Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 520 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасының Конституциясы 45-бабының 1-тармағына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекет қызметінің инклюзивті платформасын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының әрбір азаматының әл-ауқатын арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған мынадай жалпыұлттық басымдықтары (бұдан әрі - Жалпыұлттық басымдықтар) айқындалсын:

      1-бағыт. "Азаматтардың әл-ауқаты":

      1) "Әділ әлеуметтік саясат";

      2) "Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі";

      3) "Сапалы білім";

      2-бағыт. "Институттардың сапасы":

      4) "Азаматтардың мүдделерін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет";

      5) "Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі";

      6) "Патриотизм құндылықтарын дәріптеу";

      7) "Ұлттық қауіпсіздікті нығайту";

      3-бағыт. "Қуатты экономика":

      8) "Әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру";

      9) "Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту";

      10) "Теңгерімді аумақтық даму".

      2. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жалпыұлттық басымдықтарға қол жеткізуді сипаттайтын мынадай нысаналы көрсеткіштер белгіленсін:

      1-бағыт бойынша. "Азаматтардың әл-ауқаты":

      "Әділ әлеуметтік саясат" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      1) халықтың нақты ақшалай кірістерінің 2019 жылғы деңгейден кемінде 27 %-ға өсуі;

      2) жалпы кірістері ең аз қамтамасыз етілген 40% халықтың кірістері үлесінің 27 %-ға дейін ұлғаюы;

      "Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      3) күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін көтеру;

      "Сапалы білім" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      4) Оқушылардың білімдегі жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламасында (Programme for International Student Assessment-2026) 15 жастағы қазақстандық оқушылардың қол жеткізетін нәтижелері: математикадан - 480 балл, оқылымнан - 450 балл, жаратылыстанудан - 490 балл;

      5) Куакарелли Саймондс ((Quacguarelli Symonds World University) топ-200 Университеттердің әлемдік рейтингінде кемінде қазақстандық 3 жоғары оқу орнының болуы;

      2-бағыт бойынша. "Институттардың сапасы":

      "Азаматтардың мүдделерін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      6) Дүниежүзілік торелік жобасының (World Justice Project) Заңның үстемдігі индексі бойынша кемінде 0,56 балға қол жеткізу;

      7) Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде "Институттар" санаты бойынша 50-орыннан төмен болмайтындай қол жеткізу;

      8) Дүниежүзілік банктің Халықтың пікірін ескеру және мемлекеттік органдардың есептілігі индексі бойынша кем дегенде 50 процентильге қол жеткізу;

      "Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      9) Дүниежүзілік банктің Мемлекетті басқарудың тиімділігі индексі бойынша кемінде 74 процентильге қол жеткізу;

      10) Трансперенси Интернешнлдің (Тrаnsparency International) Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 45 балл багасына қол жеткізу;

      "Патриотизм құндылықтарын дәріптеу" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      11) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына сәйкес іске асырылатын Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар негізінде айқындалатын, халықтың өз елі үшін мақтаныш сезімінен және оның өркендеуіне жәрдемдесуге деген тілегінен туындайтын (тарихи мұра, мәдениеттің дамуы, спорттағы жетістіктер, халықаралық беделі және т.б.), елде іске асырылып жатқан саясатқа қанағаттануы деңгейінің жыл сайынғы артуы;

      "Ұлттық қауіпсіздікті нығайту" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      12) Дүниежүзілік банктің Саяси тұрақтылық және зорлық-зомбылықтың/терроризмнің болмауы индексі бойынша кемінде 50 процентильге қол жеткізу;

      3-бағыт бойынша. "Қуатты экономика":

      "Әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      13) жалпы қосылған құн көлемін экономиканың шикізаттық емес секторында - 89 трлн теңгеден, ал өңдеу өнеркәсібінде - 15 трлн теңгеден асыруға жеткізу;

      14) Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде "Инновациялық әлеует" көрсеткіші бойынша 70-орыннан төмен болмайтындай қол жеткізу;

      "Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту" жалпыұлттық басымдығы аясында:

      15) тауарлардың және қызметтердің шикізаттық емес экспорты көлемін 41 млрд АҚШ долларынан асыруға жеткізу;

      16) тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынын 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу;

      "Теңгерімді аумақтық даму" жалпыұлттық басымдығы шеңберінде:

      17) Жалпы өңірлік өнім бойынша өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы даму алшақтығын 2,7-ге дейін қысқарту;

      18) жергілікті атқарушы органдар қызметінің сапасына халықтың қанағаттануы деңгейінің 80 %-ға дейін артуы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына сәйкес іске асырылатын Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар негізінде айқындалады).

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Жалпыұлттық басымдықтардың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын Жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес келтіруді қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар кезекті жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының бюджетін жыл сайын қалыптастыру және нақтылау кезінде Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға бюджет қаражатын басым тәртіппен бөлуді көздесін.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады