Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қазандағы № 1040 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімге Қазақстан Республикасы атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 10 қазандағы
№ 1040 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер сыбайлас жемқорлықтың заң үстемдігіне, демократия мен адам құқықтарына, теңдік пен әлеуметтік әділеттілікке елеулі қатер төндіретінін, экономикалық дамуға кедергі келтіретінін және демократиялық институттар мен қоғамның моральдық ұстанымдарының тұрақтылығына қауіп төндіретінін мойындай отырып,

      сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және құқық бұзушылықтарға қарсы күресте, оның ішінде БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды дамытуға және жетілдіруге, ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға ниет білдіре отырып,

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы саладағы тиімді халықаралық ынтымақтастық тиісті мәселелердің бүкіл кешенін реттейтін негіз қалаушы және әмбебап халықаралық-құқықтық құрал болып табылатын 2003 жылғы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы негізінде БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлімен жүзеге асырылуға тиіс екеніне сенімді бола отырып,

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында келісілген саясатты әзірлеу мен жүргізудің шұғыл қажеттілігіне сенімді бола отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері қалыптастырылғанын ескере отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      төмендегі туралы келісті:

I бөлім Жалпы ережелер

1-бап. Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық күш-жігері мен ынтымақтастығының тиімділігін арттыру болып табылады.

2-бап. Терминдер

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген терминдердің мынадай мағыналары бар:

      нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы - нормативтік құқықтық актілерде, нормативтік құқықтық актілердің жобаларында қамтылған сыбайлас жемқорлық факторларды анықтау және сипаттау жөніндегі, сондай-ақ осындай факторлардың қолданысын жоюға немесе шектеуге бағытталған ұсынымдарды әзірлеу жөніндегі қызмет;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар - қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесі;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг - сыбайлас жемқорлық көріністері мен сыбайлас жемқорлық сипаты бар факторларды бақылау, талдау, бағалау және болжау;

      мүлік - материалдық немесе материалдық емес болсын, жылжымалы немесе жылжымайтын болсын, заттарда немесе құқықтарда көрсетілген кез келген активтер, сондай-ақ осындай активтерге немесе олардағы мүдделерге меншік құқығын растайтын заңды құжаттар немесе актілер;

      сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістер - сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасау нәтижесінде өзі үшін немесе үшінші тұлғалар үшін тікелей немесе жанама түрде сатып алынған немесе алынған кез келген мүлік;

      құзыретті орган - Тараптың заңнамасында айқындалған өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын Тараптың мемлекеттік органы;

      құпия ақпарат - Тараптардың заңнамасына сәйкес қол жеткізу шектелген ақпарат;

      тәркілеу - соттың күшіне енген шешімі негізінде мүлікті (сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардан алынған қаражатқа сатып алынған не оларды жасау кезінде пайдаланылған мүлікті) өтеусіз алып қою;

      сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық - сыбайлас жемқорлық белгілері бар, ол үшін Тараптардың заңнамасында әкімшілік, азаматтық-құқықтық немесе тәртіптік жауапкершілік белгіленген іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);

      сыбайлас жемқорлық қылмыс - Тараптардың заңнамасында көзделген сыбайлас жемқорлық белгілері бар қылмыстық жазаланатын іс-әрекет;

      сыбайлас жемқорлық - лауазымды адамның немесе Тараптардың заңнамасында оған теңестірілген адамның не шетелдік лауазымды адамның не өкімдік және өзге де басқару функцияларын, оның ішінде коммерциялық немесе өзге де ұйымда жүзеге асыратын адамның лауазымдық міндеттерін атқару кезіндегі әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін жеке өзі немесе делдалдар арқылы өзі үшін, үшінші тұлға не ұйым үшін мүлікті қасақана заңсыз алуы, сол сияқты осы адамдарды мүлікті беру арқылы параға сатып алу;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл - мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, азаматтық қоғам институттарының, ұйымдардың және жеке тұлғалардың өз өкілеттіктері шегіндегі:

      а) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтау және кейіннен жою (сыбайлас жемқорлық профилактикасы) бойынша;

      б) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру (сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес) бойынша;

      в) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың салдарын барынша азайту және/немесе жою бойынша;

      г) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді анықтау, тыйым салу және қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру бойынша қызметі.

3-бап. ЬІнтымақтастық міндеттері

      Тараптар ынтымақтастығының негізгі міндеттері:

      а) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүзеге асыру бойынша келісілген саясатты, бірлескен бағдарламалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

      б) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру және Тараптардың заңнамасын үндестіру;

      в) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар санының одан әрі өсу қатерін еңсеру үшін күш-жігерді біріктіру;

      г) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;

      д) Тараптардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық беделін нығайту;

      е) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы өзара іс-қимыл болып табылады.

4-бап. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен нысандары

      Тараптардың ынтымақтастығы мынадай негізгі бағыттар мен нысандарды:

      а) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәрдем көрсетуді;

      б) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласында үйлестірілген және/немесе келісілген жедел-іздестіру, жедел-профилактикалық іс-шараларды және арнайы операцияларды жүргізуді;

      в) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды іздестіру, ұстау және ұстап беру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды;

      г) сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздестіру және қайтару саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруды;

      д) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысатын жеке тұлғалар мен ұйымдарды құқықтық қорғауды және қолдауды қамтамасыз етуді;

      е) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жедел-ақпараттық және ақпараттық-талдамалық алмасуды;

      ж) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ақпараттық жүйелерді құру мен пайдалануды;

      з) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық стратегияларын, бағдарламалар мен жоспарларын әзірлеу мен іске асыруды;

      и) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтық реттеу тәжірибесімен алмасуды;

      к) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерімен алмасуды;

      л) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды;

      м) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ғылыми-әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді;

      н) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуді;

      о) сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер жүргізуді қамтиды.

      Осы баптың ережелері Тараптардың заңнамасы, осы Келісім және Тараптардың халықаралық міндеттемелері сақталған кезде Тараптардың құзыретті органдарына ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді нысандарын айқындауға және дамытуға кедергі келтірмейді.

5-бап. Құзыретті органдар

      1. Тараптар ынтымақтастықты құзыретті органдар арқылы жүзеге асырады.

      2. Әрбір Тарап өз заңнамасына сәйкес құзыретті органдардың тізбесін айқындайды және оны осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы ақпаратты ұсына отырып, бір мезгілде депозитарийге жібереді.

      Тараптар өздерінің құзыретті органдарының құрамы мен өкілеттіктерінің өзгеруі туралы депозитарийді бір ай ішінде хабардар етеді.

      3. Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен Тараптардың заңнамасында айқындалған өкілеттіктер шегінде тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық кеңес өз құзыреті шеңберінде 2013 жылғы 25 қазандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Мемлекетаралық кеңесті құру туралы келісімге сәйкес осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдарына қажетті жәрдем көрсетеді.

6-бап. Құжаттардың мәртебесі

      1. Осы Келісімге сәйкес жіберілетін және бір Тараптың аумағында ресми ретінде қаралатын құжаттар екінші Тараптың аумағында да осындай деп танылады және заңдастыруды талап етпейді.

      2. Құжаттар Тараптардың мемлекеттік тілдерінде орындалған жағдайда, оларға орыс тіліне куәландырылған аудармалары қоса беріледі.

7-бап. Қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушыларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем көрсететін адамдарды қорғау

      Әрбір Тарап қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушыларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем көрсететін адамдарды тиісінше қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды.

II бөлім Нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру

8-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нормативтік құқықтық базасы

      Әрбір Тарап мыналарға:

      а) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге;

      б) нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау тетігін жетілдіруге;

      в) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына мемлекеттік және қоғамдық бақылау институттарын дамытуға, азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге;

      г) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында құрылатын қоғамдық бірлестіктердің қызметіне мемлекеттік қолдау көрсетуге;

      д) егер ақша қаражаты және/немесе өзге де мүлік сыбайлас жемқорлықтан түскен кіріс болып табылады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, жеке тұлғаларды және ұйымдарды мүлікке билік ету құқығында шектеу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді немесе өзге де шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырады және қажет болған кезде қабылдайды.

9-бап. Заңнаманы үндестіру

      Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттарды ескере отырып, Тараптардың заңнамасын дамыту және үндестіру үшін қажетті шараларды қабылдайды.

10-бап. Құзыретті органдардың өкілеттіктері

      Әрбір Тарап өзінің құзыретті органдарына мынадай:

      а) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі функцияларды орындау үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық, анықтамалық жүйелерден және деректер банкінен өтеусіз алуға;

      б) сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда тиісті арнайы рұқсаттар (лицензиялар) беретін мемлекеттік органға жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған арнайы рұқсаттарды (лицензияларды) тоқтата тұру немесе олардан айыру (олардың күшін жою) туралы ұсыныстар енгізуге құқық беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

11-бап. Лауазымды адамдарға қойылатын талаптар

      Әрбір Тарап мынадай:

      а) лауазымды адамдардың (заңнамаға сәйкес лауазымды адамдардың жекелеген санаттарының) өз функцияларын орындау кезінде өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлауына ықпал ететін;

      б) лауазымды адамдардың және/немесе Тараптардың заңнамасында оларға теңестірілген адамдардың функцияларын жүзеге асыруға үміткер адамдарға арнайы талаптарды, осындай функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарды атқаратын (алмастыратын) адамдарға коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне тікелей немесе жанама араласуға не оларды басқаруға қатысуға тыйым салуды белгілейтін;

      в) лауазымды адамдардың және/немесе Тараптың заңнамасында оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің кірістерін, қолда бар мүлікті және мүліктік сипаттағы міндеттемелерді декларациялау міндетін белгілейтін, нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға ұмтылатын болады.

      Тараптардың лауазымды адамдар үшін Тараптардың заңнамасына сәйкес өзге де талаптар мен шектеулерді дербес белгілеуге құқығы бар.

12-бап. Ақпарат алу

      Әрбір Тарап нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды, оларға сәйкес банктік, салықтық және/немесе коммерциялық құпия Тараптың құзыретті органдарының сыбайлас жемқорлықты анықтау, оның алдын алу, жолын кесу және тергеп-тексеру үшін қажетті ақпаратты алуы үшін кедергі болып табылмайды.

13-бап. Сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді тәркілеу

      Әрбір Тарап сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді тәркілеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

14-бап. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар

      Тараптар өздерінің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттары сақталған жағдайда мынадай сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерді:

      а) пара алуды;

      б) пара беруді;

      в) билікті немесе лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерді теріс пайдалануды, лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерді асыра пайдалануды;

      г) лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерді пайдалана отырып жымқыруды қылмыстық жазаланатын деп тану үшін қажетті заңнамалық шараларды қабылдайды.

      Тараптардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесін Тараптардың заңнамасына сәйкес дербес айқындауға құқығы бар.

III бөлім Ақпараттық өзара іс-қимыл және жәрдем көрсету туралы сұрау салуларды орындау

15-бап. Тараптардың құзыретті органдарының өзара іс-қимыл жасау тәсілдері

      Тараптардың құзыретті органдарының осы Келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылы жәрдем көрсету туралы сұрау салуларды (бұдан әрі - сұрау салу) жіберу және оларды орындау, сондай-ақ ақпарат беру арқылы жүзеге асырылады.

16-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл

      1. Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес сұрау салулар бойынша жедел-анықтамалық, іздестіру, криминалистикалық және өзге де есептердегі, архивтердегі мәліметтерді бір-біріне өтеусіз негізде береді, сондай-ақ өздерінің иелігіндегі ғылыми-техникалық, ақпараттық-талдамалық материалдар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

      2. Әрбір Тарап, егер ақпарат осы Тарап үшін қызығушылық тудырады деп пайымдауға негіз болса, мұндай ақпаратты басқа Тарапқа бастамашылық тәртіппен бере алады.

17-бап. Жәрдем көрсету туралы сұрау салу

      1. Тараптардың құзыретті органдары сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген (айыпталушы) адамдарды, олардың орналасқан жерін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қатысы бар басқа да адамдардың орналасқан жерін анықтау, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасау нәтижесінде алынған немесе оларды жасау құралы болған мүлікті анықтау, тиісті жағдайларда зерттеулер немесе сот сараптамаларын жүргізу үшін нәрселерді немесе заттар үлгілерін беру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қызметті үйлестіру мақсатында сұрау салуларды жібереді және орындайды.

      2. Сұрау салуда мыналар:

      а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атаулары;

      б) сұрау салудың нысанасы мен негіздемесі;

      в) істің мәні;

      г) тиісті нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері, сондай-ақ сұрау салынатын немесе ұқсас нәтижелерге әкелетін кез келген басқа шара сұрау салушы Тараптың аумағында оның заңнамасына сәйкес қабылдануы мүмкін екендігі туралы мәлімдеме;

      д) қажет болған жағдайда және мүмкіндігіне қарай:

      адам туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған жері мен күні, азаматтығы, тұрғылықты жері мен болатын жерінің мекенжайы, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, ұйымның ресми атауы мен орналасқан жерінің мекенжайы, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі және тіркелген жері);

      мүлкі немесе кірістері туралы ақпарат (олардың орналасқан жері, тиісті адаммен немесе адамдармен және құқық бұзушылықпен байланысы, сондай-ақ осы мүлікке немесе кірістерге басқа да адамдардың құқықтары туралы қолда бар кез келген мәліметтер) қамтылады.

      3. Сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі.

      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салуды беру үшін кейіннен оның төлнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып, ақпарат берудің техникалық құралдары пайдаланылуы мүмкін.

      Сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда қосымша растау сұратылуы мүмкін.

      4. Сұрау салу сұрау салушы Тараптың құзыретті органының ресми бланкісінде жасалады, оған органның басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды және, егер құзыретті органдар өзгеше уағдаласпаса, осы органның елтаңбалы мөрімен куәландырылады.

18-бап. Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салудың толық және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Сұрау салу, әдетте, оны алған күннен бастап 30 тәуліктен аспайтын мерзімде орындалады.

      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өтініші бойынша сұрау салуды орындау кезінде, егер бұл сұрау салынатын Тараптың заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмесе, осы Тараптың заңнамасы қолданылуы мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы, егер сұрау салуда көрсетілген мәліметтер оны орындау үшін жеткіліксіз болса, сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе кідіртетін мән-жайлар туралы дереу хабардар етіледі.

      5. Құпия ақпаратты беру туралы шешім сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қабылданады.

      6. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жүзеге асыратын жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге, сотқа дейінгі іс жүргізуге немесе сот талқылауына нұқсан келтіруі мүмкін болса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындауды кейінге қалдыра алады не сұрау салушы Тараптың құзыретті органымен уағдаластық бойынша сұрау салуды ішінара немесе сақталуы қажет деп танылатын шартпен орындай алады.

      7. Егер сұрау салуды орындау сұрау салуды алған органның құзыретіне кірмесе, онда осы орган оны сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органына береді және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органын хабардар етеді.

19-бап. Сұрау салуды орындау нәтижелерін пайдалану

      Сұрау салуды орындау үшін берілетін мәліметтер мен материалдарды берген сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының келісімінсіз оларды сұратылған және берілген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.

20-бап. Сұрау салуды орындаудан бас тарту

      1. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі не заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі не азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуға әкеп соғуы мүмкін деп ұйғарса, жәрдем көрсетуден толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.

      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы осы бапта көзделген бас тарту үшін негіздерді көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша нысанда дереу хабардар етіледі.

21-бап. Ақпараттың құпиялылығы

      1. Әрбір Тараптың құзыретті органы сұрау салуларды орындау кезінде алынған ақпарат пен құжаттардың қорғалуын және сақталуын қамтамасыз етеді. Ақпарат пен құжаттарға қол жеткізуді шектеу дәрежесін оларды берген Тараптың құзыретті органы айқындайды.

      2. Бір Тараптың екінші Тараптан алған ақпараты мен құжаттары оларды ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа беруге болмайды.

      3. Тараптардың алынған ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан не одан шыққаннан кейін де күшінде қалады.

      4. Тараптар осы Келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын мәліметтерді қамтитын ақпаратты 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімде, 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімде және осындай ақпаратты өзара қорғау туралы екіжақты халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен қорғауды қамтамасыз етеді.

IV бөлім Тәркілеу

22-бап. Тәркілеуді қамтамасыз ету шаралары

      Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді табуға, олармен жасалатын кез келген операцияларды болғызбау үшін олардың сақталуын қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға, оның ішінде соттың күшіне енген шешімі негізінде оларды ықтимал алып қою мен одан әрі тәркілеу мақсатында оларға тыйым салуға бағытталған барлық қажетті іс-шараларды орындайды.

23-бап. Тәркілеу туралы шешімдерді орындау

      1. Сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді тәркілеу туралы соттың тиісті шешімін орындау туралы тапсырма алған Тараптың құзыретті органы тәркілеуді Тараптың заңнамасына және өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына тәркілеу туралы шешімнің күші толық немесе ішінара жоғалуына байланысты мән-жайлар туралы кідіріссіз хабарлайды.

      3. Егер бір шешімнің негізінде қандай да бір Тарап бірнеше Тараптың алдында тәркілеу туралы өтініш хат жасаса, онда ол бұл туралы осы Тараптардың әрқайсысын хабардар етеді.

24-бап. Тәркіленген мүлікке билік ету

      Тәркіленген мүлікке немесе оны өткізуден түскен қаражатқа билік ету тәртібі Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалады немесе тәркілеу туралы сот шешімін орындау кезінде шеккен шығындар мен шығыстар ескеріле отырып, әрбір нақты жағдайда Тараптар айқындауы мүмкін.

V бөлім Қорытынды ережелер

25-бап. Консультациялар мен кеңестер

      Тараптардың құзыретті органдары қажеттілігіне қарай ынтымақтастық нәтижелерін талдау және бағалау, сондай-ақ оны жетілдіру жолдарын тұжырымдау үшін консультациялар мен кеңестер өткізеді.

26-бап. Жұмыс тілі

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.

27-бап. Шығыстар

      Әрбір Тарап, егер әрбір нақты жағдайда Тараптар өзге тәртіпті келіспесе, осы Келісімнің ережелерін іске асыруға байланысты өзінде туындайтын шығыстарды өз заңнамасына сәйкес дербес көтереді.

28-бап. Басқа халықаралық шарттармен арақатынас

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

29-бап. Өзгерістер

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

30-бап. Даулы мәселелер

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері және/немесе Тараптармен келісілген басқа рәсім арқылы шешіледі.

31-бап. Күшіне ену

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Қажетті рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

32-бап. Қосылу

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің, сондай-ақ қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған және оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісуі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

33-бап. Қолданыс мерзімі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданысы уақытында

      туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      жылы_____ ________________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
      Беларусь Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

      "Қазақстан Республикасы өзінің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде осы Келісімнің 10-бабы а) тармақшасының, 12-бабының және 14-бабының ережелерін қолдану құқығын өзіне қалдырады деп мәлімдейді."

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады