1999 жылғы 30 қарашадағы Дүниежүзілік сауда ұйымының құқығы жөніндегі консультативтік орталық құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 29 қазандағы № 197 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 1999 жылғы 30 қарашадағы Дүниежүзілік сауда ұйымының құқығы жөніндегі консультативтік орталық құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жанар Сейдақметқызы Айтжанға 1999 жылғы 30 қарашадағы Дүниежүзілік сауда ұйымының құқығы жөніндегі консультативтік орталық құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 29 қазандағы
№ 197 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттама

      ДСҰ құқығы жөніндегі консультативтік орталық құру туралы келісімнің (бұдан әрі ДҚКО құру туралы келісім деп аталады) 16-бабына сәйкес берілген Бас Ассамблеяның мақұлдауына сәйкес ДСҰ құқығы жөніндегі консультативтік орталық (бұдан әрі - ДҚКО) пен Қазақстан Республикасы мыналар туралы уағдаласты:

I бөлім - Жалпы ережелер

      1. Осы Хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы ДҚКО құру туралы келісімге қосылады және ДҚКО мүшесі болады.

      2. Осы Хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының ДҚКО құру туралы келісімнің 6-бабының 1-тармағына және ДҚКО Бас Ассамблеясы қабылдайтын қағидаларға сәйкес ДҚКО көрсететін қызметтерді алуға құқығы бар.

      3. Қазақстан Республикасы ДҚКО құру туралы келісімнің II және IV Қосымшаларының мақсаттары үшін ДҚКО-ның "В санатындағы" мүшесі болып саналады.

      4. Қазақстан Республикасы CHF162000 (швейцария франкі) мөлшеріндегі жарнаны ДҚКО сый тарту қорына енгізеді, ол осы Хаттама күшіне енгеннен кейін үшінші айдың соңынан кешіктірмей толық көлемде төлеуге жатады.

      5. Қазақстан Республикасы осы Хаттама күшіне енген күнге дейін күшіне енуі мүмкін құқықтық құралдармен енгізілген нақтылаулар, түзетулер немесе басқа да өзгерістермен бірге ДҚКО құру туралы келісімге қосылады.

II бөлім - Қорытынды ережелер

      6. Осы Хаттама қол қою арқылы қабылдау үшін ашық және ДҚКО Бас Ассамблеясы бекіткеннен кейін үшінші айдың соңынан кешіктірілмей Қазақстан Республикасында бекітілуге жатады. Бекіту туралы құжат осы Хаттамаға қол қойылғаннан кейін он екінші айдың соңынан кешіктірілмей сақтауға тапсырылады.

      7. Осы Хаттама ДҚКО Атқарушы директорына сақтауға тапсырылады.

      8. Осы Хаттама бекіту туралы құжатты Қазақстан Республикасы депозитарийге сақтауға берген күннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      9. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабының ережелеріне сәйкес тіркелуге жатады.

      _____________ Женевада, Швейцария, ағылшын тілінде екі данада жасалды, жарамды екі нұсқасы бар.

Қазақстан Республикасы үшін

ДСҰ-ның құқығы жөніндегі консультативтік орталық үшін

Ж.С. Айтжан

Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі

Наил Майгер

ДСҰ-ның құқығы жөніндегі консультативтік орталықтың атқарушы директоры


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады