Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі № 625 Жарлығы.

      "Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 19 шілдедегі
№ 625 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары

1. Кіріспе

      Осы құжатта Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) саласындағы мемлекеттік саясатының 2021 – 2025 жылдарға арналған негізгі бағыттары айқындалады.

      ҚР-дың ДРК саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары әріптес-елдердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу, Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілету, оның халықаралық позицияларын және шетелде оң қабылдануын күшейту мақсатында әзірленді.

      Құжатта ДРК-ні жүзеге асыру қағидаттары, оның секторлық және географиялық басымдықтары, оны жоспарлау мен әкімшілендіру, сондай-ақ ДРК-ның тетіктері мен нысандары келтіріледі.

      ҚР-дың ДРК саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығында айқындалған және атап айтқанда, әділ әлеуметтік саясатты, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуды, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамытуды көздейтін мемлекетіміздің 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарына сәйкес келеді.

      Құжат "Қазақстан – 2050" Стратегиясына, "Ұлт жоспары – 100 нақты қадамға", Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына және басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарға сәйкес Қазақстанның жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге бейілділігін бекітеді.

      Ұлттық ДРК жүйесін институцияландыру үшін 2020 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне (бұдан әрі – СІМ) ведомстволық бағынысты ұйым болып табылатын ДРК саласындағы оператор – "KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігі (бұдан әрі – "KazAID" агенттігі) құрылды.

      Осылайша, Қазақстан халықаралық дамуға жүйелі негізде жәрдемдесу үшін дәстүрлі және жаңа донор елдердің күш-жігеріне қосылу жолында маңызды қадам жасады. Бұл қадамның мәні оның халықаралық және өңірлік даму сын-қатерлерінің спектрі кеңейген уақытта, дәстүрлі донорлардың бюджеттері қысқарған кезеңде жасалғанымен күшейе түседі.

      Жалпы, Қазақстанның ДРК саласындағы қызметі мемлекеттің жаңа сыртқы саяси векторы – "гуманитарлық дипломатияның" құрамдас элементі, оның бейбітшілікті, тұрақтылықты, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне қосқан практикалық үлесі болып табылады.

2. Өңірлік және жаһандық дамудың ағымдағы сын-қатерлері

      Жаһандық экономикалық және қаржылық, оның ішінде COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыстың салдарынан көптеген елдер әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне, халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуіне және жұмыс орындарын жоғалтуға тап болды. Бұл ішкі саяси шиеленістің артуына және мемлекетаралық қақтығыстардың асқынуына, ұйымдасқан қылмыскерлік, халықаралық терроризм, заңсыз көші-қон және халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін басқа да бірқатар құбылыстар сияқты қауіп-қатерлердің күшеюіне әкеп соқтырды.

      Дүниежүзілік Банктің бағалауынша, постковидтік кезеңде әлемдік экономиканың өсуі шамамен бес рет баяулайды, бұл 2009 жылғы жаһандық қаржы дағдарысының кезіне қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұл ретте, барлық елдердің 90%-і келесі үш жылда халықтың жан басына шаққандағы нақты ЖІӨ-нің теріс өсімін бастан кешеді.

      Әлемдік экономикадағы рецессия, жаһандық тепе-теңсіздіктердің тереңдеуі Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) 2015 жылы қабылдаған Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыруға келеңсіз әсер етті.

3. Қазақстан Республикасының халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысу мақсаттары

      Қазақстан Республикасының халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысу мақсаттары:

      Қазақстанның өңірлік және халықаралық байланыстар жүйесіне одан әрі интеграциялануы;

      Қазақстан Республикасының даму стратегиялары мен бағдарламаларын табысты іске асыруға қолайлы сыртқы жағдайлар жасау;

      бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту;

      әріптес-елдердің БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің мақсаттарын іске асыруына жәрдемдесу болып табылады.

4. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің қағидаттары

      Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы саясаты мынадай:

      ұлттық заңнамаға, халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасының мүдделеріне сәйкес келу;

      әріптес-елдердің егемендігін құрметтеу, ұлттық мүдделері мен заңнамасын ескеру;

      халықаралық стандарттарға сәйкес ДРК-ні ұсыну және пайдалану туралы шешімдер қабылдау процесінің ашық және есепті болуы;

      көмек көрсетудің өлшенетін нәтижелеріне бағдарлану, ДРК жобаларының әлеуметтік және экологиялық салдарларын есепке алу қағидаттары негізге алына отырып жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы ДРК саласындағы саясатты іске асыра отырып, БҰҰ Жарғысында (1945 жыл), Сыртқы көмектің тиімділігін арттыру жөніндегі Париж декларациясында (2005 жыл), Аккра іс-қимыл бағдарламасында
(2008 жыл), Пусан қорытынды құжатында (2011 жыл) және БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде белгіленген даму саласындағы ынтымақтастықтың халықаралық нормалары мен қағидаттарын да басшылыққа алады.

5. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің секторлық және географиялық басымдықтары

      ДРК-нің секторлық басымдықтары "Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және ҚР-дың ДРК саласындағы мемлекеттік саясатының осы негізгі бағыттарында айқындалады.

      Секторлық басымдықтар әріптес-елдермен дәстүрлі қалыптасқан қатынастарды, олардың күтетін қажеттіліктерін ескереді және Қазақстан Республикасының салыстырмалы артықшылықтары, арнаулы білімі, тәжірибесі мен технологиялары бар салаларды қамтиды. Секторлық басымдықтарды айқындау кезінде даму саласындағы халықаралық күн тәртібінің заманауи үрдістері де ескеріледі.

      Өңірлік және жаһандық дамудың ағымдағы сын-қатерлерін ескере отырып, сондай-ақ Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының даму саласындағы қызметі әріптес-елдердің мынадай секторларына шоғырланатын болады:

      білім беру;

      денсаулық сақтау және санитария;

      қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес;

      табиғи ресурстарды ұтымды басқару, сумен жабдықтау;

      цифрландыру;

      ауыл шаруашылығы;

      гендерлік теңдік;

      кәсіпкерлікті қолдау;

      тиімді мемлекеттік басқару;

      Заңда айқындалатын өзге де бағыттар.

      Халықаралық қоғамдастықтың жалпы басымдықтарын көрсететін секторлық басымдықтар басқа донорлармен күш-жігерді үйлестіру және еңбек бөлінісі ескеріле отырып айқындалады. Әрбір сектордағы жобалар синергетикалық және мультипликативтік әсерді қамтамасыз ету үшін барынша өзара байланысты болуға тиіс.

      Жекелеген секторларға қатысты түрлі тәсілдер, оның ішінде, атап айтқанда халықаралық ұйымдар арқылы қаржылық салымдар мен жұмыс арқылы көпжақты өзара іс-қимыл нысанында көмек көрсету пайдаланылуы мүмкін.

      Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан Ислам Республикасы ДРК көрсетудің географиялық басымдықтары фокусында болады.

      Бұл ретте, ұлттық ДРК жүйесінің даму шамасына қарай Қазақстан Республикасының қызметі де келешекте әлемнің басқа өңірлеріне бағдарлануы мүмкін.

6. Дамуға ресми көмек жобаларын жоспарлау және басқару

6.1. Көмек көлемдерін жоспарлау және даму мақсаттарына арналған қаржыландыру

      СІМ ДРК саласындағы уәкілетті орган ретінде ДРК іс-шараларының жоспарын, сондай-ақ Халықаралық ұйымдарға ДРК мақсаттарына ерікті жарналарды төлеу жоспарын бекітеді және оларды іске асыруды жүзеге асырады.

      ДРК шеңберінде ұсынылатын көмек көлемдерін жоспарлауды СІМ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 6 ақпандағы № 11-1-2/42 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ДРК саласындағы өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдардан түсетін жобалық ұсыныстар негізінде жүзеге асыратын болады.

      СІМ халықаралық донор ұйымдармен ынтымақтастық шеңберінде
оларға жобалық ұсыныстардың тізімін қаржыландыруға қатысу мүмкіндігін қарау үшін жібереді.

6.2. Жобаларды басқару жүйесі

      Қазақстан Республикасының ДРК жүйесі ДРК саласындағы, атап айтқанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Дамуға жәрдемдесу комитеті (бұдан әрі – ЭЫДҰ ДЖК) пайдаланатын халықаралық озық практика мен рәсімдерді басшылыққа ала отырып, тиімді және нәтижеге бағдарланған басқарудың жалпыға бірдей қабылданған стандарттары негізінде әрекет ететін болады.

      ДРК жобаларын тиімді басқару үшін жобалық циклді басқару жүйесі пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, "KazAID" агенттігі екіжақты даму жобалары үшін ДРК саласындағы жобалық циклді басқару жөніндегі басшылықты әзірлейді. Басшылықта:

      жобалық циклдің әрбір кезеңі;

      жобалық циклдің барлық кезеңіндегі қадамдар, оның ішінде жобаларды бағдарламалау, айқындау, тұжырымдау, іске асыру және бағалау;

      жекелеген қатысушылар орындауға тиіс рәсімдер;

      жобаларда пайдаланылатын құжаттарға қойылатын талаптар сипатталатын болады.

6.3. Дамуға ресми көмек жобаларының тиімділігін мониторингтеу және бағалау

      Жобалар мен бағдарламаларды бағалай отырып, дәйекті шолу және мониторингтеу ДРК жобаларын басқаруға және оларды тиімді ұйымдастыру бойынша білікті шешімдерді қабылдауға арналған негізгі құралдар болып табылады. Мониторингтеу және бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының даму саласындағы қызметінің сапасын арттыру, әріптес- елдермен, сондай-ақ жұртшылықпен ынтымақтастықтың өзара жауапкершілігі мен ашықтығын күшейту үшін пайдаланылуға тиіс.

      СІМ ДРК жобаларының мониторингін шет елдердегі мекемелердің, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының және ДРК саласындағы оператордың көмегімен жүзеге асыратын болады.

      Бағалау Қазақстан Республикасының ДРК жүйесінің өзіндік ерекшелігіне бейімделген халықаралық стандартталған әдістер негізінде жүргізіледі. Даму саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық құрылымы шеңберінде бағалау жүргізу үшін негізгі жауапкершілік СІМ-ге жүктеледі.

7. Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмегінің тетіктері, нысандары және жобалары

      ДРК екіжақты негізде де, көпжақты ынтымақтастық шеңберінде де көрсетілетін болады.

      Сонымен қатар, әріптес-елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жекеше инвестициялардың тигізетін әсерін және қазіргі халықаралық үрдістерді ескере отырып, жекеше секторды дамуға көмек көрсету жөніндегі қызметке тарту орынды.

      ДРК Заңның 12-бабында көрсетілген нысандарда жүзеге асырылады.

      ДРК жобалары семинарлар мен консультациялар өткізу, ноу-хау беру, экономиканың басым секторларында инфрақұрылымдық объектілердің жаңаларын салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және әріптес-елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған басқа да іс-шаралар арқылы техникалық көмек түрінде іске асырылады.

8. Ашықтық және есептілік

      ДРК саласында көрсетілетін көмектің ашықтығы пен есептілігі ЭЫДҰ стандарттарына және Заңның ережелеріне сәйкес қамтамасыз етілетін болады.

      СІМ халықаралық даму мақсаттарына арналған мемлекеттік шығыстар бойынша жыл сайынғы егжей-тегжейлі есептерді СІМ-нің сайтында жариялайды және ЭЫДҰ ДЖК-ға кейіннен жариялау мақсатында ақпарат беретін болады. Есептілік пен ашықтық әріптес-елдерден де күтіледі.

      СІМ Қазақстан Республикасының Үкіметіне ДРК саласындағы жобалардың іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы негізде есеп ұсынатын болады. "KazAID" агенттігі және тиісті министрліктер СІМ-нің сұрау салуы бойынша оған есептер ұсынатын болады.

      Қазақстан Республикасының ДРК саласындағы қызметі басқа ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнестің, ғылыми топтардың, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен жария талқылау үшін ашық болып табылады.

      Дамуға көмек туралы барлық тиісті ақпарат ДРК саласындағы оператор әкімшілік ететін, ДРК мәселелеріне арналған арнаулы веб-сайтта жарияланатын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады