Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 964 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 20 шілдедегі
№ 964 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі "Уағдаласушы мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы

      қылмыскерлікке қарсы күресте ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуды қалай отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Негізгі ережелер

      1. Осы Шарттың ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Уағдаласушы мемлекеттер көмекке жүгінген кезде жазасы Сұрау салушы мемлекеттің юрисдикциясына кіретін құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстық істер бойынша бір-біріне барынша кең құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.

      2. Мұндай құқықтық көмек:

      a) құжаттарды, шақыру қағаздарын және нәрселерді беруді және табыс етуді;

      b) адамның жеке басын анықтауды, оның және нәрселердің тұрған жерін айқындауды;

      c) бейнеконференцбайланыс бойынша айғақтарды қоса алғанда, айғақтар мен арыздар алуды;

      d) тінтуді жүзеге асыруды, дәлелдемелер алуды және тәркілеуді;

      e) құжаттарға немесе нәрселерге сараптама жүргізуді;

      f) ақпарат және дәлелдемелер алмасуды;

      g) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген кез келген басқа да көмек нысандарын қамтиды.

      3. Осы Шарт адамдарды қамаққа алуға, адамдарды ұстап беруге, сотталған адамдарды беруге, үкімдерді орындауға қатысты қолданылмайды.

2-бап

Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы мемлекеттер айқындаған орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы үшін:

      Жоғарғы Сот - сот ісін жүргізу кезіндегі құқықтық көмек туралы сұрау салулар үшін;

      Бас прокуратура - құқықтық көмек туралы барлық басқа да сұрау салулар бойынша;

      Кипр Республикасы үшін - Әділет және қоғамдық тәртіп министрлігі Орталық органдар болып табылады.

      3. Уағдаласушы мемлекеттер орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабар береді.

3-бап

Құқықтық көмек туралы сұрау салулардың нысаны мен мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің ішкі рәсіміне сәйкес куәландырылуға және қол қойылуға тиіс.

      2. Көмек туралы сұрау салуда мыналар:

      a) қылмыстық істі жүргізетін құзыретті органның атауы;

      b) дәлелдемелердің, ақпараттың немесе басқа көмектің мақсаты мен сипаттамасы;

      c) ескіру мерзімдері туралы ережелерді қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерінен үзінді-көшірмелер;

      d) қажет болған жағдайларда, келу үшін шақырылған адамның құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер; және

      e) қажет болған жағдайларда, сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет лауазымды адамдар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      3. Мүмкіндігіне қарай сұрау салуда:

      a) құжаттар табыс етілуі қажет адамның жеке басы мен тұрған жері туралы ақпарат, оның процестік мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;

      b) айғақ беруге немесе талқылауда көмек көрсетуге тиіс адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат;

      c) болжамды тұрған жері анықталуға тиіс іздестіріліп жатқан адамның жеке басы, нәрселер немесе құжаттар туралы ақпарат;

      d) тінтілуге жататын орынның немесе адамның және алып қоюға немесе тәркіленуге жататын құралдардың барынша дәл сипаттамасы;

      e) кез келген айғақ немесе арыз қабылдануға және тіркелуге тиіс тәсілдің сипаттамасы;

      f) тыңдалатын адамға қойылуы қажет сұрақтар тізбесін қамтуы мүмкін сұрау салынған куәгерлік айғақтардың немесе мәлімдемелердің сипаттамасы;

      g) сұрау салуды орындау кезінде сақталуға тиіс нақты рәсімнің сипаттамасы;

      һ) құпиялылықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;

      і) сұрау салуды орындауға ықпал ету үшін Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке берілуі мүмкін кез келген басқа ақпарат та қамтылуға тиіс.

      4. Көмек туралы сұрау салулар факсті немесе электрондық поштаны қоса алғанда, жедел байланыс құралдарының көмегімен жіберілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасын попгга арқылы жіберу қажет. ІІІұғыл жағдайларда орталық органдар сұрау салуларды Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы бере алады.

4-бап

Тіл

      1. Сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.

      2. Сұрау салуларға қосымшаларымен бірге жауаптар Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің тілінде немесе ағылшын тілінде берілуі мүмкін.

5-бап

Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту

      1. Егер:

      a) осы Шартта көзделген құқықтық көмектің белгілі бір түрлерін орындау үшін талаптар сақталмаса;

      b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қатер төндірсе немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе;

      c) сұрау салу Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына қайшы келетін мәжбүрлеу шараларына қатысты болса;

      d) сұрау салу Сұрау салынатын мемлекет саяси қылмыс немесе саяси қылмысқа байланысты қылмыс деп санайтын қылмысқа қатысты болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салынатын құқықтық көмек көрсетуден толық не ішінара бас тарта алады.

      2. 1-баптың 2-тармағының (d) тармақшасына сәйкес мүлікті тінту немесе алып қою туралы сұрау салу жағдайында, егер оған қатысты қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қылмыс болып табылмаса, сұрау салудан бас тартылуы мүмкін.

      3. Салықтық құқық бұзушылықтарға қатысты алғанда Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің заңында дәл сондай салықтар немесе баждар белгіленбейді немесе Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің заңындағыдай түрдегі салықтар, баждар, кедендік алымдар және валюталық қағидалар қамтылмайды деген негізде сұрау салудан бас тартуға болмайды.

      4. Сұрау салуды орындаудан бас тартпас бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің орталық органы Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің орталық органымен көмек беру мүмкіндігі туралы консультация жүргізуге тиіс.

      5. Құқықтық көмек беруден кез келген бас тарту уәжді болуға тиіс.

6-бап

Сұрау салуларды орындау

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салуды орындауды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. Айрықша жағдайларда Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет, егер бұл Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көрсеткен тәртіппен әрекет ете алады.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет, егер мұндай орындау оның аумағында жүргізілетін ағымдағы қылмыстық процеске кедергі келтіретін болса, сұрау салуды орындауды кейінге қалдыра алады.

      3. Құқықтық көмек беруді кейінге қалдырмас бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетпен консультациялардан кейін оны толық немесе ішінара немесе өзі қажет деп санайтын жағдайларда орындай алатынын-алмайтынын шешеді.

      4. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру туралы шешім уәжді болуға тиіс және Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру себептері туралы хабарлауға тиіс.

      5. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет көмек туралы сұрау салуды мүмкіндігінше тезірек немесе егер бұл мүмкін болса, Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көрсеткен және негіздеген мерзімде орындауға тиіс.

7-бап

Құпиялылық

      1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттен, мұндай құпиялылық сұрау салуды орындаумен үйлеспейтін жағдайларды қоспағанда, сұрау салуға және оның мазмұнына қатысты кұпиялылықты сақтауды талап ете алады.

      Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет құпиялылықтың сақталуын қамтамасыз ете алмаса, ол бұл туралы құпиялылықты есепке алмай сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайтын Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетті дереу хабардар етеді.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттен сұрау салуды орындау кезінде алынған кез келген ақпаратты немесе дәлелдемені, сұрау салуда айтылғандарды қоспағанда, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің алдын ала келісімінсіз басқа рәсімдерде пайдаланбауды талап ете алады.

8-бап

Құжаттар мен шақыру қағаздарын табыс ету

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзіне осы мақсат үшін Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет берген құжаттар мен шақыру қағаздарын жеткізуді жүзеге асырады.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет құжаттарды табыс еткеннен кейін Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке жеткізу күнін, орнын және тәсілін, қажет болған жағдайда уақытын, сондай-ақ құжаттар жеткізіп берілген тұлға туралы мәліметтерді көрсете отырып, лауазымды адамның қолы және егер қолданылатындай болса, табыс етуді жүзеге асырған органның мөрі қойылған табыс ету туралы растауды ұсынуға тиіс. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетті бұл туралы дереу хабардар етеді және табыс етілмеу себептері туралы хабарлайды.

      3. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарына куәнің немесе сарапшының келуін талап ететін шақыру қағаздары белгіленген келу күніне дейін кемінде алпыс (60) тәулік бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке берілуге тиіс. Шұғыл жағдайларда Уағдаласушы мемлекеттер неғұрлым қысқа уақыт кезеңі туралы уағдаласа алады.

      4. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органына келмеген куәге немесе сарапшыға, тіпті шақыру қағазында келмеген жағдайдағы ықтимал жаза туралы хабарлама қамтылса да, кейіннен ол Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағына ерікті түрде кіргенге және шақыру қағазымен тиісті түрде қайтадан шақыртылғанға дейін ешқандай жаза немесе бұлтартпау шарасы қолданылмауға тиіс.

9-бап

Қол сұғылмаушылық

      1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің сот органдарына немесе басқа да құзыретті органдарына шақыру бойынша келген куәге немесе сарапшыға, азаматтығына қарамастан, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кеткенге дейінгі әрекеттеріне немесе сотталғандығына қатысты Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағында соттың қудалауы, ұстап алу немесе оның жеке бас бостандығын кез келген басқа да шектеу қолданылмайды.

      2. Егер куә немесе сарапшы:

      a) өзінің болуына бұдан әрі қажеттілік жоқ екендігі туралы ресми түрде хабарланған күннен бастап он бес (15) тәулік ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетпесе, осы баптың 1-бөлігінде көзделген қол сұғылмаушылық тоқтатылады. Алайда мұндай мерзімге көрсетілген адам өзіне байланысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетпеген кезең кірмейді;

      b) Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетіп, оған өз еркімен оралса, осы баптың 1-бөлігінде көзделген қол сұғылмаушылық тоқтатылады.

10-бап

Адамдар мен нәрселердің тұрған жерін айқындау немесе оларды сәйкестендіру

      1. Кез келген Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттен Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарының алдына келуге тиіс және болжамды түрде Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында жүрген адамдардың тұрған жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді сұрата алады.

      2. Кез келген Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттен нәрселердің тұрған жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді немесе олардың тұрған жерін айқындауға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген басқа шаралар қолдануды сұрата алады.

11-бап

Тінту және алып қою

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзінің заңнамасында жол берілетін шектерде, құқықтық көмек туралы сұрау салуда осындай әрекеттерді негіздейтін ақпарат қамтылады деген шартпен, тінту, кез келген нәрселер мен құжаттарды алып қою және беру туралы сұрау салуды орындайды.

      2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің нәрселерді немесе құжаттарды беру кезінде үшінші тараптардың мүдделерін қорғау үшін қажетті деп саналатын жағдайларға келісім беруін талап ете алады. Егер мұндай келісім алынбаса, Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет оларды беруден бас тарта алады.

12-бап

Тәркілеу рәсімдеріндегі жәрдемдесу

      1. Уағдаласушы мемлекеттер өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық әрекеттен алынған нәрселерді, құжаттарды, қаржы активтерін және басқа да кірістерді анықтауда, табуда, алып қоюда және тәркілеуде бір-біріне құқықтық көмек көрсететін болады.

      2. Егер қылмыстық әрекеттен алынған кірістер мен қылмыс қарулары, тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын нәрселер, құжаттар немесе активтер бір Уағдаласушы мемлекеттің аумағында екені белгілі болса, екінші Уағдаласушы мемлекетке бұл туралы хабар берілуге тиіс. Уағдаласушы мемлекеттерге қылмыстық әрекеттен алынған кез келген белгілі кірістер мен қылмыс қарулары туралы, сондай-ақ екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағында тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын объектілер, құжаттар немесе қаржы активтері туралы хабар берілетін болады.

      3. Қылмыстық әрекеттен алынатын кірістерді және қылмыс қаруларын, алып қойылуға немесе тәркіленуге жататын заттар мен құжаттарды, сондай-ақ қаржы активтерін беру келісілген шарттармен жүзеге асырылады.

13-бап

Банктегі шоттарды анықтау және қаржылық ақпарат

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет жасалған қылмысқа қатысы бар және өз аумағындағы банкте немесе басқа да қаржы ұйымында шот ұстаушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаны өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес анықтауы мүмкін және бұл туралы Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке хабар береді. Мұндай ақпаратта осы шоттарды пайдаланушылар туралы, олардың тұрған жері туралы, сондай-ақ транзакциялар туралы мәліметтер де қамтылуы мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген көмекті көрсетуден банктік құпия негізінде бас тартуға болмайды.

14-бап

Заттар мен құжаттарды қайтару

      Осы Шартқа сәйкес сұрау салуды орындау кезінде Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке берілген нәрселер мен құжаттар, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет оларды қайтару құқығынан тікелей бас тартпаса, мүмкіндігінше тезірек қайтарылуға тиіс.

15-бап

Қосымша ақпарат беру

      1. Уағдаласушы мемлекеттер өзінің жеке бастамасы бойынша және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекетке пайдалы болып табылатын кез келген басқа ақпаратты бір-біріне бере алады.

      2. Осындай ақпаратты ұсына отырып, әрбір Уағдаласушы мемлекет оны пайдалануға шектеулер қоя алады, оларды екінші Уағдаласушы мемлекет сақтауға тиіс.

16-бап

Шығыстар

      1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет мынадай:

      a) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының е) тармақшасында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында болуына арналған шығыстарды;

      b) осы Шарттың 8-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және тұруына арналған шығыстарды;

      c) егер Уағдаласушы мемлекеттер өзгеше уағдаласпаса, сараптама жүргізуге арналған шығыстарды көтереді.

      3. Егер сұрау салуды орындау төтенше сипаттағы шығыстарға алып келетін болса, Уағдаласушы мемлекеттер сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды бөлу мақсатында консультациялар жүргізе алады.

17-бап

Құжаттарды, дәлелдемелер мен жазбаларды заңдастырудан босату

      Құқықтық көмекті қамтамасыз ету үшін ұсынылған құжаттарды, дәлелдемелер мен жазбаларды құзыретті органның немесе орталық орғанның лауазымды адамы куәландыруға және оларға қол қоюға тиіс және бұл жағдайда оларды одан әрі заңдастыру немесе төлнұсқалығын куәландыру талап етілмейді.

18-бап

Осы Шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің өздері қатысушылары болып табылатын қандай да бір халықаралық конвенцияға, шартқа немесе келісімге сәйкес өзіне алған құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.

19-бап

Даулар мен келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру кезінде туындайтын кез келген дау Уағдаласушы мемлекеттердің орталық органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

20-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады.

      2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      3. Осы Шартқа Уағдаласушы мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      4. Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің бірі екінші Уағдаласушы мемлекеттің осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.

      5. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету бойынша рәсімдер толық орындалғанына дейін күшінде қалады.


      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20___ жылғы "__" _________ _________ әрқайсысы қазақ, грек және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін тең түпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Кипр Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады