Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 139 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімнің жобасы (бұдан әрі – Келісім) мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің) төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевқа қоса беріліп отырған Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 139 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі,

      ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің функцияларын атқарумен байланысты Қазақстан Республикасына сапарлары уақытында артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалану мүмкіндігі болуға тиіс екенінің маңыздылығын ұғына отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      1. Осы Келісім ГРЕКО мүшелерінің өкілдеріне және бағалаушы топтар мүшелеріне қолданылады. Осы Келісімнің мақсаттары үшін "бағалаушы топтар мүшелері" термині деп ғылыми сарапшылар, Еуропа Кеңесінің лауазымды адамдары және ГРЕКО жұмысына көмектесетін, Еуропа Кеңесі жалдаған аудармашылар түсініледі.

      2. Артықшылықтар мен иммунитеттер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға, жекелеген адамдардың бас пайдасы үшін емес, ГРЕКО жұмысымен байланысты функцияларын тәуелсіз орындауын қамтамасыз ету мақсатында беріледі.

2-бап

      1. Бағалауды дайындау мен жүргізуге, сондай-ақ келесі рәсімдер мен сапарларға байланысты функцияларын орындау барысында ГРЕКО мүшелерінің өкілдері мен бағалау топтарының мүшелері мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:

      а) жеке басын қамаудан немесе ұстаудан және жеке багажға тыйым салудан иммунитетті, сондай-ақ айтқандары мен жазғандарына және ресми түрде өзі жасаған барлық әрекеттерге қатысты – болу мемлекетінің қылмыстық, азаматтық және әкімшілік юрисдикциясының кез келген түрінен иммунитетті пайдаланады;

      б) егер бұл мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы заңдарға және қағидаларға қайшы келмеген жағдайда – болу мемлекеті олардың функцияларын орындау үшін қажетті шекте мемлекеттің аумағында жүріп-тұру еркіндігін, оның аумағына кіруін және мемлекеттен шығуын қамтамасыз етуге тиіс.

      2. 1-баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар қылмыс жасаған немесе қылмыс жасауға әрекет ету кезінде не бірден ол жасалғаннан кейін қамауға алудан және сот қудалауынан босатылмайды.

      3. 1-баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар куәгерлер ретінде айғақтар беруге міндетті емес.

3-бап

      1. 1-баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың иммунитеттер мен артықшылықтардан бас тартуын Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Еуропа Кеңесінің лауазымды адамдарына, Бас хатшының басшылығымен жүрген ғылыми сарапшыларға қатысты жүргізеді. ГРЕКО мүшелері өкілдерінің иммунитеттер мен артықшылықтардан бас тартуын оларды тағайындаған мемлекеттер жүзеге асырады. Иммунитеттерден бас тарту бұл иммунитеттер сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіргенде және осы бас тарту осындай иммунитет берілген мақсаттарға нұқсан келтірместен жүргізілуі мүмкін жағдайларда жүргізіледі.

      2. Иммунитеттерден бас тарту сонымен қатар 1-баптың 1-тармағында атап көрсетілген тұлғалар азаматтық іске байланысты залал, сондай-ақ жол көлік құралынан туындайтын, болу мемлекетіндегі жазатайым оқиғаға байланысты зардап келтірген жағдайда жасалады.

      3. Азаматтық немесе әкімшілік іске қатысты юрисдикция иммунитетінен бас тарту талапты қамтамасыз етуге және шешімді орындауға қатысты иммунитеттен бас тартуды білдірмейді, ол үшін ерекше бас тарту талап етіледі.

4-бап

      1. Сақтау, тасымалдау және соған ұқсас өзге көрсетілген қызметтер үшін алымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамаға сәйкес оларды кіргізуге рұқсат береді және барлық кедендік баждардан, салықтардан және олармен байланысты алымдардан босатады:

      a) ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің ресми міндеттерін орындауына арналған заттарды;

      б) ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар.

      Осы тармақтың а) және б) тармақшаларында көрсетілген заттарды сатуды не өзге тәсілмен иеліктен шығаруын, осы заттардың берілуін және мұндай тауарларды пайдалана отырып ақылы қызметтер көрсетуді қоса алғанда, қандай да бір коммерциялық қызмет үшін пайдалануға жол берілмейді.

      Осы тармақтың а) және б) тармақшаларында көрсетілген заттарға қатысты пайдалану және (немесе) билік ету құқықтарын басқа тұлғаға беруге кедендік әкелу баждары төленген жағдайда жол беріледі.

      ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің ресми міндеттерін орындауы аяқталғаннан кейін осы тармақтың а) және б) тармақшаларында көрсетілген заттар Қазақстан Республикасының аумағынан қайта шығарылуға тиіс.

      2. ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің жеке багажы осы баптың 1-тармағында көрсетілген иммунитеттер қолданылмайтын заттар немесе әкелінуіне және әкетілуіне заңмен тыйым салынған немесе болу мемлекетінің карантиндік қағидаларымен реттелетін заттар бар деп пайымдауға маңызды негіздер болған жағдайларды қоспағанда, жете тексеруден босатылады.

      Осындай жете тексеру тек қана ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің немесе олардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.

5-бап

      ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің Қазақстан Республикасында бағалау тексерістерін жүргізуге қатысты құжаттары ГРЕКО қызметіне жататын шамада қол сұғылмайтын болып табылады. ГРЕКО ресми хат-хабары және ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің ресми байланыс құралдары ұсталуға немесе цензураға ұшырамайды.

6-бап

      ГРЕКО мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде толық сөз бостандығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде олар айтқан, жазған және өзге жасаған іс-әрекеттеріне қатысты – болу мемлекетінің қылмыстық, азаматтық және әкімшілік юрисдикциясынан иммунитет соған қатысы бар тұлғалар ГРЕКО мүшелерінің өкілдері немесе бағалаушы топтардың мүшелері болуы тоқтатылса да, беріле береді.

7-бап

      Осы Келісімнің 1, 2, 3, 4 және 5-баптарының ережелері бағалаушы топтың өкілі/мүшесі мен азаматтығы бар немесе өкілі болып табылатын немесе болған мемлекеттің билігі арасындағы өзара қатынастарға қолданылмайды.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге, оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 11-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда олар Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер жүргізу арқылы шешілетін болады.

10-бап

      Қазақстан Республикасының ГРЕКО-дан шығуы бір мезгілде осы Келісім қолданысының тоқтатылғанын білдіреді.

11-бап

      1. Осы Келісім Еуропа Кеңесінің Бас хатшылығы Қазақстан Республикасының осы Келісімді ратификациялағаны туралы құжатты алғаннан кейін күшіне енеді.

      2. Осы Келісімнің күшіне енгені Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттеріне және ГРЕКО-ға жататын Еуропа Кеңесінің мүшелері болып табылмайтын мемлекеттерге, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысына жеткізіледі.

      20__ жылғы "___" ________ Страсбург қаласында қазақ, орыс, француз және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін Еуропа Кеңесі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады