Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 сәуірдегі № 28 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 19 сәуірдегі
№ 28 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ СОТТАЛҒАН АДАМДАРДЫ БЕРУ ТУРАЛЫ
ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы

      сотталған адамдарды беру саласында оларды оңалтуға және қоғамдық өмірге оралуға жәрдемдесу мақсатында екі ел арасындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      үкім салдарынан бас бостандығынан айырылған адамдар жазасын өздерінің азаматтығы мемлекетінде өтей алатындығын белгілейтін екіжақты шарт жасасу арқылы осы мақсатқа қол жеткізуге болатынын пайымдай отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП
АЙҚЫНДАМАЛАР

      Осы Шартты орындау мақсатында мынадай айқындамалар мынаны білдіреді:

      а) "үкім" - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;

      б) "сотталған адам" - өзіне қатысты үкім шығарылған адам;

      в) "Үкім шығарушы мемлекет" - берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты үкім шығарылған мемлекет;

      г) "Үкімді орындаушы мемлекет" - үкімді орындау үшін сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген мемлекет.

2-БАП
ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАР

      1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес сотталған адамдарды беру саласында жан-жақты ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      2. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында сотталған адам оған қатысты шығарылған үкімді орындау үшін Үкімді орындаушы мемлекетке берілуі мүмкін.

      3. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілген сотталған адам оған Үкім шығарушы мемлекетте орындалып жатқан жаза шығарылған нақ сол қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекетте қылмыстық жауаптылыққа қайтадан тартылмайды.

      4. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілген сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте үкім шығарылған және ол бойынша берілген қылмыстан ерекшеленетін қылмысы үшін қылмыстық қудалауға немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуға немесе жазалауға ұшырамайды.

      5. Осы Шарт кәмелетке толмағандарға да қатысты қолданылады.

3-БАП
ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР

      1. Тараптар осы Шарттың мақсатында тікелей сол үшін арналған орталық органдар арқылы бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;

      Болгария Республикасы үшін - Әділет министрлігі болып табылады.

      Кез келген Тараптың орталық органның атауы өзгерген немесе оның функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, екінші Тарап мұндай өзгерістер туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етіледі.

4-БАП
БЕРУ ШАРТТАРЫ

      1. Сотталған адамды беру, егер:

      а) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болған;

      б) адам екі Тараптың заңнамасы бойынша қылмыс болып табылатын әрекет үшін сотталған;

      в) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде алты (6) айды құраған;

      г) сотталған адамның немесе кез келген Тараптың заңнамасына сәйкес сотталған адамның атынан әрекет етуге құқығы бар адамның жазбаша келісімі болған;

      д) екі Тарап та беруге келіскен жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Ерекше жағдайларда Тараптар, тіпті егер сотталған адамның жазаны өтеуіне жататын уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының в) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, беруге келісуі мүмкін.

5-БАП
МӘЛІМЕТТЕРДІ БЕРУ ТУРАЛЫ МІНДЕТТЕМЕ

      1. Үкім шығарушы мемлекет осы Шарт өзіне қатысты қолданылуы мүмкін әрбір сотталған адамды осы Шарттың мазмұны туралы және осындай берудің заңдық салдары туралы хабардар етеді.

      2. Сотталған адам, егер ол бұл туралы сұраса, Үкім шығарушы мемлекеттің немесе Үкімді орындаушы мемлекеттің оны беру туралы сұрау салуға қатысты қабылдаған шаралары туралы жазбаша түрде хабардар етіледі.

6-БАП
БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ

      1. Беру туралы сұрау салуды:

      а) Үкім шығарушы мемлекет;

      б) Үкімді орындаушы мемлекет;

      в) Үкім шығарушы мемлекетке немесе Үкімді орындаушы мемлекетке жолданған сотталған адамның осы Шартқа сәйкес беруге еркін білдіретін жазбаша өтініші арқылы сотталған адам немесе кез келген Тараптың заңнамасына сәйкес сотталған адамның атынан әрекет етуге құқығы бар адам беруі мүмкін.

      2. Сұрау салулар және жауаптар жазбаша нысанда ресімделеді және осы Шарттың 3-бабына сәйкес тағайындалған орталық органдарға жолданады.

7-БАП
АҚПАРАТПЕН ЖӘНЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАРМЕН АЛМАСУ

      1. Бір Тараптың беру туралы сұрау салуы келіп түскен жағдайда және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттарды немесе мәліметтерді:

      а) сотталған адамның дербес деректері туралы ақпаратты (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні және туған жері) және егер мүмкіндік болса осындай адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжатының көшірмесін және оның саусақ іздерін;

      б) егер бұлар белгілі болса, сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттегі тұрғылықты жері немесе мекенжайы туралы ақпаратты;

      в) жазаның түрі мен мерзімі, сондай-ақ оның есептеле бастаған күні көрсетілген мәліметтерді;

      г) сотқа дейінгі ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге жататын мерзімдері туралы мәліметтерді, үкімді өзгерту туралы мәліметтерді және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге де мәліметтерді;

      д) заңды күшіне енген үкім негізделген тиісті заңның ережелерін қоса алғанда, оның куәландырылған көшірмесін;

      е) егер бұл қажет болса, сотталған адам туралы медициналық немесе әлеуметтік есепті, Үкім шығарушы мемлекетте жүргізіліп жатқан қамауда ұстаудың және медициналық күтімнің ерекшеліктері туралы және Үкімді орындаушы мемлекетте оның одан әрі күтімі туралы кез келген ұсыным туралы ақпаратты;

      ж) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының г) тармақшасында көзделген жазбаша келісімді;

      з) сотталған адамды беруге Үкім шығарушы мемлекеттің келісімін ұсынады.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет сұрау салу бойынша:

      а) сотталған адамның өз мемлекетінің азаматы болып табылатынын растайтын құжатты;

      б) үкім шығарылған іс-әрекет қылмыс болып табылатынын куәландыратын Үкімді орындаушы мемлекет заңының баптарын;

      в) Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасы бойынша шығарылған үкімді орындау тәртібі туралы мәліметтерді;

      г) Үкімді орындаушы мемлекет шешім шығару үшін қажет деп санайтын кез келген басқа да ақпаратты немесе құжатты жолдайды.

      3. Егер Тараптардың бірі өзінің беруге келіспейтінін дереу хабарлаған жағдайда, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген ақпаратпен және қажетті құжаттармен алмасу жүзеге асырылмайды.

      4. Сотталған адамды берумен немесе қабылдаумен кез келген келіспеу не бас тарту екінші Тарапты осы себептер туралы хабардар ете отырып, дәлелді болуға тиіс.

8-БАП
ТІЛ ЖӘНЕ ТӨЛНҰСҚАЛЫЛЫҚТЫ КУӘЛАНДЫРУ

      1. Осы Шартты орындау мақсатында Тараптар орыс тіліне аудармасын қоса бере отырып, өз мемлекетінің ресми тілдерін пайдаланады.

      2. Бір Тараптың құзыретті органы немесе лауазымды адамы берген немесе куәландырған қажетті құжаттар мен материалдар екінші Тараптың аумағында қандай да бір растаусыз қабылданады.

9-БАП
СОТТАЛҒАН АДАМНЫҢ КЕЛІСІМІ ЖӘНЕ ОНЫ РАСТАУ

      1. Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамның не кез келген Тараптың заңнамасына сәйкес сотталған адамның атынан әрекет етуге құқығы бар адамның беруге оның құқықтық салдарын толық түсінушілікпен ерікті түрде келісім беретіндігіне және бұны беруге келісім арқылы растайтынына кепілдік береді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке өзінің дипломатиялық өкілдігінің уәкілетті адамы арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

10-БАП
СОТТАЛҒАН АДАМДЫ БЕРУ ТУРАЛЫ КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР

      Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда, Тараптар консультациялар арқылы берудің уақытын, орнын және тәртібін айқындайды.

11-БАП
ҮКІМДІ ОРЫНДАУ

      1. Сотталған адамды алғаннан кейін Үкімді орындаушы мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес Үкім шығарушы мемлекет айқындаған режим мен мерзімдерге сәйкес Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімнің орындалуын жалғастыруға тиіс.

      2. Егер Үкім шығарушы мемлекеттің үкімі бойынша жазаны өтеу режимдері мен мерзімдері Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасымен үйлеспейтін болып табылса, Үкімді орындаушы мемлекет өзінің заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жаза шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгерте алады. Мұндай өзгерту жағдайында:

      а) Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекеттің үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;

      б) Үкімді орындаушы мемлекеттің бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алуға немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес басқа да жазаға ауыстыруға құқығы жоқ;

      в) Үкімді орындаушы мемлекеттің үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және мүмкіндігінше Үкім шығарушы мемлекеттің үкіміне сәйкес келуге тиіс;

      г) үкімді өзгерту Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімді ауырлатпауға тиіс;

      д) егер Үкім шығарушы мемлекет шығарған жаза Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында нақ сондай қылмыс үшін көзделген жазадан неғұрлым ауыр болса, Үкімді орындаушы мемлекет жазаны өзінің заңнамасында көзделген ең жоғары мерзіммен ауыстырады;

      е) үкімді өзгерту Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;

      ж) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында өтелген мерзім қоса есептеледі.

      3. Үкім осы баптың 2-тармағына сәйкес өзгертілген жағдайда, Үкімді орындаушы мемлекет үкімді өзгерту туралы заңды күшіне енген құжаттың куәландырылған көшірмесін Үкім шығарушы мемлекетке дереу береді.

      4. Үкімді орындаушы мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін қысқартуға немесе оны мерзімінен бұрын босатуға құқылы.

12-БАП
ҮКІМДІ ҚАЙТА ҚАРАУ

      Үкім шығарушы мемлекеттің ғана үкімді мәні бойынша қайта қарау туралы кез келген өтінішхат бойынша шешімді қабылдауға құқығы бар.

13-БАП
КЕШІРІМ ЖАСАУ НЕМЕСЕ РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАУ

      Әрбір Тарап екінші Тарапты бұл туралы дереу хабардар ете отырып, өзінің заңнамасына сәйкес кешірім жасау немесе рақымшылық жасау актісін немесе шығарылған жазаны орындаудан адамды босататын басқа да актілерді қолдануға құқылы.

14-БАП
ҮКІМДІ ОРЫНДАУДЫ ТОҚТАТУ

      Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекеттен жазаны орындауды тоқтатуына байланысты кез келген шешімді немесе қабылданған шараны алғаннан кейін үкімді орындауды дереу тоқтатады.

15-БАП
ҮКІМНІҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

      Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке, егер:

      а) үкімді орындау Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес аяқталса немесе тоқтатылса;

      б) сотталған адам үкімді орындау аяқталғанға дейін қайтыс болса не қашып кетсе;

      в) Үкім шығарушы мемлекет үкімнің орындалуы туралы ақпарат сұратса, үкімнің орындалуы туралы мәліметтерді ұсынады.

16-БАП
ТРАНЗИТ

      1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, сотталған адамдардың транзитін екінші Тараптың аумағы арқылы жүзеге асырған жағдайда, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салуды жіберуге тиіс.

      2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тараптың аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, мұндай рұқсат алу талап етілмейді.

      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тараптың транзитке рұқсат алуға сұрау салуын қанағаттандыруға тиіс.

17-БАП
ШЫҒЫСТАР

      1. Ішкі тасымалдауды қоса алғанда, сотталған адамды өз аумағында беруге байланысты туындаған барлық шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптардың заңнамасына сәйкес Тараптар дербес көтереді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет:

      а) тек қана Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында жұмсалған шығыстарды қоспағанда, сотталған адамды тасымалдауға байланысты;

      б) сотталған адамды беруден кейін үкімнің орындалуын жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.

      3. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзитке рұқсат алуға сұрау салумен жүгінген Тарап көтереді.

18-БАП
БАСҚА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРМЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІГІ

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын кез келген халықаралық шартқа сәйкес құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

19-БАП
УАҚЫТ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛУЫ

      Осы Шарт күшіне енгеннен кейін жолданған беру туралы кез келген сұрау салуға, тіпті егер ол осы Шарт күшіне енгенге дейін шығарылған үкімнің орындалуына қатысты болса да қолданылады.

20-БАП
ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ

      1. Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға немесе нақты сұрау салуды шешуге байланысты кез келген дау орталық органдардың арасында консультациялар өткізу арқылы шешіледі.

      2. Егер орталық органдар келісімге қол жеткізбесе, дау дипломатиялық арналар бойынша консультациялар өткізу арқылы шешіледі.

21-БАП
ШАРТТЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІ, ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР, ҚОЛДАНЫСТЫ ТОҚТАТУ

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және Тараптардың оны ратификациялағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.

      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      3. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ете отырып, осы Шарттың қолданылуын кез келген уақытта тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданылуы тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.

      4. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылуы кезеңінде берілген беру туралы сұрау салулар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 ___ жылғы ________ ______________ ____________ әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҮШІН
БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады