Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 03.03.2022 № 826 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 10, 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың және ұлттық жоғары оқу орындарының халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) басшылары жыл сайын екінші тоқсан ішінде өңірлермен бейнеконференцбайланысын, əлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жəне бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уəкілетті орган айқындайтын ақпараттық интернет-ресурста онлайн-трансляциялар ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, əлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер, олардың проблемалары мен шешу жолдары, Ұлттық əл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекеттік кəсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің (бұдан əрі – мемлекет қатысатын ұйымдар) қойылған міндеттерді орындау қорытындылары жəне қаржы-шаруашылық қызметінің қол жеткізілген нəтижелері туралы хабардар етсін.

      Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар акцияларының мемлекеттік пакетін иелену жəне пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы ұйымдар басшыларының қаржы-шаруашылық қызметтің қорытындылары туралы жыл сайынғы негізде үшінші тоқсан ішінде əлеуметтік желілер арқылы жұртшылық өкілдерімен интернет-конференциялар өткізуі үшін шаралар қабылдасын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.09.2020 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      2. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер және оларды шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етсін.

      Есеп беру кездесуі әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда онлайн-трансляция және аудан орталықтарымен және басқа да елді мекендермен бейнеконференцбайланысын (техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып) ұйымдастырыла отырып өткізіледі.

      Есеп беру кездесуі өткізілуінен бір күн бұрын және есеп беру кездесуі өткізілгеннен кейін азаматтарды жеке қабылдау өткізіледі.

      Есеп беру кездесуі өткізілгенге дейін мәслихаттар депутаттарын, жұртшылық, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, тиісті қоғамдық кеңестердің отырыстарында облыстар, қалалар және аудандар әкімдерінің есептерін тыңдау өткізілсін, олардың барысында әкім тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 24.02.2020 № 272 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл сайын, үшінші тоқсан ішінде халықпен, оның ішінде ата-аналармен, білім алушылармен, жұмыс берушілермен, ғылыми-педагог жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметінің мәселелері бойынша есеп беру кездесулерін өткізсін.

      4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін дайындауға және өткізуге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын қоғамдық кеңестер тартылсын.

      5. Орталық жəне жергілікті атқарушы органдар:

      1) есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын орталық жəне өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми интернет-ресурстарда жəне "электрондық үкіметтің" веб-порталында, оның ішінде ашық деректердің интернет-порталында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі орталық атқарушы органдардың, әкімдіктердің ресми аккаунттарында және министрлер мен әкімдердің жеке аккаунттарында есеп беру кездесулерін өткізу кестелерін және алдағы есеп беруге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жолдау тәсілдері туралы ақпаратты жарияласын;

      2) есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын ашық деректердің интернет-порталына жəне орталық, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының блог платформасына, сондай-ақ өтініштердің басқа да нысандарында келіп түскен ұсыныстар мен сұрақтарды жинауды, талдауды жəне іріктеуді қамтамасыз етсін;

      3) Ұлттық əл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет қатысатын ұйымдардың бірінші басшыларының халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуын қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.01.2018 № 622 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 24.02.2020 № 272 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.09.2020 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      5-1. Орталық атқарушы органдардың басшылары есепті кездесу аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізілген есепті кездесулердің қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде сөз сөйлесін.

      Ескерту. Жарлық 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 10.01.2018 № 622 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      6. Есеп беру кездесулері жəне азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей есептерді, мемлекет қатысатын ұйымдардың қойылған міндеттерді орындау қорытындылары жəне қаржы-шаруашылық қызметінің қол жеткізілген нəтижелері туралы ақпаратты (қол жетімділік шектеулі ақпаратты қоспағанда) жəне есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мəселелердің тізбесін оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып:

      орталық атқарушы органдардың басшылары жəне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудандардың əкімдері – тиісті мемлекеттік органның ресми интернет-ресурстарында жəне (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталында;

      аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың əкімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, бар болған жағдайда əкімдер аппараттарының ресми интернет-ресурстарында жəне (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.09.2020 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің шешілу барысы (проблемалық мәселелер, орындалу барысы) туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың оныншы күніне қарай орталық атқарушы органдардың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, қаладағы аудандар әкімдерінің, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтер, кенттер және ауылдар әкімдіктері аппараттарының интернет-ресурстарында орналастырылсын. Қаладағы аудандар әкімдіктерінің, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер және ауылдар әкімдері аппараттарының интернет-ресурсы болмаған жағдайда проблемалық мәселерді шешу барысы туралы ақпарат жергілікті баспа басылымдарында жариялансын.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 24.02.2020 № 272 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      8. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, өз интернет-ресурстарында есептерді және есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемалық мәселелердің тізбесін, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып, орналастыруды қамтамасыз етсін.

      9. Орталық атқарушы органдардың басшылары және астананың, республикалық маңызы бар қала мен облыстардың әкімдері төмен тұрған әкімдер кездесулерінің есепті жылдағы қорытындыларын ескере отырып, халыққа есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін.

      10. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы білім және ғылым саласындағы орталық уәкілетті органды хабардар етсін.

      11. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның басшысы ұлттық жоғары оқу орындары ұсынған ақпаратты алған күннен бастап бір айдың ішінде есеп беру кездесулерінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін.

      12. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының есеп беруінің үлгілік нысандарын дайындауды және бекітуді;

      2) жыл сайын, 15 қаңтарға қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп берулер өткізу кестесін дайындауды және бекітуді;

      3) ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулеріне қатысуын;

      4) алып тасталды - ҚР Президентінің 24.02.2020 № 272 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      5) орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың ресми интернет-ресурстарында әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелердің қатарынан өз құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін тоқсан сайын өзектілендіре отырып орналастыруын;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша халықпен есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемаларды шешу жөніндегі шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 24.02.2020 № 272 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері және олардың орынбасарлары аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), қаладағы аудандар әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатыссын.

      14. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 615 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 44, 648-құжат);

      2) "Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы № 615 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу және "Елорданың, республикалық маңызы бар қаланың, облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың рейтингтері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 11 ақпандағы № 500 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 2 сәуірдегі № 776 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 25, 186-құжат).

      15. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады