындағы судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз және судьялар қауымы арасында беделді болуы тиіс.

      7. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі – Жоғары Сот Кеңесі), Қазақстан Республикасының Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі комиссияларының және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің мүшелері – судьялар сайлана алмайды.

      8. Комиссия құрамы Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында екі жыл мерзімге сайланады.

      9. Облыстық соттардың судьялары ішінен кандидаттар облыстық соттардың кеңейтілген жалпы отырыстарында ұсынылған кандидаттардың қатарынан сайланады.

      Жоғарғы Сот судьяларының және отставкадағы судьялардың ішінен кандидаттарды Жоғарғы Сот Төрағасы балама негізде ұсынады.

      Ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы кеңейтілген жалпы отырыс мүшелерінің ең көп дауыс санын жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.

      10. Комиссияның құрамына негізгі мүшелерінен басқа тиісті сот сатысынан Комиссияның бір запастағы мүшесі уақытша жоқ болған Комиссияның негізгі мүшесінің міндеттерін атқару үшін сайланады.

      Комиссияның запастағы мүшесі Комиссия шешімінің негізінде оның шығып қалған мүшесінің міндеттерін атқаруға кіріседі.

      Егер тиісті сот сатысынан Комиссияның негізгі немесе запастағы мүшесі болып табылатын судья басқа сот сатысының судьясы болып тағайындалса, осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге олардың қосымша сайлауы өткізіледі.

      11. Алғашқы ұйымдастыру отырысында Комиссия құрамы өзінің мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.

      12. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссияға жалпы басшылықты қамтамасыз етеді;

      2) Комиссия отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      3) Комиссия отырыстарында қарау үшін шығарылатын мәселелерді айқындайды және күн тәртібін бекітеді;

      4) Комиссияның шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;

      5) Комиссия жұмысының практикасына талдау жасауды және қорытуды ұйымдастырады;

      6) Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында Комиссияның атқарған жұмысы туралы ақпаратты ұсынады;

      7) мемлекеттік, қоғамдық және өзге де органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Комиссияның атынан өкілдік етеді;

      8) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      13. Комиссия төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша төрағаның міндеттерін Комиссия мүшелерінің бірі атқарады.

      14. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының жартысынан көбі қатысқан кезде заңды болады.

      Комиссия жұмысы кезінде оның мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады. Комиссия мүшесі оның отырысына бейнебайланыс режимінде қатыса алады.

      15. Комиссия өз отырыстарын жергілікті соттарға барып өткізуге құқылы.

      16. Комиссия екі судьяны ротациялау негізінде екі жыл мерзімге Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.

      Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кандидаттарды Комиссия төрағасы ұсынады.

      17. Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына судьяларды жіберу туралы шешім Комиссия отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және Комиссияның дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі оған дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Жіберу туралы шешім Жоғары Сот Кеңесіне үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      18. Судьяны Комиссия мүшесінің міндеттерін атқарудан босату үшін:

      1) судьяның қызметтен босатылуы, судья өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;

      2) отставкадағы судьяның отставкасының тоқтатылуы;

      3) судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;

      4) өкілеттік мерзімінің аяқталуы;

      5) өз қалауы негіз болып табылады.

3. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу тәртібі

      19. Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімі мен оларды сот төрелігін жүзеге асыруда қолдана білу деңгейін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін бағалау және оның Конституциялық заң мен судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сәйкестігі танылады.

      20. Судьяның кәсіби қызметін бағалау судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің өсуін ынталандыру, сот істерін қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілігін арттыру, судьяның өзін-өзі кәсіби жетілдіру салаларын анықтау үшін оның әлсіз және күшті жақтарын анықтау мақсатында жүргізіледі.

      Судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізген кезде судьялардың тәуелсіздігі қағидаттары бұзылмауы тиіс.

      21. Кәсіби қызметті бағалау:

      1) судья лауазымындағы жұмысының бір жылғы нәтижелері бойынша алғаш рет;

      2) судья лауазымындағы жұмысында әрбір бес жыл сайын мерзімді;

      3) жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының және сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.

      Жиырма жыл және одан да көп судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.

      22. Судьяның кәсіби қызметін алғаш рет бағалау судья лауазымында үзіліссіз болған бір жыл өткен соң жүргізіледі.

      23. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау оның судья лауазымында үзіліссіз болған әрбір келесі бес жыл өткен сайын жүргізіледі. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау көрсетілген мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

      24. Судья жұмысының нәтижелері мынадай:

      1) сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері;

      2) судья әдебі нормалары мен еңбек тәртібін сақтауы өлшемшарттарының негізінде бағаланады.

      Бағалау рәсімінің шеңберінде судьяның біліктілігін тексеру, оның ішінде жазбаша эссе және (немесе) кейстік міндеттерді шешу арқылы тексеру жүргізілуі мүмкін.

      Сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері, деректерді жинау әдістері мен рәсімдері Комиссия бекітетін әдістемелік нұсқаулықта айқындалады және Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында жарияланады.

      Судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі материалдарды Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі тиісті комиссиялары ұсынады.

      25. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу үшін ақпарат жинауды Комиссияның қызметін қамтамасыз ететін Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ететін уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      26. Кәсіби қызметі бағаланатын судья Комиссия отырысынан күнтізбелік бес күн бұрын оған қатысты Комиссияның қарауына шығарылатын материалдармен танысуы тиіс.

      27. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу басталғанға дейін Комиссия қажет болған кезде қосымша құжаттар мен материалдарды, оның ішінде судья қараған кезде заңды бұзуға, оның ішінде өрескел бұзуға жол берген сот істерін талап етіп, тексеру жүргізеді.

      Комиссия төрағасы тексеру жүргізуді Комиссия мүшелерінің біріне тапсырады.

      28. Комиссияның қарауына келіп түскен материалдарды қабылдауды, кәсіби қызметі бағалануға жататын судьяларға хабарлауды, сондай-ақ комиссия мүшелеріне отырыстың күні, уақыты мен өткізілетін орны туралы хабардар етуді Комиссия қызметін қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      29. Кәсіби қызметті бағалау бойынша Комиссия отырысы кәсіби қызметі бағаланатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі. Судьяның Комиссия отырысына қатысуы бейнебайланыс режимінде қамтамасыз етілуі мүмкін.

      Комиссия отырысында хаттама жүргізіледі.

      30. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) атқаратын лауазымына сай деп тану;

      2) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным жасау;

      3) жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсыным жасау;

      4) басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;

      5) кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану;

      6) жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту.

      Комиссияның осы тармақтағы 2), 3) және 6) тармақшаларында көзделген шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      31. Комиссияның кәсіби қызметті бағалау нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      Комиссияның кәсіби қызметті мерзімді бағалаудың нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсынуды, ал ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқарып отырған қызметінен босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.

      32. Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Дауыстар тең түскен жағдайда, өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.

      33. Комиссия мүшесі қабылданып отырған шешіммен келіспеген жағдайда ерекше пікірін жазбаша көрсетуге құқылы, ол шешімге қоса беріледі.

      34. Комиссияның хаттамалық шешімінде:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) материалдарды қарау орны және уақыты;

      3) кәсіби қызметі бағаланған судья;

      4) Комиссия отырысында материалды қарау негіздері;

      5) Комиссия қабылдаған шешімнің тұжырымдары мен уәждері;

      6) шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      35. Хаттамалық шешімге отырыста төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.

      36. Комиссияның жоғары тұрған сатыдағы соттың судьясы, сот төрағасы және сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындау үшін ұсыным беру туралы хаттамалық шешімі ол қабылданған күнінен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

      37. Комиссияның судья жұмысының бір жылдық мерзімі өткен соң нәтижелері бойынша хаттамалық шешімдерінің көшірмелері келіп түскен материалдармен бірге, сондай-ақ судьяны кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану, басқа сотқа ауыстыру туралы хаттамалық шешімдерінің көшірмелері кейіннен Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну үшін Жоғарғы Сот Төрағасына жолданады.

      38. Комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесі ол қабылданған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті облыстық сотқа және Жоғарғы Сотқа жіберіледі.

      39. Судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқарып отырған қызметіне сәйкес келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы, жоғары тұрған сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына тағайындауға ұсыным беруден бас тарту туралы хаттамалық шешімнің көшірмесі тиісті облыстық сотқа, сондай-ақ өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға жіберіледі.

4. Судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау туралы мәселелерді қарау тәртібі

      40. Судьяның отставкаға құқығын растау туралы мәселені қарауды Комиссия судьяның жазбаша арызының негізінде жүзеге асырады. Арызға судья беделінің мінсіз екенін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.

      41. Аудандық соттың судьясына, төрағасына және облыстық соттың судьясына қатысты арыз бен тиісті құжаттарды Комиссияға облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына және сот алқасы төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқасының төрағасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті оларды лауазымға тағайындауына байланысты өз өкілеттіктерін бұрын тоқтатқан судьяларға қатысты Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынады.

      42. Судьяның отставкаға құқығын растау туралы арыз материал түскен кезден бастап бір ай мерзім ішінде қаралып, тиісті шешім шығарылуы тиіс.

      43. Судьяның отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы Комиссияның шешімі судьяны қызметінен отставка нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.

      44. Судьяның отставкасы Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

      Жоғарғы Сот Төрағасы, облыстық соттардың төрағалары, сондай-ақ судьяның өзі отставканы тоқтату туралы ұсынуды Комиссияға бере алады.

      45. Комиссия судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша мынадай:

      1) отставкаға құқығын растау туралы;

      2) отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы;

      3) отставканы тоқтату туралы;

      4) отставканы тоқтатудан бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.

      46. Судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижелері жөніндегі хаттамалық шешімге отырысқа төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.

5. Комиссияның шешімдеріне шағым жасау

      47. Комиссияның шешімдерімен танысқан күннен бастап Жоғары Сот Кеңесіне он жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия арқылы шағым жасауға болады.

      48. Жоғары Сот Кеңесінің "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 24-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімді қабылдауы Комиссияның "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 44-бабында көзделген өзге шешімді шығаруына негіз болып табылады.

6. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      49. Комиссияның қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, оның отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерді жүзеге асыруы Комиссияның Регламентімен реттеледі.

      50. Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады