Қазақстан Республикасы Президентінің "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 және "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) кейбір мәселелері туралы" 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № 447 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т.қараңыз.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 72-73-74, 534-құжат):

      1-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары бекітілсін.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімі, ротацияға жататын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдары осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбей ауысу тәртібімен орналасу қағидалары осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2) "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 31, 266-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ережеде:

      16-тармақта:

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын, оның ұйымдастырылуын, сондай-ақ тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындау;";

      25) және 26) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "25) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын әзірлеу және бекіту;

      26) сынақ мерзімінен өтпеген мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді қызметінен босатуды келісу;";

      мынадай мазмұндағы 30-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "30-1) құқық қорғау органдарымен келісу бойынша құқық қорғау органдары лауазымдарының санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын бекіту;";

      46) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "46) мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органдарға, халықаралық және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберу тәртібін әзірлеу;";

      48) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 56-1), 56-2) және 56-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "56-1) сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру және пайдалану тәртібін бекіту;

      56-2) мемлекеттік қызметшілерді, мемлекеттік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және өзге де азаматтарды тестілеу рәсімдерін техникалық қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет персоналы жөніндегі автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қолдап отыру және әкімшілендіру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оператордан сатып алу;

      56-3) мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізуге қажетті құжаттардың тізбесін әзірлеу және бекіту;";

      21-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды;";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы ережеде:

      16-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және үйлестіру, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту мәселелеріндегі қызметін үйлестіру;

      7-2) сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау және мемлекеттік және жеке секторлардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін айқындауға қажетті әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу;";

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру және оны Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну;";

      21-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттіктің, оның аумақтық органдарының қызметкерлерін (жұмыскерлерін) лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;".

      2. Осы Жарлықтың 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармағы 1) тармақшасының үшінші, төртінші және жетінші абзацтарын қоспағанда, осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 13 қарашадағы
№ 447 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 152 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын айқындайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) болып табылатын немесе асырауында қарт ата-аналары бар мемлекеттік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімі бойынша ғана жол беріледі.

      Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.

1. Жалпы ережелер

      3. Мемлекеттік қызметшіні ротациялауды мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам (орган) (бұдан әрі – уәкілетті адам) жүзеге асырады.

      4. Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқаруы кезеңінде оған Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беріледі. Бұл ретте мемлекеттік қызметшіге қызметтік тұрғын үй беру мүмкіндігі болмаған жағдайда басқа жерге ротациялау ұсынылмайды.

      Ротациялау мерзімі басталған кезде "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуіне үш немесе одан да аз жыл қалған мемлекеттік қызметшінің өтініші негізінде уәкілетті адамның осы қызметшіні ротациядан босату туралы актісі қабылданады.

      5. Ротация мынадай мақсаттарда жүргізіледі:

      1) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, облыстарды, республикалық маңызы бар қалаларды, астананы, облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалаларды, облыстық маңызы бар қалаларды, облыстардың аудандары мен қалалардағы аудандарды дамыту;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы;

      3) мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану;

      4) мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту және олардың басқару құзыреттерін жетілдіру.

      6. Ротация мынадай схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:

      1) деңгейаралық ("орталық – өңір", "өңір – орталық");

      2) өңіраралық ("өңір – өңір");

      3) сектораралық ("орталық – орталық").

      4) ішкі өңірлік (өңірдің шегінде).

2. Мемлекеттік саяси қызметшілерге және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне ротация жүргізу тәртібі

      7. Мемлекеттік саяси қызметшілер мен "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін (бұдан әрі – "А" корпусының қызметшілері) ротациялау:

      1) мемлекеттік саяси қызметшілерді (Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілерді және өкілеттік мерзімі Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында белгіленген мемлекеттік саяси қызметшілерді қоспағанда) бос немесе уақытша бос мемлекеттік саяси лауазымдарға;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін "А" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына;

      3) мемлекеттік саяси қызметшілер (Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілерді және өкілеттік мерзімі Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында белгіленген мемлекеттік саяси қызметшілерді қоспағанда) мен "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасында лауазымдық ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.

      8. Мемлекеттік саяси қызметшілер мен "А" корпусының қызметшілерін ротациялау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі уәкілетті адамға (органға) не тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне:

      1) осы Қағидалардың 12 және 14-тармақтарында көрсетілген ротациялау мерзімдері басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей, осы мемлекеттік органның ротацияға жататын мемлекеттік саяси қызметшілерінің және (немесе) "А" корпусы қызметшілерінің тізімін;

      2) өзге мемлекеттік органдардың ротациялау мерзімдері басталғанға дейін үш айдан аз уақыт қалған мемлекеттік саяси қызметшілерінің және (немесе) "А" корпусы қызметшілерінің тізімін енгізеді. Бұл тізімді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне жазбаша сұрау салу бойынша береді.

      9. Қызметшіні ротациялау жоспарланған мемлекеттік органның бірінші басшысы не қызметшіні ротациялау жоспарланған тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген мемлекеттік саяси қызметшіні ротациялау мерзімі басталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін немесе осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген "А" корпусы қызметшісінің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне мемлекеттік саяси қызметшіні немесе "А" корпусының қызметшісін ротациялау туралы ұсыныс енгізеді.

      Егер мемлекеттік саяси лауазымға немесе "А" корпусының лауазымына ротация тәртібімен басқа мемлекеттік органнан мемлекеттік саяси қызметшіні немесе "А" корпусының қызметшісін тағайындау жүзеге асырылатын жағдайда, қызметшіні тағайындау туралы ұсыныста ротациялауды қызметшінің ағымдағы жұмыс орны бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысымен келіскені туралы ақпарат көрсетіледі.

      10. Ротациялау шеңберінде:

      1) мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау – осы Қағидалардың 12-тармағында белгіленген мемлекеттік саяси қызметшіні ротациялау мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде;

      2) "А" корпусының қызметшілерін тағайындау – "А" корпусы қызметшісінің өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.

      11. Мемлекеттік саяси қызметшіні немесе "А" корпусының қызметшісін ротациялау не өкілеттігін тоқтату туралы шешім болмаған жағдайда, олар тиісті шешім қабылданға дейін атқаратын лауазымдарында жұмысын жалғастыра береді.

      12. Мемлекеттік саяси қызметшілерді ротациялау оны соңғы атқаратын лауазымына тағайындаған күннен бастап әрбір төрт жыл сайын жүргізіледі. Бұл ретте мемлекеттік орган ұйымдастырылғаннан, құрылым өзгергеннен не лауазымдар қайта аталғаннан кейін мемлекеттік саяси қызметшілер бұрын атқарған лауазымдарына тең дәрежелі лауазымдарға қайта тағайындалған кезде көрсетілген мерзім қайта жаңартылмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ротация жүргізу мерзіміне мемлекеттік саяси қызметшінің әлеуметтік демалысқа шығуына немесе еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған кезеңі қосылмайды.

      Уәкілетті адамның (органның) шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Осы мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі. Бұл ретте мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болуының барынша жол берілетін мерзімі сегіз жылдан аспауға тиіс.

      13. "А" корпусының қызметшілерін ротациялау олар "А" корпусының лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сай болған жағдайда жүргізіледі.

      14. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Президентінің актілерінде өзге мерзім белгіленбесе, "А" корпусы қызметшісінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.

      Уәкілетті адамның (органның) шешімі бойынша "А" корпусы қызметшісінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Осы "А" корпусы қызметшісінің атқаратын лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі. Бұл ретте "А" корпусы қызметшісінің атқаратын лауазымында болуының барынша жол берілетін мерзімі сегіз жылдан аспауға тиіс.

3. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінеротация жүргізу тәртібі

      15. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін (бұдан әрі – "Б" корпусының қызметшілері) ротациялау:

      1) мемлекеттік орган ішіндегі, оның ведомстволарын, осы мемлекеттік органның және оның ведомстволарының аумақтық органдарын қоса алғанда, С-1, С-О-1 санаттарына жататын қызметшілер;

      2) тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астана шегінде не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың арасында D-O-1 санатына жататын қызметшілер арасында жүргізіледі.

      16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген "Б" корпусының қызметшілерін ротациялау әрбір үш жыл сайын жүргізіледі. Бұл ретте мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылғаннан, құрылым өзгергеннен не лауазымдар қайта аталғаннан кейін "Б" корпусының қызметшілері бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес бұрын атқарған лауазымдарына тең дәрежелі лауазымдарға қайта тағайындалған кезде көрсетілген мерзім қайта жаңартылмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ротация жүргізу мерзіміне "Б" корпусы қызметшісінің әлеуметтік демалысқа шығуына немесе еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған кезеңі қосылмайды.

      "Б" корпусының қызметшісі ротациядан жазбаша бас тартқан жағдайда, оның осы лауазымда болу мерзімі уәкілетті адамның актісімен тағы үш жылға ұзартылуы мүмкін не "Б" корпусының қызметшісі атқаратын лауазымынан босатылуы не ол келіскен жағдайда лауазымынан төмендетілуі мүмкін. Осы "Б" корпусы қызметшісінің атқаратын лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі, бұл мерзім өткен соң "Б" корпусының қызметшісі міндетті түрде ротацияға жатады. Бұл ретте "Б" корпусы қызметшісінің атқаратын лауазымында болуының барынша жол берілетін мерзімі сегіз жылдан аспауға тиіс.

      17. Персоналды басқару қызметі немесе персоналды басқарудың бірыңғай кадр қызметі ротациялау мерзімі басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей ротацияға жататын "Б" корпусы әкімшілік қызметшілерінің тізімін қалыптастырады және оны уәкілетті адамның қарауына енгізеді.

      18. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген "Б" корпусының қызметшілерін ротациялау уәкілетті адамның актісімен жүргізіледі.

      D-O-1 санатындағы "Б" корпусының қызметшілерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегінен тыс жерлерге ротациялау кезінде "Б" корпусының қызметшісі ротацияланатын жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша ротациялау туралы актіні қабылдайды.

      Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган "Б" корпусының қызметшісі белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмеген, осы Қағидалардың талаптары сақталмаған жағдайда, сондай-ақ, егер ротацияға жататын қызметші соңғы жыл ішінде ротация ұсынылған жердегі мемлекеттік органның басшысы болып табылатын адамның тікелей басшылығымен жұмыс істеген жағдайда, келісуден бас тартады.

      19. Соңғы үш жылдан аз емес уақыт бойы С-2, С-3, С-О-2, С-О-3, C-R-1, C-R-2, C-R-3, D-O-2, D-1, D-2, D-3, Е-1, E-R-1 санаттарының басшы лауазымдарын атқаратын, оның ішінде әртүрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін "Б" корпусы қызметшілерінің арасында, осы "Б" корпусы қызметшілерінің өзара келісімі болғанда уәкілетті адамдардың актілерімен ротация жүргізуге жол беріледі. Бұл ретте тиісті бағыттар бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау және "Б" корпусы қызметшісінің қызметін бағалау нәтижелері ескеріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ротацияға тек әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерде жұмыс істейтін "Б" корпусы қызметшілерінің арасында ғана жол беріледі.

      20. Ротациялау шеңберінде "Б" корпусының қызметшілерін тағайындау осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген "Б" корпусы қызметшілерін ротациялау мерзімі басталғаннан кейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте уәкілетті адам "Б" корпусының қызметшісін алдағы ротациялау туралы күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді. Осы мерзім өткеннен кейін уәкілетті адамның ротацияға жататын "Б" корпусының қызметшісін лауазымға тағайындау туралы тиісті актісі шығарылады.

      Егер "Б" корпусының қызметшісі ротация тәртібімен үміттеніп отырған лауазым ротация жүргізу кезінде бос болмаса, онда "Б" корпусының қызметшісі көрсетілген лауазым босағанға дейін атқарып отырған лауазымында жұмысын жалғастыра береді.

4. Өтпелі ережелер

      21. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген, 2021 жылғы 1 қаңтарда лауазымды атқарып отырғанына сегіз және одан да көп жыл болған мемлекеттік саяси қызметшілер, "А" корпусының қызметшілері, "Б" корпусының қызметшілері міндетті түрде ротациялауға жатады. Көрсетілген қызметшілерді ротациялау осы Қағидалар қолданысқа енгізілген кезден бастап үш ай ішінде жүзеге асырылады.

      22. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген, 2021 жылғы 1 қаңтарда лауазымды атқарып отырғанына алты жылдан сегіз жылға дейін болған мемлекеттік саяси қызметшілердің, "А" корпусы қызметшілерінің, "Б" корпусы қызметшілерінің лауазымда болу мерзімдерін олардың атқаратын лауазымында болуының барынша жол берілетін мерзімнен аспайтын мерзімге ұзартуға Ұлттық комиссияның шешімімен жол беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы 13 қарашадағы
№ 447 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 152 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары

      1. Осы "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу тәртібін айқындайды.

      2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңында белгіленген жағдайлардан бөлек, мемлекеттік лауазымға ауысу тәртібімен орналасу:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары аппараттарының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, сондай-ақ осы мемлекеттік органдардан басқа мемлекеттік органдарға;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдардың ішінде;

      3) мемлекеттік органдардың ішінде тең дәрежелі лауазымға;

      4) мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл келесі төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, мемлекеттік органдардың ішінде жоғары тұрған лауазымға жүзеге асырылуы мүмкін.

      3. Мемлекеттік қызметшіде қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, оның "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуына жол берiлмейдi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады