"Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесін кұру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 9 маусымағы № 598 Жарлығы.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесін құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі туралы ережеде:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Халықаралық ұйымдардың және шетелдік компаниялардың, олар ұсынған үміткерлердің Қазақстан Республикасының экономикасына жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейтін инвесторлар үшін кемінде 500 миллион АҚШ долларына және экономиканың өзге де секторларындағы инвесторлар үшін кемінде 125 миллион АҚШ долларына баламалы сомада тікелей инвестициялар салуы Кеңестің мүшелігіне қабылдану үшін негізгі өлшем болып табылады.

      Қазақстан Республикасының экономикасында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және инвестициялық процестерді жандандыру жөніндегі жұмысқа белсенді қатысатын халықаралық және өзге де ұйымдардың, банктердің өкілдері де Кеңестің мүшелері бола алады.

      Алайда, үміткерлерге алдымен Комиссияның шешімі бойынша Кеңестің байқаушысы мәртебесі беріледі.";

      14-тармақ алып тасталсын;

      15, 16, 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Жұмыс органы өтінімдерді олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен қарайды және олар осы Ереженің 13-тармағында белгіленген өлшемдерге сай келген жағдайда, Комиссияның қарауына шығарылады.

      16. Егер Кеңестің жұмыс органының ұсынымына сәйкес үміткер осы Ереженің 13-тармағында белгіленген өлшемдерді қанағаттандырмаса, бірақ қызметін экономиканың басым секторында жүзеге асырса, үміткердің өтінімі төменде келтірілген шарттардың кемінде 6-ына сәйкес болған жағдайда, Кеңес байқаушыларының құрамына қосу үшін Комиссияның қарауына енгізілуі мүмкін:

      1) Қазақстан Республикасында кемінде 3 жыл инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

      2) жетпіс пайызын қазақстандық қызметкерлер атқаруға тиіс жаңа жұмыс орындарын құру;

      3) әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосу (қазақстандық мамандарды оқыту, тең еңбек шарттарын жасау, Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысу, Қазақстан Республикасында "экологиялық таза жобаларды" іске асыру, Қазақстан Республикасының инвестициялық беделін арттыру жөніндегі жұмысқа қатысу);

      4) Қазақстан Республикасының аумағында экспортқа бағдарланған өнім өндіру;

      5) Қазақстан Республикасына технологиялар импорттау;

      6) Қазақстан Республикасы экономикасының даму әлеуеттеріне сәйкес келу;

      7) нарықта және сапада көшбасшы болу, халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары рейтингтеріне ие болу;

      8) қазақстандық және шетелдік өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтардың, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің ұсынымдарының болуы;

      9) халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның тәжірибесі мен іскерлік беделінің болуы.

      17. Комиссия шешімі оң болған жағдайда, компанияның мәртебесін екі жылдан соң қайта қарау және Комиссияның оң шешімі болған жағдайда оны шетелдік тараптан Кеңестің құрамына енгізу мүмкіндігімен үміткер Кеңес байқаушыларының құрамына енгізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Кеңес Төрағасының шешімі бойынша үміткер Кеңес құрамына байқаушы мәртебесі берілмей енгізілуі мүмкін.";

      19, 20, 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Комиссия қазақстандық тараптан алты өкілден және шетелдік тараптан алты өкілден тұрады.

      Қазақстандық тараптан лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі (Комиссия төрағасы), Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Әділет, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері бірінші басшыларының орынбасарлары, Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы (Комиссия хатшысы) Комиссия мүшелері болып табылады.

      20. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      21. Комиссия Қазақстан Республикасының Президентіне шетелдік тараптан Кеңестің құрамы және Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар тұжырымдайды, осы Ереженің 6-тарауында айқындалған тәртіппен Кеңес байқаушыларының құрамын бекітеді, Кеңес мақсаттары үшін Кеңес мүшелерінің және оларға тиісті компаниялардың қызметін бағалауды жүзеге асырады.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Байқаушылар Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына, тақырыптық кездесулеріне, жұмыс топтарына және Кеңес Төрағасының қосымша кездесулеріне қатыса алады, сондай-ақ жұмыс органымен келісім бойынша баяндама жасай алады.";

      29, 30, 31-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Кеңеске Кеңестің жалпы отырыстарының хаттамалық тапсырмаларын орындау, инвестициялық саясатты жетілдіру, Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсарту, жергілікті қамтуды дамыту, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы және Қазақстанға инвестицияларды жүзеге асыратын компаниялардың операциялық қызметі мәселелерінде шетелдік инвесторларға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасы экономикасының цифрлық саласын дамыту бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Комиссияның шешімдерімен Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      30. Барлығы Кеңестің бесеуден аспайтын бірлескен тұрақты жұмыс тобы құрылуы мүмкін.

      31. Бірлескен жұмыс топтары туралы ережелерді, қазақстандық және шетелдік тараптардан құрамдарды, жылдық жұмыс жоспарлары мен есептерді тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.";

      мынадай мазмұндағы 31-1-тармақпен толықтырылсын:

      "31-1. Экономиканың қандай да бір саласында шетелдік инвесторлардың ұсынымдарын пысықтау және мәселелерін жедел түрде шешу мақсатында Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, сондай-ақ Кеңес Төрағасының тақырыптық және қосымша кездесулерінің қорытындысы бойынша Кеңестің бірлескен уақытша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Кеңестің бірлескен уақытша жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен немесе осы жұмыс тобының қызметіне байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрлік басшысының шешімі бойынша құрылады.";

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының қызметіне жалпы басшылықты қазақстандық және шетелдік тараптардан тең төрағалар жүзеге асырады.

      Осы жұмыс тобының қызметіне байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрліктің бірінші басшысы деңгейіндегі лауазымды адам бірлескен тұрақты жұмыс тобының қазақстандық тараптан тең төрағасы бола алады.

      Басшыларының бірі Кеңес мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның қазақстандық өкілдігінің басшысы бірлескен тұрақты жұмыс тобының шетелдік тараптан тең төрағасы бола алады.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Жұмыс топтары Кеңеске ұсынымдар тұжырымдайды, олар алдын ала Кеңестің аралық отырыстарында талқыланады, Кеңестің жалпы отырыстарында қаралады және олардың хаттамаларымен бекітіледі.";

      36, 37, 38-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Кеңестің жалпы отырыстары жылына бір рет, маусымның әр екінші бейсенбісінде өткізіледі. Бұл ретте, Кеңес Төрағасы оның басқа өткізу күнін белгілеуі мүмкін.

      Қажет болған кезде Кеңес Төрағасы Кеңеске мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың басшыларымен қосымша жұмыс кездесулерін, оның ішінде бейнеконференцбайланыс арқылы өткізеді.

      37. Жалпы отырыстың негізгі тақырыбы мен өткізілетін орнын Кеңес Төрағасы айқындайды.

      38. Кеңестің жалпы отырысы мынадай 2 сессиядан тұрады:

      1) ашық сессия - бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізіледі, оның барысында Кеңестің алдыңғы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есеп, отырыстың негізгі тақырыбы және Кеңестің жұмыс топтарының жыл бойы тұжырымдалған ұсынымдары туралы қорытынды баяндама талқыланады;

      2) жабық сессия - бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз өткізіледі және Кеңес мүшелерінің түрлі мәселелерді еркін талқылауын көздейді.";

      40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Кеңестің жалпы отырыстары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен Кеңестің аралық отырысы өткізіледі.

      Қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңеске мүше жергілікті компаниялардың басшыларымен қосымша тақырыптық кездесулер өткізеді.

      41. Кеңестің аралық отырысына, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулеріне Кеңестің мүшелері және байқаушылары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басшылары, Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары, сондай-ақ Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілдері қатыса алады.

      42. Кеңестің аралық отырыстарында Кеңестің соңғы жалпы отырысының хаттамалық шешімдерін орындаудың алдын ала нәтижелері, Кеңестің жалпы отырыстарына дайындық барысы, Кеңестің жұмыс топтары тұжырымдаған ұсынымдар талқыланады.

      Кеңестің тақырыптық кездесулерінде шетелдік инвесторлардың ағымдағы проблемалары, кездесу тақырыбы бойынша Кеңестің жұмыс топтары тұжырымдаған ұсынымдар талқыланады.

      43. Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары аталған ұсынымдарды мәлімдейді және талқылау қорытындысы бойынша олар Кеңестің аралық отырысы мен тақырыптық кездесуінің хаттамасын дайындау кезінде ескеріледі.

      44. Қажет болған кезде Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына, тақырыптық кездесулері мен Кеңес Төрағасының қосымша кездесулеріне Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Кеңестің құрамына кірмейтін халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

      45. Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулерінің қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді.

      46. Кеңестің жұмыс органы Кеңестің жалпы отырысы немесе оның төрағасының қосымша кездесуі өткізілген күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген Кеңестің жалпы отырысы және Кеңес Төрағасының қосымша кездесулері хаттамасының жобасын енгізеді, оған тапсырмаларды орындауды бақылаудың бекітілуі қоса беріледі.

      47. Кеңестің органы Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, тақырыптық кездесулерінің, сондай-ақ оның төрағасының қосымша кездесулерінің хаттамасы мен оларға қосымшаларды отырысқа қатысушыларға оған қол қойылған кезден бастап бір ай ішінде таратуды қамтамасыз етеді.

      48. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңестің, Кеңестің бірлескен жұмыс топтары мен Комиссияның құрамдары бойынша ұсынымдар дайындау және Комиссияның қарауына енгізу;

      2) Кеңестің жалпы және аралық отырыстарын, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулерін ұйымдастыру және өткізу;

      3) бірлескен жұмыс топтарының қызметін үйлестіру;

      4) Кеңестің, оның бірлескен жұмыс топтарының және Комиссияның хаттамалық шешімдерін орындау мониторингін жүргізу жөніндегі функцияларды орындайды.";

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі туралы ережеге қосымшада:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызметінің мерзімін көрсете отырып, Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуы туралы ақпарат.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қазақстандық қызметкерлердің компания қызметкерлерінің жалпы санына проценттік арақатынасын көрсете отырып, олардың саны және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар.".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады