Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 10 шілдедегі № 282 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 10 шілдедегі
№ 282 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы
Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМА

Мазмұны

      1-бөлім. Паспорт (негізгі параметрлер)

      2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу

      4-бөлім. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқаруды дамыту пайымы

      5-бөлім. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

      5.1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқарудың негізгі қағидаттары

      5.2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқарудың негізгі тәсілдері

      6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер

      Қосымша. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспары.

l-бөлім. Паспорт (негізгі параметрлер)

Атауы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама

Әзірлеу негіздемесі

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауы

Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк), Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар, ұйымдар

Ұлттық Банк

Іске асыру мерзімі
 

2023 - 2030 жылдар

      Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамада (бұдан әрі - Тұжырымдама) Ұлттық Банк пен Үкімет арасында жасалған Ұлттық қорды сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде Ұлттық Банкке сенімгерлік басқаруға берілген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ұлттық Банктегі шоттарында шоғырланатын қаржы активтерін басқару пайымы айқындалады.

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      Ұлттық қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ұлттық Банктегі шоттарында шоғырландырылатын қаржы активтері, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын мөлшерде пайдалы қазбаларды өндіру салығын, өңделмеген мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығын, роялтиді және заттай нысандағы өнімді бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесін төлеу жөніндегі салық міндеттемелерін орындау есебіне берілетін пайдалы қазбалар немесе оларды өткізуден түскен ақша түріндегі, сондай-ақ материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүлік түріндегі мемлекет активтерін білдіреді.

      Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқарады.

      Ұлттық қорды құрудың негізгі мақсаты болашақ ұрпақ үшін жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын жинақтау және республикалық бюджет пен ел экономикасының мұнай секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендету болып табылады.

      Тиісінше Ұлттық қор жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады:

      жинақтау функциясы материалдық емес активтерді қоспағанда, қаржы активтері мен өзге мүлікті жинақтауды және тәуекелдің қалыпты деңгейі кезінде ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз етеді, осылайша мұнай кірісін елдің болашақ ұрпағы үшін жинақтаудың ұзақ мерзімді міндетін шешуге бағытталады;

      тұрақтандыру функциясы Ұлттық қор активтері өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұруға арналған және республикалық бюджеттің ағымдағы қажеттілігін қамтамасыз етудің қысқа мерзімді міндеттерін шешуге бағытталады.

      Тұрақтандыру функциясын іске асыру бөлу көлемі мен мерзімдері көп жағдайда бір жыл ішінде бірнеше рет қайта қаралып ұлғайтылатын, республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттерді бөлуді, сондай-ақ жыл сайынғы кепілді трансферта қамтамасыз етуді көздейтіндігіне байланысты Ұлттық қор құрамындағы тұрақтандыру портфелінің жоғары үлесін ұстап тұру қажет. Өз кезегінде тұрақтандыру портфелі жоғары өтімді тәуекелсіз, соған орай ақша нарығының кірісі төмен құралдарынан тұрады.

      Ұлттық қордың жинақтау портфелін басқару кезіндегі тәсілдер де активтерді сақтау мақсатының басымдығымен консервативті қағидаттар негізінде құрылды. Мәселен, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы мен қор нарықтарының құлдырауынан кейін жинақ портфелі дамыған елдер облигацияларының 80%-дық жоғары үлесімен және 20%-дық акциялардың салыстырмалы түрде төмен үлесімен қалыптастырылды. Нәтижесінде соңғы 10-15 жылда активтерді басқарудан алынған кірістілік бірқатар тәуелсіз әл-ауқат қорларының кірістілігінен төмен, оның ішінде Норвегияның Жаһандық зейнетақы қорының кірістілігінен төмен қалыптасты.

      Ұлттық қордың бүкіл жұмыс істеу тарихында (2000-2022 жылдары) оның орташа жылдық кірістілігі 3,02%-ды құрады, ал шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд АҚШ долларын (Ұлттық қордың валюталық активтерінің шамамен 27%-ы) құрады.

      2022 жылы әлемдік қаржы нарықтарында айтарлықтай өзгерістер орын алды, үлкен геосаяси өзгерістер энергия көздеріне бағаның күрт өсуіне ықпал етті, бұл жоғары сұраныспен және ұсыныс жағынан шектеулердің болуымен бірігіп, бүкіл әлемде инфляцияның айтарлықтай өсуіне әкелді. Дамыған елдердің орталық банктері жоғары инфляцияға қарсы күресте пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы ақша-кредит саясатын қатаңдатты. Бұл ретте рекордты жоғары инфляция жағдайында акциялар мен облигациялар арасындағы дәстүрлі байланыс бұзылып, олардың бір мезгілде теріс кірістілігіне әкелді. Ұлттық қордың активтері жаһандық деңгейде инвестицияланатындықтан, оның активтері бойынша теріс кірістілікті болдырмау мүмкін болмады.

      Ұлттық қордың активтерін басқару үйлесімді жұмыс істеуі тиіс, көптеген бөлшектері бар күрделі механизмге ұқсас. Мәселен, ондаған елде реттеуші талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, мыңдаған транзакцияларды мониторингтен өткізу және бақылау, кибершабуылдардан қорғауды қолдау, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді үнемі бағалау және сонымен бірге жаман инвестициялардан аулақ болу қажет. Ұлттық Банктің мамандар тобы бүкіл әлемдегі әріптестерімен бірлесе отырып, Ұлттық қор құрылған кезден бастап 20 жылдан астам осындай күрделі механизмнің жұмысын қамтамасыз етіп келеді.

      Қаржы нарығындағы құбылмалылық және соның салдары ретінде төмен, ал кейбір жылдары салымдардың теріс кірістілігі инвестициялық процестің ажырамас және бұлтартпайтын бөлігі болып табылатынын атап өткен жөн. Кірістілік мақсаты неғұрлым жоғары болса, қабылданатын тәуекелдер, яғни ықтимал шығын соғұрлым жоғары болады.

      Мысалы, қаржы дағдарысы салдарынан жаһандық акциялар нарығы 2008 жылы (-)40,3%-ға құлдырады. Келесі 2 жылдың қорытындысы бойынша MSCI индексі 47,1%-ға өсті. 2020 жылы пандемия мен жаһандық локдаун аясында акциялар нарығы (-)31,7%-ға төмендеді. Алайда дамыған елдер үкіметтерінің экономиканы қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары жаһандық қор нарығына серпін берді, оның нәтижесінде сол жылы акциялар индексі өзінің ең төменгі мәндерінен 70,7%-ға өсті.

      Сонымен қатар әзірленуі ұзақ мерзімді инвесторлардың базалық қағидаттары мен тәсілдеріне негізделуге және осы Тұжырымдамада көрініс табуға тиіс, тәуекелі көп және тиісінше табысы да неғұрлым мол инвестициялық саясатты сақтаған және мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін кірістілікті арттыру нәтижесіне қол жеткізу мүмкін болады.

      Ұлттық қордың активтерін басқару тәсілдерді жетілдіру жұмысы 2016 жылы басталды. Мәселен, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді, тұрақтандыру портфелінің 10 млрд АҚШ долларындағы ең көп мөлшеріне шектеу белгіленді.

      2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активтерін консервативті бөлуден (облигацияларда 80% және акцияларда 20%) теңгерімді бөлуге (60% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін балама құралдар және 5%-ға дейін алтын) көшу басталды. Бұл ретте 2001-2018 жылдар кезеңінде консервативті бөлінген жинақ портфелінің тарихи орташа жылдық табыстылығы 3,79%-ды құрады.

      Жаңадан бөлу де облигациялар портфелін дамыған мемлекеттердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларына және дамушы мемлекеттердің мемлекеттік облигацияларына әртараптандыруды болжайды.

      Әлемдік экономикалық өсудің бұдан былайғы белгісіздігі, 2019 жылдың ортасындағы сауда, саяси және геосаяси шиеленістер активтерді әртараптандырудың келесі қадамы - үлесін 3%-дан 5%-ға дейін біртіндеп ұлғайта отырып, алтын портфелін қосуға әкелді.

      Ұлттық қор активтерін құралдардың балама сыныптарына - дәстүрлі емес қаржы құралдарының (активтерінің) белгілі бір сыныбына инвестициялау кірістілікті ұлғайтуға және қосымша әртараптандыруды кеңейте отырып, дәстүрлі қаржы құралдарының нарығына инвестициялардың корреляциясын төмендетуге мүмкіндік береді.

      Осылайша, Тұжырымдаманы әзірлеудің мақсаты Ұлттық Банктің ұзақ мерзімді институционалдық инвестор ретіндегі мәртебесін растау үшін қажетті іргетасын нығайту және негіздерін бекіту болып табылады.

      Ал ұзақ мерзімді стратегияны іске асыру жинақ портфелінен алу мәселесі бойынша айқындылық болған жағдайда ғана мүмкін болады. Өйтпесе қаржы нарықтарындағы құлдырау кезеңдерінде шығындарды белгілеу ықтималдығы жоғары болып, активтерді басқарудан түсетін кірістілікті ұлғайту міндетін орындау мүмкіндігін болдырмайды.

      Соңғы 10 жылда Ұлттық қордың валюталық активтері 77,4 млрд АҚШ долларынан 55,7 млрд АҚШ долларына дейін азайды. Ел активтерінің осылай елеулі қысқару себептерінің бірі Ұлттық қордан республикалық бюджетке мұнай секторынан түсетін түсімнен тыс алу үрдісінің орнығуы болып табылады. Мысалы, 2014 жылдан бастап Ұлттық қордың қарқынды жұмсалуы байқалды, алдыңғы кезеңге қарағанда 39%-дан астам артты, ал 2017 және 2020 жылдары ол ең жоғары мәнге жетті (2017 жылы 2,1 трлн теңге түсім кезінде 4,4 трлн теңге алынды, 2020 жылы 1,4 трлн теңге түсім кезінде 4,8 трлн теңге алынды).

      Сондай-ақ 2022 жылдан бастап Ұлттық қордан квазимемлекеттік сектор субъектілеріне облигациялық қарыздар бөлу практикасы қайта жанданды.

      Ұлттық қордың таусылу проблемасы шешімдерінің бірі ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп республикалық бюджеттің жоспарланатын шығыстарының өсу қарқынына алдыңғы 10 жылдағы ЖІӨ-нің инфляция бойынша нысанаға ұлғайтылған орташа нақты өсуінен аспайтын деңгейде тікелей шектеу белгілейтін контрциклді бюджет қағидасын әзірледі. Бұл ретте кепілді трансферттің мөлшері мұнайдың есептік бағасы ("кесімді" бағасы) кезінде болжанатын мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде айқындалады. Бұл бюджеттік қағида Ұлттық қор активтерін одан әрі жинақтауға бағытталатын болады.

      Проблеманы шешудің қосымша құралы аса маңызды инфрақұрылымды дамытуға және жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған жобаларды да, Ұлттық қор есебінен қаржыландыру ұсынылатын квазимемлекеттік сектор жобаларын да бағалаудың, талдаудың және пысықтаудың міндетті кешенді рәсімін жүргізу, сондай-ақ оларды Ұлттық қордан қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін балама қаржы көздерін іздеу болып табылады.

      Сонымен қатар, Ұлттық қордың алдында оның активтерін 2030 жылы 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін балаларға төлеуді жүзеге асыру туралы бастамасын іске асыру жөніндегі міндеттер тұр. Осы ауқымды бастамаларды жүзеге асыру Ұлттық қор активтерін жинаудың жоғары деңгейімен, оның ішінде алып қоюды шектеу және қордың толымдылығын арттыру, сондай-ақ басқару сапасын арттыру және лайықты инвестициялық кірісті қамтамасыз ету есебінен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Бұл өз кезегінде осы Тұжырымдаманы әзірлеуді, Ұлттық қор активтерінің жинақталуына ықпал ететін басқарудың базалық қағидаттары мен тәсілдерін айқындауды талап етеді.

3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу

      Global Sovereign Wealth Funds агенттігінің деректері бойынша 2022 жылдың соңында әлемде шамамен 174 тәуелсіз әл-ауқат қоры болды, олардың басқаруындағы активтердің нарықтық құны 11,4 трлн АҚШ доллары мөлшерінде бағаланады (Global SWF Annual Report, 2023).

      Әлемде жаңартылмайтын пайдалы қазбалар экспортынан салық түсімдерінің артығымен түсуінің салдарынан бюджет профициті есебінен қалыптастырылатын мемлекеттік әл-ауқат қорларына (тұрақтандыру және (немесе) жинақтау) ие болып отырған 30-дан астам ел бар.

      Ұлттық қорды қалыптастыру және оның активтерін басқару жөніндегі тұжырымдамаларды әзірлеу кезінде Норвегияның Жаһандық зейнетақы қоры, Жаңа Зеландияның Зейнетақы қоры, Алясканың тұрақты қоры және басқалар сияқты ірі шетелдік қорлардың активтерін басқарудың озық тәжірибесі назарға алынды.

      Норвегияның Жаһандық зейнетақы қоры 1990 жылы құрылған және екі: жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Қор мұнай кірістерінің профициті есебінен қаржыландырылады (бюджетке берілетін жыл сайынғы трансферттерді шегергенде). Мұнай түсімдерінің бір бөлігі деңгейі жыл сайын жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде белгіленетін мұнайға қатысты емес тапшылықты өтеу үшін пайдаланылады және қордың күтілетін орташа нақты (инфляцияға түзетілген) кірістілігімен шектеледі.

      Норвегияның Жаһандық зейнетақы қорының (бұдан әрі - Норвегия қоры) активтері Норвегия экономикасының теріс үдеуін болдырмау және осы қордың резервтерін мұнай бағасының құбылуы салдарынан қорғау үшін тек қана шетелге инвестицияланады. Қордың инвестициялық портфелі әртараптандырылған және 60%-дан 80%-ға дейін акцияларға салынған инвестициялардан, 20%-дан 40%-ға дейін белгіленген кірісі бар облигациялардан тұрады. Кірісті барынша ұлғайту мақсатында және тәуекелдерді ескере отырып, инвестициялық саясат шеңберінде активтердің балама сыныптарына: жылжымайтын мүлікке - 7%-ға дейін және жаңартылатын энергия көздеріне арналған инфрақұрылымға - қор активтерінің 2%-на дейін инвестициялауға рұқсат етілген. Бүл инвестициялық стратегия барынша жоғары тәуекелдерді қабылдауды көздейді, бұл ретте Норвегия қорының ұзақ мерзімді кірістілігі де артады.

      Норвегия Банкі нақты инвестициялық басқаруды жүзеге асырады. Норвегияның қорын басқару жөніндегі мандатқа сәйкес Норвегия Банкі Норвегияның Қаржы министрлігіне тәуелсіз шешімдер қабылдайды және меншік құқығын жүзеге асырады. Бұл ретте Норвегияның Қаржы министрлігі осы қорды басқару үшін жалпы жауапты болады және оны басқару жөніндегі стратегияны айқындайды.

      Жаңа Зеландияның Зейнетақы қоры 2001 жылы жалпыға бірдей зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге арналған болашақ шығыстарды төлеу үшін қаражатты шоғырландыру мақсатында құрылған жән ұзақ мерзімді, өсуге бағдарланған жаһандық инвестициялық қор болып табылады.

      Жаңа Зеландияның Зейнетақы қорын Жаңа Зеландияның үкіметінен тәуелсіз жұмыс істейтін, елдің дербес заңды тұлғасы болып табылатын Guardians of New Zealand Superannuation ұйымы басқарады. Осылайша, ол инвестициялық шешімдерге қатысты жедел тәуелсіздікке ие, оны тәуелсіз директорлар кеңесі бақылайды. Тәуекел мен кірістілік жөніндегі болжамдар тұрғысынан 80% акциялардан және 20% облигациялардан тұратын портфель Жаңа Зеландияның Зейнетақы қорын нысаналы бөлу болып табылады. Бұл ретте қор кірістілік бойынша өте жоғары бағдарларға жету үшін жеке капитал мен инфрақұрылымға салым сияқты өтімсіз активтерге белсенді түрде инвестициялайды.

      Аляска тұрақты қоры - 1976 жылы АҚШ, Аляска штатының тұрғындары штаттың қалпына келмейтін мұнайы мен минералды байлығын сақтау және Аляска тұрғындарының барлық ұрпақтары үшін қаржы ресурсына айналдыру үшін құрған тәуелсіз әл-ауқат қоры.

      Қорды Аляска тұрақты қоры мен басқа қорлардың активтерін басқару мен инвестициялау жүктелген тәуелсіз мемлекеттік ұйым - Аляска тұрақты қорының Корпорациясы басқарады.

      Аляска тұрақты қоры екі бөліктен: негізгі шот пен кірістердің резервтік шотынан тұрады. Екі шоттың қаражаты да активтерді бірдей бөлуді пайдалана отырып инвестицияланады, бірақ олардың заң бойынша қалай пайдалануға болатындығында айтарлықтай айырмашылықтар бар: негізгі сома - бұл тұрақты жинақтар, ал кірістердің резервтік шотындағы қаражатты пайдалануға болады. 2023 жылға арналған Аляска тұрақты қорының активтерін эталондық бөлу: акциялар - 36%, облигациялар - 20%, балама құралдар - 41%, ақша нарығының өтімді құралдары - 3%. Бұл қорда балама инвестицияларға, оның ішінде жеке капиталға, жылжымайтын мүлікке, инфрақұрылымдық компанияларға шоғырландырылған, активтердің әртараптандырылған құрылымы бар.

      Қорлардан қаражат алудың қатаң қағидаларының болуы, ал кейбір жағдайларда қаражатты алуға толық тыйым салу жоғарыда келтірілген мысалдардың жалпы сипаттамасы болып табылады. Кейбір елдерде түсімдер мен қаражатты алуды жоспарлау өте жоғары деңгейде, бұл қорға қаражат аударылғанға дейін түсімдер деңгейіндегі қаражатты алуды қысқартуға мүмкіндік береді

      Мысалы, Норвегия қорының қаражаты тек Норвегия парламентінің қарарына сәйкес мемлекеттік бюджетке берілетін трансферттер ретінде ғана пайдаланылуы мүмкін. Норвегия қорынан қаражатты алу фискалдық қағидаға сәйкес жүзеге асырылады, оған сәйкес трансферттің көлемі осы қордың ұзақ мерзімді күтілетін нақты кірістілігінен аспауға тиіс. Ал Аляска штатының заңына сәйкес Аляска тұрақты қорынан алынатын қаражат осы қордың алдыңғы алты қаржы жылының алғашқы бес жылындағы орташа нарықтық құнының 5%-ын құрайды. Жаңа Зеландияның Зейнетақы қорын басқару стратегиясы қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада қаражатты алу мүмкіндігін көздемейді (бұл қордың қаражатын 2050 жылдан бұрын пайдалану жоспарланбаған).

      Жалпы әртүрлі елдер экономикаларының ішкі ерекшеліктеріне байланысты қорларға қаражатты толықтыру/алу қағидаларының бір-бірінен өзгеше болуына қарамастан, белгіленген қағидаларды қатаң сақтау және олардың тұрақтылық сипаты аталған қорларға қаражаттың алудан қорғалған бөлігін не басқару кезінде агрессивті стратегияны іске асыруға, неғұрлым көп тәуекелді қабылдауға болатын ұзақ мерзімді портфель ретінде бүкіл қорды айқындауға мүмкіндік береді, бұл тиісінше активтерді басқару нәтижесінде көрініс табады.

      Озық тәжірибені қолдану практикасын одан әрі дамыту мен бекіту, сондай-ақ егеменді әл-ауқат қорларын басқару мәселелері бойынша білім алмасу мақсатында Ұлттық Банк Егеменді қорлардың халықаралық форумына (IFSWF) кіру бойынша жұмыс жүргізеді.

4-бөлім. Ұлттық қордың активтерін басқаруды дамыту пайымы

      Болжауға келмейтін геосаяси ахуал, "жасыл экономикаға" көшу және төмен көміртекті стратегия аясында Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейту барынша басым болып барады.

      Контрциклдік бюджеттік қағиданы қатаң сақтау арқылы қаржылық тәртіпті арттыру Ұлттық қордан қаражатты алуды қысқартуға ықпал етеді, бұл жинақ портфелінен тұрақтандыру портфеліне қаражат аудару тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.

      Тиісінше контрциклдік бюджеттік қағиданы сақтау Ұлттық қордың жинақ және тұрақтандыру функцияларын бір-бірімен теңестіруге мүмкіндік береді, бұл жинақ портфелінің активтерін теңгерімді стратегиялық бөлуді қолдаумен бірге Ұлттық қорды басқарудың тиімділігін арттырады.

      Ұлттық қор болашақ ұрпақтың қоры болып табылады, оны басқарудан түсетін инвестициялық кірістің бір бөлігі балаларға кәмелетке толғанға дейін беріледі. Соған сәйкес Ұлттық қордың активтерін басқарудың ұзақ мерзімді инвестициялау мүмкіндігі бар, мұнда кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуларына және жекелеген жылдардағы теріс кірістілікке қарамастан, белгіленген кезеңде жинақ портфелінің активтерін жүйелі түрде стратегиялық бөлу көзделеді.

      Жетекші әлемдік қаржы институттарының капитал нарығы (LTCMA) бойынша соңғы ұзақ мерзімді (10-15 жылға) болжамдарға сәйкес жинақ портфелі активтерінің әлеуетті орташа жылдық кірістілігі 2023-2030 жылдар аралығындағы кезеңде активтерді консервативті бөлуге қатысты 1%-ға өседі.

      Қаржы нарықтарындағы қысқа мерзімді үрдістер аясында алыпсатарлық көңіл-күй пайдасына жинақ портфелінің активтерін стратегиялық бөлуді іске асыру кезінде орныққан тәсілді бұзу тәуекеліне жол бермеу үшін жинақ портфелін стратегиялық бөлуді жиі қайта қарау көзделмейді.

5-бөлім. Ұлттық қорды басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

5.1. Ұлттық қордың активтерін басқарудың негізгі қағидаттары

      Ұлттық қордың активтерін басқару мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) инвестицияларды әртараптандыру - инвестицияларды активтердің сыныптары, елдер мен валюталар, басқару стильдері бойынша, соның ішінде сыртқы басқарушыларды тарту арқылы бөлу, бұл бір актив құнының құлдырауы екіншісінің құнының өсуімен өтелетін өтемақы әсерінің арқасында инвестициялардың кірістілігін төмендетпей, тәуекелдерді азайтуды болжайды;

      2) тәуекелдерді басқару - тәжірибелі персоналдың, сандық және сапалық талдау құралдарының және тәуекелдерді бақылаудың сенімді тетіктерінің үйлесімімен қамтамасыз етілетін активтердің жекелеген сыныптары шеңберінде және жиынтығында қаржы нарықтарының белгісіздігі жағдайында кірістілікті барынша ұлғайту мен тәуекелдерді барынша азайту бойынша мақсат арасындағы теңгерімді тұрақты түрде іздеу;

      3) есеп беру - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілетін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есеп шеңберінде Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқару туралы ақпаратты соңғы 5 және 10 жылдағы және Ұлттық қордың активтерін басқару басталғаннан бергі ұзақ мерзімді аралықта инвестициялық кірістілік бойынша нәтижелерді көрсете отырып, жыл сайын міндетті түрде жариялау;

      4) тиімділік - тәуекелдің қалыпты деңгейінде және контрциклдік бюджеттік қағиданың қатаң сақталуы жағдайында ұзақ мерзімді перспективада кірістілікке жету жолымен активтерді көбейту және сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген Ұлттық қордың активтерін басқару.

5.2. Ұлттық қордың активтерін басқарудың негізгі тәсілдері

      Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін басқару кезінде бірқатар инвестициялық стратегияларды пайдалануды жалғастырады, мұнда жинақ портфелінде стратегиялық бөлуді пайдалану негізгі стратегия болып табылады. Бұл стратегия қордың кірістілігіне ең үлкен оң үлес қосады. Бұл өтімділіктің шектеулі қажеттілігі қор құнының айтарлықтай ауытқу кезеңін еңсеруге және жоспарланған пайданы алу үшін инвестициялауды жалғастыруға көмектесетін ұзақ инвестициялық кезеңнің артықшылықтарын іске асыруға мүмкіндік береді.

      Стратегиялық бөлуге қосымша Ұлттық Банк ішкі, сондай-ақ сыртқы құзыреттерді қолдана отырып, іргелі талдауға негізделген инвестицияларды таңдау тәсілін қолданады. Ұлттық Банк мамандарының тәжірибесі және өкілеттіктердің бір бөлігін сыртқы басқарушыларға беру нарықтық ахуалға қарамастан сараланған және уақтылы инвестициялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

      Ұлттық қордың активтерін инвестициялау үшін рұқсат етілетін құралдардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп айқындайтын Ұлттық қорды орналастыру үшін материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесінде көрсетілген.

      Ұлттық қорды басқару кезіндегі Ұлттық Банктің міндеті өтімділіктің жеткілікті деңгейін сақтау, ұстап тұру және Ұлттық қор активтерін көбейту мақсатында қалыпты тәуекел кезінде ұзақ мерзімді перспективада кірістіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.

      Ұлттық экономиканың теріс үдеуіне жол бермеу және Ұлттық қор активтерін мұнай бағасының ауытқуы салдарынан қорғау үшін Ұлттық қордың активтері шетелдік қаржы нарықтарында айналыстағы қаржы құралдарына орналастырылады.

      Ұлттық қордың инвестициялық параметрлерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4361 болып тіркелген, Ұлттық Банк Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар) айқындалған. Дефолт тәуекелдерін азайту үшін Қағидаларда барлық қажетті лимиттер мен шектеулер, соның ішінде ең төменгі кредиттік рейтинг бойынша лимиттер мен шектеулер регламенттелген.

      Қағидалар шеңберінде Ұлттық Банк Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін сыртқы басқарушының басқаруына беруді қоса алғанда, Ұлттық қордың активтерін шетелдік қаржы нарықтарында айналыстағы құралдарға дербес инвестициялайды. Сыртқы басқарушылардың қызметін бақылау Ұлттық Банкке жүктеледі. Бұл ретте Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру Ұлттық Банктің шоттарындағы активтердің бір бөлігіне қол жеткізуді ғана білдіреді.

      Экономикалық өсу кезеңінде Ұлттық қор валютаның артық ағынын қалыпқа келтіруді, теңгенің айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды төмендетуді қамтамасыз етеді, осылайша ел экономикасының макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

      Ұлттық қордың активтерін басқару саясатына мынадай тәсілдер негіз болған:

      1) активтерді портфельдік басқару. Бұл тәсіл Ұлттық қор портфельдерінің мақсаттарына сәйкес инвестицияларды неғұрлым тиімді түрде іріктеу болып табылады. Тиісінше тұрақтандыру портфелінің активтері республикалық бюджетке тұрақты алуға байланысты ақша нарығының құралдарына инвестицияланады, ал жинақ портфелінің активтері активтердің теңгерімді стратегиялық бөлінуіне сәйкес ұзақ мерзімді қаржы құралдарына инвестицияланады.

      Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етуді көздейді. Тұрақтандыру функциясын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын Ұлттық қордың бір бөлігі кепілдендірілген трансферта қамтамасыз етуге қажетті мөлшерде айқындалады.

      Тиісінше тұрақтандыру портфелінің негізгі мақсаты - Ұлттық қор активтерінің жеткілікті өтімділік деңгейін ұстап тұру. Ұлттық қордың тұрақтандыру портфелінің кірістілігі қысқа және ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды.

      Барлық түсімдер мен активтерді алу Ұлттық қордың тұрақтандыру портфелі арқылы жүзеге асырылады.

      Ұлттық қордың тұрақтандыру портфелінің ең жоғары мөлшері 10 млрд АҚШ долларын құрайды. Жыл қорытындысы бойынша тұрақтандыру портфелінің мөлшері 10 млрд АҚШ долларынан асқан жағдайда айырма сомасындағы қаражат тұрақтандыру портфелінен жинақ портфеліне аударылады.

      Республикалық бюджетке трансферттер бөлу және (немесе) Ұлттық қорды қазақстандық қаржы құралдарына орналастыру үшін тұрақтандыру портфелінің активтері жеткіліксіз болған кезде активтердің бір бөлігі жинақ портфелінен тұрақтандыру портфеліне аударылады.

      Тұрақтандыру мақсатын іске асыру шеңберінде Ұлттық Банк қаржы нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты Ұлттық Банктің Басқармасы белгілеген тәртіппен Ұлттық қордың активтерін ұйымдастырылған валюта нарығында конвертациялауды және қайта конвертациялауды жүргізеді. Бұл операциялар республикалық бюджетке трансферттерді бөлу үшін жүргізіледі және Ұлттық Банктің интервенциясына жатпайды.

      Жинақ функциясын іске асыру болашақ ұрпақ үшін жаңартылмайтын энергия ресурстарын өткізуден түскен қаражатты жинақтауды, сондай-ақ оларды инвестициялық кіріс есебінен көбейтуді білдіреді. Бұл ретте қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты Ұлттық қор активтерінің құны жылдан жылға айтарлықтай ауытқуы мүмкін.

      Тиісінше қалыпты тәуекел деңгейінде ұзақ мерзімді перспективада кірістіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жинақ портфелінің мақсаты болып табылады.

      Бұл ретте кірістіліктің ұлғаюы көбінесе тәуекелдердің үйлесімсіз ұлғаюына, яғни ықтимал кірістілікпен салыстырғанда шығын ықтималдығының едәуір өсуіне әкеледі. Шектен тыс тәуекелдер қабылдауды болдырмау үшін Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін кірістілікті арттыру әрекетінде тәуекел үшін сыйлықақыны сақтауға не ұлғайтуға ұмтылады, бұл сенімгерлік басқарушы үшін елеулі сын-қатер болып табылады. Ұлттық қордың жинақ портфелінің көлемі бойынша шектеулер жоқ.

      Ұлттық қордың жинақ портфелін стратегиялық бөлу оның күтілетін кірістілігін және тәуекелінің қалыпты деңгейін айқындайды. Жинақ портфелін стратегиялық бөлудің нысаналы үлестері: 60% - облигациялар, 30% - акциялар, 5%-ға дейін - балама құралдар және 5%-ға дейін - алтын.

      Бұл облигацияларды дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларға және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына әртараптандыруды да көздейді.

      Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру және үстеме кірістілікке қол жеткізу мақсатында Қағидаларда белгіленген шектеулерге сәйкес жинақ портфелінің активтерін теңгерімді стратегиялық бөлуден тактикалық ауытқуға жол беріледі.

      Жинақ портфелінің ұзақ мерзімді күтілетін кірістілігін арттыру және жалпы жүйелі тәуекелін ұстап тұру жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін нысаналы үлестерге қайтару - портфельді қайта теңгерімдеу жүзеге асырылады, яғни инвестициялардың контрциклділік тәсілі қолданылатын болады.

      Жинақ портфелінің активтерін нысаналы стратегиялық бөлуге міндетті түрде кері қайтаруды көздейтін портфельдерді тұрақты қайта теңгерімдеу "sell high, buy low"1 стратегиясының арқасында пайда алуға ғана мүмкіндік бермейді, сондай-ақ құбылмалылық кезеңдерінде алыпсатарлық инвестициялық шешімдерден қорғаныш болып табылады.

      Портфельдерді қайта теңгерімдеу теңгерімді бөлу активтері сыныбының үлесі оның нысаналы салмағынан шекті мәнінің 3%-ынан жоғары ауытқыған жағдайда жыл сайынғы негізде жүргізіледі. Бұл ретте баламалы құралдарға қатысты ол өтімділікті және портфельдерді қайта теңгерімдеуге байланысты шығындарды ескере отырып жүргізіледі. Ұлттық қорды теңгерімді стратегиялық бөлуге кешу аяқталғаннан кейін 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаржы құралдарының белгіленген нысаналы үлестеріне жыл сайынғы қайтару практикасы енгізілетін болады, бұл Қағидаларда бекітілетін болады;

      2) активтерді басқару процестерін жетілдіру. Бұл тәсіл инновациялық технологиялардың көмегімен активтерді басқару процесін жетілдіруді және Ұлттық Банк қызметкерлерінің құзыреттілігін, сондай-ақ озық шетелдік тәжірибеге негізделген инвестициялық мәдениетті арттыруды көздейді.

      Инвестициялық шешімдерді тиімді іске асыру үшін инновацияларға бағдарлана отырып, активтерді басқару кезінде қазіргі заманғы технологияларды пайдалану практикасы жалғасатын болады.

      Бұдан басқа Ұлттық Банк біліктілігі ең жоғары қызметкерлердің шоғырлануын ұдайы арттыруға, сондай-ақ активтерді басқару саласындағы үздік шетелдік басқарушылардың сараптамалары мен консультацияларын қолдануға келіп саятын құзыреттерді дамытуға күш-жігерін салады;

      _______________________

      1 Құны ең жоғары кезінде сатуды, ең төмен кезінде сатып алуды көздейтін кеңінен таралған инвестициялық стратегиялардың бірі.

      3) Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін бағалау. Ұлттық қордың активтерін инвестициялық басқаруды бағалау ұзақ мерзімді перспективада соңғы 5, 10 жылда және активтерді басқару басталғаннан бері жылжымалы бағалау әдісімен жүргізіледі.

      Ұлттық қордың активтерін басқару кірістілігін бағалау мақсатында АҚШ доллары Ұлттық қордың базалық валютасы болып табылады.

      Шетелдік қаржы нарықтарында айналыстағы құралдарға инвестициялау шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық операцияларын шетел валютасында жүзеге асыру қорытындылары Ұлттық қордың активтерін басқару нәтижелері деп түсініледі. Бұл ретте қазақстандық қаржы құралдары бойынша Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін бағалау жүргізілмейді

      Қағидаларда белгіленген шектеулер сақталған кезде Ұлттық қор портфельдерінің белгілі бір уақыт кезеңіндегі үстеме кірістілігі Ұлттық қорды басқару тиімділігін бағалаудың өлшемшарттары болып табылады. Үстеме кірістілік нақты кірістілік пен тиісті эталондық портфельдің кірістілігі арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Ұлттық қордың активтерін теңгерімді бөлу бірнеше эталондық портфельдің болуын білдіреді. Жетекші әлемдік қаржы компаниялары не Ұлттық Банк әзірлеген және қадағалайтын, Қағидаларға сәйкес айқындалатын индекстер эталондық портфель ретінде пайдаланылады.

      Қаржы құралдарының жекелеген сыныптарының инфляция көрсеткіштері мен кірістілігі Ұлттық қор активтерін басқару тиімділігін бағалау үшін бағдар болып табылмайды. Бұдан басқа Ұлттық қордың активтерімен жекелеген операциялардың кірістілігі, сондай-ақ Ұлттық қордың жекелеген портфельдерінің кірістілігі Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды.

      Есепті кезең ішінде жойылған жекелеген портфельдер бойынша басқару нәтижелері портфель кірістілігінің құрамдас бөліктері ретінде тарихи талдауға енгізіледі.

      Жинақ портфелін басқару тиімділігі ұзақ мерзімді перспективада бағаланады және тұтас алғанда, Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін білдіреді.

      Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық кезеңі Ұлттық қор активтерін ахуалдық, әсіресе, қаржы нарықтарындағы елеулі өзгерістер кезеңдерінде инвестициялық шешімдер қабылдаудан қорғайды. Сонымен бірге кірістіліктің қысқа мерзімді көрсеткіштері негізінде Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін бағалау теріс салдарға және активтерді басқару тиімділігінің төмендеуіне әкеледі.

6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер

      Нысаналы индикатор - активтерді консервативтік бөлумен (80% - дамыған елдердің облигациялары, 20% - акциялар) салыстырғанда Ұлттық қор активтерін теңгерімді стратегиялық бөлу (облигациялар - 60%, акциялар - 30%, балама құралдар - 5%-ға дейін және алтын - 5%-ға дейін нысаналы бөлумен) кезінде Ұлттық қордың жинақ портфелінің ұзақ мерзімді (2023-2030 жылдар кезеңінде) кірістілігін ұлғайту.

      Күтілетін нәтиже - 2023-2030 жылдар кезеңінде Ұлттық қор активтерінің кірістілігін активтерді консервативті бөлуге қарағанда 1%-дан кем емес мөлшерге (жылдық мәнде) ұлғайту, бұл 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерінің көлемін 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға (контрциклдік бюджеттік қағида сақтанған жағдайда) ықпал ететін болады.

      Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Ұлттық қордың активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық қорының активтерін
басқару жөніндегі
2030 жылға дейінгі
2023жылғы 10 шілдедегі
№ 282 тұжырымдамаға
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі
2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы іске асыру бойынша
ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ

Р/с №

Атауы

Аяқталу нысаны

Аяқтау мерзімі

Жауапты орындаушылар

1

2

3

4

5

1. Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты

Нысаналы индикатор:
Ұлттық қор активтерін теңгерімді стратегиялық бөлу (облигациялар - 60%, акциялар - 30%, балама құралдар - 5%-ға дейін және алтын - 5%-ға дейін нысаналы бөлумен) кезінде консервативтік бөлумен (80% - дамыған елдердің облигациялары, 20% - акциялар) салыстырғанда Ұлттық қордың жинақ портфелінің ұзақ мерзімді (2023-2030 жылдар кезеңінде) кірістілігін ұлғайту.

1.

"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

Ұлттық Банк Басқармасы қаулысының жобасы

2023 жыл

Ұлттық Банк, Қаржымині

2.

Ұлттық Банктің жылдық есебі шеңберінде Ұлттық қор активтерін инвестициялық басқару нәтижелерін жариялау

есепті интернет-ресурста орналастыру

жыл сайын, маусым

Ұлттық Банк

3.

Егемен қорлардың халықаралық форумына (IFSWF) кіру

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ақпарат

2027 жыл

Ұлттық Банк, Қаржымині

4.

Ұлттық қордың жинақ портфелін теңгерімді бөлуге көшкеннен кейінгі 5 жылдың қорытындысы бойынша кірістілікті аралық бағалау

есепті интернет-ресурста орналастыру

2028 жыл

Ұлттық Банк

      Ескертпе: аббревиатуралар мен қысқартулардың толық жазылуы:

      Ұлттық Банк – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      Ұлттық қор – Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры

      Қаржымині - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады