"Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 403 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 03.03.2022 № 826 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Орталық атқарушы органдар басшыларының, əкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына (Қазақстан Республи ка сының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., №14, 53-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) басшылары жыл сайын екінші тоқсан ішінде өңірлермен бейнеконференцбайланысын, əлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жəне бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уəкілетті орган айқындайтын ақпараттық интернет-ресурста онлайн-трансляциялар ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, əлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер, олардың проблемалары мен шешу жолдары, Ұлттық əл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекеттік кəсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің (бұдан əрі – мемлекет қатысатын ұйымдар) қойылған міндеттерді орындау қорытындылары жəне қаржы-шаруашылық қызметінің қол жеткізілген нəтижелері туралы хабардар етсін.

      Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар акцияларының мемлекеттік пакетін иелену жəне пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы ұйымдар басшыларының қаржы-шаруашылық қызметтің қорытындылары туралы жыл сайынғы негізде үшінші тоқсан ішінде əлеуметтік желілер арқылы жұртшылық өкілдерімен интернет-конференциялар өткізуі үшін шаралар қабылдасын.";

      5-тармақ мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) Ұлттық əл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет қатысатын ұйымдардың бірінші басшыларының халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуын қамтамасыз етсін.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Есеп беру кездесулері жəне азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей есептерді, мемлекет қатысатын ұйымдардың қойылған міндеттерді орындау қорытындылары жəне қаржы-шаруашылық қызметінің қол жеткізілген нəтижелері туралы ақпаратты (қол жетімділік шектеулі ақпаратты қоспағанда) жəне есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мəселелердің тізбесін оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып:

      орталық атқарушы органдардың басшылары жəне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудандардың əкімдері – тиісті мемлекеттік органның ресми интернет-ресурстарында жəне (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталында;

      аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың əкімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, бар болған жағдайда əкімдер аппараттарының ресми интернет-ресурстарында жəне (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін.".

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады